Ұлттық банк – үкіметтің бас банкирі, қаржы кеңесшісі және агенті – Ақша, кредит және банктер – Рефераты на казахском языке – Библиотека

0
22

Қазақстан Республикасының Ұлттық банкі – Үкіметтің бас банкирі, қаржы кеңесшісі және агенті. «Қазақстан Республикасының Ұлттық банк туралы» Заңында былай жазылған: Қазақстан Республикасының Ұлттық банкі Үкіметтің бас банкирі, қаржы кеңесшісі әрі агенті ретінде және басқа да мемлекет органдарымен өзара мәмілеге келуі бойынша әрекет етеді.

Ұлттық банк барлық үкіметтік қорлардың және басқа да мемлекеттік органдардың депозитарий – банкі болып табылады. Ол органдардың шот қаражаттарын сақтайды және операциялар жүргізеді, сондай-ақ оларға қаржылық қызмет көрсетеді. Ол үшін үкіметтік мекемелер мен ведомстволардың шотын жүргізеді, салықтар мен басқа түсімдерді шоғырландырады және Қаржы министрлігінің тапсырмасы бойынша төлемдерді жасайды.

Ұлттық банк бюджеттің кассалық орындалуы мен мемлекеттік қарызға қызмет көрсетуі жағынан Үкіметтің фискальды агенті және дипозитарий қызметін атқарады. Ұлттық банк бюджеттік кассалық қызмет көрсету функциясын, барлық меншік нысанын кәсіпорындар мен азаматтардан түскен республикалық және жергілікті бюджет шотындағы ақша қаражаттарының есебін жүргізу жолымен атқарды. Бюджет кірісіне түскен ақша қаражаттарының көлемі туралы Ұлттық банк және оның жергілікті мекемелері Қаржы министрлігінің органдарына хабар береді.

Қаржы министрлігі қарамағында қазыналық институттың құрылуымен байланысты мемлекеттік бюджет пен кассалық қызмет көрсету жұмысы аталған құрылымға беріледі.

Қаржы министрлігінің келісуімен Ұлттық банк мемлекеттік заемның бір бөлігін құрайтын, Үкіметпен шығарылған және кепілденген бағалы қағаздар айналымын реттеуге қатысуға құқы бар, яғни ол мемлекеттік заемдардың нарықта орналасқаны және эмиссиясы бойынша операциялар жасайды.

Мемлекеттік ақша-кредит саясатының және қаржы жүйесі қызметінің тиімділігін қамтамасыз ету мақсатында Ұлттық банкіге Заңға сәйкес, келісімшарт негізінде Қаржы министрлігіне, 6 айдан аспайтын мерзімге бюджеттің ағымдағы кірістері мен шығыстары арасында жылдың ішіндегі үзілістерді жабуға, яғни бюджет тапшылығын жабу үшін қысқа мерзімді кредит береді. Бұл кредиттің мөлшері шектеулі, оған Қазақстан Республикасының Парламенті лимит белгілейді.

Қаржы министрлігіне берілген әрбір кредит бойынша, кредит сомасы, оны төлеу мерзімі және пайыздық мөлшерлемесі көрсетілген келісімдерге қол қойылуы тиіс. Қазақстан Республикасының Парламентімен бекітілген кредиттік лимит негізінде Үкіметке берілген кредит сомасына Ұлттық банк Қаржы министрлігінен бағалы қағаздарды, оларды бірінші орналастырған кезде (қазыналық міндеттеме) сатып алады.

Шамамен осы өзара келісімшарттар бойынша Ұлттық банк Үкіметке мемлекеттік қарызды жабуға, ақы төлеу, қайтару, көздеген мақсатқа жұмсау шартымен кредиттер береді. Ол үкіметтік кредиттердің өтелу мерзімін бақылайды және келісімде көрсетілген мерзімде олардың пайдалануын қамтамасыз етеді.

Ұлттық банк Қаржы министрлігімен біріге отырып мемлекеттік заемдарды өтеуге, пайыз бойынша олардың мемлекеттік қарызға қызмет көрсетуіне қатысады.

Қаржы министрлігінің мемлекеттік бағалы қағаздарды шығару және орналастыру жолымен қаражаттарды біршама тез жұмылдыруды қамтамасыз ету мүмкіндігі, республикадағы бағалы қағаздар нарығының қызмет жағдайына байланысты. Өз кезегінде Қазақстандағы бағалы қағаздар нарығының толығымен қалыптасуының болашағы екі деңгейлі банк жүйесінің толық құрылуына, жекешелендіру бағдарламасының нәтижелеріне, экономиканың түрлі сегменттерінің дамуына және басқаларға тәуелді. Бірақ, республикамызда бұл жағдайлар жасалған жоқ және қалыптасқан бағалы қағаздар нарығы да жоқ.

Ұлттық банк қаржылық және жалпы экономикалық мәселелер бойынша Үкіметтің және басқа да мемлекеттік органдардың кеңесшісі болып табылады. Өйткені, болашақта ақша қаржы, кредит және басқа да макроэкономикалық көрсеткіштер туралы жаппай дәл және жедел көпшілік ақпараттарды иеленетін, ірі экономикалық, ғылыми және ақпараттық орталық бола бастайды.