ҰЛТТЫҚ ИДЕЯ – ҚАЗАҚ МҰРАТЫ — Тарих

0

ҰЛТТЫҚ ИДЕЯ – ҚАЗАҚ МҰРАТЫ

Х.Әбжанов,
тарих ғылымдарының докторы,
Еуразиялық ұлттық университетінің профессоры

1. Мәселенiң мәнi
Бұл бiр көптен көтерiлiп жүрген тақырып. Мазмұнына көз жүгiртсек, екi бөлiктен тұратынын көремiз. Бiрi – ұлт, екiншiсi – идея мәселесi. Ұлттану қазақ даласына ежелден қоныстанған үрдiс екенi ақиқат. Осыдан үш мың жыл бұрын өмiр сүрген Геродоттан тартып, кешегi Колбинге дейiн әрқилы мақсатқа сай қазақстанға сырттан келгенде ұлттануға ден қойғаны – арғы тегiмiз сақтарды, салт-дәстүрiмiздi, рухани-мәдени ұстанымдарымызды, тарихымызды, яғни қазақтардың қайдан, қашан, қалай шыққанын, болмысын танып-бiлуге ұмтылғаны күмән туғызбаса керек. қазақтар да әлемнiң саяси, тарихи, этникалық дамуынан бейхабар қалған жоқ. Дала даналарының орыс, қытай, қалмақ, өзбек, араб, парсы жұрттары жөнiнде айтқандары бүгiнгi күнге жетiп отыр.
ХХ ғасыр этностарды мидай араластырып жiбердi. Отарлаудың зорлық-зомбылығынан жоғалып кеткен ұлттар аз емес. Бiр ғана КСРО-ның өзiнде 1926-1939 жылдар iшiнде 194 ұлттан 100-ге жетпейтiн ұлт қалған екен. Осылайша ұлттану өзектi мәселеге айналды. Талай-талай ойдодалары өттi, том-том кiтаптар жарық көрдi. Ғалымдардың, саясаткерлердiң, саяхатшылардың үздiксiз iзденiсi зая кетпедi. қоғамдық санаға адамдардың ұлтқа жiктелетiнi аса зор құндылық ретiнде орнықты. Бүгiнде ұлтқа берiлген анықтама ондап, жүздеп саналады. Бiздiң ойымызша, ұлт дегенiмiз – өзiнiң қазақ (орыс, немiс, жапон…) екенiн тарих тереңiнен бастау алған төл санасымен ұғатын және басқалардан тiлдiк, рухани, геосаяси, т.б. өзгешелiгiн айыра алатын адамдардың үлкен қауымдастығы.
Идея – грек сөзi, образ, ұғым, түсiнiк мағыналарында қолданылады. Атқаратын мiндетiне қарай идея алуан-алуан қырымен көзге түседi. Мәселен, бiрде ол сырт дүниенi бейнелейтiн қоғамдық сананың пiшiнi болса, ендi бiрде адамның басты сенiмi орнына жүредi. Шығарманың түпкi түйiнi мағынасында да қолданылатыны бар. Бiз қарастырғалы отырған ұлттық идея мәселесiнiң мәнi ұлттың тiлегi, ниетi, ойы дегенге саяды. Сондықтан да ұлттық идеяны ұлт мұраты деп қабылдасақ, мәселенiң тоқ етерiн тапқанымыз.

