Тәртіп — тәрбие бастауы ашық сабақ — Ашық сабақтар — Қазақша рефераттар — Қазақша тесттер мен шпорлар
Сабақтың тақырыбы: Тәртіп — тәрбие бастауы,
Тәртіпсіздік – өміріңнің қас жауы.
Мақсаты: Балаларды кішіпейілділікке, үлкендерді сыйлауға, кішіге қамқор болуға, көмектесуге үйрету, жақсы қасиеттерді бойына сіңіріп, жаман қасиеттерден жирену сезімін дамыту. Адам бойындағы ұнамды, ұнамсыз қылықтарды айыра отырып әдеп әліппесін бойына дарыту, тіл байлығын, таным белсенділігін арттыру. Оқушыларды адамгершілікке, қарапайымдылыққа, әдептілікке, сыпайылыққа баулу, көпшілік орындарда өзін-өзі ұстай білуге дағдыландыру.
Міндеттері: -өзара сыйластық қарым-қатынастарының адам өміріндегі
мәнін түсіндіру;
-жағымды қарым-қатынас жасау іскерліктерін дамыту;
-жақсылыққа,имандылыққа,адамгершілікке, шыншылдыққа,
қамқорлыққа тәрбиелеу.
Әдісі: сұрақ-жауап, ізденушілік жұмыс, сын тұрғысынан ойлауды дамыту.
Түрі: Саяхат сабақ
Көрнекілігі: медиапроектор, слайдтар, қанатты сөздер, үнтаспа
Семинар сабақтың барысы:
Ұйымдастыру кезеңі.
І.Ауылдарға саяхат.(«Әдептілер»«Тәртіптілер» «Мәдениеттілер»)
ІІ.Ескірмейтін есті сөз (ұлылардың сөздері)
ІІІ. Жалғасын тап ( Мақалдардың жалғасын табу)
IV.Шығармашылық жұмыс.(Әдепті бала – арлы бала)
V. Хаттар сырына үңілейік.
Сабақтың эпиграфы:
«Адамның бойындағының бәрі: келбеті де, киімі де, жан-дүниесі де, ойы да әдемі болуға тиіс… Мен көркі мен киіміне қарасам, көз сүйсіндіріп, бас
айналдыратын адамдарды жиі көремін, ал жан-дүниесіне үңілсек – құдай сақтасын! Әп-әдемі сыртқы қабықтың ішіндегі жанның қап-қара
болатыны сонша, оны ештеңемен жуып кетіре алмайсың». Чехов А.П.
Мұғалім:
— Сәлеметсіздер ме, құрметті қонақтар, оқушылар
Кіріспе сөз. Адамның адамгершілік, саналылық дәрежесі оның тәртібі мен іс-әрекетін анықтайтыны әлдеқашан дәлелденген.
Әдептілікке, кішіпейілділікке тәрбиелеу баланың жеке басын қалыптастыру мен дамытудың аса маңызды бір саласы, ұжымға, қоғамға, Отанға, еңбекке, өз міндеттеріне және өз басына қатынасын қалыптастыруды көздейді. Адамгершілік қасиеттер өз бойындағы жақсы мінез-құлық, жақсы әдет, жақсы әдептен құралады. Ол ананың ақ сүтімен, әкенің үлгі-өнегесімен, ата-әжеңнің берер үлкендік, ақсақалдық тәрбиелерімен бойыңа сіңеді. Мектепте ұстаздар өмірдегі жақсылық пен жамандық, адалдық пен арамдықтың айырмасын танып білуге көмектеседі, өмірде дұрыс бағыт таңдай білуге үйретеді.
Оны саралап, таңдап, бағалап, байыптап, өзіңе керегін ала білу, жақсылыққа үйреніп, жамандықтан жирену өзіңе байланысты. Жақсы адам боламын, өмірде мақсатымиа жетемін десең бойыңдағы қасиеттерді ізгілендіріп, адамгершілікке ұмтылған жөн.
Адамның бойынан әдептілік, сыпайылық, ізеттілік қасиеттер табылса,әрине, адам сымбатты, парасатты көрінеді.
Мұғалім: -Қане, балалар, ұлы данамыз Әл-Фараби тәрбие туралы қандай өсиет айтқан екен?
