Тұтас жамбас | туралы қазақша

0
199

Жамбас сүйектері, сегізкөз, құйымшақ және олардың байламдары жамбасты (pelvis) түзеді. Жамбастың жоғарғы бөлімі — үлкен жамбас (pelvis major) кең, құрсақ қуысының бөлігі болып табылады, бүйірінен мықындық сүйектердің қанаттарымен, артынан бесінші бел омыртқасымен және бел-мықындық байламмен шектелген, алдыңғы қабырғасын бұлшықеттер түзеді. Төменінде үлкен жамбас кіші жамбасқа (pelvis minor) ауысады. Оларды бөлуші кіші жамбастың жоғарғы апертурасы деп аталатын жазықтың сегізкөз төмпесі, мықын сүйегінің доғатәрізді сызығымен, қасаға сүйегінің қырымен және қасаға симфизінің жоғарғы жиегімен шектелген. Кіші жамбас қабырғалары: алдынан — симфиз, артынан- сегізкөз және құйымшақ, бүйірлерінен — жамбас сүйектері мен олардың байламдары. Кіші жамбастың қабырғалары биіктігі бойынша айтарлықтай ерекшеленеді. Артқы қабырғасын (сегізкөздік) жоғары, алдыңғы қабырғасын биіктігі бойынша қысқа симфиз түзеді. Тұтас алғанда кіші жамбас қуысы сагиталді бетінде алдына қарай тарылатын конустәрізді пішінді болады. Кіші жамбастың төменгі апертурасы немесе оның шығаберісі құйымшақпен, сегізкөз-төмпе байламымен, шонданайлық төмпемен, шонданай және қасаға сүйектерінің тармақтарымен, симфиздің төменгі жиегімен шектелген. Тұтас алғанда жамбас алдына иілген. Бұл иілім функционалді тұрғыда әртүрлі болады. Адам отырған жағдайда кіші жамбасқа кіреберіс жазықтығы көлденең жазықтыққа 6-8° градусқа ғана иілген, ал тұрған жағдайда бүл бүрыш бірден 55-75° градусқа дейін өседі және жамбас алға қарай бүгіледі, омыртқаның бел бөлімі орын толтыра иіледі. Жамбас басқа сүйектік қуыстар секілді онда орналасқан ішкі ағзаларды қорғайды. Сүйектік жамбас сақинасының механикалық маңызы зор. Бас пен дененің ауырлығы сегізкөз және жамбас сүйектері арқылы аяқтарға беріледі. Бұл жағдайда сегізкөз және жамбас сүйектері берік күмбез рөлін атқарады. Оған қоса сүйектік жамбас организмнің аса маңызды қызметі — бала тууға тікелей қатысты. Сондықтан ер адамдар мен әйелдер жамбасының құрылымында айтарлықтай ерекшеліктері болады.


Әйел жамбасы
Әйел жамбасы

Жамбас құрылысындағы жыныстық ерекшеліктер (сурет 35, 36). Әйел жамбасы төмен, кең, ал еркектікі — жоғары және тар. Әйелдерде мықындық сүйегінің қанаттары жан-жаққа қайысқан, ал еркектерде тік (вертикалді) орналасқан. Еркектерде кіші жамбас қуысы төменге қарай тарылады. Жоғарғы апертура аймағында сегізкөздің мүйісі алға шығады, кіші жамбас қуысы жақын орналасқан шонданайлық қырлар мен төмпектер есебінен тарылады, симфиз тар, жоғары, кіші жамбастық шығаберісі де алға шығып тұрған сегізкөзбен шектеледі. Тұтас алғанда еркектердегі кіші жамбас қуысы бүйірден қысылғандай болып көрінеді. Әйелдерде, керісінше, кіші жамбасқа кіреберіс тегіс көлденең дөңес түрінде болады, сегізкөз мүйісі шығып тұрмайды, шонданай төмпектері алыстаған, симфизі төмен, кең, сегізкөз жалпақ, қысқа, құйымшақ кіші жамбас шығаберісінің бағытына аса шықпаған. Оған қоса туу процесі барысында құйымшақ артқа қайтады. Тұтас алғанда кіші жамбас кең цилиндр пішінді болады. Әйелдерде қасаға сүйектерінің төменгі тармақтары кең доға, ал еркектерде — сүйір бұрыш түзеді. Жүктілік кезінде қасағааралық фиброзды шеміршекгі диск борпылдайды және ондағы қуыс ұлғаяды, кіші жамбастың сыйымдылығы өседі. Жамбастың көптеген сүйектік нүктелері тірі адамда сипағанда сезілуі мүмкін (мықындық сүйектердің қырлары, жоғары алдыңғы мықындық қылқандар, симфиз, шоңданай төмпектері және т.б.). Бұл акушерлік тәжірибеде үлкен және кіші жамбас өлшемдерін анықтауға мүмкіндік береді. Оларды арнайы акушерлік циркульмен (жамбас өлшеуішпен) анықтайды.

