Жедел және созылмалы парапроктит | туралы қазақша

0

Парапроктит деп тік ішек айналасындағы тіндердің (клетчаткалардың) жедел немесе созылмалы қабынуын айтады. Проктологиялық, аурулардың арасында жиі кездесетін сырқат болып табылады. Н.А.Яковлевтің (1976) айтуынша бұл сырқат барлық проктологиялық, аурулардың 22,7% қамтиды және аталмыш сырқатқа ер адамдар әйел адамдардан гөрі жиі (7:3) шалдығады ( Федоров В.Д., Дульцев Ю.В., 1984).

Этиологиясы және патогенезі. Парапроктитті туғызатын бактериялардың түрі әрқилы. Дегенмен бұл ауруда, көбінесе, бактериялардың бірнеше түрлері анықталады (ішек таяқшасы, стафило-стрептококктар, анаэробтар, энтерококк т.б.). Аталған бактериялар себеп болған парапроктитті спецификалық емес, банальді парапроктит деп атайды, ал туберкулез, мерез, актиномикоз бактерияларынан пайда болған парапроктитті специфификалық парапроктит деп атайды. Парапроктиттің кейінгі түрі сирек кездеседі.

Ауруды тудыратын бактериялар тік ішек айналасындағы тіндерге анальдық бездер, тік ішектің кілегей қабықтарының жарақаты арқылы немесе, сирегірек, гематогенді және лимфогенді жолдар арқылы жетеді. Кейбір жағдайларда олар көрші орналасқан ағзалардың қабыну ошақтарынан (жедел простатит, бартолинит т.с.с.) өтуі мүмкін.

Тік ішек айналасына өткен бактериялар тін аралық саңылаулар арқылы жайылып, әуелі серозды-инфильтративті, одан соң іріңді-өліетті қабыну құбылыстарын тудырады.

Жіктеу (топтау) (классификация) жобасы. Парапроктиттің негізгі екі түрі бар. 1. Жедел және 2. Созылмалы парапроктит. Аурудың әртүрлі жіктеу, (топтау) жоба зерттей келе Ресейдің проктология ғылыми-зерттеу институтының ғалымдары парапроктиттің мына төмендегідей жіктеу (топтау) жобасын ұсынды. Біздің пікірімізше осы топтау нұсқасы күнделікті жұмыста өте ыңғайлы.

І. Этиологиясына қарай: а) спецификалық емес (банальді); б) спе-цификалық; в) жарақаттан (травма) соң пайда болған.

ІІ. Қабыну белсенділігіне қарай: а) жедел; б) қайталанатын (рецидивті); в) созылмалы (тік ішек жыланкөзі).

ІІІ. Іріңдіктің, қабыну ісіктерінің орналасуына қарай ( -сурет): а) тері асты, ішектің кілегей (шырышты) қабаты асты; б) шонданай сүйектік ішек аралықтық (ишиоректальді); в) жамбас сүйек пен тік ішек аралықтық (пельвиоректальді); г) тік ішек артында (ретроректальді).

  1. Жыланкөздің ішкі аузының орналасуына қарай: а) алдыңғы; б) артқы; в) бүйірлік.
  2. Жыланкөздіц қысқыш (сфинктер) талшықарына қатынасына қарай: а) интрасфинктерлі; б) транссфинктерлі; в) экстрасфинктерлі.
  3. Жыланкөздің сыртқы және ішкі ауыздарының анықталуына қарай: а) толық; б) толық емес (ішкі).

Клиникалық керіністері. Жедел парапроктиттің клиникалық көрінісі әртүрлі болып білінеді. Өйткені ол қабыну процесінің орналасқан орнына, қабынудың түріне, микробтардың вируленттілігіне, адам организмінің реактивтілік қасиетіне т.б. жағдайлармен байланысты болып келеді. Ауру, көбінесе; жалпы дімкәстену белгілерімен, яғни себепсіз әлсіздік, бас ауруы, дефекация актісінен соң туатын қолайсыз сезімдермен білінеді. Ауру дами келе, аталған белгілерге дене қызуының көтерілуі, тоңазу, тік ішек, бұтаралық және жамбас қуысы аймақтарында орналасқан ауру сезімі, ұйқыдан айрылу, тамаққа деген тәбіттің нашарлауы қосылады. Бұл белгілер аурудың бастапқы (продромальді) кезеңін сипаттайды. Олар қабынудың серозды-инфильтративті сатысына тән. Аурудың іріңді-некрозды (өліеттену) сатысында ауру сезімі тұрақты білініп, күшейе түседі (пульстенуші ауру сезімі) және ауру сезімінің біліну аймағы ұлғаюы мүмкін. Ауру адамда эндогенді улану белгілері анықтала бастайды (тахикрдия, қан қысымының төмендеуі, гектикалық дене қызуы, лейкоцитоз, нейтрофильдедің солға қарай ығысуы т.с.с).

