Ыбырай Алтынсарин туралы ашық сабақ — Ашық сабақтар
5-сынып. Қазақстан тарихынан әңгімелер
Сабақтың тақырыбы: § 37. Ыбырай Алтынсарин-ағартушы, педагог. Сабақтың мақсаты:
• Білімділік: оқушыларға қазақтың ірі ғалымы, ағартушы-педагог Ыбырай Алтынсарин туралы, оның еңбегі, шығармашылық мұрасы, ағартушылық қызметі жайында мағлұмат беру.
• Дамытушылық: Ыбырай еңбектері туралы білімдерін одан әрі дамыту, танымдық көзқарастарын нығайту, шығармашылық ізденістерін жетілдіру.
• Тәрбиелік: қазақтың ұлы тұлғаларының бірі Ыбырай еңбектерін үлгі ете отырып оқушыларды еңбекқорлыққа, адамгершілікке, іскерлікке тәрбиелеу, достық, ынтымақтықка баулу.
Сабақтың түрі: аралас
Әдісі: интерактивті
Пәнаралық байланыс: география
Сабақтың көрнекілігі: Ыбырай суреті, еңбектері.
Сабақтың барысы.
I. Ұйымдастыру кезеңі.
II. Үй тапсырмасын сұрау.
Тақтаға «Абай» сөзін жазып, бір парақ қағазға оқушыларға ассосация жасатамын (Абайға катысты сөздер жаздырамын). Оқушыларға осы жазғандарына түсінік беруге талап етемін.
Бұдан ары үй тапсырмасын тексеру мақсатында сұрақтар беріп, 3-4 оқушыдан жауап аламын. Кейбір оқушылардан «Абай жолы» романынан үйге берілген тапсырманы сұраймын.
Оқушылар жауабын толықтыра отырып үй тапсырмасын қорытындылаймын. Сонымен қатар өткен тақырыптың бүгінгі жаңа тақырыппен байланыстылығына қысқаша тоқталып өтемін.
III. Жаңасабақ.
Жаңа сабақтың тақырыбы алдын ала тақтаға жазылып, Ыбырай Алтынсаринның суреті ілініп қойылады. Оқушылардың назарын осы суретке аударып жаңа сабақты сұрак қоюдан бастаймын.
1. Бұл сурет туралы не білесіңдер?
2. Ыбырайдың өлеңдері мен әңгімелері көбінесе не туралы жазылған?
Оқушылардан жауап ала отырып, Ыбырай өлеңдерінен үзінді оқытамын.
Осыдан кейін оқушыларға ойларына Ыбырай туралы не келеді соны жазып шығуды тапсырамын. Оқушылардың жазғандары ақын, мұғалім сияқты сөздер болады. Осыдан кейін оқушыларды жұпқа бөліп оларды тыңдаймын.
1. Ыбырай кім?
2. Оның қандай шығармасын білесің?
3. Ол көбінесе не жайлы жазған?
4. Ыбырай шығармасының кейіпкерлерінен кімді білесің?
Осындай сұрақтар төңірегінде оқушылар бір бірінің ойларын біледі. Осыдан кейін балалардың Ыбырай жайында кезектесіп айтқанын тақтаға жазып шығамын.
Осы жазылғандарды қорыта отырып жаңа сабақты түсіндіруге кірісемін.
Ыбырай Алтынсарин 1841 жылы қазіргі Қостанай облысының жерінде дүниеге келген. ( Оқушылардың назарын Қазақстан картасындагы Қостанай облысы және Торғай өлкесіне аударамын). 1857 жылы ол шекаралық комиссиясы жанындағы арнайы мектепті алтын медальмен бітіреді. Мектепті бітіргеннен кейін тілмаштық, ұстаздық қызметтер атқарады. 1864 жылдан бастап Торғайда қазақ балаларына арналған мектепте дәріс береді. Ұстаздың қызметте жүріп Ыбырай халықты оқу-білімге тарту, ағартушылық қызметтермен айналысады. Балаларға білім беруде кітаптың орны бөлек екенін түсінгенін ол, қазақ тілінде оқулық жазуды қолға алады.
1879 жылы жарық көрген «Қазак хрестоматиясы» Ыбырайдың қазақ тілінде жазған алғашқы оқулығы болды. Бұдан басқа Ыбырай қазақтарға орыс тілін меңгертуді де қолға алып осы бағытта бірнеше еңбектер жазады. 1879 жылы Торғай облысындағы мектептердің инспекторы қызметіне тағайындалған ол, ағарту ісіне білек сыбана кіріседі. 1887 жылы Ыбырай қазақ даласында алғаш Ырғыз жерінде қыздарға арналған мектеп-интернат ашады.
Осы уакыттар арасында Ыбырай өлең жазумен де айналысады. Оның өлеңдерінің негізгі тақырыбы еңбек, адамгершілік, достық, білім және ғылым ғылым жайында болды.
(Осы жерде шығармаларынан мысал келтіре кетемін).
Бұдан кейін оқушыларды үш топқа бөліп тапсырмалар беремін.
I топтың тапсырмасы. Ыбырайдың ағартушылық қызметпі жайлы өз ойларыңды айт.
II топтың тапсырмасы. Ыбырай өлеңдерінің негізгі мазмұны қандай мәселені қозғайды.
III топтың тапсырмасы. Ыбырайды қазақ әдебиетімен білім беру саласындағы алатын орны қандай?
Талқылауға 5 минуттай уақыт беремін. Сонымен қатар оқушыларға келесі топқа сұрақтар дайындау тапсырамын. Талқылап болғаннан кейін әр топтан бір оқушы жауап беріп екінші оқушы оны толықтырып отырады.
Әр топтың мүшелері дайындаған сұрақтарын келесі топ мүшелеріне қояды:
I топ? II топқа
II топ? III топқа
III топ? I топқа
Қорытынды кезең:
Алдымен үш топқа сұрақ қоямын.
1. Ыбырай туып-өскен жері, жастық шағы туралы не білесіңдер?
2. Білім беру саласында Ыбырай қандай істер атқарды?
3. Ыбырай шығармаларының мазмұны жайлы өз ойларыңды айт.
Оқушылар жауабынан кейін тақырыпты қысқаша қорытындылап, тақырыптың негізгі мәселелеріне тоқталып өтемін.
Бағалау:
Үй тапсырмасы
Жасаған: Едигеева Гульдарай Жанабаевна