Домой Білім Тәуелсіздік пен тәуелділік — Философия — Рефераты на казахском языке — Библиотека

Тәуелсіздік пен тәуелділік — Философия — Рефераты на казахском языке — Библиотека

0
305

Жалқы мен жалпы категорияларымен тығыз байланысты, болмыста терең тамырланған ұғымдар – тәуелсіздік пен тәуелділік ұғымдары.

Бұрынғы философия оқулықтарында бұл ұғымдар жоқ болатын-ды. Бірақ бүгінгі таңда қазақ елі тәуелсіз мемлекет орнатып жатқан кезде, олардың мән-мағынасы күрт өсуде, өйткені тәуелсіздік — кейбір әдебиетте кездесетіндей, бұрынғы одақтас кеңес  рсспубликаларындағы  ұлттық  элитаның  билікке   деген ұмтылысынан пайда болған құбылыс емес, оның түп-тамыры тереңде — болмыстың өзінде жатыр. Тәуелсіздіктің баянды болуы, оның казақ халқына ауадай қажеттігінің негізінде осындай философиялық пайымдау жатыр.

Енді осы айтылған тұжырым жалаң болып көрінбес үшін, оны дәлелдеп көрелік. Жоғарыда айтып өткеніміздей, Дүниеде — Жер болсын, аспан болсын, біз екі бір-біріне толық ұқсас зат, я болмаса құбылысты таба алмаймыз. Микроэлемдегі элементарлық бөлшектерден бастап Мегаәлемдегі жұлдыздарға дейін әрбір зат, я болмаса құбылыс тек өзіне тән болмысымен сипатталады. Даралық және қайталанбастық, басқаға ұқсамастық, жалпы алғанда, материалдық және рухани болмыстың өмір сүру тәсілі болып табылады. Оны өз уақытында Эпикур болжамдаған болатын. Оның ойынша, атомдар кеңістікте құлдырап бара жатқан кезде алғашқы бағытынан «өз еркімен» ауытқиды. Қазіргі ядролық физиканың деректеріне сүйенсек, бүгінгі таңдағы ашылған 300-ге жуық элементарлық бөлшектердің әрқайсысының өз табиғаты, сыры бар. Ең ақырында, бүгінгі таңдағы ашылған ең ұсақ бөлшектер — адрондардың құрылымын құрайтын кварктардың өздері «бір-бірінен салыстырмалы түрде тәуелсіз және біршама еріктіктің деңгейінде өмір сүреді» (қараңыз: Материалистическая диалектика., М., Мысль, 1983, 61-б.). Әсіресе көрнекі түрде тәуелсіздіктің сипатын тірі және өлі табиғаттағы, қоғам өміріндегі статистикалық үрдістерден байқауға болады. Мысалы, газ табиғаты жөніндегі қазіргі теориялар әрбір молекуланың бір-бірінен тәуелсіздігін көрсетеді. Тек қана сырттай шектеу қойылған кезде ғана (белгілі бір құйманың ішінде) олар бір-бірімен болуы мүмкін байланыстарға түседі. Сол себепті, статистикалық заңдылықтардың негізінде әрбір бөлшектің бағытын білу мүмкін емес, ол оның дербестігін, тәуелсіздігін көрсетеді, тек олардың жиынтығының заңдылықтарын ғана анықтауға болады. (қараңыз: П.В.Алексеев., А.В.Панин. Философия., М., Проспект, 1998, 424-6.). Термодинамиканың екінші бастамасы Дүниеде дезинтеграция (ыдырау), энтропия (күш-қуаттың төмендеуі), хаос (бытырау) үрдістері жүріп жатқанын мойындайды. Ал мұның өзі де заттар мен құбылыстардың болмыстағы «өз еріктігіне» деген «ұмтылысын» көрсетпей ме? Өйткені олардың әрбіреуінің болмыста өз негізі бар! Классикалық механиканың негізгі қағидаларының бірі -әрбір зат өзінің салмағы арқылы ерекшеленеді, ал оның өзі бастапқыдан бір-бірінен тәуелсіз берілген.

Тірі табиғатта да біз осындай жайттарды байқаймыз. Мысалы, ағаштың бұтақтарында өсіп тұрған 50 мың жапырақтың бір-біріне

толығынан ұқсас екеуін тауып алу мүмкін емес. Әр жапырақ дүниеге өз болмысымен келіп, соңында — кетеді. Бір ананың бойында өсіп, дүниеге келген егіз — екі түрлі болып келеді, олар қанша бір-бірімен ұқсас болғанымен, тәуелсіз, қайталанбайтын, ұқсас емес жақтарымен танылады.

