Үйсіндердің ұлы мемлекеті | туралы қазақша

0
129

Қытайдың жазба деректері «үйсін» атауын тарихқа әйгілі етті. Алайда, бұл атау кейінгі тарихта да тарихи сабақтастық тауып жалғасумен болды. Бұрын қазіргі Қытайдың Дахота өңіріне дейін жайлаған кейінірек Жетісу және Іле алқабына қоныстанған ежелгі Үйсіндер осында біржолата орнығып, кейіннен Батыс Түрік қағанатын, Түргеш қағанатын, Қарлұқ қағанатын, Қарахан хандығын, Шыңғыс ханның ұлы Шағатай құрған ұлыстың және Қазақ хандығының негізін салған тайпалар мен рулардың шығуына бастау болды.


Үйсіндердің ұлы мемлекеті

Үйсіндер: сары үйсін, қара үйсін және ал қызыл үйсін (қызыл үйсін) деп аталып, өз ішінен рулық бірлестіктерге бөлінді. Ғалымдардың зерттеулері бойынша Түргеш қағанатын құраған сары түргештер — сары үйсіндер болатын. Кейінгі қазақ халқын құраған кейбір ру-тайпалар өздерінің арғы ата-бабаларын ежелгі үйсіндермен байланыстырады. Бұл қазақтың шежірелік деректерінде көрсетілген. Екі мың жыл бұрынғы қытай жылнамаларында кездесетін үйсіндер тарихи тұрғыдан жалғаса келе, кейінгі деректерде де және қазақ шежіресінде де өзіндік орын алды. Шоқан Уәлиханов жинаған шежірелік деректер бойынша үйсін — Ұлы жүз қазақтарының түп атасы болып есептелінеді. Қазақ шежіресі бойынша үйсіннің түп атасы — Майқы би немесе Төбей би болып табылады. Бұл қытай деректерінде айтылатын Нәнді би болуы мүмкін. Осы Төбей биден Үйсін, Үйсіннен Қойылдыр (қатаған шанышқылы), Мекірейлі (жалайыр), Майқы (абақ), Қоғам (қаңлы) тайпалары өрбиді. Одан әрі Бәйдібек ата туады. Бәйдібекке қазір Тараз қаласының орталығында үлкен ескерткіш орнатылған. Әдетте байырғы үйсіндерден бастау алатын Бәйдібек атадан қазақтың албан, дулат, суан, шапырашты, сары үйсін, ошақты, ысты рулары тарайды. Бұлардың бәрінің рулық таңбалары белгілі. Кейінгі қазақ арасында Үйсін ұлысының арғытегі мен өсіп-өрбу жағдайын тиянақты баяндайтын шежіре деректер сақталған. Қалай десек те, үйсіндер — қазақтың Ұлы жүзін құрайтын үлкен ұлыс болып табылады.