Шолпан: «Адамға ең бірінші білім емес, тәрбие берілуі керек, тәрбиесіз берілген білім адамзаттың қас жауы»
Мұғалім: — Иә, балалар, адамға берілген тәрбиенің нәтижесі – тәртіп болса, бүгінгі тәрбие сағатымыздың да тақырыбы «Тәртіп – тәрбие бастауы, тәртіпсіздік – өміріңнің қас жауы» деп аталады.
Біз тәрбие сағаттарымызды тәрбиенің 12 бағыты бойынша өтіп жатырмыз. Айтыңдаршы, қандай бағыттармен жұмыс жасап жатырмыз?
Оқушылар:
І. Азаматтық – патриоттық, құқықтық және полимәдениеттік тәрбие
ІІ. Рухани – адамгершілік тәрбиесі
ІІІ. Отбасы тәрбиесі
IV. Өзін – өзі тану мен өзін – өзі дамыту қажеттілігін қалыптастыру
V. Әлеуметтік – мәнді және жеке қасиеттерін қалыптастыру
VI. Коммуникативті мәдениетті қалыптастыру
Мұғалім:
-Балалар, коммуникативті мәдениетті қалыптастыру бағытын қалай түсінеміз? Тәрбиенің қандай тұстарын анықтайды?
Назиғат: — Тәртіп қағидасын анықтайды.
Шолпан: — Үлкенге – құрмет, кішіге – ізет көрсетуді дәріптейді. Әдепті болуға, ізетті, кішіпейіл болуға негіздейді.
Еркебұлан: — Сабақтан тыс уақытта көпшілік орындарда өзін-өзі ұстай білуге дағдыландырады. Адамдармен қарым-қатынас жасауды үйретеді.
Мұғалім: — Сонымен, балалар, бұл бағыттың мақсаты қандай?
Мақсаты: Оқушылар мен жастардың бойында жалпы адамзаттық құндылықтарды қалыптастыру арқылы жасампаздық әлеуметін ашу, рухани адамгершілікке тәрбиелеу.
Міне, балалар, бүгінгі тәрбие сағатымыздың қай бағытта,нені үйрететінін де білдік. Бүгінгі тәрбие сағатымыздың түрі — саяхат сабағы. Ендеше, мына тақтада көрсетілген карта бойынша ауылдарды аралап саяхатқа шығайық.
І кезең: Ауылдарға саяхат
Оқушы: — Құрметті оқушылар! Біздің отарба «Әдептілер» ауылына келіп тоқтады. Тұру уақыты: 5 минут. Кешігіп қалушы болмаңыздар!
— Ал, балалар, «Әдептілер» ауылында біз қандай қызықтарға тап болар екенбіз.
Шолпан: Әдептілік дегеніміз-адамдардың өзара жақсы қарым-қатынасының, жүріс-тұрысының ережесі.
Маржан: Адам болатын бала – барлық жақсы қасиеттерді үйреніп, жаман мінез, жаман әдеттерден аулақ болуға тырысу керек.Иманды адам ұлтына, нәсіліне, жынысына, дініне қарамастан иманды болып туады. Иманды бала дөрекілікке бармайды.Имандылық бар жерде рухани тазалық бар, сенім бар.
Қажымұқан: Әдептілік дегеніміз- әдеп, ізет, инабат, сыйласым, құрмет, қамқорлық деген сөздерді білдіреді екен. Тағы да бір айтатын жағдай бір-бірімізге кешірімді болуымыз керек, ол да-әдептілік.
Ақерке: Ата-ананың тілегі – адам болып өскенің,
Адамдықтың тірегі- адал болып өскенің.
Әдептілік дегенің- әрқашанда керегің,
Әсемпаздық дегенің – әуре сарсаң әлегің.
Абылай: Әдептілік- деп үлкенді сыйлауды,достарды,айналадағы адамдарды құрметтеуді айтамыз. Әдепті адам басқадан сыйласым күтпей-ақ алдымен өзі басқаны құрметтеп, ардақтай біледі,көпшіліке өзінің әдептілігін көрсетеді.
Бекзат: Әдептілік белгісі-иіліп сәлем бергені,сәлемдесу- бейбіт пейілдің, достық ықыластың белгісі, мінез-құлықтың нормасы.
