Урологиялық аурулардың семиотикасы мен симптоматологиясы
Урологиялық аурулардың семиотикасы мен симптоматологиясы
Ауыру — урологиялық кеселдердің ең мәнді және неғұрлым жиі болатын
нышандарының бірі. Шығу тегі жағынан ауыру шаншып не қақсап ауыратын болуы,
тыныш қалыпта не қозғалғанда білінетін болуы мүмкін. Науқастардың
медициналық көмек сұрауының ең жиі кездесетін себебінін өзі де осы ауыру
сезімі.
Ауыру белдің төңірегінде, шап өзегінің сыртқы бөлігінде, шат
аралығында, тік ішектің төменгі шегінде, қасаға байламында шоғырлануы
мүмкін.
Ауыру әдетте ауырған органның орнына сәйкеседі, алайда басқа органнан
таралған, иррадиацияланған болуы мүмкін. Мысалы, бүйрек шаншуында
(несепағарда, шүмекшеде тас болуы) ауыру төмен шапқа, жыныс органдарына,
санға иррадиацияланады.
Бүйрек пен жоғарғы несеп жолдарының аномалиялары мен аурулары кезінде
неғұрлым жиі болатын симптом (нышан) бүйрек шаншуы. Бүйрек шаншуының
ұстамасы әдетте кенеттен, ауыр күш түскеннен кейін пайда болады. Ауыру
пышақпен кескендей өткір сипатта болады. Науқастар мазасызданып, төсекте
дөңбекши береді. Бүйрек шаншуының ұстауы әдетте қысқа мерзімді болады.
Бүйрек шаншуы кезінде несеп оған қан араласқандықтан қызыл түске
боялады.
Бүйрек шаншуы — бұл жоғарғы несеп жолдарының жылтыр бұлшық еттерінің
құрысып қалуының салдары. Кейде белдің маңы қақсап ауырады, әдеттегі
иррадиация болмайды, енді бір жағдайларда ауыру реакциясы мүлдем болмайды
(уақытша өзі дара қалған бүйрек).
Құрсақ – астының, мықын асты маңының тартып ауыруы бүйректердің
дистопиясына, таға тәрізді бүйрекке тән. Таға тәрізді бүйрек кезінде ауыру
сезімі бүйрек мойыншасынын қолқаға, төменгі қуысты венаға, нерв өрімдеріне
батуынан да болады.
Бүйректің киста аурулары (поликистоз, мультикистозды бүйрек,
мультиокулярлық бүйрек, бүйректің солитарлық кистасы) кезіндегі ауыру
сезімі де әдетте тартып ауыратын сипатта болады және ұлғайған кисталардың
бүйректің фиброздық капсуласын керуіне байланысты. Аномальдық бүйректер
инфекцияның енуіне — пиелонефритке шалдыққыш (82%), ал мұның көп жағдайда
бүйректің құрысуына апарып соғатыны мәлім.
Жедел пиелонефрит кезінде толып жатқан симптомдар тән: жоғары
температура, қабырға астының, белдің шаншып ауруы, несепте лейкоциттердің
болуы. Бүйректің ірінді нефриті не карбункулы кезінде үнемі шаншып ауырып,
науқас температурасы көтеріліп, қалтырайды.
Жаңа түзілім кезінде бүйрек маңының ауырғаны шамамен бар жағдайдың 60
процентінде байқалады. Қақсап ауыру сезімі ұлғайған бүйректің көрші
органдар мен нерв өрімдеріне батуынан, сондай-ақ бүйректің сезімтал
нервілері мол фибриоздық капсуласының керілуінен де болады.
Несепағарды қан ұйымадары бітеп тастаған кезде де шаншып ауыруы мүмкін.
Гидронефроз кезінде жанға батпай ауырады. Бұлай ауырған кезде науқастар
ауырғанының интенсивтілігінен гөрі үнемі тынбай ауырғанынан мазасызданады.
Нефроптоз кезінде мұндай ауыру тамырлы ашаның керілуінен болады.
Бүйрек жарақаттанғанда ауырғанның үстіне гематурия байқалады (96%),
мұндай жағдайларда ол несепағар үзілгенге ғана болмауы мүмкін.
Қуық өңірінің ауыратыны әдетте несеп шығару актісімен байланысты.
Көбінше, әсіресе балаларда куықта тас болған кезде ауырғаны жыныс мүшесінің
басына иррадияцияланады.
Қуық өңіріндегі ауырғанды сезінудің ең жиі кездесетін себептерінің бірі
қуық алды безінің, ішінара үрпі құрылымының қатерсіз гиперплазиясы болып
табылады. Несеп қатты бөгелген жағдайда шаншып шыдатпай ауырады. Науқас
қанша қысылса да кіші дәрет сындыра алмайтынын айтады. Дизурияның жүрген
кезде, көлік селкілдеткенде күшейіп, тыныш қалыпта тоқталатыны қуық тасына
барынша тән. Несіп шығарып тұрғанда ағыстың кенет тоқтауы кептелудің
нышаны, ал тұлға-дененің жағдайы өзгерген кезде ағыстың қайта басталуы да
қуықта тас болуының тән белгісі.