«Үйсін» деген атау — күні бүгінге дейін бұрынғы үйсіндер мекендеген қазір Қытайдың аймағына айналған өлкелерде де сақталып қалған. Мысалы, үйсіндердің байырғы атамекені Қытайдағы Іле аймағының Шапжал және Моңғолкүре аудандарының арасындағы тау күні бүгінге дейін «Үйсін тауы» деп аталады. Қытай тарихшылары осы аймақта Сары үйсін деген өзен аты бар екенін, Қара үйсін деген елді мекен бар екенін атап көрсетеді. Ғалымдар үйсіндердің байырғы сақ тайпаларының бірі — исен, исседон тайпаларымен туыстығын да айтып отыр. Үйсіндер еліміздің ежелгі ұлысы ретінде I — II ғасырдан бастап еліміздің аймағында мемлекеттік билікті орнықтыруда, Ұлы Жібек жолын жандандыруда үлкен рөл атқарды. Кейінгі жылдары жүргізілген археологиялық жэне антропологиялық зерттеулер үйсіндердің антропологиялық түрін анықтады. Бұл түр Тянь-Шань таулы өңірлерінен солтүстіктегі Балқаш көліне дейінгі байтақ өңірлерде кездеседі. Үйсіндердің келбетіне тән ерекшеліктер олардың бас сүйектері домалақтау, маңдайлары сәл тікше, көз ұялары биіктеу, қыр мүрынды, жақ сүйектері ірі әрі шығыңқы болып келеді. Үйсін адамдарының батыс алқап халықтарынан едәуір айырмашылықтары олардың қыр мұрынды, шүңірек көк көз, жирен сақалды болатындығында деп айтылған ежелгі қытай деректеріндегі мәліметтер кейінгі антропологиялық зерттеулерді растап отыр. Үйсіндердің антропологиялық түрі нәсілдік жағынан сақ дәуірінде өмір сүрген тайпаларға өте жақын. Яғни, үйсіндерді сақ тайпаларының тікелей жалғасқан үрпақтары деп айтуға болады. Сонымен бірге, үйсіндердің бабалары сақтардың және өздерінің бет-пішінінде бас сүйектерінде моңғол тектес тайпалардың нәсілдік элементтерінің әсері анық байқалады. Ғалымдар кейінгі қазақ халқының антропологиялық құрамын қалыптастыруда үйсін антропологиялық түрінің үлкен ықпалы болғанын атап көрсетеді. Осының бәрі ежелгі үйсіндердің кейінгі қазақ халқының арғы аталарының бірі болып табылатынын дәлелдейді.

Үйсіндерге байланысты олардың қысқаша тарихын қытайдағы деректерді қазақ тіліне аударумен айналысқан қазақ зеттеушілері өздерінің еңбектерінде төмендегіше түжырымдаған еді: «Үйсін», арғы замандағы дыбысталуы: асуын (Дұң Тұңхы), өсүн (Бернхард Карлгрен), (ағсұн) Жоу Фагау», асуын) Го Шиляң); Тұрпан текстерінде: үйсін, асиен деп жазылған; кейінгі кездегі оқылуы: усүн) — ежелгі ұлыс эм этнос. Қазіргі зерттеу нәтижелеріне қарағанда, үйсіннің түп-тұқияны сонау шаң, жоу хандықтары заманындағы гүнрей, ғұннұм (гұннұң) тайпалары деп есептелуде. Зерттеушілердің көбі үйсін тілін алтай тілдерінің түрік тілі ұясына жатқызады. Үйсіндер б.з.б. II ғасырдан бұрын Келентау, Дахата (Дұнхуаң) аралығындағы аумақты мекендеген. Кейін нүкістер күйреткендіктен, үйсін ұлысы ғұндарға бағынды. Леузаң тәңірқұт тұсында (б.з.б. 161-174 жылдары ғұндардың сүйеуімен батысқа көшіп, ұлы Нүкіске шабуыл жасады. Ұлы нүкістер оңтүстікке кетуге мәжбүр болып Бактрияны бағындырды. Үйсіндер олардың қонысын басып қалды. Сондықтан үйсіндер ішінде сақтар да, ұлы нүкістер де болды. Үйсіннің Іле, Ыстықкөл бойына келгеннен кейінгі астанасы — Чекүк (яғни қызыл алқап, қызыл аңғар. Бұдан бұрын «Қызыл қорған», «шығу», Шие қорғаны деп те аударылып келді). Жаң Чаян батыс өңірге елші болып барғаннан кейін үйсіндер хан әулетіне құдаласып жегжат болды. Шюанди патша салтанат құрған жылдары (б.з.б. 60 жылы Батыс өңір басқақтығына қарады). Б.з.б. 53 жылы Чаң Хүй секілді үш аламанбасы Чекүкке келді. II ғасырдың соңында сәнбе, IV ғасырдың басында табиғат тайпаларының шабуылына тап болды. Оңтүстік және солтүстік патшалықтар тұсында оңтүстікке кетіп, Көгарт (Памир) тауларына ірге тепті және солтүстік Уй патшалығымен жиі қарым-қатынас жасады. 437 жылы Уй патшасы Тәй-у Үйсін ордасына елші жіберді. Ляу (Қытан) патшалығы тұсында Іле алқабындағы үйсіндер хүйтұңның 1 жылы (б.з.б. 938 жылы) тарту-таралғымен елші салды. Сондықтан ол жерде қайтадан Үйсін ордасы шаңырақ көтерді. Кейінгі кезде үйсіндер қазақтың Ұлы жүзіндегі тайпа болды».

