Тәжірибе: дофаминді «Мен қалаймын» деген күшіңізді сынауға бағыттаңыз — Мотивация — Bilim
Басы: Дофамин, нейробиология және нейромаркетинг: неге қалау сезімін бақытпен шатастырамыз
Екінші бөлімі: Сұраныс бойынша бөлінетін дофамин
Үшінші бөлімі: Сіздің дофаминергиялық нейрондарыңыз неден бөлінеді?
Төртінші бөлімі: Дофаминнің әсеріндегі миыңыз: нейромаркетинг серпілісі
Бесінші бөлімі: Дофамин тыңшысына айналыңыз
Студенттерім әдетте өздерін шаршататын тапсырмаларды орындау кезінде музыка тыңдап, үзілістерде сәнді журналдарды парақтап, теледидарға бір сәт көз қиығын сала жүріп, дофаминдерін көтеретін. Ішпыстырарлық құжаттарды сүйікті кафелеріне апарып, олармен ыстық шоколад ішіп отырып жұмыс істеді. Ең кереметі: бір бума лотерея билетін сатып алып, оларды баяғыда бітіретін шаруаларды істеу керек жерлерге шашып тастауға болады. Басқа студенттер алыстан үміт етілген марапаттардың шынайылыққа айналуы үшін, өз армандары мен шамаларының шегін елестетіп көрді. Егер қандай да бір шаруаны өзіңізге ұнамағандықтан кейінге қалдырсаңыз, оны дофаминергиялық нейрондарыңызды ынталандыратын нәрсемен байланыстыра отырып, іске кірісе аласыз ба?
Керенау (істі баяу істейтін адам) адам дофаминін «Мен қалаймын» деген күшін сынауға бағыттайды
Кіші ұлы университетті шамамен 10 жыл бұрын бітірген Нэнси қаңыраған бөлмеде зерігумен болды. Ол жерді мүлде бос деуге келмейтін. Ол ұлының бөлмесін «басы артық» бөлмеге айналдырды да, жылдар өте бөлме қоймаға ұқсап қалды. Нэнси қажетсіз затты қайда жіберем деп ойланған сайын, ол «басы артық» бөлмеге қойылатын. Нэнси қонақтардан жасыруға тура келетін сол бөлмені босатып, қонақ бөлмеге айналдырғысы келді. Алайда үй иесі есікті ашқанда-ақ жұмыс ауқымынан шошынып қалды. Бөлмені тазалау оған азаптай болып көрінді және сыйдан дәметуге келгенде, Нэнси мұның амалын тапты. Оны жаңа жылдық әндер мен мерекелік иістердің сатып алушылардың көңілін көтеріп, сөйтіп олардың дүкенде ұзағырақ бөгелгілері келгені жөніндегі зерттеу шабыттандырды. Көптеген адамдарға баяу үнмен «хо-хо-хо» деп әндету мен шыршаның иісі өздері бұрын-соңды бастан өткерген марапаттардың ең кереметін: мереке қарсаңында оянып, сыйлықтарды алу үшін шыршаға жүгіруді еске салады. Нэнси бөлмені реттестіру кезінде өз-өзіне дем беру үшін, жаңа жылдық музыкалық жазбалар мен шырақтарды (оларды әдетте «басы артық» бөлмеде сақтайтын) алып шықты. Міндет оған күрделі болып көрінгенімен, жұмыс істеу көңіліне жақты. Үрей жұмыстың өзінен де қорқынышты екен, ал көңілді де мейірімді дофамин оның сол іске кірісу үшін күш табуына көмектесті.
Дофаминнің кері әсері
Дофамин тамаша мотиватор болуы мүмкін, тіпті ол бізді тәтті немесе жаңа несиеге сындырғанда да бұл кішкентай нейромедиаторды зұлымдық деп қабылдауымыз қиын. Бірақ дофаминнің кері әсері бар және мұқият болсақ, оны тез біле аламыз. Бір сәтке аялдап, қалау сезімін бастан өткергенде миымыз бен тәнімізде шын мәнінде не болып жатқанына үңілсек, сыйдан дәметудің қаншалық таңғажайып болса, дәл соншалық шиеленісті екенін де байқаймыз. Қалауымыз әрқашан да рахат сыйлай бермейді — кейде оның әсерінен көңіл-күйіміз қатты бұзылады. Өйткені, дофаминнің басты қызметі — бізді бақытты қылу емес, бақытқа ұмтылуға мәжбүрлеу. Ол түбінде мұның өзімізге зияны тиетін болса да, бізді аздап асықтыруға қарсы емес.
