Техногендік жүйелердің дамуы және олардың қоршаған ортамен байланысы
Қазіргі ғылыми-техникалық революция қоғам, өндіріс және табиғат арасындағы өзара қарым-қатынасты едәуір қиындатады. Әр 15 жыл сайын көлемі екі есе өсіп отырған өндірістік қызметтің қазіргі масштабы табиғи орта және табиғи ресурстар сапасының өзгеруіне себепші болып отыр. Өндірістік қызметтің көптеген әсерлері табиғи ортаға кері әсерін тигізеді: ауа, су бассейндері, топырақтың ластануы, шудың жоғары деңгейі, иондық сәуле шығару және т.б. Бұл мәселелерді шешу жолы биосфераның тұрақтылық шегін, табиғи жүйенің тепе-теңдігін анықтау, адамдардың шаруашылық қызметінің биосферадағы табиғи үдерістерге әсер ететін негізгі аспектілерін анықтап, олардың теріс әсерінің алдын алу болып табылады.
Адамдардың шаруашылық қызметінің нәтижесінде ерекше нообиогеоценоздар қалыптасады. Оларға өндірістік кәсіпорындар қызметінің нәтижесінде қалыптасатын — технобиогеоценоздар, ауыл шаруашылығы қызметінің нәтижесінде қалыптасатын — агроценоздар, қала, ауыл құрылысы, көлік коммуникациясы нәтижесінде қалыптасатын — урбабиогеоценоздар жатады.
Нообиогеоценоздың биогеоценоздан ерекшелігі — нооценоз деп аталатын қосымша бірлестіктен тұрады. Нооценоз — бұл қоғам, еңбек құралдары мен еңбек нәтижесінің қосындысы.
Өзінің материалдық қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін және өмір сүруін қамтамасыз ету үшін қоғам өмір сүру құралдарын жасауы керек. Бұл қызметті қоғамды табиғатпен байланыстыратын еңбек құралдары атқарады. Бұл қарым-қатынастың нәтижесі еңбек өнімі болып табылады. Техногендік жүйелердегі қоғам мен табиғаттың өзара әсерін анықтайтын негізгі үдеріс -еңбек үдерісі болып табылатындықтан, «қоғам-табиғат» жүйесінің өзара қарым-қатынасын үйренуде технологиялық үдерістер мен олардың табиғи ортаға әсеріне ерекше көңіл бөлінуі керек.
Экологиялық жүйелердің құрылымында оның қызметіне әсер етуші өндірістік өнеркәсіп объектілерінің пайда болуының нәтижесінде табиғи-өнеркәсіптік жүйе деп аталатын жасанды экологиялық жүйе түзіледі.
Табиғи-өнеркәсіптік немесе техногендік жүйелердің құрылуы экологиялық білімге негізделуі қажет. Егер нообиогеоценоздың негізі биогеоценоз болса, онда нооценоздың элементтері берілген ауданның табиғатында бар және биогеоценоз, қоршаған ортаның апатқа үшырауына алып келмейтіндей энергияға сәйкес келуі керек. Табиғи-өнеркәсіптік жүйеде табиғи орта өндірістік қосылыстармен бірлесіп әрекеттесетін, табиғатта бұрын болмаған мүлдем жаңа кешендер түзеді. Осыған байланысты экожүйеге жалпы әсерін тигізетін, адамдардың қатысуымен жасалған жаңа, жасанды экологиялық жүйеден тұратын экологиялық жүйенің өндірістік-өнеркәсіптік объектілерінің құрылымын табиғи-өнеркәсіптік жүйе деп атайды.
Табиғи-өнеркәсіптік немесе техногендік жүйе бұл — құрамына өнеркәсіптік, коммуналдық, табиғи, аграрлық объектілер кіретін жеке жүйе. Объектілер белгілі бір типтегі зат, энергия және ақпарат алмасудың негізінде бірлесіп қызмет атқаратын салыстырмалы тұрақты және жеке болып келеді. Ұтымды қызмет ететін табиғи-өнеркәсіптік жүйе деп, өнеркәсіптік өнімнің жобаланған мөлшерін алуда және қоршаған табиғи ортаның сапасын қамтамасыз етуде материалдарды, энергетиканы, еңбек және басқа да шығындардың минималды болуын айтады.
Техногендік жүйелердің шекарасы жүйеге кіретін өнеркәсіптік кәсіпорындардың қоршаған табиғи ортаға әсер ету шекарасымен анықталады.
