«Бала сүйреген жоқ»: желіде жұлдыз болған қостанайлық фельдшер не болғанын айтты

0
1779
©Photo: Олжас Мейірмановтың жеке архивінен

Бірнеше күн бұрын Қостанай облысы Олимпийский ауылында көшені қар басып, жедел жәрдем көлігі науқастың үйіне жете алмағаны туралы ақпарат шықты. Желіде фельдшер мен кішкентай баланың науқасты шанаға салып, тас жолға дейін сүйреп апарған сәттің фотосы да тарады. Осыған байланысты науқастың жары, көмек көрсеткен фельдшер мен жергілікті әкімдік қызметкері болған жайттың мән-жайын айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан. 

Оқиға Арқалық қаласы маңындағы Олимпийский ауылында 11 наурыз күні болған. Ауылдың 47 жастағы тұрғыны бөтелкеде тұрған аккумулятор сұйықтығын су екен деп ішіп қойған.

«Шылым шегуге шыққан еді. Үйде көлік бар. Соның  аккумуляторы отырып қала беретін. Күшін жақсартамын деп сұйықтық әкеліп қойған. Екі-үш ұрттап жіберіпті. Үйде кішкентай балам мен қызым ғана бар. Үлкендері қалада, біз жаққа 3-4 күннен бері жол ашылған жоқ. 3-4 күн боран болды. Арасында бір рет қана жолды ашты. Оның өзінде баласы ұлттық қауіпсіздік комитетінде істейтін кісінің үйіне баратын жол ғана ашылды», – дейді уланып қалған тұрғынның әйелі Жанар Нұрғожина.

Отбасының 7 баласы бар. Олар Олимпийский ауылына былтыр көшіп келген. Әйел адамның айтуынша, бірнеше күннен бері жол ашылмай жатқанын айту үшін ауыл әкіміне де хабарласқан.

«Родина ауыл округі әкіміне кешкі сағат алтыға дейін хабарластым, телефонын алмады. Оның алдында іздеп те бардым. Жолды ашуға келгенде барлық үйге жолды ашсын деп айтайын дедім, орнында болмады», – дейді ол.

Оның сөзінше, күйеуі уланып қалған соң жедел жәрдем шақырған. Медицина қызметкерлері жол жабық болған соң науқастың үйіне жаяу жетіп, ем-домын жасаған. Қазір жұбайының жағдайы бірқалыпты, палатаға шығып, укол алып, емделіп жатыр.

Екі күн жансақтау бөлімінде жатқан. Ал науқасқа көмек көрсеткен фельдшер Олжас Мейірманов 8 жылдан бері жедел жәрдем қызметінде жұмыс істейді. Оның айтуынша, 11 наурызда кешкі сағат 17:30 шамасында Олимпийский ауылынан ер адамның уланғаны туралы хабар түскен.

«Жедел жәрдем көлігімен бірден жолға шықтық. Ауыл қаламен шектесіп жатыр, ол жерге 8 минутта жеттік. Бір жағы жылдамдықты асырып, тез бардық. Жедел жәрдемге хабарласқан нөмір науқастың жарына тиесілі екен. Бара жатқан кезде жолдың ашық-жабық екенін сұрап алдық. Ол кісі білмейтінін айтты. Содан тез келіңіз деп қайта-қайта хабарласып отырды», – дейді ол. 

Олжастың айтуынша, ол кезде әкімдік қызметкерлеріне немесе төтенше жағдай мамандарына жол туралы сұрап хабарласуға мүмкіндік болмаған. Тез шешім қабылдап, науқасқа көмек көрсетуді ойлаған.

«Бар ойым науқасты аман алып қалу, ауруханаға аман-есен жеткізу болды. Олимпийский ауылына барған кезде көлік жүретін жол болмады. Қар басып қалған, күн боран, жел қатты соғып тұрды», – дейді медицина қызметкері. 

Ауыл ішіне көлік кіре алмаған соң жедел жәрдем көлігінің жүргізушісі тас жолдың бойында қалған. Ал Олжас Мейірманов пен көмекшісі Мәдина Тыныштықова екеуі жаяулатып ауылға барған.

«Көп жерде 200 метр жаяу жүріп барған деп жазып жатыр. Шын мәнінде 600-700 метр жер. Қажетті заттар салынған сөмкемізді арқалап бардық. Барсақ, науқастың жағдайы орташа ауыр екен. Үйдің ішінде асқазанын жылы сумен шайып, жедел-медициналық көмек көрсеттік. Зембілге салып жеткізу мүмкін емес еді. Қар тізеден келген соң аяқ кіріп кете береді. Сол себепті маған да, науқасқа да ең ыңғайлысы шана еді», – дейді фельдшер.