Егер науқас жарақаттанып есеңгіреп қалған жағдайда құрсақтан төмен түс
ауырып, кіші дәрет үздіксіз дерлік қысып тұрса да, несеп шықпайтын болса,
ал күшенген кезде үрпіден қан тамшылары шықса, онда бұл қуық жыртылғанының
айқын белгісі. Перитонит нышандарының көрінуі қуық ішперде ішінде
жыртылғанын көрсетеді.
Қуықалды безі ауырған кездегі ауырсыну әдетте шат аралығымен шектеледі,
кейде тік ішектің төменгі ұшында батып тұрғандай ауырлық сезіледі. Ауырсыну
ұрық бауынын бойымен шап маңына, енге иррадиацияланады, ал осы орайда
негізінен түнде несеп шығару басталса, онда бұл қуықалды безінің немесе
ұрық, қуықшаларының ауырғанының белгісі.
Қуықалды безі маңының үнемі сыздап ауырғаны тас болғанының белгісі.
Жедел простатитте, простата абсцесінде ауырсыну өткір сипатта болып, анық
білінетіні соншалық науқас отыра алмай, қозғала алмай айрықша амалдауға
мәжбүр болады.
Үрпідегі ауыру. Отырған не жүрген кезде үрпідегі ауырудың байқалуы
артқы үрпіде тас болғанының сипаты. Шат аралығының шаншып ауыруы, несеп
шығарудың болмауы, қатты есенгіреген жағдайда шат аралығында урогематоманың
болуы үрпінің жыртылғанын көрсетеді. Аурудың қауырт басталуы, ұма маңының
шаншып ауруы, еннің ісініп шапшаң үлкеюі, қабықтарда жалқаяқтың болуы жедел
орхитке тән. Егер ауырсыну тартып ауыру сипатында болып, еннің не ұрық
өзекшесі бойының дуылдағаны сезілсе, онда ұрық бауы веналарының варикоздық
кеңеюін көрсетеді.
Несеп шығарудың бұзылуы. Несеп шығару кезіндегі ауырсыну несеп шығару
актісінің басында, аяғында және бүкіл өн бойында болуы мүмкін. Кілегей үрпі
қатты қабынған кезде несеп тұздары қабынған кілегейді тітіркендіретінімен
байланысты ауырсыну несеп шығарудың басында болады. Несеп шығару актісінің
бүкіл бойында ауырсыну үрпі тарылғанда, үрпі мен күпеттің ісуінде, дамуында
аномалия болғанда байқалады.
Дені сау адам тәулігіне 5-7 мәрте несеп шығарады. Дені сау адамдардың
көпшілігі түнде кіші дәретке бармайды не бір-ақ рет барады. Әрбір несеп
шығару кезіндегі несептің мөлшері орташа алғанда 150 ден 300 мл-ге дейінгі
аралықта болады. Кіші дәретке қысылудың жиілеуі және бұл орайда несептің аз
мөлшерде шығарылуы поллакиурия деп аталады. Созылмалы цистит кезінде
поллакиурия тәуліктің кез келген уақытында байқалады. Егер кіші дәретке
қысылудың саны түнгі уақытта едәуір көбейсе, онда ол никтурия деп
белгіленеді және қуықалды безінің қатерсіз гиперплазиясы кезінде тән.
Несеп шығарудың бұзылуының енді бір көрінісі несеп ұстамау болып
табылады. Бұл терминмен айтқанда кіші дәретке барғысы келмей-ақ несептің
ырықсыз шығарылатыны ұғынылады. Несеп ұстамаудың ерекше бір түрі
парадокстық ишурия болып табылады. Ол несепті ұзақ тежеудің салдарынан
басталады; мұндайда қуықтың бұлшық ет қабырғасы шамадан тыс керіледі де,
асып толған қуыққа түскен несеп ырықсыздан тамшылап сыртқа шығады.
Парадокстық ишурияның неғұрлым жиі болатын бір себебі асқынған қуықалды
безінің қатерсіз гиперплазиясы және үрпінің тарылуы болып табылады.
Несептің ұсталмауы — мұндай жағдайда науқастар кіші дәретке барғысы
келуін тежей алмайды. Мұның себебі көбіне қуықтың, әсіресе оның
мойыншасының, артқы үрпінің қабынуы болады.
Несеп ұсталмауына қарама-қарсы жағдай несеп шығарудың тежелуі, мұндайда
қуық аса толғанның өзінде оның босауы мүмкін болмайды. Несептің тежелуі
ішінара не толық болуы мүмкін.
Несеп күрт тежелген кезде кіші дәреттің қатты қысқанына және шамадан
тыс күшенгенге қарамастан бір тамшы несеп шықпайды. Қалдық несеп біртіндеп
жиналып, қуықты кереді де, несептің күрт … жалғасы
Дереккөз: https://stud.kz