Объективті зерттеу барысында anus аймағында ісініп, қызаруы байқалады. Аталған аймақтағы тері қабатындағы болатын әжімдер жазылып, сол аймақтағы тері қабаты жылтырланады. Осындай өзгерісі бар жерді саусақпен басқан кезде қабыну ісігі (инфильтрат) және өте күшті дәрежелі ауру сезімі анықталады. Жедел парапроктитті анықтауда (диагноз қоюда) айтарлықтай қиындық тумайды. Тері және тік ішектің шырышты қабаты астында орналасқан парапроктитті анықтау үшін, көбінесе, саусақпен зерттеу жеткілікті болады, ал жоғары және терең орналасқан қабыну ошағын анықтау үшін бимануальді және ректороманоскопия зерттеулерін, ал қажет болса диагностикалық, пункцияны қолдануға болады. Жедел парапроктитке қарсы емді мерзімінде қолданбаса қабыну әрі қарай өршіп, жамбас қуысының тіндерін қамтиды да, түбінде ірің оларды тесіп сыртқа немесе тік ішек қуысына қарай шығады. Бұндай жағдайда ауру адамның жалпы жағдайы біршама жақсарып, жоғарыда аталған белгілердің біразы жойылады немесе бәсеңдейді. Ірің тіндерді жарып сыртқа шыққан соң үш нәтиже тууы мүмкін 1) ауру адам сырқатынан біржола айығады; 2) сол жерде жыланкөз құралады (созылмалы парапроктит); 3) қайталанатын (рецидивті) парапроктитке айналады.

Емдеу. Жедел парапроктит ерте, яғни ірің пайда болмай тұрғанда анықталса, тиімді антибиотиктерді және қабынуға қарсы басқа да дәрілерді, физиоем түрлерін қолдану арқылы қабыну ісігінің (ин­фильтрат) кері дамуын тудыруға болады. Дегенмен, өкінішке орай, ауру тез өршуіне байланысты, пациенттердің көбі дөрігерге сырқаттың іріңдеу немесе іріңді-өліеттену сатыларында ғана көрінеді. Аурудың бұл кезеңінде дереу операция жасалынуы керек. Операция нәтижесінің жақсы болуы және ондағы көздеген мақсаттарға жету, көп жағдайларда, қолданылатын жансыздандыру әдісіне байланысты. Осы себептен парапроктит операциясын жалпы жансыздандыру тәсілін қолдана отырып жасалғаны абзал. Операцияның негізгі мақсаты а) ірің орналасқан жерді кесіп, іріңді және өліеттенген тіндерді сылып алу; б) іріңді қуысты тазалап, дренаждау; в) іріңді қуыс пен тік ішек арасындағы қатынасты жою. Бұл мақсаттарға Рыжих-Бобров (сфинктеротомия), Габриель (инфекция кіретін жерлер орналасқан крипталарды кесіп алу) операцияларын орындау арқылы жетуге болады. Жедел парапроктитті емдеу мезгілінде және толық ретте қолданылмаса ол өзінің созылмалы түріне айналады.

Созылмалы парапроктиттің (тік ішек жыланкөздері) клиникалың көрінісі бір немесе бірнеше жыланкөздермен, олардың аймағындағы перифокальді қабыну құбылыстармен, тыртықты өзгерістермен және даму барысының толқын тәрізді, яғни бір өршіп, бір басылуымен (ремиссия) сипатталады. Ауру адамды anus айналасында туатын қолайсыз сезім, ауру сезімі, жыланкөзден сұйықтық, ірің, нәжістің бөлінуі олардың іш киімді тұрақты сияқты жағдайлар былғауы мазалайды. Ауру өршіген кезде (ірің сыртқа шықпай қалғанда) дене қызуы көтеріліп, эндогенді улануға тән белгілер туады.

Созылмалы парапроктитте жыланкөздердің бағытын, тармақтарын анықтау үшін сүңгімен (зондпен) және рентгенологаялық тәсілмен (фистулография) зерттеу жиі қолданылады.

Созылмалы парапроктит тек хирургиялық жолмен емдеуді қажет етеді. Оны Аминев, Габриель тәсілдерімен іске асырады. Аталған операциялардың негізгі мақсаттары: жыланкөзді және тыртықты тіндерді кесіп алу жөне жыланкөздің ішкі аузын жою.

#Жедел #және #созылмалы #парапроктит