2. Тарихы
Қандай ғана болмасын үрдiстi зерттегенде тарих ғылымы үш сұраққа жауап iздейдi: 1. Қашан пайда болды? 2. Қандай даму белестерiнен өттi? 3. Бүгiнгi жай-күйi нешiк? Ұлттық идея тарихы да бұл сұрақтардан тыс тұра алмайды. Хронологиялық тұрғыдан келер болсақ, қазақстандағы ұлттық идеяның жасы — қазақ этносымен түйдей құрдас. Ол қазақтармен бiрге дүниеге келдi әрi тарих сахнасына да қазақтармен қол ұстаса көтерiлдi. Мұратсыз ұлт ұлт болып қалыптасуы да, сақталып қалуы да мүмкiн емес. Ендеше ұлттық идеямыздың бес ғасырдан астам тарихы бар екен. Оның өзi бiрнеше дәуiрден тұрады. қазақ хандығы тұсында ұлттық идеяның өзегiн мемлекеттiктi нығайту, этникалық территорияны қалыптастыру, бiрде тiлiн, бiрде тiсiн көрсеткен Ресей, қытай, Жоңғар, Орта Азиялық мемлекеттермен оңтайлы қарым-қатынас орнату құрады. Асан қайғының:
Едiл менен Жайықтың
Бiрiн жазға жайласаң,
Бiрiн қыста қыстасаң,
Ал қолыңды маларсың
Алтын менен күмiске! –
деген жыр жолдарында ұлттық мұраттың сол дәуiрдегi аңсағаны — территориялық тұтастық, саяси еркiндiк, әлеуметтiк кемелдiк,табиғат пен адам арасындағы үйлесiм бейнеленген. Елдiң бiрлiгiн, iшкi тыныштығын, ханның ынсапты болуын, халықтың берекелi байлығын жырлаумен ұлттық идеяны мемлекеттiк саясат биiгiне көтергендер қатарында қазтуған, Доспамбет, Шалкиiз, Жиембет жыраулар тұр. «Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама» жылдарында Отан қорғау ұлт мұратына айналды. Ақтамбердiнiң:
Жауға шаптым ту байлап,
Шептi бұздым айғайлап,
Дұшпаннан көрген қорлықтан
Жалынды жүрек қан қайнап,
Ел-жұртты қорғайлап,
Өлiмге жүрмiз бас байлап, — дейтiнi осыдан.
Жақсы менен жайсаңның басын өлiмге байлаған ХVIII ғасыр Абылай хан дүние салуымен қазақтың маңдайындағы бағын ұшырды. Ресейдiң бодандығына кiрген қазақ қоғамы әлеуметтiк-саяси және территориялық тұтастығынан айрылды. «Бөлiп ал да билей бер» саясатынан туындаған әрбiр саяси күш, әлеуметтiк қауым өз биiгiне, көздегенiне лайық ұлттық идеяны дүниеге әкелдi. ХVIII ғасырда Абылай мен Әбiлхайырдың, ХІХ ғасырда Махамбет пен Баймағамбет сұлтанның, Кенесары мен қоңырқұлжаның, ХХ ғасыр басында Сәкен мен Мағжанның, Әлiби мен Әлиханның ұстанған ұлттық мұраты барша қазаққа ортақ едi деп, сiрә, ешкiм айта алмас. Иә, бұлар әрiсi — туған халқына, берiсi – соңынан ергендерге қызмет еткiсi келдi. Бiрақ, уақыт өзi көрсеткендей, бiреулерi ат төбелiндей азшылықтың мұратын жалаулатса, екiншiлерi – барша қазақтың болмаса да қалың көпшiлiктiң мұратын дөп басып таба алғаны ақиқат. Орталықтанған мемлекеттiң болмауымен қоса бiртұтас ақпараттық кеңiстiктiң жоқтығы да жалпыұлттық идеяның өрiсiн тарылтты, жолын кестi. Сырым, Махамбет, Кенесарылар ұлттық идеяны қарулы күрестен тапса, Шоқан, Абай, Ыбырайлар ағартушылықтан, Әлихан, Ахмет, Мiржақыптар Алаш автономиясынан, Шоқай тұтас Түркiстанды құрудан, Әлiби, Сәкендер таптық жiктелуден олжалады. Ең пәрмендiсi әрi халыққа тиiмдiсi Алаш автономиясы ұлттық идеясы екенiн ендi ғана ұғындық қой.