Ал егерде адам болмысына келер болсақ, «Дүниеде болу -ерекшеленуге» теңеледі, яғни әр тұлға өз бойындағы табиғи дарындарын өрістетіп, дамыту арқылы өмір сүреді. «Адам құқтары» аталатын бүгінгі таңдағы кең таралған қағида өзінің тереңге кететін түп-тамырында тәуелсіздік ұғымына, тұлғаның басымдылығына негізделген. Бүгінгі қоғамдарды шарпыған әлеуметтік аномияның (ауытқудың) терең себептерінде адамдардың өз болмыстық негіздерінің дамуына қанағаттанбаушылық жатыр. Сондай-ақ әр халық өз тәуелсіздігіне жетуге, соның негізінде мәдени құндылықтарын, дүниесезімі мен дүниеқабылдауын сақтауға тырысады.

Қоғамның рухани саласына келер болсақ, тек қана өзіндік болмысымен көрінетін төл шығарма ғана құндылығымен танылады. Сол себепті Құрманғазы мен Абайдың, Қастеев пен Тәттімбеттің т.с.с. шығармалары халықтың санасында мәңгілік сақталады. Ал өзіндік негізі жоқ «біркүндік» туындылар бүгін дүниеге келіп, ертең-ақ ұмытылып қалады. Тіпті математиканың ең абстрактілік саласы — метаматематиканың өзін алсақ, оның өзі де ауыспалы тәуелсіздікке негізделген.

Жоғарыда айтылғанды қорыта келе, тәуелсіздік категориясының болмыстық мәртебесін мойындауға тура келеді.

Сонымен қатар Дүниедегі өмір сүріп жатқан бірде-бір зат, құбылыс өзіндік болмысына қаншалықты «ұмтылса да», толығынан өзімен-өзі бола алмайды, сондықтан ол өз тәуелсіздігінің белгілі бір бөлігінен айырылуға мәжбүр болады. Мұны соғыстан кейінгі Албанияның әлеуметтік тәжірибесі айқын көрсетті. Батыспен де, Шығыс социалистік елдерімен де байланыстарын үзген сол елдің басшылары өз Отанын толық апатқа дейін әкеліп тіреді емес пе? Бүгінгі әлемде адамзатқа қажет 2,5 млн. жуық әртүрлі заттар өндірілсе, бірде-бір мемлекет, қанша алып болса да, басқа елдермен қарым-қатынасқа, кооперацияға түспей, дербес өмір сүре алмайды. Олай болса, тәуелділік тәуелсіздікке қарама-қайшы, яғни қарсы бағытталған категория болып шықты. Егер тәуелсіздік жалқының қайталанбайтын өзіндік жақтарымен тығыз байланысты болса, тәуелділік жалпылықтың негізінде өмір сүреді. Аталған екі категорияның «басын біріктіретін» дәнекер — заттар мен құбылыстардың өзара тәуелділігі, өйткені зат пен құбылыстың өзіне тән қайталанбас жақтарымен есептеспейтін біржақты тәуелділік -ертелі-кеш бұзылады, басқа жағдайда – тәуелді заттың құруына әкеледі. Мысалы, бұрынғы Кеңес Одағының күрт жарылуының негізгі себептерінің бірі оның халықтардың тілі мен діні, әдет-ғұрпына тигізген зәбірлігі болды емес пе? Барлық халықтарды «орыстандыруға» бағытталған саясат ішкі наразылықты тудырып, ұлт-азаттық сезімді, халықтың ар-намысын оятты. Егерде Ресей саясатшылары уақытында шешен халқына федерацияның шеңберінде дербес даму мүмкіншілігін бергенде, бүгінгі қантөгіс болмас еді.

Халықтар арасындағы өзара тәуелділік — олардың мүдделерін келіссөздер арқылы бір-бірімен ұштастыруға тең. Жер бетіндегі локальды (жергілікті) соғыстардың осы уақытқа шейін тоқталмауы, негізінен алғанда, ірі мемлекеттердің кішілерді өз еркіне көндіру саясатынан шығады. Тек бүгінгі таңда ғана Ресей мемлекеті бірте-бірте империялық сана шеңберінен шығып, бұрынғы одақтас мемлекеттермен өзара тәуелділіктің негізінде ғана жақсы тиімді қатынастарды орнатуға болатынын сезгендей. Халықаралық саясаттағы бұл оң өзгерістерге өзінің барша тәжірибесі мен білімі, тапқырлығын қосқан елдің президенті Н.Назарбаевтың үлесін асыра бағалау өте қиын.