Сонымен бірге үйсіндердің арғы тегі туралы қызықты мәліметті осы қытай деректеріне сүйеніп, қытай тілін жетік меңгерген Н.Мұқаметханұлы нақтылай түскен еді. Бұған байланысты оның төмендегідей пікірі бар: «Үйсіндердің арғы тегі жөнінде қытай жазбаларында жүйелі жазылған деректер бар. Б.з.д. бір мыңжылдықта хатталған «Зо жуан — Зо чжуань» деген жинақта «Күн иі» «Күн роң» деген этнос атаулары кездеседі. Бұндағы «күн» деген иероглиф тек қытайшада «күн» деген дыбысты шығару үшін қолданған таңба. Ол өзінің әсілгі «аға» деген мағынасын білдірмейді. Ал «иі» «роң» деген иероглифтер — бұратаналар, жабайылар деген мағынаны аңғартатын тұрақты сөздер. Сонда «күн»-ге «иі»-ді немесе «роң» -ды қосып айтқанда, одан «Күн бұратаналары» немесе «Күн жабайылары» деген мағынаны білдіретін термин келіп шығады. Қытайдың б.з.д бір мыңжылдықта жазылған деректерінде: «Күн иі елдері қытайдың батыс өңірінде көшіп-қонып жүрді» — деп жазылған. Осыған қарағанда ол ел өздерін «Күн әулетіміз» немесе «Күннен жаралғандармыз» деп атаса керек. Бұл шығыс халықтарының ертедегі дүниетанымына сай келеді. Сондықтан қытай авторлары олардың «күн» деген түбір сөзіне «иі» немесе «роң»ды қосып, оларға «Күн бұратаналары» деген ат қойған. Қытай авторлары ежелгі замандағы көшпенділерді атағанда қашанда олардың атының соңына жабайы деген мағынаны білдіретін иероглифті немесе жыртқыштарды аңғартатын фан чуан фаң таңбасын қосып жазатынды. Сондықтан өздерін «Күн әулетіміз» дейтіндерді «Күн иі» — «Күн бұратаналары» деп атау — қытай авторларының әдетіне айналған құбылыс».

Зерттеуші б.з.д, IV ғасырлардағы қытай жазбаларында осы Күн бұратаналарының «үйін әулеті жабайылары» деп аталғанын және олардың Шығыс Тянь-Шань өңірінде өмір сүргенін б.з.д. II ғасырдың басында олардың «Усүньдер» деп аталғанын, біртіндеп «Үйіндер» «Үйсіндер» болып өзгергенін, сондықтан да өзінен бұрынғы осы мәселені зерттеуші Н.Мыңжанның «Үйсін — ұйысу деген мағынаны білдіреді» деген сөзінде тарихи қисын бар екендігін атап көрсетеді.

Өзінің бұл пікірлерін Н.Мұқаметханұлы жапон тарихшысы Широ Торидың: «Үйін — усунь деген сөздің басқа иероглифпен транскрипциялануы» деген түсіндіруімен бекіте түседі және өзінің зерттеулеріне төмендегідей тұжырым жасайды: «Міне, осындай негізде мен қытай тілінде Усүн — Усунь болып жазылған атауды өзінің әсілгі аталуы бойынша «үйсін» деп қолдануды дұрыс деп санаймын. Өйткені бүл Тоныкөк ескерткішіндегі Үйсін атауымен сай келеді». Тоныкөктің (Тұнық-ұқтың) әйгілі мәтінінде шынында да осы этнонимге байланысты мынадай жолдар кездеседі: «Ұсын Бұнтатұ (?): жұртында: жата қалар еді:».

