Туризм ұғымы және түсінігі | туралы қазақша

0

Туризм – жалпы халықаралық көлемде танылған аса маңызды мәдени-ағарту, спорттық, демалыс шаралары ретінде кеңінен мәлім екендігі белгілі. Адамзат тарихында саяхаттау сауданы дамыту, жаңа жерлерді жаулап алу және игеру, ресурстарды іздеу мақсатымен пайда болды. Саяхат – адамдардың жылжу мақсатына байланыссыз кеңістіктегі қозғалысы. Саяхаттың бір түрі туризм болып саналады.

Қазақстан Республикасындағы туристік қызмет туралы заңда берілген анықтама бойынша: «Туризм – жеке тұлғалардың ұзақтығы жиырма төрт сағаттан бір жылға дейін, не жиырма төрт сағаттан аз, бірақ уақытша болған елде (жерде) ақы төлейтін қызметпен байланысты емес мақсатта түнеп өтетін саяхаты».

Зерттеушілер көзқарасының бірі туризм (француз сөзі tourisme, tor – серуен,сапар) екінші дүниежүзілік соғыстан кейін көпшілікке тараған, яғни салыстырмалы түрде жас деген пікірді білдірсе, екінші пікірлер саяхат ерте заманнан белгілі құбылыс дейді. Туризм тарихын төрт кезеңге бөледі:

  1. XIX ғ. дейін – элитарлық туризм, туристік өнім өндіретін арнайы кәсіпорындардың туындауы;
  2. XIX ғ. – бірінші дүниежүзілік соғыс,  көлік дамуындағы дүрбелең өзгерістер, бірінші саяхат бюроларының ашылуы;
  3. екі дүниежүзілік соғыс аралығындағы кезең – көпшілік туризмінің дамуы;
  4. екінші дүниежүзілік соғыстан кейін – қазіргі кезең – туристік индустрияның туризмге арналған тауар және қызмет өндіретін салааралық кешен түрінде құрылуы.

Бірінші кезең туризмнің тарихи алғышарты ретінде анықталады. Антикалық заманда саяхаттың негізгі себебі сауда, білім, зиярат ету, емделу болды. Ежелгі Грекияда спорттық сапарлар туындады, өйткені Олимпиядалық ойындарға бүкіл елдердің тұрғындары жиналды. Финикиялықтар Жерорта теңізі арқылы, қазірі Сирия және Ливанға сапар шекті.

Орта ғасырларда саяхат діни сипат алды. Діни сенім адамдарды қасиетті орындарға зиярат етуге жетеледі: мұсылмандарды – Меккеге, христиандарды – Иерусалим және Римге. Саяхатшыларды қабылдауорны шіркеулер болды.

Қайта өрлеу және ағарту дәуірі діни себепті әлсіретіп, сапарлардың жеке тұлғалық және біліми бағытта дамуын күшейтті. Мысалы, ағылшындар, өз сапарларын Лондонда бастап, одан Францияға (Парижда бірнеше күн аялдайды), кейін Италияға барып, ал қайтар жолдары Швейцария, Германия, Нидерланд арқылы өтті.

XIX ғ. ортасына дейін саяхаттар мақсатты емес, тек өзіндік шараны (сауда, зиярат ету) жүзеге асыру шарты ғана болды. Екінші кезең көліктің дамуындағы дүрбелең өзгерістермен сипатталады. Кеме, паровоздың ойлап табылуы жылжудың сенімділігімен, жалдамдығымен әрі саяхатқа шығынның азаюымен ерекшеленді. Осының нәтижесінде саяхатшылар саны көбейді. Осыған байланысты уақытша келушілерді күтетін кәсіпорындар (қонақ үйлер) пайда болды. XIX ғ. ортасында демалыс индустриясы өз қызмет ететін аясын кеңейтті. Ең бірінші, туристік сапарды ұйымдастыру және оны тұтынушыларға сатуға міндеттенген саяхат бюролары ашылды. Бұған классикалық мысал, 1941 ж. Ағылшын Томас Куктың демалуға ұйымдастырған топтық туры. Қызметтер кешенінде темір жолмен жиырма мильдық сапар, пойызда шай мен тоқаш-нан, оркестр болды. Томас Кук бірінші саяхат бюросын ашты (алдымен Лестерде, кейін Лондонда). Соның үлгісімен 1854 ж. К. Ризель Берлинде бірінші неміс саяхат бюросын бой көтерді. XIX ғ. екінші жартысында туристік бюролар көптеген елдерде тарала бастады. 1862 жылдан бастап ең алғаш туристік сапарларға арналып шығарылған каталогтар жарық көрді.

