Тыныс алу мүшелері аурулары | туралы қазақша

0
55

Тыныс алу мүшелері ауруларының себептері және алдын алу ашаралары. Ауру тудырғыш микроорганизмдер адамдардың тыныс мүшелері ауруларын қоздыра түседі. Бұларға вирустар, саңырауқұлақтар, бактериялар жатады.

Кейде ауру қоздырғыштың жалғыз түрінен пайда болуы мүмкін. Сирек жағдайда адамдарда қоздырғыштардың бірнеше түрі, сонымен қатар аллергия тудырушылар кездесуі мүмкін. Бұл жағдайда күнделікті тұрмыстық аллергия тудырушылар: кәдімгі шаң-тозаң, үй кенелері жайлы айтуға болады. Олар бронхы демікпесін (тыныс демікпесі) тудырады. Сонымен қатар адамның тыныс мүшелері ашытқы және зең спораларынан, жануарлар аллергендерінен, өсімдіктердің кейбір түрлерінің тозаңдарынан, сондай-ақ әртүрлі аллергия тудырушы жәндіктерден күшті зардап шегуі мүмкін. Атмосфераны басты ластаушылар — шаң-тозаң және күл, олар киімді, баспананы ластайды — денсаулыққа өте зиянды. Күлдің құрамында өкпе обырын және тыныс мүшелерінің басқа да ауруларын тудыратын заттар болады. Шаң-тозаңды және күлді ауаға шығармау үшін мекемелерде арнайы сүзгіштер орнату қажет. Адам үшін шылым шегу, соның ішінде пассивті түрі (темекі түтінімен тыныс алу) зиян.

Тыныс алу мүшелерінің аурулары оларға ауру тудыратын микроорганизмдер енгенде және зиянды заттарды қолданғанда пайда болады. Олардың көпшілігі тұтылып, зарарсыздандырылады да, жоғары тыныс жолдарының сілемейлі қабығы арқылы сыртқа шығарылады. Мүшелерге енген микроорганизмдердің бір бөлігі тұмау, баспа, бронхит, өкпе қабыну, туберкулез сияқты әртүрлі аурулар тудыруы мүмкін.

Әр аурудың өз қоздырғышы болады. Олар вирустар — ауру тудыратын бактериялар. Ауруқоздырғыштар ауру адамнан немесе инфекция тасымалдаушыдан жүғады. Ол адам сөйлегенде, жөтелгенде, түшкіргенде немесе ортақ ыдыс, сүлгі, киім және т.б. қолданғанда сау адамға беріледі. Инфекцияның негізгі кіреберіс қақпасы — жоғары тыныс жолдарының сілемейлі қабығы. Аурудың алдын алу шараларына жеке бастың гигиеналық ережелерін сақтау және организмді шынықтыру жатады. Үнемі, уақытында ауруға қарсы егу жұмыстарын жасау керек.

Тыныс алу мүшелерінің гигиенасы. Тыныс алу мүшелері гигиенасына, ең алдымен, мұрын арқылы дұрыс тыныс алу жатады, ал дұрыс тыныс алу кеуде қуысы дұрыс дамыған кезде ғана мүмкін болады. Ол үшін жүйелі түрде таза ауада дене жаттығуларымен айналысып, тұрғынжай тазалығын, сондай-ақ жеке бастың гигиеналық ережелерін сақтау керек. Ең бастысы тұрғын үй, оқу және қоғамдық орындардағы ауаның қалыпты құрамын сақтау қажет. Ауада шаң-тозаңмен бірге үнемі бактериялар да болады. Мектепте сабақ басталғанға дейін шамамен 1 м3-де 2600 микроб болса, бірінші ауысым сабағы аяқталғанда 13500 микроб болатыны есептелген. Күнделікті таңертең және кешке тұрғын үйді желдетіп, дымқыл шүберекпен сүртіп алу керек. Терезені немесе желкөзді (форточка) ашып ұйықтаған пайдалы. Нашар желдетілетін бөлмедегі ауа құрамында 0,1% -дан артық көмірқышқыл газы болады. Бұл адам үшін зиянды болып саналады. Аумақты көгалдандыру және ағаш егу, бөлме өсімдіктерін өсіру ауадағы көмірқышқыл газының артық мөлшерін жойып, оттекпен байытады.

Тыныс алу мүшелері ауруларының алдын алу. Тыныс алу мүшелері ауруларының алдын алуға қатысты ең маңызды қарапайым әдістердің бірі — адамның таза ауада жүру мерзімінің ұзағырақ болуы. Алдын алу шараларының ең бастысы — жеке бастың тазалығын сақтау және организмді шынықтыру, тұрақты әрі мерзімді түрде егу. Тыныс алу мүшелері жүйесіне ішімдік ішу және шылым шегу жағымсыз әсер етеді.

Шылым мен ішімдік құрамындағы жағымсыз заттар өкпеге еніп, оның қабықшаларын зақымдайды. Шылым шегетіндерде өкпе обыры, өкпе эмфиземасы, созылмалы бронхит ауруы шектен тыс жиі кездеседі. Тыныс алу мүшелері ауруларының алдын алу — бұл тыныс алу мүшелеріне арналған жаттығулар, эфир майы бар емдік шөптерді пайдалана отырып ингаляция жасау. Тыныс алу мүшелерінің ауруларына бейім адамдарға бөлмелерінде оттекті бөлетін бөлме өсімдіктерін көп ұстағаны дұрыс.

#Тыныс #алу #мүшелері #аурулары