Тэуелсіздік — қай халықтың болмасын, аса бағалайтын құндылығы, өйткені тек осы жағдайда ғана алға кеткен халықтарды тиімді түрде қуып жетуге, халықтың шығармашылық мүмкіндіктерін сыртқа шығарып гүлдетуге, негізінен алғанда, тәуелсіздіктің терең түп-тамыры, өз болмысының қайнар көзіне, жаңа деңгейде қайта оралуына жағдай туады. Қоғам өміріндегі көп нәрселерді реформа барысында өзгертуге, басқа елдердің озық тәжірибесін қабылдауға, әрине, болады. Бірақ халық болмысының қайнар көзінде жатқан, тәуелсіздіктің өзіндік негізін құрайтын нәрселерді өзгертуге болмайды. Ондай жағдайда біз «жаңа мәңгүрттікке» тап болып, өз-өзімізден (идентификация) айырылып қалуымыз мүмкін. Айтылған ойды тереңдете, қоғам өміріндегі кейбір өзекті мәселелерге тоқтала кетейік.

Тәуелсіздіктің соңғы 10 жылында елімізді бүкіл әлемге таныту мен мойындату жолында көп жұмыстар жасалды. Бұрынғы Кеңес қоғамының ядролық қаруларынан бас тартудың арқасында, ең ірі мемлекеттерден, соның ішінде АҚШ, Ресей, Қытай елдері де бар, тәуелсіз өмір сүруіміздің кепілін алдық. Бұл біздің жас дипломатиямыздың ең ірі жетістіктеріне жатады. Соның арқасында Қазақ елі бүкіләлемдік қауымдастыққа бейбіт өмір аңсайтын қоғам болып танылып, мәртебесі көтерілді. Біздің несібемізге тиген мол табиғи байлықтың арқасында көп дамыған елдердің мүдделерін елімізде қалыптастырдық, миллиардтаған доллар инвестицияларды тартып, халық шаруашылығын жаңа жолға қойдық. Бұл да тәуелсіздіктің негізгі факторларын құрайды. Ел астанасын жаңа жерге көшіру — жаңа мемлекетті құрудың символы, тәуелсіздік жолындағы қажымас саяси ырықтың көрінісі болды. Отандық мәдениет дамуының жаңа сапалы сатысы ашылып, ұлттық руханияттың қайнар көздері ой елегінен өткізіле бастады.

Сонымен қатар кемшіліктер де жоқ емес. Ол ең алдымен елдің экономикалық қауіпсіздігінде жатқан сияқты. Энергетикалық ресурстарды көптеп сыртқа шығарсақ та, осы уақытқа шейін Ресей, Өзбекстан сияқты елдердің газы мен мұнайына тәуелдіміз. Ұлттық іскер топтар тек сауда-саттықпен айналысып, өз өндірісімізді дамытуға аса ынта көрсетпей отыр. Біржақты мұнайға басымдық жасау елді трансұлттық компанияларға тәуелді етуі мүмкін. Екінші жағынан, біз табиғи байлықтардың шексіз емес екенін ұмыт қалдырған сияқтымыз, олар болашақ ұрпақтарға да керек емес пе?!

Реформалар барысында өткен қоғамды тотальды (бірегей, мүлде) терістеу орын алды. Ал оның өзі тәуелсіздік ұғымына түбегейлі қайшы, өйткені философиялық тұрғыдан келгенде, ол өз болмысымыздың терең қайнар көздерінен бас тартумен бірдей. Ондай жағдайда болашақта тәуелсіз дамудың өзі де мүмкін болмай қалар еді.

Алғашқы кезде жекеменшікке негізделген экономикада «Адам Смиттің «көрінбейтін қолы» бәрін де стихиялық түрде өз қалпына келтіреді», — деген романтикалық қиялдың болғаны да рас. «Ең алдымен экономиканы дұрыстап алайық, қалғанының бәрі содан кейін өз ретіне келеді», — деген сорақы пікірлер де болды. Бүгінгі таңда олардың бәрі қайта ой елегінен өткізіліп, жіберілген қателіктер түзетілуде.

Келесі бір естен шығармайтын жайт — реформалардың бүкілэлемдік рухани дағдарыстың астарында өтуінде. Сондықтан, басқа елдердің құндылықтарын таңдамалы түрде қабылдап қана өз-өзімізді сақтай аламыз, яғни тәуелсіздігімізді уыстан шығармаймыз. Түбегейлі өзгерістер барысында қазақ халқының мыңдаған жылдардагы тарихында тудырған рухани құндылықтарын сақтап қалуымыз керек. Олар: табиғатты аялау, жетім мен әлсіздерге қол үшын беру, әділеттілік, ар-намысты жоғары ұстау, дүниеде алудан гөрі болуға тырысу, үлкендерді сыйлау, әке-шеше алдындағы борышты өтеу, тәубеге келу т.с.с. Сонда ғана біз тәуелсіз гүлденген ел боламыз.

Рахмет ретінде жарнаманы басыңыз!