Тыныс белгілері — Қазақ тілі
Тыныс белгілері (не пунктуация) — тіл білімінде жазуға тән шартты белгілер жүйесі.[1]
Мазмұны [жасыру]
1 Қасиеттері
2 Сөйлемдегі орналасуы
2.1 Сөйлемнің синтаксистік ерекшелігіне орай
2.2 Сөйлемнің мағынасына орай
2.3 Сөйлемнің интонациясына орай
3 Дереккөздер
Қасиеттері
Тыныс белгілері айтайын деген ойды нақтылы, дәл түсінікті етіп жеткізу үшін, сондай-ақ баяндалмақшы пікірді ала-құла етпей, айқын білдіру үшін қолданылады. Бұл — тыныс белгілерінің басты қасиеті.
Тыныс белгілері сөздер тіркесі мен сөйлемдерді айтқанда, немесе оқығанда тілде байқалатын кідірісті де, дауыста аңғарылатын әркелкі құбылысты да білдіреді. Бұл — тыныс белгілерінің қосымша қасиеті.
Жазба тілде болсын, сондай-ақ ауызекі тілде болсын тыныс белгілерін дұрыс қолдана білудің үлкен мәні бар. Тыныс белгілері мүлде қойылмаған, немесе дұрыс қойылмаған мәтінді сөйлемді түсінікті етіп оқу да, мағынасын түсіне білу де қиын. Тыныс белгілері дұрыс қойылмайтын сөйлемдерде ой күңгірттеніп, екі ұшты болып, тіпті сөйлем құрамындағы сөздер синтаксистік қызметі жағынан (бастауыш, баяндауыш, анықтауыш т. б.) өзгеріске түсуі мүмкін.
Мысалы: Бұл келген — сол Есіл бойындағы Қарасарт ауылының жиені, Жүсіп баласы Қожаш (С. Көбеев)
Бұл сөйлемде есімше тұлғалы келген соң сызықша қойылмаса, келген сөзі бастауыш қызметін емес өзге мүше қызметін атқарған болар еді де, нәтижесінде сөйлемде берілетін ойға нұқсан келер еді.
Сөйлемдегі орналасуы
Тыныс белгілерді қою үшін үш түрлі белгі негізге алынады:
сөйлемнің синтаксистік ерекшелігі
сөйлемнің мағынасы
сөйлемнің интонациясы
Сөйлемнің синтаксистік ерекшелігіне орай[
Тыныс белгісінің сөйлемнің құрылысына, түріне, жасалу жолдарына орай қойылуы сөйлемнің синтаксистік ерекшелігіне байаланысты қойылу деп аталады.
Құрамына қарай сөйлем, негізінен, екіге бөлінеді: жай сөйлем, құрмалас сөйлем. Бұлардың өзі бірнеше түрге бөлініп, алуан түрлі жолдармен жасалады. Міне, осымен байланысты сөйлемнің ерекшеліктеріне орай, қолдану сипатына қарай әр түрлі тыныс белгілер қойылады. Мәселен, хабарлы сөйлемнен соң нүкте қойылады, сондай-ақ, сұраулы сөйлемнең соң сұрау белгісі, лепті сөйлемнен соң леп белгісі қойылады.
Сөйлем құрамында кездесетін оңашаланған мүшелер, оқшау сөздер деп аталатын қаратпа, қыстырма сөздер — бұлар сөйлем құрамындағы өзге мүшелерден тиісті тыныс белгілері арқылы ажыратылады. Сондай-ақ, жалпылауыш сөз сөйлемнің бірыңғай мүшелерінен бұрын келсе, жалпылауыш сөзден соң қос нүкте қойылады да, ал керісінше келетін болса, жалпылауыш сөздің алдынан сызықша қойылады.
Сөйлемнің мағынасына орай
Тыныс белгісінің дұрыс қойылуы сөйлемдегі кейбір сөздердің мағынасына, сондай-ақ бүкіл сөйлемнің мағынасына тікелей байланысты.
Мәселен, Мен оның сөзінен байқаймын деген сөйлемді Мәлғұн шалдың сөздері, байқаймын, Пугачевті ойландырған сияқты (А. С. Пушкин)
деген сөйлеммен салыстыратын болсақ, мұндағы байқаймын сөзі екі түрлі мағынада жұмсалған. Бірінші сөйлемдегі байқаймын сөзі аңғарамын, білемін деген мағынада жұмсалып, белгілі бір сөйлем мүшесі болып тұр (баяндауыш), сондқтан да оған сөйлем мүшесіне тән сұрақ қойылады. Ал екінші сөйлемдегі байқаймын сөзінде ондай қасиет жоқ. Бұл — меніңше, байқауымша, тәрісзді мәнде қолданылып, жұмсалып тұр. Осыған орай қыстырма сөз сөйлем ортасында келгендіктен, оның екі жағынан бірдей үтір қойылады. Сондай-ақ көп нүкте, тырнақша, жақша, сұрау, леп белгілері сөйлемнің мағынасына негізделініп қойылады.
Сөйлемнің интонациясына орай[өңдеу]
Тыныс белгілерін дұрыс қою интонациямен тікелей байланысты. Мәселен, хабарлай айтылған сөйлемнен соң кідіріс болады да, соған орай нүкте қойылады. Құрмалас сөйлемдерді оқығанда, құрмалас құрамындағы әрбір жай сөйлемдерден соң, сондай-ақ бірыңғай мүшелердің әрбір сұлуларынан соң кідіріс болып, олар үтір белгісімен ажыратылады. Ал сұраулы, лепті сөйлемдерді оқығанда, дауыс көтеріңкі айтылады да, тиісті тыныс белгісі қойылады.
Бастауыштан кейін қойылатын сызықшада интонацияның ролі айрықша көрінеді.
Мысалы: Еменнің иілгені — сынғаны. Көптің ісі — көл (мақал).
Бірінші, екінші сөйлемдегі сызықшалар бастауыш та, баяндауыш та зат есімнен немесе заттанған есімшеден болғандықтан қойылып тұр. Бұл сөйлемнің синтаксистік ерекшелігіне негізделеді. Сонымен қатар сызықша қойылып тұрған жерге кідіріс жасаймыз, әйтепесе сөлемнің синтаксистік қызметі бұзылады.
Алайда сөйлемнің немесе сөздер мен сөз тіркестерінің айтылу интонациясы тыныс белгілерімен сәйкес келе бермейді.
Мысалы: Балықшы балықшыны ұзақтан көреді (мақал)
дегенде, балықшы дегеннен соң, сондай-ақ, балықшыны деген соң кідіріс жасалады, бірақ соған қарай үтір қойсақ, дұрыс болмас еді, өйткені бұл сауатты жазу ережелеріне сыйыспайды.[2]