Кеңестiк Қазақстандағы ұлттық идеяның тарихы мен тағдырын бiр ауыз сөзбен шиырып айтар болсақ, ол – ұлтжанды тұлғалардың қасiретi мен қуғын-сүргiнге ұшырағаны, кешегi әралуан ұлттық идеяны әу бастағы тартымды мән-мағынасынан жұрдай болған утопиялық социалистiк идеяның алмастырғаны, ол – өз елiндегi, өз жерiндегi қазақтың күшпен таңылған саяси-идеологиялық тапшыл ұрандар мен адасулар әсерiнен қазақтан жатсынуға бет түзегенi. Кеңестiк жылдардағы қазақстанда қазақтың санасы мен жүрегiн билеп алған ұлттық идея болған жоқ. Ұлтын сүйген, социалистiк эксперименттерден қара бұлттай төнiп келе жатқан апаттың сұмдығын қапысыз ұғынған рухы биiк ақын-жазушылар, ғалымдар, жекелеген тұлғалар туған халқының тiлi, дiнi, мәдениетi, жерi үшiн отқа күйiп, суға түскенмен, қылышынан қан тамған тоталитарлық жүйе тiлге жеңiл, жүрекке жылы ұлттық идеяны түзуге де, халыққа ұсынуға да жеткiзбедi, көктей солдырды. 20-30-жылдары Алаш зиялылары құрбандыққа шалынғаннан кейiн ұлттық идеяны табу бағытындағы талпынысты «ЕСЕП» партиясының», «Жас тұлпар» қозғалысының дүниеге келгенiнен, «Қазақ әдебиетi», «Зерде» газет-журналдарындағы ұлт тарихы, тiлi, мәдени мұрасы жайлы жарияланымдардан, Ш.Смаханұлының қазақ мектептерiн ашуға жанталасынан, 1979 жылғы Целиноград, 1986 жылғы Алматы оқиғаларынан көргенiмiз ләзiм. Бiрақ бағыт – мақсатқа тура жеткiзетiн даңғыл жол емес. қисапсыз қасiреттi басынан өткiзген бiздер тәуелсiздiктiң табалдырығынан нысаналы даярлықсыз аттай салдық.

3. Бүгiнгi халi
А.Байтұрсынов: «Қазақ — жоқ iздеген халық», деген екен. Иә, Ахаңдардың заманындағы қазақ баласы бiлiмнен, ғылымнан, өнеркәсiптен ала алмаған еншiсiн iздедi. Әлi де жоқ iздеп жүрмiз. Биiк технологиялардан кенже қалыппыз. Әлемдiк бәсекеге даяр емес екенбiз. Ауаның, судың, топырақтың бүлiнбеген, былғанбаған, таза күйiндегi күндердi аңсаймыз. Ең ауыры – бүгiнгi қазақ өзiн-өзi iздеген, танып болмаған халық. Аты да, заты да бiр қазақ қаншаға бөлiнiп кеткенiн көзбен көрiп, жүрекпен сезiнiп отырмыз. Ал ендi соларды санап көрейiкшi: 1. Бар болмыс-бiтiмiмен нағыз қазақ қалпындағы қазақтар бар. Сақтардан жеткен мұра, байырғы түркiлердiң нақыл сөздерi, қорқыттың күйлерi, Ақан, Бiржан, Шәмшiнiң әндерi бұларға асылдың сынығындай. 2. Кешегi өктем ұлт орыстардың сойылын соғып жүрген қазақтар аз емес. Мұндайларды Шер-ағаң: «Улы империяның улы жемiсi» деген едi. 3. Тiлi, дiлi орыстанып кеткенмен халқына бүйрегi бұратын қазақтарды қаперден шығармағанымыз жөн. Бұлардың бiр бөлiгiне ұлтжандылық сезiм тән. Қазақша сыңар жол өлең жазбаса да О.Сүлейменовты кiм орыс ақыны дей алады? 4. Жаhанданудың салмағына жаншылып, Америкаға, Батысқа шыбындап бас изейтiн, өзiнiкiне мұрынын шүйiретiн қазақтар шықты. 5. Басқа дiннiң ықпалына түсiп, не ол емес, не бұл емес қазақтар саны өсiп келедi. 6. Тарихи отанына сағынышпен жеткенде бауырларының өзiн де, сөзiн де түсiнбей, айран-асыр болып тұрған оралмандарды қайда қоясыз. 7. Жүзге, жерге бөлiну сияқты дерттен айықпаған «ортағасырлық» қазақтар арамызда жүр. 8. Жекешелендiру мен нарықтан қарқ болған «жаңа қазақтар» да бөтенiмiз емес.
