Технология батпырауық жасау

0

Сабақтың тақырыбы: Әр түрлі материалдардан парашют, батпырауық құрастыру
Сабақтың мақсаты: Парашют, батпырауық құрастырып үйрету. Металл құрастырғыштармен жұмыс істеуді үйрету. Ой — өрісін, танымдық қабілетін дамыту. Шыдамдылыққа, эстетикалық тәрбиесіне баулу.
Білімділік: Ұшу аппараттары туралы түсініктерін кеңейте отырып, қағаздан парашют, батпырауық құрастырып үйрету.
Дамытушылық: Қолөнер түрлерін терең меңгерте отырып, үлгі бойынша жұмыс істей білу. Қабілеттерін дамыту.
Тәрбиелік: Оқушыларды ептілікке, ұқыптылыққа, еңбексүйгіштікке тәрбиелеу.
Сабақтың көрнекілігі: Түсті қағаз, желім, қайшы, жіп, парашют, батпырауық суреттері, дайын парашют, батпырауық, үлгілер.
Сабақтың түрі: Ашық сабақ
Әдісі: Сұрақ — жауап, әңгімелеу, түсіндіру, топқа бөлу.
Қажетті құрал — жабдықтар: Қайшы, қалам, қағаз, жіп, жабысқақ таспа, желім
Сабақтың барысы:
I. Ұйымдастыру кезеңі.
Амандасу. Оқушыларды түгелдеу. Сабаққа дайындық.
II. Үй тапсырмасын сұрау (2 топ)
Тақтада суреттер беріледі оларды өз орындарын тауып түсінік беру. Мысалы: (1 сурет «Мозаика» сол туралы қысқаша түсінік)
1. Сюжетті аппликация дегеніміз не? ( Екі немесе одан да көп заттан жасалған аппликацияны сюжетті аппликация деп атайды.)
2. Симметрия деп нені айтамыз?(Бір затты қақ ортасынан бөліп беттестіргенде, екі жартысының бір — біріне дәлме — дәл келуін симметрия дейді. Симметрия табиғат сыйы)
3. Мозаика дегеніміз не?(ұсақ тастардан, мата қағаз қиындыларынан, шыны сынықтарынан құралатын өрнек.)
4. Оригами дегеніміз…..?(Жапон сөзі бүктелген қағаз деген мағынаны білдіреді.)
5. Табиғи материалдарды ата? (Шөп, жапырақ, бүр, жаңғақ, құс қауырсыны, бұтақ, көкөніс ағаш тұқымдары табиғи материалдар.)
6. Аппликация бұл…..? (Негізге қағаз, мата қиықтарын табиғи материалдарды желімдеу, тігу, бастыру.)
Ұй тапсырмасын қорыту (Сұрақ — жауап)
Біз осы уақытқа дейін не үйрендік? Нені меңгердік?
III. Жаңа сабақ
Психологиялық дайындық.
Күн шуағын себеді,
Нәр аламын бойыма.
Осы күннің жылуын,
Берейін достым бойыңа.
III. Жаңа сабақ
Тақырып ашу (жұмбақ)