Мұғалім: — Ал, балалар, енді сендерге сұрақ қояйық.
1)-Әдептілікті бізге кім үйретеді?
Шолпан: Әдептілікті біз үлкендерден үйренеміз. Ата-әжелеріміздің, ата-аналарымыздың,ұстаздарымыздың ақылын тыңдап,айтқандарын орындағанда ғана тәрбиелі адам болып өсеміз.
2) -«Әдеп» пен «әдептілік» деп қандай мінез бен іс-әрекетті айтамыз?
Аман: Әдептілік- деп үлкенді сыйлауды,достарды,айналадағы адамдарды құрметтеуді айтамыз. Әдепті адам басқадан сыйласым күтпей-ақ алдымен өзі басқаны құрметтеп, ардақтай біледі,көпшіліке өзінің әдептілігін көрсетеді.
3) –Мектептен үйге жүгіріп келе жатқаныңда алдыңнан бір үлкен кісі шықты. Сен не істер едің?
Маржан: Үлкен кісі алдымнан шықса алдынан кесіп өтпеймін,жол беремін, сәлемдесіп,баратын жеріне дейін көмектесіп апарып тастаймын.
Әдеп, ізет, иба да — Әдеп — алтын сабырың,
Шарайнасы жаныңның. Жетелейтін мұратқа.
Әдептіні сыйла да, Әдеп — талап, жалының,
Тәңіріңдей табынғын. Ақ желкенін құлатпа.
— Құрметті оқушылар! Біздің отарба «Тәртіптілер» ауылына келіп тоқтады.
Мұғалім: Ия, тәртіптілер ауылының балалары қандай екен? Тәртіпті ме екен? Тәртіп туралы не айтады екен? Қане, тыңдайық.
Назиғат: «Тәртіпсіз ел болмайды,тәртіпке бас иген құл болмайды»- деп Бауыржан атамыз бізді тәртіпті болуға шақырған.
Жәнібек: Тәртіпті бала сүйеніш
Төбең бір көкке жетеді
Ұрыншақ бала жанында
Ұрыс пен керіс айқай шу
Ұстамды бала маңынан
Ұнамды қылық байқайсың
Жансая: Әділ болу –адамшылықтың асыл белгісі. Әділетті қоғам адамдар имандылық қағидаларын қатаң сақтағанда ғана құрылады. Әдет-ғұрып дәстүрлеріне қалыптасқан қағидаларға, құқықтық нормаларға, заңға сүйенгенде ғана әділдік жеңеді.
Ерасыл: Барлық адамдар тең құқықты, ерікті, қадірлі. Азаматтар нәсіліне, жынысына,тіліне, тегіне, дініне, мүліктік және лауазымдық жағдайына қарай заң алдында бірдей. Өмір сүру құқығы, адамның бас бостандығы мен жеке өмір сүру еркі қасиетті болып табылады.
Нұртас: Қазақ халқының ерекше қадір-қасиеттерінің бірі-ұрпағының иманжүзді, адал да өжет,батыл да табанды, еңбекқор болуы үшін, обал мен сауапты білуі үшін олардың іс-әрекетін бақылап кейбір жаман қылықтардан,істерден тыйып отырған. Мұндай тәрбиеге мән беру адамдық қасиетті арттырып, жаманшылықтан сақтайды.
Феруза: Ашу шақырғанда, ең алдымен, тоқтау салатын – сабырлылық. Сабырлылық- адам бойына екі жолмен дариды, бірі туа біткені де,екіншісі адам өзін-өзі тәрбиелеу жолымен келеді. Сабырлылық адамның өз мінез -құлқына ие бола алатынын көрсетеді.
Назиғат: Қайырымдылық – айналадағы адамдарға ізгілікті іс жасау. Қайырымдылық бар жерде қатыгездікке жол жоқ.Өзгелер үшін жасалған ізгілік адам жанын нұрландырады, адамдық мәртебесін көтереді. Қайырымды бала қашанда ата-анасының мақтанышы.
Мұғалім: Ал, балалар, тәртіпті, тәрбиелі болу – бәрімізге ортақ қағида. Енді сұрақтар қояйық.
1) Қазіргі кезде адамның бойынан қандай қасиеттерді көп байқауға болады?
