Ұлттық банкі, оның мақсаты мен міндеттері, қызметінің бағыттары, меншікті қаражаттары мен пайдасы — Ақша, кредит және банктер — Рефераты на казахском языке — Библиотека

0

 

Орталық банктер бүкіл елдің кредит жүйесін бақылаушы әрі реттеуші бас органның ролін атқара отырып, ерекше орынға ие және экономикалық басқарудың мемлекеттік органы болып табылады. Олардың басшылық ролі мемлекет берген үлкен өкілеттіліктермен анықталады.

Орталық банк елдің эмиссиялық, резервтік және кассалық орталығы, сондай-ақ ол норма шығару, басқару құқықтарына ие, «банктердің банкі», «соңғы сатыдағы кредит беруші» ролін атқарады, ақша-кредиттік және валюталық саясатты анықтайды, оның негізгі мақсаты пайда табу емес, ақша-кредит саясатын жүзеге асыру және елдің кредиттік жүйесін басқару болып табылады.

Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, мемлекеттің Орталық банкіге кең өкілеттік беруі екінші деңгейлі банк жүйесінің тиімді жұмыс істеуін қамтамасыз етеді.

Орталық банк мемлекет берген эмиссиялық құқығы негізінде экономиканы жалпы мемлекеттік тұрақтандыру саясатын, тауар-ақша тепе-теңдік саясатын жүргізеді.

Орталық банк тарапынан ақша-кредиттік реттеудің негізгі объектісіне экономикадағы қолма-қол және қолма-қолсыз ақша массасы жатады, оның динамикасына төлеуге қабілетті сұраныстың әр түрлі компоненттерінің өзгерісі тәуелді болады. Қазіргі даму сатысында ақша кредиттік сипат алғандықтан, яғни ақша массасы, негізінен, банктердің кредит — депозиттік қызметіне байланысты пайда болғандықтан, сондықтан Орталық банк ақша айналымының құрылымын және көлемін екінші деңгейлі банктердің операцияларын басқару арқылы реттейді.

«Қазақстан Республикасының Ұлттық банкі туралы» Заңы бойынша Қазақстан Республикасының Ұлттық банкі Қазақстан Республикасының Орталық банкі және республикамыздағы банк жүйесінің жоғарғы деңгейі болып табылады.

Жоғарыда айтылғандай, КСРО-ның мемлекеттік банкінің Республикалық кеңсесі Қазақстан Республикасының Ұлттық банкі болып қайта құрылған. Ол жай клиенттерге қызмет көрсететін мемлекеттік банктен орталық эмиссиялық банкке өзгертілді және «банктердің банкі» болды.

Тәжірибе жүзінде кассалық резервтердің барлығы Ұлттық банкке шоғырланады және олардың шаруашылық айналымға түсуі Ұлттық банкінің мекемелері арқылы коммерциялық банктердің кассаларын толтыру негізінде жүреді. Барлық банктер қолма-қолсыз есеп айырысуларды Ұлттық банктердің мекемелері арқылы жүргізеді, ал қажет жағдайда Ұлттық банкіден кредит алады. Осының нәтижесінде қолма-қол және қолма-қолсыз есеп айырысу айналысы Ұлттық банкіде және оның мекемелерінде шоғырланады.

Ұлттық банк — ақша резервтерінен, алтын валюта резервтерінен, басқа да материалдық құндылықтардан тұратын жекеше мүлкі бар заңды тұлға. Мүліктің құралу көздеріне — банк ісінен түскен табыстар, бағалы қағаздардан түскен табыстар және сәйкес бюджеттерден түскен дотациялар жатады.

Заңның 9-бабына сәйкес, Ұлттық банк жарғылық қорын 10 млрд теңге көлемінде мына қаражаттар есебінен құрайды: республикалық бюджеттен бөлінген қаражаттар, мемлекеттен алынған негізгі қорлар және Ұлттық банк тапқан пайдадан аударымдар.