Сонымен, Н.Мұқаметханұлының айтқан тұжырымдарын қабылдар болсақ, «үйсін» этнонимінің қалыптасу эволюциясы сызба түрінде төмендегідей бейнеленер еді: «Күн» — «Үйін» — «Үйсін». Бұл жерде айтарымыз, көрші моңғол тілдес тайпалар «сулы жерді мекенд ейтіндер» ретінде үйсіндерді «усуньдер» деп атап, осы атауды оларға таңуы мүмкін. Сонымен бірге біртіндеп бұл атау түркілердің өз ортасында «үй болып ұйысу» деген мағынаға ауысып, жаңаша астар беруі мүмкін. Мұндай өзгеріске таңғалуға болмайды. «Үйсін» этнониміиің өзінің иероглифтік жазылуы ұртүрлі тарихи кезеңдерде түрлі өзгерістерге ұшырап отыр емес пе? Оның үстіне түркілер моңғол тілді көршілерінің өздеріне қойған атауларын қаз-қалпында қабылдады деп айта алмаймыз. Түркілер моңғол этнонимдерін қабылдағанда, оларды өздерінің тіліне және диалектісіне икемдеп алатын. Үйсіндердің арғы бабалары кімдер екендігін қарастырғанда зерттеушілердің бір бөлігі ежелгі Исседон сақтарына назар аударып, осы кейінгілерді алғашқылардың бабалары ретіыде қарастыратынын айта кеткен жөн. Ежелгі Исседон сақтары туралы мәліметтер Геродоттың және Птолемейдің жазбаларында кездесетіні назар аудартады. Оларға және басқа деректерге талдау жасар болсақ, исседондардың Андрон мәдениеті, яғни қола дәуірі кезінде қазіргі Оңтүстік Орал, Сібір аймақтарынан Орталық Қазақстанға дейінгі өңірлерде көшіп-қонып жүргендерін аңғарар едік. Біздің заманымыздан бұрынғы II мыңжылдықтың соңында немесе біздің заманымыздан бұрынғы 1 мыңжылдықтың алғашқы ғасырларында біртіндеп Жетісу және Шығыс Түркістан өлкелеріне жылжыған олар, осында антропологиялық тұрғыдан еуропеидтік нәсілдің жергілікті сақ тайпалары арасында кеңінен таралуына ықпал жасады. Көне грек диалектінде Исседон аталған бұл тайпалардың шын мәнінде усундер, яғни үйсіндер болып табылатынын археологиялық зерттеулер де дәлелдеп отыр.

Үйсіндердің тегін анықтаудан бұрын олардың алғаш қай тілде сөйлегендерін нақтылай түсуіміз керек. Қазақстандық зерттеушілер В.В.Востров пен М.С. Мұқанов өздерінің зертеулерінде үйсіндердің шығу тегін үнді-гот және угро-фин тұқымдарына жатқызатын теориялардың соңғы уақытта зерттеушілер арасында көбіне теріске шығарыла бастағанына назар аударған еді. Мұны авторлар XX ғасырдың 60-шы жылдарының соңына қарайғы зерттеулерінде-ақ атап көрсеткен болатын. Сонымен қатар олар осы негізде үйсіндерді асиялармен, асиандармен бір деп санауды мойындаушылардың да азайып бара жатқанын атап көрсеткен еді. Өкінішке орай, бұл тұжырымдарға қазақстандық ғалымдар әлі де жеткілікті назар аудармай келеді. Сөзбе-сөз айтар болсақ, аталмыш ғалымдар мынадай қорытындыға келген еді: «Положение о тюркоязычности древних усуней, выдвинутое Н.А. Аристовым и подтвержденное рядом других исследователей ныне уже ни у кого не вызывает сомнений».