Техногендік жүйе қызметінің бағыты мен оның қоршаған ортаға әсер етуін анықтайтын негізгі компоненті оның өнеркәсіптік буыны болып табылады. Өнеркәсіптік буынның құрылымдық схемасында негізгі өндіріс объектілері, көмекші өндіріс кәсіпорындары, энергетика объектілері, жаңа және қызмет етіп жатқан өндірістік кәсіпорындардың құрылысын ұйымдастыру ерекше. Өнеркәсіптік буынның өнімі ретінде табиғи-өнеркәсіптік кешеннің сыртына жіберілетін, сонымен қатар өзінің қажеттіліктерін қанағаттандыруға арналған барлық өнімдер саналады. Өнеркәсіптік буынның өнімдеріне өндірістік қалдықтар да жатады: газ тәрізді, сұйық, шаң тәрізді өнеркәсіптік қоқыстар; қоршаған ортаны ластайтын шуыл және жылулық ағындар.
Көмекші өндіріске негізгі өндіріске қызмет көрсетумен байланысты қызметті ұйымдастыру жатады. Оның құрамына механикалық-жөндеу базасы, өнеркэсіптік көлік, дайын өнімнің, шикізат пен құрал-жабдықтар қоймалары, сонымен қатар жаңа кэсіпорындардың құрылысы және жұмыс істеп тұрған негізгі кәсіпорындардың, энергетикалық объектілердің, көлік магистральдары және т.б. кіреді.
Коммуналдық-тұрмыстық буын өнеркәсіпте және ауыл шаруашылығы мен табиғи-өнеркәсіптік кешеннің басқа да өнімдерін өндіретін кәсіпорындарда қызмет атқаратын адамдардың өмір жағдайын қамтамасыз етеді. Тамақтану орындары, сауда, мәдениет және білім орындары, рекреациялық нысандар (саябақтар, жағажайлар, алаңдар, демалу орындары және т.б.) табылады. Бұл буынның негізгі объектілері болып табылады. Халық тұтынатын өнімдер мен қызметтер, сонымен қатар коммуналдық-тұрмыстық кәсіпорындардың қалдықтары мен қоқыстары коммуналдықтұрмыстық буынның өнімі болып саналады.
Құрамында табиғи-өнеркәсіптік кешені бар экологиялық жүйенің негізгі ерекшелігі — бұл жүйенің барлық дерлік компоненттері күнделікті өнеркэсіптік кәсіпорындардың әсерін сезінеді. Тенхногендік жүйенің территориясында орналасқан орман, ауыл шаруашылығы және басқа да жерлердің өнімділігі, әдетте төмендейді немесе мүлдем жоғалып кетеді. Сондықтан, өнеркәсіптік кешендерге құнарсыз жерлерді бөлу ұтымды болып саналады.
Табиғи-өнеркәсіптік кешендер территориясында ауыл шаруашылығы өнімдерінің сапасы да нашарлайды. Бұның себебі, өнеркәсіптік қалдықтардың белгілі бір бөлігі табиғаттағы табиғи айналымға түсіп, экологиялық қатардың буыны болып табылатын адам ағзасына түсуі мүмкін. Сондықтан өнеркәсіптік кәсіпорынның территориясында орналасқан ауыл шаруашылығы жерлері өнімділігі бойынша ғана емес, алынатын өнімдердің сапасы бойынша да бағалануы керек.
Экологиялық тұрғыдан өндіріс қалдықтары мен қоқыстарының экологиялық жүйеде таралу жолдарын анықтау, жалпы зат айналымда олардың үлесін анықтау, табиғи объектілерде болып жатқан сандық және сапалық өзгерістерді бағалау, әр түрлі технологиялардың қоршаған ортаға эсерін сараптап, осылардың ішінен ең тиімдісін таңдап алу ерекше маңызды болып табылады.
Бұл мәселелерді шешуде техногендік жүйе мен қоршаған ортаның өзара қарым-қатынасының интенсивтілігін, оның тиімділігі мен кешенділігін анықтайтын инженерлік экологияның маңызы зор. Инженерлік экология әлеуметтік әдістерді қолдана отырып, табиғи-өнеркәсіптік жүйенің жағдайы, оның шекаралары, табиғи ортаға әсерінің деңгейі, оның даму деңгейі туралы күрделі ғылыми-техникалық ақпарат береді.
Пайдаланылған әдебиеттер: Рыскиева Г.Ә., Өнеркісіп экологиясы – Алматы: Экономика, 2011. -262 бет.