Жаратылыстану және әлеуметтік – гуманитарлық ғылымдарының қазіргі философиялқ проблемалары — Философия — Қазақша рефераттар — Қазақша тесттер мен шпорлар

0

Жаратылыстану және әлеуметтік – гуманитарлық ғылымдарының қазіргі философиялқ проблемалары

  1. Жаратылыстану ғылымы және мәдениет.
  2. Жаратылыстану ғылымдарының жіктелуі. Физика жаратылыстану білімінің іргетасы ретінде.
  3. Биология және дүниенің эволюциялық бейнесінің қалыптасуы.
  4. Математика және жаратылыстану.
  5. Астрономия және ғарыштың болашақ адамзат тың перспективалары. Космизм және антикосмизм: қазіргі пікір-таластар.
  6. Техникалық ғылымдарының өзіне тән ерекшелігі және оның жаратылыстану, қоғамдық ғылымдар мен математика мен арақатынасы.

 

Ғылымның эмпириялық және теориялық құрылысынан басқа оның тағы бір құрылысы бар екенін атап көрсету қажет. Ол ғылымның негіздері деп аталады. Оның бұл құрылысына идеалдары (әрекетке бастайтын ішкі мақсаты), нормалары (қабыл алынған реті, тәртібі), критерийі (ақиқаттығының өлшеуіші) және принциптері кіреді — кез келген ғылымның эмпириялық негізі мен теориялық қондырмасы осыларға сүйенеді.

Ғылым негіздерінің құрылымын сипаттайтын үш негізгі құрамдас бөлігі бар. Олар, біріншіден, ғылыми зерттеу идеалдары, нормалары мен критерийлері, екіншіден, дүниенің ғылыми бейнесі (көрінісі), үшіншіден, ғылымның философиялық негіздері. Ғылым негіздерінің бұл құрамдас бөліктері өзара тығыз байланысты және бір-бірімен әрекеттестіктікте өмір сүреді.

Ғылым негіздері оның теориялық базисін құрады да оның гипотезалары, заңдары мен теориялары сол базиске сүйенеді.

Әрбір іс-әрекет сияқты ғылыми қызмет те нақты ғылыми проблемалардың пайда болуына байланысты оқтын-оқтын туып отыратын белгілі мақсаттарды басшылыққа алады. Екіншіден, белгілі бір жалпы танымдық құндылықты көздейді, атап айтқанда, ең алдымен шындық туралы объективтік ақиқат білімге қол жеткізуді көздейді. Үшіншіден, болашақта практикалық қолданыс табуы мүмкін теориялар мен модельдер жасайды.

Бұл мақсаттар мен құндылық бағдарлары ғылыми зерттеудің идеалдары мен нормалары арқылы шындыққа айналады. Бірақ ол идеалдар мен нормалар ғылымның тарихи дамуы барысында өзгеріссіз қалмайды, елеулі өзгерістерге ұшырап отырады, әсіресе ғылымдағы революциялар кезінде ғылымилықтың идеалы және әсіресе ғылыми зерттеудің нормалары өзгереді. Ертедегі гректер, мәселен, дәлелді ақиқат білімді — «эпистеманы» ғылымилықтың идеалы деп жариялады. Бұл идеал Евклид құрастырған геометрияның бірінші аксиомалық жүйесінде — оның «Бастамаларында» нақты іске асқаны белгілі. Онда барлық белгілі геометриялық білімдер логикалық дедукцияның көмегімен дәлелдеуді қажет етпейтін аксиомалардан қорытып шығарылды.