2) Кей адамның жаман әдетке үйір болуының себебі не деп ойлайсың?
3) Адам бойындағы ар, намыс, ұят дегенді қалай түсінесің?
Жауап:
1)Қазіргі кезде адам бойынан көбінесе тәртіпсіздік,бірін-бірі сыйламау, адамдарға деген дөрекілік,өтірік айту, сабақтан қашу,ұстаздарды,ата-ананы сыйламау сияқты жаман қасиеттерді көп байқауға болады.
2)Кей адамдар өте жалқау болып келеді.Еңбек еткісі келмейді. Ата-анасының тапқанын шашса болды,бос уақыттарын тиімді пайдаланбайды.Сол себептен де жаман әдеттерге үйір болып келеді.
3)Әр адамның бойында ары-таза,намысы-берік,ұяты-күшті болуы керек.Егер осы үшеуі де адам бойында қалыптасқан болса, онда нағыз тәрбиелі де тәртіпті адам.
«Қатты тәртіп көрсе бала күнінде, өнерімен қуантады түбінде».(слайд)
— Құрметті оқушылар! Біздің отарба «Мәдениеттілер» ауылына келіп тоқтады. Олар бізге не айтар екен?
Еркебұлан:Мәдениеттілік-адамның айнасы іспетті. Мәдениетті болу айналаңдағы адамдармен дұрыс қарым-қатынас жасай білу.
Ситора: Адам тумысынан жамандыққа үйір емес.Ол жылдар өте келе өніп шығады.Жақсылық өнімнің шыққаны немесе оны жамандықтың арам шөптері басып кеткені сонда ғана белгілі болады. Ізеттілік пен сыпайылық сияқты мәдениеттілік түрлері отбасынан басталады.
Айдана: Адам қандай лауазымды қызметте жүрсе де ізеттілікті жоғалтпауы тиіс.Үлкен адамдарға қоғамдық көліктерде орын беру, сұрақтарына дұрыс жауап беруқажет.
Арман: Кешірімді болу, рұқсат сұрау, кешікпеу,ізеттілік көрсету – адамды мәдениетті болуға жетелейді.
Мұқасан: Рұқсат сұрау- адамдар қарым-қатынасындағы ішкі мәдениетті айғақтайтын этикалық қағидалардың бірі. Адамның меншік құқығын құрметтеу және оған қол сұқпау.
Айдос: Кешікпеу- бұл дағдыны адам өзіне бала жастан дарытқаны жөн.Кешігу адамдарды сыйламау. Жұмысқа немесе туған күнге, кештерге кешігіп бару барып тұрған мәдениетсіздік.Уәделі жерге ерте бару керек, кешіккен жағдайда кешірім сұрау керек.
Мұғалім: Ал, балалар, мәдениетті болу – өзіңді сыйлы ету екенін түсіндік. Енді сұрақтар қояйық.
1)Адамгершілік қасиеттерді қаншалықты бағалаймыз?
2)Сен өзің жіберген қателіктеріңді мойындай аласың ба?
3)Адам адамнан несімен ерекшеленеді?
Жауап:
1)Адамгершілік қасиеттерді дұрыс бағалай білуіміз керек. Адамгершілікке барлық қасиеттер саяды. Адамгершілік – адам бойындағы ең асыл қасиет.
2)Өзіңнің жіберген қателігіңді мойындау – ол үлкен ерлікпен тең қасиет. Қателігіңді мойындау ешкімге зияныңды тигізбеу, ешкімнің обалына қалмау.
3)Адам адамнан білімімен, тәрбиелілігімен, әдептілігімен, мәдениеттілігімен әдемі мінезімен озады.
— Әдептілік деген не?(слайд)
1. Ақерке: «Тәрбие – ұлы іс, тәрбие арқылы адам тағдыры шешіледі» В.Г. Белинский.
2. Жансая:«Ел боламын десең бесігіңді түзе» М.О Әуезов
3. Айдос:«Әлемде адам тұлғасынан күрделі, одан бай ешнәрсе жоқ» В.А.Сухомлинский
4. Феруза:«Бала ата-ананың тағылымымен өседі» М.О.Әуезов.
