Америкалық жазушы: Бозжырадағы құрылыс — қазақ халқына қарсы қылмыс

0

Деректі фильм түсіретін америкикалық журналист, жазушы, National Geographic ғылыми қоғамының мүшесі Пол Салопек Маңғыстаудағы Бозжыра шатқалындағы құрылысты қазақ халқына қарсы жасалған қылмыс деп атады. Оның пікірі adamdar.ca сайтында жарияланды , деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

Салопек шатқалдағы құрылысты экологиялық жағынан да, тарихи тұрғыдан да дұрыс ойластырылмаған және қауіпті деп санайды.

«2016 жылы маған Бозжыраның жанынан — Батыс Қазақстанның шалғайдағы, биік ақ жартастарынан жаяу жүру бақыты бұйырды. Шынында да, бұл — жер бетінде сақталған табиғи сұлулықтың ұлы ғибадатханаларының бірі. Ашкөз коммерциялық құрылыс салушылар оны тез пайда табу үшін көздейді, бұл ерекше табиғи мұраның

қамқоршысы ретінде қазақ халқына қарсы қылмыс қана емес, сонымен қатар осы жерді мекендейтін жойылып кету қаупі бар тау қошқарлары мен бөкендерге ауыр соққы болады. Дұрыс ойластырылмаған жоба әлемдік маңызы бар ландшафттарға шабуыл деуге болады. Бұған көз жұмып қара алмаймыз», — деп жазды Пулитцер сыйлығының екі рет лауреаты атанған журналист.

Еске салайық, 2020 жылғы 7 қарашада Желіде Бозжыра шатқалында құрылыс техникасы әкелінгені түсірілген видео жарияланды. Сол күні Маңғыстау облысында Rixos Water World Aktau қонақүйін салған инвесторлар облыс территориясында «Бозжыра сафари-отель» бутик-қонақүйін салуды ұсынғаны белгілі болды.

Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігіндегілер Бозжырадағы нысанның құрылысы заңға сәйкес қоғамдық талқылаудан, экологиялық сараптамадан, қоршаған ортаға әсерінің бағалауынан өтуі керек екенін айтты.

Сарапшылар Бозжыра шатқалында құрылысқа тыйым салудың алты себебін атады.

Басылымының мәліметінше, 10 қарашада шатқалдан құрылыс техникасы шығарылған.