«Алтау ала болса, ауыздағы кетедi», деген екен бабаларымыз. Ал ондайлар алтаудан да көп болғандықтан жерiмiздiң асты-үстiндегi байлық шетел асып, қулығы мен сұмдығын асырғандардың қанжығасына байланғаны айтудай-ақ айтылды. Бұл – бiр. Екiншiден, этностың өз iшiндегi ала-құлалық ұлттың, мемлекеттiлiктiң болашағына қатер туғызбай қоймайды. Алғашқыда ұлттық тұтастықтан, сонсоң мемлекетiнен айрылудың әкелер қасiретiн – бек ұлдардың құл болатынын, пәк қыздардың күң болатынын осыдан 13 ғасыр бұрын Күлтегiн тасына қашап жазған байырғы түркiлердiң даналығына қалайша бас имейсiз. Кеңестiк жылдары Күлтегiндей дананың айтқаны басымыздан өткенi рас қой. Ендеше Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың: «Қазақтың сана-сезiмi өткендегi, қазiргi және болашақтағы – тарихтың толқынында өзiнiң ұлттық «МЕН» дегiзерлiк қасиетiн түсiнуге тұңғыш рет ендi ғана мүмкiндiк алып отыр… Бiрақ бұл мүмкiндiк қана: ол шындыққа, тек қазақтардың ғана емес, барлық қазақстандықтардың жаппай санасына орныққан фактiге айналуы қажет», деп жазуында өмiрлiк мәнi бар шындық жатыр.
Ұлттық «МЕНДI» қалыптастыратын тетiктер мен жағдаяттар сан алуан. Оған көшедегi қаптаған жарнамалардан бастап, ендi ғана дүние есiгiн ашқан сәбидiң құлағына естiлетiн ән мен үнге дейiн кiредi. Солардың бәрiнiң басын қосатын, бәрiн өгiздей өрге сүйрейтiн құдiрет Ұлттық Идея деп бiлгенiмiз жөн. Ойы онға, санасы санға бөлiнiп отырған қазаққа ортақ ұлттық идеяны таба қою оңай мiндет емес. Ол шiркiн әлi күнге дейiн жоқ та. Ал қажеттiгiн отансүйгiш рухтағы әрбiр қазақстандық азамат сезiнiп отырғаны айдай ақиқат. Армансыз адам — қанатсыз құспен тең, дейдi халқымыз. Ендеше ұлттық идеясыз қала берсек қанатсыз ұлтқа айналарымыз сөзсiз. Ұлттық идеяны таппайынша елде жүрiп жатқан реформалар қарын тойдырудың ғана мiндетiн атқарып шығатындай көрiнедi. Ұлттық идеясы жоқ қазақстанда өмiр сүру қазақтан басқаның бәрiне майдай жағатын шығар, бiрақ түптiң түбiнде өкiнiште қалатыны – қазақтар. Өзiн-өзi жарылқамағанды басқалар ұшпаққа шығарады деудiң еш қисыны жоқ. Көлдей жайылып келе жатқан жаhанданудың табанында жаншылып қалмау үшiн де ұлттық идеяның өзектiгi мен қажеттiгi күн санап артып келедi. Демек қарап отыруға болмайды.