Ертедегі гректердің ғылыми білімді құрудағы аксиомалық және дедукциялық идеалын ертедегі мысырлықтардың ғылымға дейінгі идеалымен салыстырса, олардың арасындағы орасан зор айырмашылықты байқамау мүмкін емес: мысырлықтар дәлелдеудің, қорытындылаудың орнына нақты жекеше есептерді шығарудың мысалын келтірген немесе геометриялық дәлелдеудің орнына сызба чертежын келтіріп, «қараңыз!» деп жазып қойыпты. Ертедегі вавилондықтардың математикасы да осындай ғылымға дейінгі сипатта болған. Сондықтан ертедегі гректердің өздерінен бұрынғьшардың эмпириялық, қолданбалы математикасын теориялық ғылымға айналдыруын бүкіл адамзат алдындағы сіңірген аса зор еңбегі деп санау қажет.XVII ғасырда пайда болған жаңа ғылым математикалық ғылымдағы гректердің дәлелділік және негізділік идеалын қайта қалпына келтірумен бірге табиғат құбылыстарын зерттеуде ғылымилықтың жаңа идеалын жасауға тиіс болды. Ол идеалдың негізін құрған табиғат құбылыстарын оңашалап бақылаудың нәтижесін дәл талдауға негізделген эксперименттік әдіс және оларды математикалық тұрғыдан өңдеу әдісі болды. Бұл әдістерді ғылыми зерттеуге енгізген Галилейдің механикалық қозғалысты зерттеуге арналған алғашқы эксперименттері ортағасырлық ғалымдардың ойдан шығарылған схоластикалық қағидаларына және натурфилософиялық гипотезаларға қарсы бағытталғандығы белгілі. Галилей мен Ньютон тұжырымдаған механиканың негізгі зандары көп уақыт бойы абсолюттік ақиқат деп есептелді, өйткені XVII—XVIII ғғ. Жаратылыстанудың ғылымилығының идеалы ғылыми заңдардың күмәнсіз ақиқаттығына және зерттеу әдістерінің дұрыстығына талассыз сену еді. Сондықтан да ғылыми идеалдары мен нормалары, әдістер дүниетану қызметінің басқа формаларының ішіндегі ең қолайлысы, сенімдісі деп есептелді. XVII ғасырда ағылшынның жаратылыс зерттеуші философы Фрлэнсис Бэкон эмпириялық ғылымдар саласында аса маңызды зерттсу әдісі ретінде индукцияны ұсынғаны белгілі. Дедукцияны, атап айтқанда Аристотельдің силлогизмдік дәлелдеу әдісін, ол табиғатты зерттеу үшін

мүлдем жарамсыз деп есептеді. Сөйтіп Аристотельдің дедукциялық әдістері тұжырымдалған «Органон» атты еңбегіне қарама-қарсы «Жаңа органон» деген еңбек жазып, онда иңдукциялық зерттеудің қарапайым әдістерін баяндап берді. Алайда Бэкон дедукция мен математиканың ғылыми зерттеудегі рөлін, мысалы эксперименттің нәтижесін талдаудағы математиканың рөлін, түсінбеді. Ол өзінің индукциялық әдісін ғылымда жаңа ақиқат білімдерді ашудың қателестірмейтін ең сенімді әдісі деп сыңаржақ түсінді.

XVII ғ. француз ғалымы, аналитикалық геометрияның жасаушысы көрнекті рационалист-философ Рене Декарт Бэконның индукциялық әдісіне қарама-қарсы дедукциялық әдісті дүниетанудың ең сенімді әдісі ретінде ұсынды. Ол ғылыми танымда қарапайым анық пікір айтудан бастап, олардан күрделі пікірлерді тұжырымдап шығаруды ұсынды. Бұл мақсатты іске асыру үшін, оның пікірінше, ойлаудың екі қабілеті: дедукция және интуиция қажет. Интуицияның көмегімен аса қарапайым және анық ақиқатты танып біліп, олардан дедукцияның ережелері бойынша барлық басқа ақиқаттар тұжырымдалады. Бұл әдістің сипаты — теоремалар ақиқаттығы анық аксиомалардан шығарылатын математикалық таным үшін аса дәл келеді. Ғылым әдісінің дедукциялық сипаты жөніндегі Декарттың идеяларын XVIII ғ. немістің математик-философы Г.В.Лейбниц әлдеқайда кеңірек негізде өрі қарай дамытып, пікірлеуді есептеу түрінде түсіндіруге тырысты. Осы жөнінен алғанда ол қазіргі математикалық логиканың бастамасын салушы деп саналады.

XIX ғасырдың аяғында классикалық ғылымның идеадары айтарлықтай өзгерген жоқ, тек позитивизм философиясы ғана ғылыми танымда құбылыстарды түсіндірумен ғана шектеліп, олардың мәнін ашудан бастартуға шақырғаны болмаса. Позитивизмнің негізін салушы О.Конт құбылыстардың қалай болатынын ғана зерттеп, не себепті олай болатынына көңіл аудармауға шақырды, бірақ мұны ғалымдар қолдамады. Ғалымдардың көпшілігі құбылыстардың себептерін зерттеп, олар бағынатын заңдарды ашты. Тек кейбір позитивистер ғана табиғи жағдайда бақылауға болмайтын объектілерді пайдаланбауға шақырды, мәселен, физик Эрнст Мах атом-молекулалық теорияның жаратылыстануда қолданылуын сынады.