5. Мұқасан: «Адамға ең бірінші білім емес, тәрбие беру керек, тәрбиесіз білім – адамзаттың қас жауы, ол келешекте оның өміріне апат әкеледі» Әбунасыр Әл-Фараби.
6. Бекзат: «Бала тәрбиесіне ерекше мән берілуі керек,тәрбиенің арқасында болашақ адамзат тағдырының негізгі мәселесі шешіледі» В.Г.Белинский.
7. Шолпан: «Адам ата-анадан туғанда есті болмайды: естіп, көріп, ұстап,татып ескерсе, дүниедегі жақсы мен жаманды таниды дағы, сондайдан білгені, көргені көп болған адам білімді болады. Естілердің айтқан сөздерін ескеріп жүрген кісі өзі де есті болады» Абай. (19-шы қара сөзінен)
8. Еркебұлан: «Бала маңайындағы нәрсе де, сөйлейтін сөздер де, адамдардың жүріс —
тұрыстары да жинақы, ретті, таза, әдепті, сұлу болуға тиісті.»
Мағжан Жұмабаев
9. Нұртас: «Адамда жақсы қасиет болмаса, оған бақ та, бақыт та қонбайды».
Жүсіп Баласағұни.
Қажымұқан: «Адамдағы ынсап, әділет, мейірім — үшеуін қосып айтқанда ұждан деген ұғым шығады» деген Шәкәрім
10. Ситора: «Жақсы тәрбие мен ақыл күші болып, екеуі біріккенде — бұлар адамшылық қасиеттері болып табылады» Әл-Фараби
ІІІ кезең. Жалғасын тап…
(мақалдардың жалғасын табу)
Әдепті бала-
Әдептілік белгісі-
Тәрбиелі адам-
Атаңа не қылсаң –
Жақсы бала сүйік-
Әдепсіз өскен адамнан-
Жеті атасын білмеген-
Ұяда не көрсең…
Ұлық болсаң –
Ашу – … , ақыл -…
ІV кезең. Шығармашылық жұмыс.
(Әдепті бала – арлы бала)
Мұғалім: -Ал, балалар, үйден эссе жазып келіңдер дегенмін. Оқи қойыңдар.
Оқушылар шығармаларын оқып, плакатқа өз ойларын түсіреді. Жұмыстарын қорғайды.
Осыдан кейін тәртіпсіздік туралы видео көрсетіліп, талқыланады.
VI кезең. Хаттар сырына үңілейік
Мұғалім: Балалар, мына біздің поштп жәшігімізге хаттар келіпті. Біреуін алып оқып көрейік.
Хатта былай делінген: -Құрметті достар! Мен жанұяда жалғыз баламын. Сондықтан да әке-шешем айтқанымды жасап еркелетеді. Әке-шешем менен ешнәрсені аямайды. Барлық зат оңай келетіндіктен мен өмірге жеңіл қараймын. Бос уақыттарымды көше кезіп бұзақылық жасаймын. Ұрлық та жасаған кездерім болды. Бұның ақыры немен тынарын білмеймін. Ата-анам ешнәрседен хабарсыз. Егер білсе ше… Мені аямайды. Мен өмірден жалығып барамын.Ешнәрсе қызықсыз болып кеткен. Мен өмірімді қайтадан келтіру үшін не істерімді білмей жүрмін. Басым қатты. Достар, дұрыс жолға түсуге қандай ақыл-кеңес бересіңдер? Сендерден көмек күтемін. Сәлеммен Дарын.
Оқушылар өз ойларын ортаға салады,ақыл-кеңестерін береді.
Үйге тапсырма: Хатқа жауап жазу.
Қорытынды. –Күншығыс халқының бір ойшылы былай деген екен: «Бір жылын ойлаған күріш егеді, он жылын ойлаған ағаш егеді, ал жүз жылын ойлаған бала тәрбиелейді» Балаға баланың көзімен қарап, өз заманына сай тәрбие беру – біздің басты мақсатымыз.
Құрметті қонақтар, тәрбиелеген әрбір балаларымыз – еліміздің мәртебесін асқақтатар ұландары бола берсін деген тілекпен бүгінгі тәрбие сағатымызды аяқтаймыз. Балалар, сендер де әдепті, тәртіпті, мәдениетті оқушы болып, жарқын болашағымыздың ертеңі болыңдар!