Сізді құмарлықтың нысанын іздеуге ынталандыру үшін, нығайту жүйесі қамшы және тәтті нан деген екі құралын пайдаланады. Тәтті нан, әрине, сыйдан дәметтіру. Дофаминергиялық нейрондар бұл сезімді мидың басқа аймақтарына рахаттануды алдын ала сезіп, әрекетті жоспарлауды бұйыра отырып тудырады. Бұл аймақтар дофаминмен шайылғанда, сізді алға секіртуге мәжбүрлейтін тәтті нан — қалау оянады. Бірақ нығайту жүйесінің қатты қамшыға ұқсайтын екінші қаруы да бар. Нығайту жүйесі дофаминді бөлгенде, ол сондай-ақ күйзеліс орталығына да хабарлама жібереді. Мидың бұл аймағында дофамин күйзеліс гормондарын босата бастайды. Нәтижесінде: сіз қалау нысанын аңсағанда алаңдайсыз. Қалауыңызды алу қажеттілігі өмірлік маңызы бар мәселе, тіршілік үшін күрес мәселесі болып көрінеді.
Зерттеушілер шоколадқа құмартатын әйелдердегі қалау мен күйзелістің осы үйлесімін бақылады. Шоколадтың суреті көрсетілгенде, олар селт еткен. Бұл физиологиялық рефлекстің алаңдау мен қозуға қатысы бар — бұл жабайы аймақта жыртқыш аңды көргенде туатын сезім. Әйелдер қалау мен алаңдаушылықты бірге сезінгендерін және сондай-ақ өз-өздеріне ие бола алмайтындай күйді бастан өткергендерін хабарлаған. Біз осындай күйге енгенімізде, қалауды дофаминді жауапты өндірген нысаннан, ал күйзелісті — бізде бұл нәрсенің жоқтығынан көреміз. Қалау нысанының ләззат алудан дәмелену мен күйзелісті де тудыратынын байқамаймыз.
Микроскоппен қарағанда: қалау күйзелісі
Көпшілігіміз дофаминдік қалаумен бірге келетін шынайы жағымсыз әсерден гөрі, жағымды әсердің уәде етілуіне көбірек мән береміз. Осы аптада қалауыңыздың күйзеліс пен алаңдаушылықты тудырған кезін байқауға тырысып көріңіз. Сізді бір нәрсе еліктіргенде, сыйдан дәмету сезімін қанағаттандырасыз ба? Әлде, алаңдаушылықты азайтуға тырысасыз ба?
Сатып алушы алаңдайды, бірақ уәдесін орындайды
Ивонн көңіл-күйін көтергісі келгенде, сауда орталығына баратын. Ол сатып алған заттарының өзіне қуаныш сыйлайтынына сенімді болды, өйткені іші пысқан немесе мұңайған кезінде ол дәл осыны қалайтын. Ол дүкенге баруға қатысты туындаған алуан түрлі сезімдерін ешқашан байқамаған, бірақ жаттығуды орындап, мұны мұқият бақылауды шешті. Ол жолда әлдеқайда бақытты болғанын байқады. Жолда келе жатқанда, бойын үміт пен толқу сезімі биледі. Келген соң, витриналарға қарады да, көңілі көтерілді. Бірақ дүкенге кіргенде, басқа сезімді бастан өткерді. Ол, әсіресе, адамдар көп болғанда, қиналғанын сезді. Барлық сөрелерді тезірек аралап шыққысы келді. Кезекте тұрғанда, ол шыдамсыздық пен алаңдаушылықты сезінді. Өзінің алдындағы адам тым көп зат сатып алғанда немесе тапсырысты ұзақ толтырғанда, ол ашуланды. Кассаға келіп, кредиттік картасын ұсынғанда, жеңілдеп қалғанын сезінгендей болды, бірақ бұл сатып алудан бұрынғы қуаныш сезімі емес. Ивонн сауда орталығына бара жатқандағы жолда бойын билеген үміт пен қуаныштың оны осында әкелген тәтті нан болғанын, ал алаңдаушылық пен ашудың оны кезекте тұруға төздірген қамшы болғанын түсінді. Қайтар жолда ол ешқашан дүкенге барар жолдағыдай қуанып көрмеген.
Көптеген адамдар мұндай жағдайларды түсіне бастағанда, қанағаттандырмайтын сыйдан теріс айналады. Бұрын қытырлақ картопты көп жеген адам оған күмәнмен қарайды, ал кешке дейін теледидарға телміретін көрермен құралды өшіруге бел буады. Ал Ивонн басқа стратегияны таңдады: ол витриналарды тамашалауын жалғастыра берді. Оған бәрінен де сауда орталығында болған ұнайтын, бірақ ақша шығындау әлдеқайда қиынға соғатын. Дүкенге ештеңе сатып алмаймын деген ниетпен шығып, ақшаны артық шығындаудан қашып, кредиттік карталарын үйде қалдырғанда, зат сатып алған кездегіден гөрі жақсырақ көңіл-күймен үйге қайтқаны таңданарлық жайт.
Сый деп ойлаған нәрсеңіздің қандай сезімдеріңізді тудыратынын түсінгенде, ол сізге керек пе және керек болса, қайсысы керек екенін шеше аласыз.
Материалды жақсылап қорытып алыңыздар, соңғы бөлімі бар…
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Дереккөз: bilim-all.kz