Жаңажылдық ойындар / жаңа жылдық ойындар / жана жылдык ойындар балаларга балабакша / игры на казахском языке на новый год для детей
«Темпераментті ер белгісі» ойыны
Бес ер адамды ортаға шығарып, бір қатарға отырғызыңыз. Әрбірі бір аяғын екіншісінің үстінен қойып отыруы керек. Және үстіңгісінің балағын аяғы көрінетіндей етіп түріп қоюы шарт.
Осылай отырған күйі ер адам Ақшақар жібитіндей, әдемі өткір құттықтау сөзін айтуы тиіс.
Барлық еркек өз тапқырлығын ортаға салып болған соң, жүргізуші:
«Шын мәнінде, сайыс ең түкті аяқ үшін болған еді», — деп жеңімпазды сол белгісіне қарай анықтайды.
Жаңажылдық сайыс
Қалпаққа бір-бір сөзден жазылған кішкентай қағаздар салынады. Мысалы, шырша, мұз, қар, Аяз Ата, тб. Әрбір ойыншы кезекпен қағазды алып, сонда жазылған сөз кездесетін өлең не ән айтуы керек.
Қызықты ойын
Қатысушыларға ақша купюрасы таратылады. Ойыншылардың мақсаты – 3 рет үріп, ақшаны алысырақ жылжыту керек. Бір үргеннен кейін, ақша түскен жерге жақындап, тағы үреді. Кімнің купюрасы алысырақ ұшса, сол жеңеді. Қаласаңыз, купюраларды команда болып, эстафетамен жылжытуға болады.
Әліппе
Жүргізуші: «Бәріміз сауаттымыз, дегенмен әліппені білеміз бе?» — дейді. Ойыншы «А» әрпінен бастап, әліппе бойынша әрі қарай қысқа құттықтау тіркестер айтады. Мысалы, А – Ақшақардай сұлу болайық. Ә – Әрбір үйге Жаңа жыл қуаныш әкелсін. Б – Бақыт тілеймін. Ең күлкілі тіркес айтқан ойыншы жеңімпаз атанады.
«Қар қызын/еркегін жасаймыз»
Егер жаңа жыл түні жерде қар жатса, қонақтарға сыртта ойын ойнауды ұсынуға болады. Барлық ойыншылар (ер адамдар болғаны жақсы) бірнеше топқа бөлініп, әрбірі Қар қызын жасауға тапсырма алады. Әдеттегі қардан жасалған мүсін емес, әдемі қыз бейнесі болуы шарт. Сұлу қыз дене пішінін келтірген топ жеңеді. Мысалы, Қар қызын жасау үшін әйел киімін де қолдануға болады, т.с.с. Дәл осылай әйел адамдар да ойнай алады. Бірақ олар жаңа жылда кездестіргісі келетін арманындағы жігітті жасауы қажет.
Сыйлықтарға толы қорап
Жаңа жылға мынадай кішігірім әзіл ұйымдастыруға болады. Жаңа жылды тойлайтын бөлменің бұрышына үстіңгі беті бар, түбі жоқ қорап қойып қойыңыз. Оны әдемі лентамен байлап, «Мерекеңізбен» деп жазып қойсаңыз да болады. Ал ішіне кәмпитті толтырып салыңыз. Ең бастысы, қорапты жоғары бір жерге қойыңыз, шкафтың үстіне болса тіпті жақсы. Алдайтын адамыңыз бөлмеге кіргенде, оған арналған сыйлық шкафтың үстінде екенін айтыңыз. Әрине, ол бірден барып, қорапты ала бергенде, үстіне кәмпит төгіледі.
«Шыршаны безендір» сайысы
Ойын үшін бірнеше лента, жылтырақ пен ойыншықтар (ойыншы санына қарай) қажет. Шырша ретінде әйелдер ойнайды. Олар бір қолына лентаның бір ұшын ұстап тұрады. Ал ер адамдар қолдарын тигізбей, еріндерімен басқа шетін қысып, өз ханымын безендіреді. Қай жұптың «шыршасы» әдемірек болса немесе қайсысы бірінші бітірсе, сол жұп жеңеді.
«Түйреуіш»
Бұл жаңажылдық әзіл үшін бірнеше жұп керек, ерлі-зайыптылар болса жақсы. Барлығының көздерін байлап қойып, олардың киімдеріне бес-бестен түйреуіш тағасыз. Бір-бірінің үстіндегі барлық түйреуішті бірінші болып жинаған жұп жеңеді. Мұның бәрі баяу әдемі әннің әуенімен өтуі тиіс. Алайда, ойында бір сыр болады: қыздың киіміне 5 түйреуіш тағылса, жігіттің үстіне төрт түйреуіштен ілінеді. Демек, жеңіске бұл сырды бірінші болып түсінген жұп жетеді. Ал оған дейін екінші жартысының үстінен соңғы түйреуішті ұзақ іздегенін сыртынан тамашалау — өте қызық көрініс.
«Қолғап пен түйме»
Бірнеше жұп ортаға шақырылады. Ер адамдарға қалың қысқы қолғаптар беріледі. Ал қыздардың киімінің үстінен көйлек немесе халат кигізіледі. Ер адамдар серіктес әйелінің үстіндегі түймелерді қолғаппен тез тағып шығуы тиіс.
Жаңажылдық тілектер сайысы
5 қатысушыны ортаға шақырамыз. Олардың әрбіреуі кезекпен бір жаңажылдық тілек айтуы тиіс. Бес секундтан артық ойланған ойыншы ойыннан шығарылады. Соңына дейін жеткен адам жеңеді.
«Күлдіргіш»
Әрбір ойыншы бір есімнен алады, мысалы, мұз, ойыншық, қар, шырша т.б. Жүргізуші барлығын айналып жүріп, түрлі сұрақтар қояды: «- Сен кімсің? — Шырша. — Бүгін қандай мейрам? — Мұз. — Мынауың не? (мұрнын көрсетіп) – Ойыншық. Әрбір ойыншы барлық сұраққа өзіне берілген «есіммен» жауап беруі тиіс, және де ол сөзді қажетінше септеуіне болады. Оған қоса, жауап бергенде, күлуге тыйым салынады. Кім күліп жіберсе, ойыннан шығады. Жеңілгендерге түрлі жаза тағайындалады: өнер көрсетеді, бір нәрсе алып келеді, жасап береді т.с.с.