Еуропалық зерттеушілер ежелгі үйсіндердің астанасын Чигу деп атаса, ал қытайлық зертеушілер ежелгі деректерден оны Чекук деп оқиды. Алайда ғалымдарды толғандыратыны астананың аталуы емес, оның қайда орналасқаны туралы мәселе болып отыр. Бұл мәселеде негізінен алғанда екі түрлі көзқарас бар. Олардың бірі — Чекук қаласын Нарын өзенінің шығыс жағынан іздестіру керек десе, екіншілері, бұл астана Текес өзенінің оңтүстігінде деген пікірде. Соңғы кездері қытайлық Мың Фэнрын осыны анықтауға байланысты зерттеулер жүргізіп, соңғы түжырымның тарихи шындыққа жақындығын анықтады. Айта кетер бір нәрсе, ежелгі қытай жылнамасы «Хэннама. Батыс өңір баянында» мынадай деректер бар: «Ұлы күнбидің ордасы Чекук қаласында түрады… Жері үлан-асыр, жазы, ауа-райы жаңбырлы салқын келеді. Тауларында қарағай, самырсын көп өседі». Иә, шындығында да әлі күнге дейін Телес өзенінің оңтүстігінің табиғаты дәл осы қалпында. Археологтердің ізденістері де осыны мақұлдай түсетіндей. Мың Фәнрын осыған байланысты былай деп жазған еді: «…археологиялық қазбалардағы материалдар да бізге ішінара деректер беріп отыр. «Мәдени мұра» («Уын-у») жұрналындағы мәліметке негізделгенде, Үйсін қорымдары негізінен Монғолкүре, Текес аудандарының шегіндегі Текес өзенінен Тәңіртауға (Тянь-Шанға- Т.О.) дейінгі заңғар далаға таралған.» Осы айтылғандар және тағы да басқа көптеген дэлелдер Үйсіндердің астанасы Чекук қаласының Ыстықкөлдің оңтүстік шығысындағы Текес өзенінің оңтүстік жағалауына орналасқанын дәлелдей түседі.

Қорыта келгенде айтарымыз, ежелгі сақтармен жерлес, туыстас және бауырлас болған үйсіндер тарихи атам заманнан бүгінгі күнге дейін аман-есен келіп жетті. Бүгінгі түркі халықтарының біразы өзінің ататек тарихын үйсіндермен байланыстырады. Кезінде қазіргі Қытайдағы Дахота өңірінен батысқа қарайғы үлкен аймаққа иелік жасаған үйсіндер әсіресе бүгінгі Жетісу жэне Оңтүстік Қазақстан аймағындағы Ұлы жүз құрамына енген рулар мен тайпалардың этно-әлеуметтік тұрғыдан қалыптасуларына аса үлкен ықпал жасады. Тарихтың әртүрлі зобалаңдарына қарамастан «Үйсін» этнонимі қазақтың Сары үйсін тайпасының атауында сақталып қалды. Ежелгі дәуірден бастау алатын үйсіндер тарихы жекелеген зертеушілер тарапынан едәуір бұрмаланғанына қарамастан, бүгінде қалыптасқан қазақ ұлты тарихының берік құрамдас бөлігі болып табылады.

Негізінен көшпелі қоғамда өмір сүрсе де, үйсіндер мықты мемлекет құра алды. Үйсін елінің бас билеушісі күнби деп аталды. Ол шын мәнінде елдегі барлық қарулы әскери жасақтың ең жоғарғы қолбасшысы болып есептелінді. Сонымен қатар оған ру-тайпаларды басқаратын бектер тікелей бағынды. Күнби елді үш бөлікке бөліп басқарды. Оң қанат пен сол қанатты екі қолбасы басқарса, ал елдің орталық бөлігін күнбидің өзі басқарды. Үйсін елін басқарудың мемлекеттік жүйесі «ондық жүйе» деген атпен белгілі. Күнби жалпы ел-жұрттың билеушісі ретінде қоластындағы ру-тайпаларды балаларына бөліп беріп отырды. Сонымен бірге ол мыңдықтардан әскерлер құрастыруға, елдің көшіп-қонатын жерлерін белгілеуге тікелей араласты.

Үйсін елі мықты ел қатарына үкіметтік ұйымының арқасында қол жеткізді. Бұл негізінен бірнеше лауазымнан тұрды. Оларға түсініктеме берер болсақ, бірінші билеуші күнбидің өзі шын мәнінде елді дара басқарды. Бірақ кейіннен Үйсін елінің екіге бөлінуіне байланысты біздің заманымызға дейінгі 53 жылдан бастап елді үлы күнби және кіші күнби екіге бөліп басқаратын болды. Үйсін мемлекетін бірнеше лауазымнан тұратын және күнбиге тікелей бағынатын өкіметтік жауапты қызметкерлер басқарды.

