Тұтыну кредиті — Ақша, кредит және банктер — Рефераты на казахском языке — Библиотека

0

 

Кредит қатынасы банктер мен кәсіпорындардың, ұйымдардың арасында ғана болмайды. Ол, сондай-ақ, бір жағынан кредит жүйесінің және екінші жағынан, халықтың арасында да пайда болады. Кредит алушыға халық, ал, кредит берушіге банк жататын қатынасты тұтыну кредитінің мазмұнын құрайды. Айрықша жағдайларда банк пен халықтың арасында делдалдық ететін үшінші тарап та болуы мүмкін, мысалы, оған тауарларды кредитке сататын, яғни мерзімін ұзартып төлеумен тауарды кредитке беретін сауда ұйымдарын айтуға болады.

Тұтыну кредиті халыққа оның ағымдық сипаттағы қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін беріледі. Оның ішінде, жеке шаруашылықтағы өндірісті дамытуға, құрылыс салуға, тұрғын үйді жөндеуден өткізуге, ұзақ уақыт пайдалануға жарамды заттарды сатып алуға беріледі.

Халықты кредиттеу халықтың өмір деңгейін арттыруға бағытталған мемлекеттік кредит саясатының маңызды бөлігі болып табылады. Өнеркәсібі дамыған елдерде тұрғындар (халық) өзінің жыл сайынғы табысының 10-12%-ын тұтыну кредитін өтеуге жұмсайды. Қазақстанда кредиттің бұл формасы мүлдем дамымай қалды десе де болады. Халық борышқор болудан қорқады, оның үстіне, тұтыну кредиттің пайыздық мөлшерлемесі айтарлықтай жоғары, жылына 18-20%-ды құрайды.

Кредит халыққа тауарлы формада және ақшалай формада берілуі мүмкін. Тауарлық форма халыққа тауарларды оның төлем мерзімін ұзартумен сатуда қолданылады, яғни, бұл коммерциялық кредит болып табылады. Ақшалай форма банк кредиті секілді халыққа тікелей немесе сауда желісі арқылы жанама түрде беріледі.

Тұтыну кредитінің қосарлы қызметі бар: бір жағынан, тауар айналымы артатын болса, кредит мөлшері де өседі, өйткені, тауар сұранысы кредит сұранысын тудырады, екінші жағынан, халық неғұрлым кредиттеленетін болса, төлем қабілеті бар сұранысты арттырады.

Кредиттеу объектісі бойынша Қазақстанда тұтыну кредиті мыналарға: кезек күттірмейтін қажеттілік (шұғыл мұқтаж) кредитіне, құрылыс салу және тұрғын үй сатып алу кредитіне, ұзақ пайдалануға жарамды тауарларды сатып алуға арналған кредитке және шаруашылықты ұйымдастырып, жүргізуге арналған кредитке бөлінеді.

Тұтыну кредиті белгілі бір дәрежеде табыстары біркелкі емес тұрғындардың өмір деңгейін салыстырмалы түрде теңестіреді, әр түрлі әлеуметтік топтардың тұтыну деңгейі мен құрылымының арасындағы айырмашылықты жояды.

Ол ұзақ пайдалануға жарамды тауарлардың салыстырмалы түрде жоғары бағасы мен халықтың ағымдағы табысы арасындағы және халықтың бір тобындағы ақша қорланымы мен оны басқа топтың пайдалану қажеттілігі арасындағы екі қарама-қайшылықты шешіп береді.

Тұтыну кредиті банк операцияларымен тығыз араласып кеткен. Мәселен, сатып алушылардың ұзақ мерзімді борыштық міндеттемесін сауда ұйымдары банктен қарыз алу үшін пайдаланады. Тұтынушыларға кредит банктен тікелей берілетін болса, сауда фирмасы мен банктің арасындағы — кредит қатынасының артық буыны жойылады.

Кредитке сатып алынған тауарларды сауда ұйымдары олардың қарызын қамтамасыз етуші ретінде қарастырады.

Сондықтан да соңғы жарна төленгенше тауардың меншік құқығы сауда ұйымдарында қалады.

Өнеркәсібі дамыған елдерде тұтыну кредитінің бірнеше түрі пайдаланылады. Алайда, олардың арасында тауарларды төлем мерзімін ұзартумен сатудың үлес салмағы басым.

Тауарларды кредитке сатып алуда сатып алушы тауардың құнын ай сайынғы жарнамен төлеп қоймай, сонымен бірге, ол кредитті пайдаланғаны үшін пайыз төлейді. Көптеген жағдайларда төлем мерзімін ұзартумен сатуда тауардың бағысы комиссиялық сауда ұйымының мөлшеріне кредит үшін алынатын пайыздан жоғары көтеріледі.

Тұтыну кредиті көптеген елдерде маңызды роль атқарады. Осыған орай, ол мемлекет тарапынан реттеліп отыратын болады. Ол қадағаланады әрі банктік және коммерциялық кредиттерге бақылау қойылады.

Экономика құлдыраған жағдайда мемлекеттің саясаты халықтың іскерлік белсенділігін арттыруға оларды ынталандыруға бағытталады. Бұл үшін тұтыну кредитін алудың, атап айтқанда қолма-қол ақшамен төленетін тауар бағасын арзандату, кредит мерзімін ұзарту, оның құнын кеміту секілді жеңілдікті шарттары енгізілді.

Инфляция жағдайында, керісінше, қолма-қол ақшамен төлеудің үлесі артады, кредитті пайдаланудың мерзімі қысқарады және пайыздық мөлшерлеме жоғарылайды.

Тұтыну кредиті халықтың тауарға деген сұранысын ынталандырады әрі олардың өндірілуі мен сатылуын арттырады.

Қазақстанда тұрғын үй құрылысын салуға және оны сатып алуға ұзақ мерзімді тұтыну кредитін беру үшін мамандандырылған мемлекеттік құрылыс-жинақ ақша банкісі құрылады. 2004 жылы халыққа берілген тұтыну кредитінің мөлшері 122,1 млрд теңгені құрады, 2003 жылмен салыстарғанда 9,4%-ке көбейді.