Алдымен бiзге қажет ұлттық идеяға қойылатын талаптарды пысықтап алу керек. Бiрiншiден, ол идея Ата Заңымызға қайшы келмеуге тиiс. Яғни нәсiлдiк, ұлттық, дiни, жыныстық кемсiту немесе дәрiптеуден алыс тұрғаны абзал. Екiншiден, ұлттық идея қазақстанның атын анықтап отырған қазақ халқының мұратын ұлықтаумен қоса, басқа диаспоралардың тарихи, дәстүрлi, этникалық ар-намысына тимейтiнi былай тұрсын, қайта соған қуат беретiн факторға айналуын қамтамасыз ететiн болсын. Үшiншiден, ұлттық идеяның хронологиялық бастапқы сәтi белгiлi болғанмен, бүгiн де, ертең де шексiз жүзеге аса беретiнiн баса көрсеткенi жөн. Елдiң iшiндегi, жер-жаhандағы нақты ахуалға байланысты оның көздегенi өзгерiп, нақтыланып отыратыны айтпаса да түсiнiктi жайт. Мәселен, қазiрдiң өзiнде тарихи отанында отырған қазақтар мен диаспора санатында шетте жүрген қазақтардың ұлттық мұраты бiрдей дей алмаймыз. Бiрiншiлерi үшiн қазақстанның бүгiнi мен ертеңi басты мәселе болса, екiншiлерi жүрген ортасында қазақ болып қалу қамын көбiрек жейдi. Уақыт өткен сайын ұлт мұратындағы осынау айырмашылық ұлғаймаса, қабыспайтыны ақиқат. қытайдағы қазақтардың кейiнгi толқыны қытайланып, Түркиядағылар түрiктенiп бара жатқаны белгiлi ғой. Мың өлiп, мың тiрiлумен азаттыққа жеткен қазақтың тағдыранықтағыш ұлттық идеясы қазақстанда ғана өз жемiсiн бере алады. Табиғи-тарихи даму жолдарын әлдеқашан тапқан, iшкенi – алдында, iшпегенi – артында жуан ата елдер үшiн ұлттық идея көп қажеттiлiктердiң бiрi болса, ендi есiн жия бастаған қазақтарға, қазақстанға ұлттық идеяны ұстану бұлжымас заңдылық деп пайымдаймыз. Тап осы заңдылықты сақтамағандықтан да елде тiлге, дiнге, БАҚ-қа байланысты дау-дамайлардың басы қайтпай тұрғанын мойындауымыз керек.

4. Билiк. Байлық. Адам
Идея алғашқыда болжам, ой, жоспар түрiнде дүниеге келедi. Уақыт үдесiнен шыққаны жойқын күшке айналады. Бiрақ, «әр кәллада бiр қиял» дегендейiн, өмiрде не көп – идея көп. Оның бәрiне тиiстi көңiл бөлiп, жақсы-жаманын ажыратып отыруға жалғыз-жарым адам емес, тұтас мемлекеттiң мұршасы келе бермейдi. Әйтпесе фашизмге, тоталитаризмге, нәсiлшiлдiкке әкелетiн идеяларды жөргөгiнде тұншықтыруға болар едi ғой. Өскелең идеялардың да жолы бiрден бола қалмайды. Араға ғасырлар салып танылатын идеялар бар. қазақстандық ұлттық идеяның бүгiнгi әлеуетi де осы тақылеттес. Кезiнде Керей мен Жәнiбекке, Тәуке мен Абылайға күш берген ол ендi елес болып, Алтай мен Атырауды, Жетiсу мен Сарыарқаны, Түркiстан – Тұранды кезiп жүр. Билiктiң, байлықтың қолдауынсыз елестiң бағы ашылатынына сену қиын. Ал тап сол елеске лаңкестiк пиғылдағы күштер иелiк етiп кетсе, қоғамға аз қасiрет әкелмейтiнiн тарих әлденеше дәлелдеген.
Қазiргi Қазақстанда билiк пен байлық — егiз ұғым. Билiк байлыққа жол ашады, байлық билiкке жеткiзедi. Дұрысы – әрқайсының өз кеңiстiгi, өз ойын алаңы, ережесi болғаны. Келешекте бұлардың ара жiгi ашылар. Әзiрге болары болып, бояуы сiңген нәтижемен есептесуден басқа шара жоқ. Сонда да айтарымыз мынау: билiк пен байлықтың қоян-қолтық астасып кетуi монополияны туғызбай қоймайды. Ал монополия iрiп-шiрудiң басы екенi бесенеден белгiлi. Тiптi мұның алғашқы үрдiстерi бой көрсете де бастады. Мәселен, қазақстандағы билiк пен байлық иелерi ұлттық идеяға бастарын ауыртып отырған жоқ. Бұл аздайын билiк пен байлықтың басы-қасындағы адам факторы ұлттық, дәлiрек айтсақ, қазақтық дiлге, рухқа суғарылмаған. Пассионарлық тұлғаларға зәрулiк ұлғайған мына заманда олардың арасында әдiл бәсекеде жеңiп шыққандар мейлiнше аз, көбi «бармақ басты, көз қыстымен» байлықты, билiктi еншiлегендер. Мұндайлардың ұлтжандылығы, ұлтшылдығы тiлiнiң ұшында ғана. Абайша айтсақ, өзi мал болған соң малдан басқа қызығы жоқ. Ал ендi бұған нарықтық қатынасқа көшу, әлемдiк экономикалық кеңiстiкке ену қазақстандағы iрi буржуаны байырғы ұлт өкiлдерiнен емес, басқа этностар есебiнен қалыптастырғанын қосыңыз. Сағымдай ұлттық идеяны былай қойғанда бай әрi көркем мемлекеттiк тiлдiң жұмыс iстемей тұрғаны да осыдан. қазақ тiлiнсiз ұлттық идея сыңар қанатымен жер сабалаған дәрменсiз құстай. Ұлттық идеясы бұлыңғыр елдегi билiк оп-оңай қателесуге, байлық орынсыз шайқалып төгiлуге бейiм тұрады.

