Жалғызбасты аналарға қандай жеңілдіктер қарастырылған?

0

Жалғызбасты аналар мен олардың балаларына қандай жеңілдіктер жасалады?

1. Жалғызбасты ана деген кім?
Көп адам жалғызбасты ана мен толық емес отбасы екеуін шатастырады. Жалғызбасты ана — заңды некеге тұрмай, дүниеге сәби әкелген әйел. Оларға алимент төленбейді.

Күйеуімен ажырасқан, яки жолдасы қайтыс болған, балалары бар аналар толық емес отбасы санатына кіргізіледі.

2. Жалғызбасты аналарға мемлекеттен үй беріле ме?
Беріледі. Ол үшін кезекке тұру қажет. Оның мынадай шарттары бар:

— Анасының қалада үш жыл тұрақты тіркеуі болуы керек (Алматы қаласы);
— Баласы екеуі бір жерде тіркеуде болуы керек. Баласының тұрақты тіркеуіне үш жыл толуы міндетті емес;
— Баланың туу туралы куәлігі;
— Жұмыс істейтін болса, жұмыс орнынан анықтама алуы керек;
— Соңғы алты ай немесе 12 айға табысының мөлшері қажет;
— Қандай да бір әлеуметтік көмек алатын болса, мемлекеттік зейнетақы төлеу орталығынан (МЗТО) анықтама алу керек.

3. Толық емес отбасы үйге кезекке қалай тұрады?
Ол үшін мынадай құжаттар қажет:

— Ажырасқаны туралы немесе жарының қайтыс болғаны туралы куәлік;
— Балаларының барлығы бір мекенде тіркеуде болуы керек;
— Балаларының туу туралы куәлігі;
— Жұмыс істейтін болса, жұмыс орнынан анықтама алуы керек;
— Соңғы алты ай немесе 12 айға табысының мөлшері қажет;
— Қандай да бір әлеуметтік көмек алатын болса, мемлекеттік зейнетақы төлеу орталығынан (МЗТО) анықтама алу керек.

Жалғызбасты аналарға және толық емес отбасына берілетін үйдің бөлмелер саны балалардың санына байланысты болады (бір балаға бір бөлмелі, екі балаға екі бөлмелі, т.б.)

4. Жалғызбасты аналар жәрдемақыны қалай алады?
Қазақстанның қазіргі заңнамаларына сәйкес, балаларын жалғыз тәрбиелеп отырғандарға арнайы жәрдемақы жоқ. Толық емес отбасыға жәрдемақы мен басқа да төлемдер барлығымен бірдей беріледі.

Барлық аналар сияқты жалғызбасты ана да бала тууына байланысты тағайындалатын бiржолғы мемлекеттік жәрдемақы, бала бiр жасқа толғанға дейiн оның күтiмiне байланысты төленетiн ай сайынғы мемлекеттік жәрдемақы, 18 жасқа дейiнгі балаларға тағайындалатын ай сайынғы мемлекеттік жәрдемақы, мүгедек баланы (мүгедек балаларды) тәрбиелеп отырған анаға немесе әкеге, бала асырап алушыға, қамқоршыға төленетін ай сайынғы мемлекеттік жәрдемақыны алуға құқылы.

Жалғызбасты аналар өзге әлеуметтік топтар тәрізді атаулы әлеуметтік көмекке өтініш білдіре алады. Алайда бұл көмек, отбасының табысы жалақының ең төменгі мөлшері (ЖТМ) — 28 284 теңгенің көлемінен 50%-ға төмен болса ғана беріледі. Жәрдемақыны тағайындату үшін жергілікті жұмыспен қамту орталығына бару керек.

5. Жалғызбасты ана тұрғын үй көмегін ала ма?
Бұл көмекті жалғызбасты аналар ғана емес, өзгелер де ала алады. Егер отбасы бюджетінің жалпы табысының 10 пайыздық үлесінен асатын болса, төменде аталған қызметтерді төлеуге көмек жасалады:

— Телекоммуникация желісіне қосылған телефон үшін абоненттік төлемақының;
— Тұрғын үйді пайдаланғаны үшін жалға алу ақысының ұлғаюы бөлігінде кондоминиум объектілерінің ортақ мүлкін күрделі жөндеуге және (немесе) күрделі жөндеуге қаражат жинақтауға арналған жарналарға;
— Коммуналдық қызметтер мен байланыс қызметтерін тұтынуға нормалар шегінде ақы төлеу сомасы мен отбасының осы мақсаттарға жұмсаған, жергілікті өкілді органдар белгілеген шығыстарының шекті-жол берілетін деңгейінің арасындағы айырма ретінде айқындалады.

Тұрғын үй көмегін көрсету тәртібі мен мөлшерін республикалық маңызы бар қалалардың, астананың, аудандардың (облыстық мәндегі қалалардың) жергілікті сайланбалы органдары айқындайды.

6. Тұрғын үй көмегін алу үшін қандай құжаттар жинау қажет?
Аталған көмекті заңдастыру үшін, халыққа қызмет көрсету орталығына мына құжаттарды апару керек:

1. Өтініш;
2. Жеке басын куәландыратын құжат;
3. Отбасының табысын растайтын құжаттар;
4. Тұрғын үйді (тұрғын ғимаратты) күтіп-ұстауға арналған ай сайынғы жарналардың мөлшері туралы шот;
5. Коммуналдық қызметтерді тұтынуға арналған шот;
6. Телекоммуникация қызметтеріне арналған түбіртек-шот немесе байланыс қызметтерін көрсетуге арналған шарттың көшірмесі;
7. Жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғын үйді пайдаланғаны үшін жергілікті атқарушы орган берген жалдау ақысының мөлшері туралы шот.