Әйелдің үлкен жамбасының өлшемдері (сурет 37). Қылқандық дистанция (distantia spinarum) 25-27 cm тең. Оны анықтау үшін циркуль аяқшаларын алдыңғы жоғарғы мықындық қылқандарға қояды. Қырлық дистанция (distantia cristarum) 28-29 cm құрайды. Циркуль аяқшалары мықындық қырлардың аса алыстаған нүктелеріне қояды. Ұршықтық дистанция (distantia trochanterica) 30-32 см тең. Бұл ортан жіліктің үлкен үршықтары арасындағы қашықтық.

Әйелдердің кіші жамбасының өлшемдері. Әйелдердің кіші жамбас аймағындағы алдыңғы артқы өлшемдері түзу өлшемдер немесе конъюгаталар деп аталады. Сыртқы коньюгата немесе сыртқы түзу өлшем 21 см тең. Оны анықтау үшін циркульдың бір аяқшасын қасаға симфизінің жоғарғы жиегінің аймағындағы терісіне, ал екінші аяқшасын-соңғы бел омыртқасы мен бірінші сегізкөздік омыртқасы арасындағы шұңқырдың терісіне қояды.

Өте маңызды шынайы немесе акушерлік конъюгата (conjugata vera). Ол кіші жамбас кіреберісінің ең аз тура өлшемін сиппаттайды: сегізкөз мүйісі және қасаға симфизінің артқа шығып тұрған ең соңғы нүктесі арасыңда. Орташа алғанда шынайы конъюгата 10,5-11,0 см тең. Оны екі әдіспен анықтауға болады. Бірінші әдіс сыртқы тура өлшемнен (21) 10 см алып тастаудан тұрады. Екінші әдісте қынаптық зерттеу жүргізіледі. Бұл жағдайда сегізкөз мүйісі мен қасаға симфизінің төменгі жиегі арасындағы қашықтықты анықтайды. Осы шешімнен (12,5-13,0 см) 2 см шегереді.

Кіші жамбастың шығаберісінің тура өлшемі орташа алғанда 10 см тең. Оны өлшеу үшін циркульдың бір аяқшасын құйымшақ аймағының терісіне, ал екіншісін симфиздің төменгі жиегіне қояды. Егер барлық конъюгаталардың ұзындығының орташа нүктелерін қоссақ, алдына қарай ашылған және кіші жамбас қуысының ортасынан өтетін доғатәрізді сызық түзіледі.

Кіреберістің көлденең өлшемі 13,5-15,0 см тең. Оны жанама әдіспен анықтайды: қырлық дистанцияның мәнін екіге бөледі. Кіші жамбастың шығаберісінің көлденең өлшемі 11,0 см тең. Циркуль аяқшаларын шонданай төмпектерінің ішкі жиектеріне орнатады. Алынған санға (-10 см) 1,0-1,5 см қосады (жұмсақ тіңдер қалыңдығына дейін түзету). Ұршықтық дистанция (distantia trochanterica) 30-32 cm тең. Бұл ортақ сан үлкен ұршықтары арасындағы қашықтық.

#Тұтас #жамбас