XIXғ. аяғында — XXғ. басында элементтердің табиғи радиоактивтігінің ашылуына байланысты жаратылыстануда болған революциядан кейін жағдай түбірінен өзгереді. Осы өзгерістің нәтижесінде атом материяның бөлінбейтін ең ұсақ бөлшегі емес екендігі анықталды, энергияның кванттары ашылды, кеңістік пен уақыт жайындағы ұғымдар т.б. өзгерді.

Мұның бәрі классикалық ғылымда сөзсіз ақиқат деп келген ғылыми заңдылықтар тек салыстырмалы ғана ақиқат екендігін көрсетті. Сондықтан ғылымилықтың бұрынғы идеалы қатаң сыналып, қайта қаралды, сөйтіп ғылыми ақиқаттың салыстырмалылық сипаты, ғылым мен практиканың XX ғасырдағы даму деңгейіне сәйкес келетін классикалық емес ғылымилық деңгейі пайда болды.

Қазіргі ғылыми-техникалық революция заманында элементар бөлшектер физикасының ең жаңа жетістіктеріне, космология, молекулалық биология, синергетика және басқа ғылымдар саласындағы жаңалықтарға сәйкес постклассикалық емес жаңа ғылыми идеал қалыптасуда — ол түрліше материалдық жүйелер мен құрылымдардың өзара байланыс және бір-біріне айналу принциптеріне негізделеді. Ғылым тарихына жасалған бұл қысқаша шолу көрсеткендей, ғылымилықтың идеалдары және олармен байланысты зерттеу әдістері мен нормалары бүкіл ғылым тарихы бойында түбірлі, сапалық өзгерістерге ұшырап отырды.

Енді ғылым негіздерін құратын құрылымдық бөліктерінің арасындағы байланыстарды қарастырайық. Жоғарыда атап көрсеткендей, ғылыми зерттеудің шешуші негізі -ғылым көздеген құндылықтар, ал бұл соңғылардың ішіндегі ең маңыздылары шындық дүние және оның даму зандары туралы объективтік ақиқат білімдердің өсуі. Ақиқатқа жетудің бұл бағдары ғылыми танымның идеалдары мен нормаларынан айқын көрінеді. Идеалдар таным процесінің жалпы мақсаты мен стратегиясын белгілейді, ал нормалар жалпы мақсатқа жетудің зерттеудің жеке кезеңдеріндегі нақты жағдайларын реттейді. Зерттеудің әрбір кезеңінде кез келген проблеманы шешу үшін бұл процесті реттейтін белгілі бір нормалар мен критерийлер пайдаланылады.

Кейбір батыс философтары ғылымның дамуы бір жаңа нақты проблемадан соң басқа жаңа проблемаларды шешумен ғана байланысты деп санайды. Шынында да жаңа проблемаларды шешусіз ғылымның өсуі мен дамуы мүмкін емес. Бірақ объективтік ақиқатты ашу мақсатын қоймай, проблемаларды шындап шешу мүмкін емес. Тіпті проблеманы дұрыс тұжырымдаудың өзі де объективтік ақиқаттың бар екендігіне сенуді талап етпей ме?

Ғылым негіздерінің екінші бір аса маңызды бөлігі — дүниенің ғылыми бейнесі қоршаған сыртқы дүниенің құрылысы және адамның ондағы орны туралы жалпы түсінік береді. К.Поппер философияның біз үшін керектігі сол ғана, өйткені біз өзіміз «өмір сүретін дүниенің қыр-сыры туралы және ол дүние туралы адам білімдерінің сыры туралы бірдеңе» білгіміз келеді дейді.

Ақырында, ең жалпы дүниеге көзқарастық идеялар ғылымның философиялық негіздерінде бейнеленеді. Дүниенің ғылыми бейнелерінің принциптеріне қарағанда, дүниеге көзқарастық идеялар әлдеқайда жалпы универсальдық сипатта болады. Сондықтан олар саналы түрде не санасыз түрде болса да кез келген маңызды ғылыми зерттеудің мазмұнында болады.

Сонымен, ғылым философиясы шеңберінде тұжырымдалған ғылым принциптері мен дүниеге көзқарастық идеялары ғылымның ең түбірлі негіздері қызметін атқарады. Бұл философиялық негіздер ғылым онтологиясында, атап айтқанда дүниенің ғылыми бейнесінде нақтырақ іске асады, ал ғылымның құндылық бағдары, идеалдары мен нормалары қайсы бір ғылыми проблемаларды шешкенде іске асады, бірақ бір-бірімен өзара тығыз әрекеттестікте іске асады.