Улану туралы мәлімет | туралы қазақша
Улану — сыртқы ортадан (ауыз, тыныс алу жолдары, тері жабындары, ағзаның әртүрлі қуыстарына тікішек, құлақ тесігі және басқалар арқылы) түсетін шығу тегі әртүрлі улы заттардың (өнеркәсіп пен тұрмыста қолданылатын химиялық заттар, өсімдік және жануар текті токсиндер, жауынгерлік уландырушы заттар, т.б.) ағзаға әсер етуінің нәтижесінде туындайтын патологиялық үдеріс.
Уақыт бірлігі ішінде ағзаға өтетін удың мөлшеріне қарай уланулар жіті және созылмалы болуы мүмкін. Улану көбінде кенеттен басталады және жалпы қатерлі ауру, кейде өмір үшін айтарлықтай қауіпті өзгерістер түрінде көрінеді. Тамақтан және зиянды газдардан улану кезіндегі өзі-өзіне көмек пен алғашқы көмек көрсету мәселелерін қарастырамыз. Уланудың барысы көмектің қаншалықты жылдам және тиімді көрсетілгеніне байланысты болады. Көпшілік жағдайларда өз уақытындағы біліктілік шаралары өлімге әкелетін біршама мөлшердегі улы заттармен уланған адамның өмірін де сақтап қалуға кепілдік бола алады. Кешіктірілген және (немесе) ретсіз көмек тиімсіз болып шығады, тіпті аз мөлшерден улану кезінде де айтарлықтай асқынудың дамуы мүмкін.
Тамақтан улану — бұл тамақ арқылы ағзаға зиянды және улы заттардың түсуінен туындайтын ayырсыну жай-күйі.
Уланудың ауырлығы енген удың мөлшеріне, оның әсер ету күшіне, сіңу жылдамдығы мен басқа да себептерге байланысты болады.
Тамақтан ауыр улану кезінде (асқазанның қатты ауырсынуы, құсу, іш өту) асқазанды шаю керек. Бұл үшін калий перманганатының немесе ас содасының әлсіз жылы ерітіндісін құсу басталғанға дейін ішу қажет. Ол үшін 5-6 л ерітінді қажет болуы мүмкін. Калий перманганаты болмаған кезде жылы суға аздап сабын қосылады. Іш тазаланғаннан кейін белсендірілген көмір қабылдап, тыныштық пен денені жылытуды (аяқ-қолға жылытқыш қою) қамтамасыз ету керек. Сусынды (қызыл шай) молынан ішу жалғастырылады. Егер жай-күйі нашарласа дәрігерге жүгінген жөн.
Қышқылдар мен сілтілерден тамақтық улану кезіндегі алғашқы көмек көрсеткенде асқазанды шайып, құстыруға болмайды: сұйықтықтың асқазаннан ас жүру жолымен кері ағуы ас жүру жолы мен тыныс алу жолдарын күйдіруі мүмкін. Егер зардап шегушінің сусын ішуге шамасы келмесе, он да дәрігер келгенге дейін оған екі-үш стақан суық сүт, екі шикі жұмыртқа беру керек. Науқасты төсекке жатқызып, жастықтың көмегімен басын және денесінің жоғарғы бөлігін көтеру керек. Асқазаны ауырған кезде оған мұзы бар резеңке қапшық қою керек.
Зиянды газдардан уланудың жалпы белгілері: бастың ауыруы, алқыну, жүректің жиі соғуы, құлақтың шыңылдауы, бастың айналуы, самайдың солқылдауы. Ауыр жағдайларында бұлшық еттің әлсіздігі, құсу мен жалпы қалшылдау және естен тану байқалады.
Бұл белгілер пайда болған кезде зардап шегушіні бірден таза ауаға алып шығу қажет. Егер мұны істеу мүмкін болмаса, онда тесіктерді, есіктерді, терезелерді ашу, оқшаулаушы немесе сүзгілік газтұмылдырықты (иіс газымен улану жағдайында міндетті түрде гепколитті патроны бар сүзгілік газтұмылдырықты) кигізу керек.
Зардап шегушіге газтұмылдырық кигізу үшін тізерлей отыру, тізеге оның басын қойып, сөмкеден беттік бөлімді шығару, оны екі қолмен төменгі бөлігінен алып, зардап шегушінің иегіне шеттерінен ұстай отырып, басына кигізу керек.
Зардап шегушіге (жатқызылған күйінде, газтұмылдырық жорықтық жағдайда) газтұмылдырық кигізудің мынадай нормативі бар:
«өте жақсы» — 15 сек;
«жақсы» — 16 сек;
«қанағаттанарлық» — 17 сек.
Бағаны бір балға төмендететін қателіктер:
— беттік бөлімнің зардап шегушіге толықтай кигізілмеуі;
— зардап шегушілерді өрескел абайсыздық салдарынан жаралап алу.
Көздердің шырышты қабықшалары қабынған кезде оларды таза сумен немесе ас содасының 2%-дық ерітіндісімен шайған жөн. Тыныс алу тоқтаған кезде жасанды тыныс алдыру жасалады. Тыныс алуды қоздыру үшін зардап шегушіге мүсәтір спиртін иіскету қажет.
Есінің кіру дәрежесіне қарай қою ыстық кофе беріп, жылытады. Бірінші көмек көрсетілгеннен кейін зардап шегушіні дереу емдеу мекемесіне жеткізу керек.
#Улану #туралы #мәлімет
Рақмет ретінде жарнаманы баса кетіңіз