Ауыл медицинасы жаңа аурухана мен білікті дәрігерлерге мұқтаж — Олжас Бектенов

0

Үкімет отырысында «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасын іске асыру барысы қаралды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Премьер-министр Олжас Бектенов ұлттық жоба бұған дейін ақпан айында қаралғанын еске салды.

«Ол кезде бекітілген кестеден біршама артта қалу байқалған болатын. Соған сәйкес тиісті тапсырмалар берілген. Бүгін көріп отырғанымыздай, ауқымды жұмыстар жүргізілген.

Жобалау-сметалық құжаттардың барлығына мемлекеттік сараптама қорытындысын беру толығымен аяқталды. Мердігер-компаниялар айқындалып, құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізіліп жатыр», — деді ол.

Үкімет Ұлттық жобаны іске асыруға 60,3 млрд теңге бөлген. Оның 21 млрд теңгеден астам бөлігін өңірлер алып үлгерді. Қазір қалған нысандарды қаржыландыру мәселесі пысықталып жатыр.

«Ауыл медицинасы жаңа медициналық мекемелер мен білікті кадрларға мұқтаж. Сондықтан «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасын сапалы іске асыру – біздің алдымызда тұрған басты міндеттердің бірі», — деп атап өтті Бектенов.

Премьер-министр Қарағанды, Ақтөбе, Павлодар, Батыс Қазақстан, Алматы және Жетісу облыстары әкімдеріне барлық нысанның құрылыс жұмыстарын уақтылы әрі сапалы жүргізу үшін күнделікті бақылауды күшейтуді тапсырды.

«Құрылыс маусымы, әсіресе солтүстік өңірлер үшін тез аяқталатынын ескеру қажет. Барлық объекті белгіленген мерзімде пайдалануға берілуге тиіс.

Бұл ретте құрылыс жұмыстарының нормативтік талаптарының сақталуын да қамтамасыз ету керек. Сонымен қатар көпсалалы орталық аудандық ауруханаларды күрделі жөндеу және реконструкциялау жұмыстарын да жандандыру қажет.

Сондай-ақ қажетті медициналық жабдықтардың көлемін де айқындап алу керек», — деді үкімет басшысы.

Бектенов орынбасары Тамара Дүйсеноваға Ұлттық жобаны іске асыру барысын тұрақты бақылауда ұстауды тапсырды.