Әлемдік тәжірибеде, нарықтық экономика жағдайында Орталық банкінің жұмысын ұйымдастырудың әр түрлі құқықтық формалары бар:

  • оның капиталының қалыптасуы 100% мемлекеттің қаражаты есебінен болатын унитарлық банк;
  • акцияларының бөлігі мемлекетке тиесілі (немесе мемлекеттің қатысуынсыз) акционерлік қоғам;
  • бірлестік типтес ұйым (мемлекеттің қатысуымен немесе қатысуынсыз);
  • Орталық банкінің қызметін бірігіп атқаратын тәуелсіз банктер жүйесі.

АҚШ-та орталық банктердің капиталына мемлекет қатыспайды, олардың капиталы Федералды резервтік жүйенің (ФРЖ) мүше банктерінің жарна пұл төлемдерінен тұрады.

Негізі Ұлттық банк унитарлық орган болып табылады. Мемлекет — жарғылық қордың жалғыз иесі. Негізгі қор — ғимараттардан, құрылғылардан, көлік және басқа да құндылықтардан тұрады, ал айналым қаражаты — банкіге тиесілі ақша қаражаттарынан тұрады. Ұлттық банк резервтік және басқа қорлар құрады. Резервтік қор жарғылық көлемінде құрылып, ол өзіндік табыс есебінен толтырылады және осы қорға байланысты нормаларға сәйкес жүргізілетін операциялар бойынша шығындарды жабуға арналады.

Ұлттық банкінің қаржылық жылдағы пайдасы сол жылға жатқызылатын табыстар мен шығындардың айырмасы ретінде анықталады. Ондай шығындарға: активтер амортизациясы, оның ішіндегі банкноттар мен монеталардың құндарының бір бөлігі жатады.

Пайданың жарғылық, резервтік және басқа қорларды құрғаннан қалған бөлігі республикалық бюджетке аударылады. Ұлттық банк және оның мекемелері барлық салықтар мен төлемдерден босатылады.

Қазақстан Республикасының Ұлттық банкінің негізгі міндеті — Қазақстан Республикасының ұлттық валютасының ішкі және сыртқы тұрақтылығын қамтамасыз ету болып табылады.

Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының Ұлттық банкісіне мынадай қосымша міндеттер жүктеледі:

  • Қазақстанның экономикалық дамуы және оның дүниежүзілік экономикаға интеграциялануы мақсаттарына жетуге көмектесетін ақша айналысы, кредит, банктік есептеулерді және валюталық қатынастар саласындағы мемлекеттік саясатты жасау және жүзеге асыру;
  • ақша-кредит және банк жүйесінің тұрақтылығын қамтамасыз етуге көмектесу;
  • банктік және басқа кредиттік мекемелердің қызметін реттейтін ережелерді жасау және олардың орындалуына бақылау жасау негізінде банк кредит берушілердің, салымшылардың мүдделерін қорғауы.

Ұлттық банкі жұмысының негізгі бағыттары:

  • елдегі кредиттік ресурстарды және ақша айналысын басқару;
  • өзіне бағынышты мекемелер арқылы ақшалай түсімді инкассациялауды ұйымдастыру және жүзеге асыру;
  • халық шаруашылығындағы кредиттік, есеп айырысу және кассалық операцияларды жүзеге асыру бойынша ережелерді, әдістемелік инструкциялық нормативтік актілерді шығару (барлық банктерге міндетті), есеп жүргізу және банктердің есеп беруін ұйымдастыру;
  • банк ісін лицензиялау, ақша-кредиттік реттеудің әдістерінің формаларын талдау;
  • банк ісін бақылау және қадағалау;
  • елдің банк жүйесінің тәуелсіз балансын жасау;
  • ғылыми-зерттеу және аналитикалық жұмыстар жүргізу;
  • валюталық операцияларды жүргізу ережелерін және тәртібін жасау, біркелкі валюталық саясатын жүргізу және т.б.

Ұлттық банктің кредиттік ресурстары мыналардың есебінен құралады:

  • меншікті қаражаттары;
  • басқа банктерден тартылған және келісімшарт негізінде Ұлттық банкіге орналастырылған ақшалай қаражаттар;
  • Қазақстан Республикасынан тыс жерлерден тартылған қаражаттар;
  • мемлекеттік арнайы қорлардан және бюджеттің уақытша бос қаражаттарынан.