5. Не iстеу керек?
Ұлттық идеяның бары мен жоғын тиянақтауға жұрттан бұрын ғалымдар кiрiсiп кеттi. Ә.Нысанбаев, А.Сейдiмбек, Ә.Ғали, А.Шәрiп, I.Ерғали тәрiздi белгiлi бiлiмпаздардың қаламынан туған еңбектер қоғамдық санаға игi әсер еткенi сөзсiз. Бiрақ бұл жеткiлiксiз болып шықты. «Тарих – тым жауапты iс, оны тарихшыларға сенiп тапсыруға болмайды», деген екен ағылшын саясаткерi Йан Маклеод. Ұлттық идеяның арқалап тұрған жүгi ғылыми ойтолғаумен жерден бiр елi де көтерiлмедi, қайта салмақтана түстi. Өйткенi ұлттық идеяға тап бүгiн керегi толағай сөз ғана емес, нақты iс. Ал iстiң жүзеге асуы үшiн саяси-мемлекеттiк шешiм қажет. Демек, ұлттық идеяны анықтауға Президент, Парламент, үкiмет ресми түрде араласқанда ғана оң нәтижеден үмiттенуге болады. Ашық та жария мемлекеттiк саясатсыз ұлттық идеяның тамырына қан жүгiрмейдi. Сонда бұл iстен зиялы қауым, саяси партиялар, қоғамдық бiрлестiкер, үкiметтiк емес ұйымдар, БАҚ тыс қалмай, қоғамдық санадағы бүгiнгi самарқаулық жойылар едi.
Кейбiр әрiптестестерiмiздiң уәжiне құлақ қойсақ, ұлттық идея мәселесiн iс жүзiнде шешуге Ата Заңымыздың 5 — бабындағы идеологиялық плюрализмдi қуаттаған талап кесе-көлденең тұратын тәрiздi. Шынтуайтында бұл баптың еш кедергiсi жоқ. Тек идея мен идеология арасында жер мен көктей айырмашылық жатқанын ұғына бiлсек жарады. Идеология дегенiмiз бiрiн-бiрi толықтыратын, бiрiнен бiрi туындайтын, арасынан қыл өтпейтiн идеялардың жиынтық жүйесi ғой. Ондай жүйенiң маркстiк-лениндiк идеология деп аталатын таптық түрiнен кеше ғана құтылған жоқпыз ба? Ендеше неге бүгежектеймiз. Рас, бүгiнгi қазақстанда мемлекеттiк идеология жоқ. Болмай-ақ қойсын. Бiрақ мән-мағынасы ұлттық идеядан қылаудай ажырағысыз идеялар – тiлдер туралы Заң, «Мәдени мұра» мемлекеттiк бағдарламасы, ауыл жылдары – жүзеге асқанын, асып жатқанын, аса да беретiнiн қаперден шығарып алатынымыз ақылға қонбайды. Ұлттық идея идеологиялық өктемдiктi туғызады дейтiндер өзiн де, өзгенi де шатастырып жүр.
Гәп мынада болса керек. Тоталитаризм тұсында ұлт мәселесiнен, ұлтшылдық науқандарынан оңбай таяқ жеген жақсыларымыз, тiптi бүгiнгi бәрiмiз ұлт деген сөз естiсек, терiге кептеген басын қорғаған мәңгүрттей орнымыздан тұра қашамыз. Басымыздан тоқпақ, мойыннан қамыт кеткенiнде шаруамыз жоқ.

Рахмет ретінде жарнамалардың біреуін басуды сұраймын!