Төлем құралы – Ақша, кредит және банктер – Рефераты на казахском языке – Библиотека

0
15

Тауар өндірісі және тауар айналымының дамуы, сонымен бірге кредиттік қатынастардың дамуы нәтижесінде ақшаның төлем құралы деген тағы бір қызметі туындады. Бұл жағдайда Т-А-Т1 айналымы барысында Т-А және А-Т1 деген екі метафора бөлінін шығады. Ақшаның сатушыға жетуінен гөрі тауар сатып алушының қолына жылдамырақ жетеді. Бұл жағдайда тауарды сатушы кредит берушіге, ал сатып алушы – қарыз алушыға айналады. Сату және төлем актінің бөлінуі нәтижесінде ақшалар төлем құралы деген жаңа қызметті орындай бастады. Тауар сатылғаннан кейін, төлем құралдары айналымға түседі. Ақша айналым процесін бастамайды, оны аяқтайды.Сатып алушы тауар үшін ақша төлемейді, міндеттеме төлейді. Сонда тауар кредитке сатылады екен. Төлем міндеттемені (кредитті) өтегеннен кейін жүзеге асады, сәйкесінше, ақшалар сату – сатып алу актін анықтамайды, кредитті жаба отырып, тек қана оны аяқтайды.

Нәтижесінде тауарларға қатысты ақшаның салыстырмалы дербес қозғалысы жүзеге асады.

Егер ақшаның айналыс құралы ретіндегі қызметі кезінде ақша мен тауардың қарама-қарсы бір уақыттағы қозғалысы орын алса, ал ақшаның төлем құралы қызметінде бұл қозғалыс барысында уақыт бойынша алшақтық болады, яғни қарыз алушы тауарды несиеге сатып алын сатушыға қарыз міндеттемесін береді, ол белгіленген мерзімде ғана төленеді. Төлем құралы ретінде ақшаны пайдалануды К. Маркс былайша сипаттады: «Бір тауар иесі қолма-қол тауарды сатады, ал екіншісі ақша өкілі немесе болашақ ақша иесі ретінде әрекет ете отырып, сатып алады. Сатушы кредит беруші болса, сатып алушы – қарыз алушы болады».

Төлем құралы ретіндегі ақша тауарлық айналысқа ғана емес, сонымен бірге қаржылық және кредиттік қатынастарға қызмет етеді: тауарлар мен қызметтерді сату кезінде, жұмысшылар мен қызметкерлерге еңбекақы төлеу кезінде, салықтарды және басқа қаржылық міндеттемелерді мемлекетке төлеу кезінде, банктік қарызды қайтару, айыппұлдарды, санкцияларды өтеу кезінде және т.б.

Ақшаның төлем құралы ретіндегі қызметінің дамуы қолма – қолсыз есеп айырысуды және кредиттік ақшаларды дамытуға ықпал етті. Осылайша, айналыс шығындары қысқарады, төлемдер жеделдетіледі және қолма-қол ақшалар айналыстан шығарылады, сонымен қатар олар кредиттік электрондық ақшалармен алмастырылады. Төлем құралы қызметіндегі ақшалар көптеген тауар иелерін, сатушылар мен сатып алушыларды өзара байланыстырады, олардың әрқайсысы тауарды кредитке сатып алады және сатады. Егер белгілі бір буынға қарыз міндеттемелері (жеткізушінің шотына) бойынша төлемдер нақты уақытында түспесе, яғни төлемдік тізбектің бір буынында үзіліс болса, онда бұл жайт өзінің артынан төлем жасамаудың біртұтас тізбегін (кредит бойынша мерзімінен асып кеткен борыш, бюджетке төлем бойынша еңбекақы бойынша және т.б.) туғызады. Мұндай дағдарыстар 1991-1996 жылдары Қазақстан тәжірибесінде болған. Ол экономикамызға аса зор материалдық, моральдық шығын әкелді, жекелеген кәсіпорындар мен кәсіпкерлерді дағдарысқа және банкротқа ұшыратты.

Қазіргі кездегі қоғамда кредиттік, электрондық ақшаның дамуы кезінде есеп айырысудың басым формасы ретінде қолма-қол есеп айырысумен салыстырғанда қолма-қолсыз есеп айырысу басым қолданылады, яғни төлем құралы қызметіндегі ақша айналыс құралы қызметімен салыстырғанда артықшылығы басым болып келеді. Сонымен қатар төлем құралы қызметін қолма-қол ақшалар да атқара алады. Фирмалар, кішігірім кәсіпорындар, ұйымдар мен мекемелер төлем құралы қызметіндегі қолма-қол ақшаларды қолданады: еңбекақыны төлеу, сыйақы беру, жәрдемақы, зейнетақы, стипендия төлеу, облигация, лотереялық билет бойынша ұтыстарды төлеу, тұтынушылық қажеттіліктерге және ипотекаға кредит беру, сонымен бірге халықтың коммуналдық қызметтер үшін төлемі және т.б.