7. Аналар тұрмысы нашар болса, 18 жасқа дейінгі балалары үшін жәрдемақыны қалай алады?
Бұл жәрдемақы кімдерге тағайындалады?
Әр отбасы мүшесіне табыс тұрып жатқан аймақта белгіленген ең төменгі күнкөрістен 60% төмен болса, әр 18 жасқа дейінгі балаға жәрдемақы тағайындалады.

Әр балаға 1,05 АЕК (2 525 теңге) көлемінде жәрдемақы беріледі.

Жәрдемақы қандай жағдайда берілмейді?
— Еңбекке қабілетті ата-анасы жұмыс істемегенде және жұмыспен қамту орталықтарында тіркелмегенде;
— ата-анасы күндізгі оқу нысаны бойынша оқымағанда және әскерде болмағанда;
— толық мемлекеттік қамсыздандыруда болатын балаларға аталған жәрдемақы тағайындалмайды.

Оны алу үшін қайда бару керек?
— Тұрғылықты жері бойынша жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі;
— Село, селолық округ әкімі;
— «Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік корпорация» Коммерциялық емес акционерлік қоғамы.

Қажетті құжаттар:
— Өтініш;
— Өтініш иесінің жеке куәлігі немесе оралман куәлігі;
— Баланың (балалардың) тууы туралы куәлік;
— Некені тіркеу (бұзу) туралы куәлік;
-Отбасы құрамы туралы мәліметтер (нысан бойынша);
— Табыстар туралы мәліметтер (нысан бойынша);
— Жеке қосалқы шаруашылықтың болуы туралы мәліметтер (нысан бойынша);
— Тұрғылықты мекенжайы туралы анықтама;
— Асырап алу туралы анықтама.

8. Жалғызбасты ана баласына мектептен берілетін көмектерді қалай заңдастырады?
Мектептен жеңілдіктер мен қаржылай көмекті мына санаттағы балаларға беріледі:

— Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алмайтындар;
— Жан басына шаққандағы табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінің шамасынан төмен отбасылардан шыққан білім алушылары
мен тәрбиеленушілер және жетім балалар;
— Ата-анасының қамқорлығынсыз қалып, отбасыларда тұратын балалар;
— Төтенше жағдайлардың салдарынан шұғыл жәрдемді
талап ететін отбасылардан шыққан балаларға;
— Өзге де санаттағы білім алушылар мен
тәрбиеленушілер.

Қандай көмек беріледі?
Білім алушылар мен тәрбиеленушілерге бөлінетін қаражылай және материалдық көмек көрсетуге бөлінетін қаражат:

— Киім, аяқ киім, оқулықтар, оқу құралдарын, мектеп-жазу құралдарын сатып алуға;
— Оқитын жерінде тамақтандыруды ұйымдастыруға;
— Қаржылай көмек көрсетуге;
— Санаторий-курорт ұйымдары мен демалыс лагеріне жолдамалар сатып алуға;
— Білім алушылардың мәдени-бұқаралық және спорттық іс-шараларға қатысуына жұмсалады.

Көмекті алу үшін не істеу керек?
Ата-анасы немесе олардың орнындағы адамдардың немесе кәмелеттік жасқа толған білім алушының өтініші негізінде беріледі. Өтінішті алқалы орган алған күннен бастап 15 күн ішінде қарайды.

Өтінішті мына формада толтыру керек:

_______________________________
ұйымының басшысы ______________
_______________________________
(Т.А.Ә.)
_______________________________
(өтініш берушінің Т.А.Ә.)
_______________________________
(мекенжайы)

Өтініш
Сізден ____________ сынып оқушысы ___________________________________
_____________________________________________________________________
(Т.А.Ә.)
жалпыға міндетті оқу қорынан ________________________________________
_____________________________________________________________ түрінде
материалдық көмек беруіңізді сұраймын.
Себебі, _______________________________________________________
(себебі көрсетіледі)

20____ жылғы «___» ___________ ________________________
(күні, Т.А.Ә., қолы)

9. Жалғызбасты аналар баласына балабақша кезегін ертерек ала ма?
Жоқ. Алайда көпбалалы ана болса, балабақша кезегін ертерек алуына болады.

Бірінші кезекті орынды алу құқығына ие бола алатындар:
1. I әрі II топтағы мүгедектердің балалары;
2. ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар;
3. жетім балалар;
4. көпбалалы отбасының балалары;
5. жеңілдіктер және кепілдіктер бойынша соғысқа қатысушылар және соғыс мүгедектеріне теңестірілген тұлғалардың балалары.

10. Жалғызбасты ана баласының ЖОО-да оқу ақысын төлеуде жеңілдіктер ала ма?
Әр ЖОО студенттерге оқу ақысын төлеуде жеңілдіктерді әртүрлі қарастырады. Алайда еліміздегі бірқатар университеттерде әлеуметтік көмектер көрсетілетінін ескеріңіз. Бұл ЖОО-ның ішкі саясатына байланысты реттеледі.