Ұлттық ойын: Жылдырт жылдырт

0

«Жылдырт-жылдырт» — бұл ойынды орындыққа алқа-қотан отырып ойнайды. Қатынасушылар 10—15, кейде одан да көп болады. Ойын бастаушы шеңбердің ортасына отырып алып, қалтасынан не жүзік, не күміс аңшаны алады да, оның ерекше белгісімен ойыншыларды таныстырады, не сол жерде белгі салады. Содан соң отырған ойыншыларға ойын тәртібін түсіндіреді: бәрің де екі алақандарыңды бір-біріне қабыстыра ортасын қуыс етіп алға созыңдар. Егер алақандарыңа мына «жылдыртпа» түсе қалса, оны тез және өзіңнен басқаға сездірмей қабылдап ал да, үнемі оң жағыңдағы көршіңе жылдыртып жібер. Сонда қабысулы қолыңды өзіңнен оңға қарай емес, әуелі сол жақ көршінің қолымен тиістіріп ал, содан оң жақ көршіңнің қолына тиістір. «Жылдыртпаны» тап сол бірінші жолда өткізбей, оны бір-екі рет жаңылдырып барып өткізуге болады. Бәрің де қол тиістірген уақытта «Жылдырт-жылдырт»—деп дауыстап айтып отырасыңдар.

Ортадағы ойыншы «тапқыр» деп аталады. «Тапқыр» үнемі бақылап, болжап отырып, «Жылдыртпаны» ұстап алу керек. «Жылдыртпаны» алақанының қуысына салып алып, бастаушы «Жылдырт-жылдырт» деп, бір ойыншыдан бастайды да, өзгеге байқатпай өзі қалаған біреуге қалдырып кетеді.

Ендігі жерде барлық ойыншылар «Жылдырт-жылдырт» деп, қолдарын екі жағындағы көршілеріне кезекпе-кезек тиістіріп, қайтып алып отырады да, оны сездірмей солардың біріне өткермелей береді. «Жылдыртпаның» үнемі оңға қарай ауысып отыруы шарт. «Тапқыр» тауып алуға тырысады. Егер 6—7 айналғанға дейін таба алмаса, бір бала: «Жылдырт-жылдырт , жылдыртта қымқырт. Отырақалдық, жым-жырт!» дейді де, бәрі жым-жырт бола қалады. «Тапқыр» ойнаушылардың сырт көрінісі мен бет бейнесін болжап отырып, өзінше сезікті санаған бір ойыншының қолын ашады. Тауып алса, сол ойыншы екі ауыз тақпақ, не екі ауыз жаңылтпаш айтады, не екі жұмбақ шешеді де ортаға отырып, жаңадан «тапқыр» болады. Бұдан арғы ойынды сол «Тапқырдың» өзі басқарып, өзі жүргізеді.

Өлең, жұмбақ, жаңылтпаш айта алмайтын ойыншы не сиыр боп мөңірейді, не жылқы болып кісінейді, болмаса басқа бір тапсырма орындайды

Рахмет ретінде жарнамалардың біреуін басуды сұраймын!