Жануарлардың инвазиялық аурулары | туралы қазақша

0
104

Жануарлар ағзасында гельминт (құрт), кене, жәндік және қарапайымдардың ықпалынан туындаған дерттерді инвазиялық немесе паразитарлық аурулар деп атайды. Паразит (тоғыштар) деген сөздің түпкілікті мағынасы – бір ағзаның екінші ағза есесінен күнелтуі.

Жер бетіндегі 1,5 млн. жануар түрінің 60-65 мыңға жуығы паразиттер болып табылады. Қазіргі уақыттағы тоғышарлардың көпшілігі ертеде еркін өмір сүрген ағзалардан өздерінің эволюциялық даму сатысында қажетсіз дене мүшелерінен (аяқ, ас қорыту жүйесі, т.б.) айырылып (регресс), керісінше, керекті мүшелерді (бекіну, сору, жыныс жүйесінің шектен тыс көп тұқым шашуы, т.б.) иеленген. Сүтқоректілердің, құстардың кез келгенінде тоғышарлар кездеспейтін мүшелері жоқ деп айтуға болады. Оған мысалдар келтірсек: көзде – телязий, токсаскарис, мида – айналманың қоздырушысы, ауыз қуысында – бөгелек дернәсілері (личинка) тоғышарлық тіршілік етсе, бауыр, бүйрек, ұйқы безі мен ас қорыту жүйесінің өн бойы көптеген үлкенді-кішілі жұмыр, таспа, сорғыш, бөгелек құрттардың өкілдерімен, қан және лимфа айналым жүйелері пироплазмидийлер, тері-кенелер, т.б. сыртқы ортаға сан қилы жолдармен инвазиялық ауру қоздырушысы жұмыртқа, балаңқұрт түрлерінде бөліп, ластайды да, бейім жануарларға азық, сумен (алиментарлық жол), ауамен (респираторлық жол), тікелей жанасқанда тері арқылы (перкутандық немесе трансмиссивтік жол) беріледі. Тоғышарлар жануар денесінің ішкі мүшелерінде кездессе – эндопаразиттер, ал сыртында болса – эктопаразиттер деп аталады.

Ауруларға шалдыққан жануарларды анықтау (балау) үшін паразитология саласында өзіндік арнайы тәсілдері бар: гельминтоовоскопия (жануар нәжісіндегі құрттың жұмыртқасын анықтау), гельминтоларвоскопия (жануар нәжісін жылы жерде ұстап жұмыртқадан жетілген балаңқұртқа тексеру), ересек құрттардың өзін биологиялық тұғырығында жарып сою арқылы табу, қанның шыны бетіндегі жағындысын бояу арқылы кейбір қанның паразиттік ауру қоздырушыларын табу, тері қарындасын зерттеу, т.б қолданылады.

Паразитарлық аурулар анықталғанда алғашқыда ауру себебінен мал ағзасын арылту қажет. Бұл мақсатта арнайы химиялық заттар: антгельминтиктер, инсектицидтер және химиялық препараттар қолданылады. Аталмыш ауруларды дауалау үшін жалпыға мәлім ветеринаралық-санитарлық шаралар қамтылады. Бұлардың қатарына малды аурудан ада жайылымдарда бағу жайылымдарды уақытында ауыстырып отыру, таза су көздерінен суаттандыру, ыстық мезгілдерде қансорғыштардың  ұшу уақытын ескере отырып, кешкілік немесе түнгі кезде бағу, малдың қиын арнайы қи қоймада залалсыздау, т.б. жатады.

Зоология пәнінен гельминттердің үш тобы белгілі. Олар: жұмыр құрттар немесе нематода, таспа құрттар-цестода және сорғыш құрттар-трематода деп аталады. Алғашқы түрдің аталық және аналықтар (даражынысты) болса, соңғы екеуі (цестода, трматода) қосжынысты (гермафродиттер) болып келеді.

Тоғышарлардың барлығында ересек және балаңқұрт сатылары болады. Ересек сатысы дамыған иесін ақтық немесе дефинитивтік, ал балаңқұрт сатылары дамығандарын бірінші аралық, екінші аралық (қосымша) иелері деп атайды. Паразиттердің дамуы кейбіреулерінде (көпшілік нематодтар) тікелей (аралық иелерінсіз) өтсе, таспа және сорғыш құрттарда аралық және қосымша иелерінде өтеді.

#Жануарлардың #инвазиялық #аурулары