Күнбиден кейінгі мемлекеттегі екінші лауазым дулы атанған кісінің қолында болды. Бұл бас уәзірдің деңгейіндегі билік иесі болды. Сонымен бірге үйсін елінің барлық әкімшілік істерін басқарды. Ол күнбиге ғана жауапты болды және бұл қызметке бір ғана адам тағайындалды. Үшінші мемлекеттік лауазым қолбасы деп аталды. Қолбасылар оң қанаттың және сол қанаттың қолбасысы деп аталып, бүл қызметтерге екі адам тағайындалды. Бұл екі адам шын мэнінде қарулы күштерге бұйрық беретін және оларды басқаратын әскерді жабдықтауға, соғысқа жэне қорғанысқа үйретуге тікелей жауапты тұлғалар болды. Төртінші мемлекеттік лауазым бұл оңқа лауазымы болды. «Оңқа» деп ел ішіндегі ру-тайпа басшыларын атады. Бұлар — шын мәнінде үшке бөлінген Үйсін ұлысының үш бөлігіндегі ру-тайпаларды басқаратын бектердің тікелей басшылары еді. Бұлар елдің тұрмыс-тіршілігін, тайпа аралық қарым-қатынастарды және рулар мен тайпа басшыларының жоғарыдағы өкіметтік тұлғалардың тапсырмаларын қалай орындағандарын тікелей қадағалап отыратын кісілер болды. Бесінші лауазым дарту деп аталды. Ол қолбасшының көмекшісі болып табылды. Үйсін мемлекетінде екі қолбасшы тағайындалғандықтан, бұл лауазымға екі адам тағайындалып, өздері бағынышты қолбасшылардың тапсырмаларын бұлжытпай орындаумен айналысты. Бұл негізінен әскердің жай-күйін, соғысқа немесе қорғанысқа дайындығын, оның жасақталуын және соғысу әдістерін белгілейтін әрі басқаратын әскери адамдар болды. Алтыншы абыз лауазымына екі адам тағайындалды. Бұл негізінен күнбиге кеңесшілік қызмет атқаратын тәжірибелі, көпті көрген, халық арасында рухани тұлғаға айналған адамдардан іріктелді. Жетінші ұлысбегі лауазымы бүкіл ұлыстың мемлекеттік істерін қадағалайтын, яғни ішкі, сыртқы саясаттың қалай жүргізілгенін қадағалап отыратын адам болды. Бұған бір адам тағайындалды. Сегізінші ордабегі қызметі. Ордабегі лауазымына Күнби Ордасындағы барлық жұмысты жүргізетін кісілер болды. Ең соңында атқосшы қызметі тағайындалды. Бұл лауазымға күнбиге атқосшы болып жүретін оның әрі көмекшісі, әрі алып кел, барып кел сипатындағы тапсырмаларын орындайтын бір адам тағайындалды. Үйсін мемлекетін бірнеше лауазымнан тұратын және күнбиге тікелей бағынатын өкіметтік жауапты қызметкерлер басқарды.

Осылайша Үйсін елінің үкіметтік ұйымы бірнеше сатылық дәрежеден құралып, оны жалпы алғанда он бес адам басқарды. Бұл шын мәнінде Үйсін елін басқаратын мемлекеттік ұйым болатын. Қытай тарихи деректерінен он ұрпақтан тұратын алғашқы күнбилердің есімдері бізге белгілі. Ол әрине, жоғарыда атап айтқанымыздай алғашқы күнби — Нәнді би деген кісіден басталады.

Пайдаланылған әдебиеттер: Омарбеков Т., Қазақ мемлекеті: қағанаттар, ұлыстар мен хандықтар баяны. Алматы, 2017. – 342 б.

#Үйсіндердің #ұлы #мемлекеті