Жалған сертификаттан сақ болыңыз!
Қазіргі уақытта грант конкурсына құжаттар қабылдануда және қабылдау комиссияларына жалған сертификаттар ұсыну бойынша 10-нан астам әрекет тіркелген, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Оқу-ағарту министрлігі ҰБТ сертификатын қолдан жасау мүмкін емес екенін ескертті.
«Әрбір сертификатта оның түпнұсқалығын бірден тексеруге мүмкіндік беретін бірегей QR-коды бар. Сондай-ақ, ҰБТ сертификаты ресми құжат және оны қолдан жасау ҚР Қылмыстық кодексінің 385-бабы бойынша қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғады. Мысалы, мына сертификатта QR-код ашылмайды, сондай-ақ сандар әр түрлі шрифтпен, әр түрлі көлемде жазылған», — деп ескертті министрлік.
Сертификаттарды қолдан жасауға тырысудың барлық жағдайы тиісті шаралар қабылдау үшін құқық қорғау органдарына жолданады.
Естеріңізге сала кетейік, ҰБТ сертификаты app.testcenter.kz сайтында жеке кабинетте, certificate.testcenter.kz сайтында және eGov электрондық үкімет порталында қолжетімді.
«Достар! Сіздерді заң бұзушылыққа бармауға шақырамыз. Жалған құжаттарды қолдан жасау ауыр салдарға, ал шынайы еңбегіңіз бен адалдығыңыз теңдесі жоқ табыс әкелетініне сенеміз!» — деді министрлік.