Жайылды көкте қолшатыр
Бірақ аспан бәрі ашық,
Көктен жерге қалықтап
Келе жатыр……
Адам баласы ерте кезден — ақ ұшу аппараттарын жасап шығаруды армандаған. Алғашқы ұшу құралы әуе шары болды. 1783 жылы тұңғыш әуе шары кенептен және қағаздан жасалды. Әуе шарының, алғашқы жолаушылары қой, үйрек, әтеш еді. Екі ғасыр ішінде адамдар ұшу аппаратының алуан түрін жасады. Солардың бірі парашют.
Парашют (фр. parachute, гр. parer – қарсы және франц. cute – құлау) – ауада тежелуге немесе белгілі бір жылдамдықпен баяулап төмен түсуге арналған құрылғы. Парашют жасаудың идеясы мен оның ғылыми негізін 1495 жылы Леонардо да Винчи ұсынды. Адамдарға арналған парашюттер құтқарғыш, жаттығулық, спорттық және десанттық болып бөлінеді. Негізінен барлық парашюттердің құрылымдары бірдей. Парашюттің негізгі бөліктері: баулықтар байланған күмбез, тарту және ілу құрылғысы, аспалы жүйе, арқан орауыш. Парашют күмбезі орауышқа жиналады, ал аспалы жүйе парашютке киіледі немесе тасталатын жүкке бекітіледі.
Парашют күмбез шатыр мен арқаннан тұрады. Күмбездің көмегімен парашют әуеде қалықтай алады. Арқан ұшу кезінде адамды ұстап тұрады.
Батпырауық — балалардың өздері жасап алып, аспанға ұшырып ойнайтын ойыны. Батпырауықты қағаздан немесе полиэтилен материалынан жасауға болады.
iV. Сарамандық жұмыс (2 топ)
1 топ «2Ә» Батпырауық
— батпырауық жасайтын қағаздың өлшемдерін 25см х 25см шаршы пішінге келтіріп дайындаймыз. Қағаздың бұрыштарын шартты белгімен көрсетеміз.
— шаршы пішінді қағаздың 1 және 2 бұрышын диагональ сызықпен қосамыз.
— а және ә бұрыштарының шетінен 7см — ден белгі салып белгі ұштарын бір — бірімен қосамыз.
— белгі ұштарын шартты түрде 3/4 және 5/6 деп белгілейміз де 1 бұрышынан 4 — белгіге және 6 – белгіге сызық жүргіземіз.
— батпырауықты ұшыруға ыңғайлап, оны үшкірлеу үшін 1 — 4 және 1 — 6 сызықтық белгіден қағаз жиегін ішке қарай бүктейміз.
— 3 және 5 нүктелеріне жіп байлап ол екі жіптің ұшын біріктіре түйіндейміз. Екі жіптің қосылған түйініне батпырауықты ауаға ұшыратын ұзындығы 10м жіңішке әрі мықты жіпті байлаймыз.
Қауіпсіздік ережесі (Қайшымен жұмыс кезінде)
2 топ «2А» Парашют
— қалып үлгі бойынша парашют күмбезін және парашютшінің пішінін қиып ал.
— парашют күмбезін жасау үшін шаршыны төртке бүкте. Жасалған пішінді тағы екіге бүкте. Көрсетілген сызықтар бойымен қиып ал. Парашютті жазып жібер.
— арқанды ұзындығы 15 см жіп алып парашютке жоғарғы жағынан жабысқақ таспамен бекіт. Арқанды парашютшінің пішініне бекіт. Сонымен парашютші ұшуға дайын.
Қауіпсіздік ережесі (Қайшымен жұмыс кезінде)

V. Сергіту сәті
Ал, балалар тұрыңдар,
Алақанды ұрыңдар.
Бір отырып, бір тұрып,
Бір демалып алыңдар.
Жұмбақ шешу «Кім тапқыр» 2 топ арасында
Қанаты бар, жаны жоқ,
Табаны бар, аяғы жоқ.
Өзі ұшады, аспанда жүреді,
Теңізден де, таудан да өтеді.
/ ұшақ/
Жоқ оның моторыда, қанаты да,
Сонда да ұшқыштардың санатында.
/Парашют/
Пырылдар көкте инелік,
Инелік емес үй делік
/Тік ұшақ/Верталет/

Қылдырықтай бір нәрсе иретілген,
Мойнында ұзын арқан сүйретілген.
/Ине, жіп/.

Сандығым бар өзгеше,
Қолыма алып жүремін.
Ішін ашып ақтарып,
Өмір сырын білемін.
/Кітап/.
Түсінгендерін тексеру.
Парашют, батпырауық бөлшектерін ата?
Оларға тән қасиетті ата?
VI. Қорытындылау. Бүгінгі сабақта не жасап үйрендік? Сендерге ұнады ма? Өте жақсы бүгінгі ашық сабаққа 2 топта яғни 2А және 2Ә сынып оқушылары жақсы қатысты. Жарайсыңдар.
Үйге тапсырма: Парашют пен батпырауықты басқа материалдан жасап әкелу.
VII. Бағалау: 2А және 2Ә сынып оқушыларының бүгінгі ашық сабаққа қатысына және жасаған жұмыстарына қарап стикерлер үйлестіре отырып бағалау. Қателіктерін айтып ескерту.

Маңғыстау облысы, Қарақия ауданы,
Технология пәні мұғалімі: Жанабаева Жаныл

Рахмет ретінде жарнамалардың біреуін басуды сұраймын!