Бірінші дүниежүзілік соғыс, 30-жылдардағы Ұлы күйреу және Екінші дүниежүзілік соғыс та туризм дамуына кері ықпал етті. Осыған қарамастан осы соғыстар аралығында көпшілік туризм (үшінші кезең) дамыды, оның гүлденуі соғыстан кейінгі онжылдыққа келеді.

Екінші дүниежүзілік соғыстан соң туризм нағыз көпшілікті (төртінші кезең) сипат алды. Ол дамыған елдер халқы үшін байлықтан қажеттілікке айналды. Өзіндік институты, өнімі, өндіріс циклы, ұйымдастыру және басқару әдісі бар туристік индустрия құрылды. Бұл кезең саяхатшылар, туристік кәсіпорындар санының және өндіріс көлемінің ұлғаюымен, орналастыру құралдарының салынуымен, туристік инфрақұрылым нысандарының күрт өсуімен ерекшеленеді. Қазіргі заман туризмінің ерекшелігі кең ауқымды халықаралық айырбастың болуында.

Туризм анықтамасын үш топқа топтастыруға болады. Бірінші топқа, туризмді рекреация түрі, бос уақытты өткізуде, сапар және адамның денсаулығын нығайту, әрі оның мәдениетін және білім деңгейін жоғарлатуды үйлестірген қызмет көрсету саласын қолдану (адамның физиологиялық, интеллектуалдық және эмиционалдық күшін қалпына келтіру) ретінде сипаттайтын анықтамалар жатады.

Туризм анықтамасының екінші тобын, оны көші-қонның бір түрі ретінде қарастырады, яғни қозғалыспен, саяхатпен, кеңістікті жеңумен туризм статистикасының құралы ретінде сипаттайды.

Анықтаманың үшінші тобы, туризмді күрделі әлеуметтік-экономикалық құбылыс ретінде айқындай отырып, оның әртүрлі қасиеттер мен қатынастарының бірлігін көрсетеді, ішкі мәнін ашады.

Статистикада туризм, мекен-жайды немесе жұмысты ауыстырумен байланысты емес, көші-қонның бір формасы ретінде қарастырады. Туризм басында адамдардың өз тұрақты жекен-жайынан басқа жерде қозғалысы және уақытша болуы. Бірақ тарихи даму процесінде бұл ұғымның мазмұны мен мәні өзгеріске ұшырады және толықтырулар енгізілді. БҰҰ 1954 ж. қабылданған анықтамасы бойынша, туризм – бұл денсаулықты нығайтуға, адамның денесін шынықтыруға әсер ететін, тұрақты жекен-жайдан тыс жерлерге барумен байланысты белсенді демалыс. Бұл ұғымның кең сипаттамасын Монте-Карлодағы туризм Академиясы берді.

1993 ж. БҰҰ Статистика комиссиясы Бүкіләлемдік Туристік Ұйым (БТҰ) мақұлдаған анықтама қабылдады. Соған сәйкес туризм бір жылдан аспайтын мерзімде, демалу, іскери және басқа да мақсаттарда, тұрғылықты ортадан тыс жатқан жерлерде саяхаттаушы адамдардың қыметін қамтиды.

Осы анықтамаға сәйкес туризмға тән негізгі сипаттамалар төмендегідей:

— тұрғылықты ортадан тысқары шығу;
— қозғалыстың уақытша сипаты;
— сапардың мақсаттылығы.

Тұрғылықты ортадан тысқары шығу – туризмнің маңызды сипаттамасы. Белгілі бір жеке тұлғаның тұрғылықты ортасына, оның өмір сүретін мекен-жайы және ол жиі баратын белгілі бір аудан жатады.

БТҰ ұсынысы бойынша тұрғылықты орта параметрі екі көрсеткішпен сипатталады: нысанға бару жиілігі мен оның қашықтығы. Адамдар жиі баратын орындар, арақашықтығы алыс болғанмен де, тұрғылықты орта элементіне жатады. Оған мысал, шекара маңында тұратын адамдардың көрші мемлекетте қызмет атқаруы, олар турист қатарына жатқызылмайды. Екінші көрсеткіш – арақашықтық. Мекен-жайға қашық орналасқан орындар, оған бару жиілігіне қарамастан тұрғылықты ортаға жатады.

#Туризм #ұғымы #және #түсінігі

Рақмет ретінде жарнаманы баса кетіңіз