Ол науқастың әйелінен үйде шананың бар-жоғын сұраған. Үйде қар тасуға арналған көліктің капотынан жасалған шана бар болып шыққан.

«Бір шақырым жүреміз, киіз, көрпе төсеңіз деп өтіндім. Себебі ол болмаса науқас тоңып қалады. Соған науқасты жатқызып, үстіне қалың көрпе жауып қойдық. Желмен бірге аяз болып, күн борандатып тұрды», – дейді ақ халатты.

Сонымен қатар Олжас Мейірманов жедел жәрдем көлігіне дейін ауыр хәлде жатқан әкесін сол үйдің баласы шанамен сүйреп барды деген ақпаратқа да қатысты пікір білдірді. Айтуынша, науқасты бала емес өзі сүйреп барған. «Көп жерде «балаға сүйретіп қойыпты», «бала сүйреп бара жатыр» деп жазып жатыр. Мұндай мүлде болған жоқ. Баламен бірге сүйреген сәтті фотоға түсіріп алған екен. Бала 2-сыныпта оқиды. Оған «сүйремей-ақ қой, тоңып қаласың. Үйіңе бар» деп айттым. Бірақ анасы шананы қайтарда сүйреп қайтуы үшін қызы мен ұлын ертіп жіберді.

«Көлікке жеткенше өзім сүйреп бардым. Жолға жақындағанда жүргізуші көмектесті. Әрі қарай жедел жәрдем ішінде көмек көрсетіп, Арқалық қалалық ауруханасына жеткіздік», – дейді Олжас Мейірманов. Жанындағы көмекшісі жедел жәрдем қызметкерінің сөмкесін арқалап қайтқан. Олжас Мейірманов ортада.

Фельдшердің сөзін науқастың жұбайы да растап отыр. Оның сөзінше, фотоға кішкентай баласы ғана түсіп қалғанымен негізінде жанында 9-сыныпта оқитын қызы да болған.

«Рас, кішкентай бала сүйремеді. Ер адам ауыр ғой. Бала қызығып, еріп барды. Оны ешкім қинаған жоқ, өзіне қызық болған соң барды. Үйден шыққан бетте фельдшер өзі сүйреді», – дейді науқастың жары Жанар Нұрғожина.

Жедел жәрдем қызметкерінің айтуынша, өңірде қар жиі жауады. Алайда жолдың жабық болуы ара-тұра кездеспесе, жұмыс барысында мұндай қиындықпен бетпе-бет келе бермейді.

«Жолдың жабық болуы ара-тұра кездеспесе, көп жағдайда бұл жағынан қиындық жоқ. Көктем мен күзде бізде жаңбыр жиі жауады. Сол кезде сәл қиындық болады. Біздің жер сазды», – дейді ол.

Осы жағдайға байланысты Олимпийский ауылы қарайтын Родина округі әкімі аппаратының бас маманы Тасболат Әбенов пікір білдірді.

«Мұндай жағдай бізде жиі болмайды. 11 наурызда қатты боран болды. Ол жол 2,5-3 сағат бұрын тазартылды. Науқастанып қалған кісі тұратын Жандосов көшесінде жол болған. Келген жедел жәрдем аудандық маңызы бар жолға тоқтаған. Ол үйден 150-200 метр жерде орналасқан. Ол күні Жандосов көшесіне кіруге болар еді. Жедел жәрдем жүргізушісінің елді мекенді дұрыс білмеуінен деп ойлаймын», – дейді әкім аппаратының бас маманы. 

Округке екі ауыл қарайды, 3 мыңнан астам адам тұрады. Ауыл-аймақта қар тазалауға арналған техника жеткілікті, дейді әкімдіктегілер.

«Көз көрмес боранның салдарынан ол жерге техника қайта жіберілген жоқ. Яғни, бұл техниканың жоқтығынан болды деуге келмейді. Ол жаққа қар тазалаушылар қайтадан жіберілмеді, себебі адамдардың қауіпсіздігін ойладық. Боранды күні адамдарды қағып кетуі мүмкін, басқа да келеңсіз жағдайлар болуы мүмкін», – дейді Тасболат Әбенов.

Оның сөзінше, егер ауыл тұрғыны немесе жедел жәрдем қызметі ел жаққа бара жатқанын хабарласа, бірден қар тазалайтын техника жіберілетін еді.

«Техника бізде дайын тұрды. Егер жедел жәрдем мамандары немесе тұрғындар хабарласқанда боранға қарамай жіберетін едік. Менің жеке нөмірім тұрғындарда бар», – дейді әкім аппаратының бас маманы.