Тарақты Байғозы батыр

0

Ресейден қашқан Торғауыттарды түп ізіне түсіп қуып келе жатқан қазақтар қоналқыға кідіріп, мосыға қазан асып, жылқының сүр етін пісіріп, торсықтағы суға құрт езіп, ауқат жасап, күн ұзақ ас іздемейтін болып бір тояды. Абылайдың шатырында өзінің өркөкірек паңдығымен, серілік салдығымен аты әйгілі арғын Шақшақ Жәнібек батыр отырады. Батыр насыбай атып шақшасын қалтасына сала бергенде шатырдың алдына келіп тоқтай қалған жас жігіт аттан түспей қолын созып; — Жәнібек батыр, шақшаңызды бере тұрыңызшы! — дейді. Жәнібек жігіттің баса-көктеген қылығын жаратпай қалып, оған бұрылып та қарамай, көңіл  аудармаған болып шақшаны қызыл сапиян етігінің өкшесіне қағып-қағып алады да, бір сипап қалтасына салады.

Ізінше-ақ хан жұртты орнынан тік көтереді. Әркім өз руының тамғалы туы астына топтасады. Сауыт-қалқандары жарқырап, дулығасының ұшына үкі таққан, қорамсағын тағынып, садағын асынған батырлар ханның төңірегіне жиналып, сапқа қотан айналып тұра қалады. Хан кеңесі басталады. Дұшпанның күші сан жағынан қанша басым болса да, шабуылды бұрын бастау керек деп ұйғарылады. Алдын барлау үшін алғыншы жібермек болады. Үміткерлерді шақырғанда бірінші болып жаңағы Жәнібектің шақшасын сұраған жас жігіт шыға келді. Алғыншылар оралғанда:

-Дұшпан көп пе екен, жау жағы басым емес пе? — деген Жәнібек батырдың сауалына әлгі жас жігіт:

-Көп те емес, аз да емес, — деп жауап береді.

Қан майдан қызып та кетеді. Қазақтар орасан шығынға ұшырап, ақыр аяғы іс сауғалап қашуға мәжбүр болады. Түп етектен түре қуып шерудің алдында түндей түнерген қара қалмақ атын ойнақтатып, туын желбіретіп жеке дара келе жатады. Қазақтардың тобына өңмендей еніп, біразын аттан аударып түсіреді. Жәнібек те кері қашқан топтың бел ортасында  келе  жатыр еді. «Осынша қазақтың арасынан мынау алпамсадай албастыны жер жастандыратын  бір жігіттің шықпауын қарашы,  ей!» деп өкінеді ол.  Аузын жиғанша болмайды, анағы жас жігіт алға атып шығып, кері бұрылады да, садағын атан түйедей қалмаққа көздейді. Жебе мың бұратылып аңырай жөнеледі. Жас батыр өзіне ызасы келіп, жебенің бұратылмай тура ұшпағанына өкініп, мынау пәлеге алланың өзі пана болып, қанатының астына  алып  жүрген  шығар, тегі» деп күбірлейді. Ойын аяқтап үлгертпей, қалмақ батыры қалбалақтап барып жерге жалп ете қалады. Ту ұстаушысының ажалы дұшпанның арасында абыржу туғызады. Жағдайды пайдаланып қазақтар кері бұрылып қалмақтарға тарпа бас бетін қайтарып, қашуға мәжбүр етеді. Сөйтіп, ойламаған жерден жеңісті дұшпанның қолынан тартып алады. Жаңағы жас жігіт Жәнібекке қайтып кеп:

Батыр, шақшаңызды енді берерсіз. Насыбай ататын кез келген болар, —Тарақты Байғозы батырлық жолын осылай бастаған екен. Содан бастап оның даңқы кең жайылады.

II Балталы Оразымбет батыр жылпың ептілігімен, қимылының жітілігімен жұртты таңқалдырады екен. Бағаналы Баянбай батыр бірде оның жорыққа Оразымбетпен бірге шығуына тура келгенін айтады. Түнде олар сегіз үйлі қалмақ аулына басып кіреді. Баянбай екі киіз үйді ақтарып болғанша, Оразымбет барлығының астан-кестеңін шығарып үлгереді. Сөйтіп, ол олжаны екі есе артық түсіреді.

9.  Даладағы бір үңгірде жасырынып қазақтарды аңдып қалмақтар жатады. Үңгірдің аузында біреуі отырады да әйгілі қорама қара мылтығымен атқылап, Ертістің жар қабағына жеткізбей жігіттерді мұрттай ұшыра береді. Әлденеше өжет жігітінен айырылған соң батырлар да оқтың аузына беттеуге батпайды, Кенет буырыл атын тебініп Сіргелі Елшібек батыр шығады да, қалмаққа қарай желе жөнеледі. Енді не болар екен, қазір-ақ құлап түседі-ау деп демін ішіне тартып жұрттың барлығы соған қарай қалады. Сол жайбарақат қалпымен Елшібек жауға жақындап барады да атына қамшы көміп тұра ұмтылады. Қалмақ мылтықтың пілтесін тұтатса, от алмай қалады. Апалақтап, шақпағын тағы да шағады. Мылтық тағы да от алмай, енді қарманғанша батырдың семсері басын алып түседі.

Сол жолы Елшібектен:

—Желе жортып жайбарақат жүруіңнің себебі не? — деп сұрапты. Сонда батыр:

—Қалмақ алдымен менің атымды атып түсірмек болып тосып отырды, сондықтан жақындауымды күтті. Ал мен желе жортып жақындағанымша, пілтенің ұшын күйе тұтып, от алмай қалуы керек еді, солай боп шықты да. «Қорама қара мылтықтың от алмас пілтесі сияқты күйелеш» деген мәтел содан қалыпты.

10.    Уәли-хан жасында сайқымазақ әзілкеш әрі шалдуар тентек мінезімен аты шықса керек. Ол кейін қырға кеп Абылайға бағынып қасында қалған қалмақтармен арада соғыстың бұрқ ете қалуына да себепші болыпты. Қалмақтың, жас ноянымен бір қызға таласып, Уәли биік өкше етіктің нән табанымен теуіп, бейшараның қабырғасын сындырған екен. Намысқа шапқан қалмақтар шыдай алмай бас көтеріпті.

11. Абылай тұсында башқұрттардың арасында Есет батырдың атағы әйгілі болады. Ұзын құлаққа қарағанда, Абылаймен бір жолы кездескенде батыр оны бөрік құрпы көрмей бір бүктеп, қолтығына қысып жүре беріпті дейді.

12. Орта жүздің қазақтары бір жолы қара қырғыздарға шабуыл жасайды. Жорықтан алдын-ала хабардар болған қырғыздар күтпеген қонақтарын қарсы шабуылмен қарсылауға әзірленеді. Қазақтар қашып құтылмақ болады. Дұшпан оларды Іле өзеніне дейін қуып салады. Қазақтар өткелден өтіп кетті. Қуудың қызығына түскен Теміржан-батыр бір топ сайыпқыран жігіттерімен қазақ бетіне шығып кетеді. Сонда Қанжығалы Томаша-батыр манаптың қаны қызып жолдастарының аздығына қарамастан баса-көктеп келе жатқанын байқап, кері жат бұрылады да найзасын дұшпан атының омырауына дендей сұғып кеп жібереді. Бейкүнә жануар артқы екі аяғымен шоңқиып отырып қалады. Манап аттан секіріп түсіп, Сіргелі Жаулыбай батырға тұра ұмтылады. Жолдасының басы қатерге ілінгенін байқап қалған Қанжығалы Есет-батыр найзасын сарт еткізіп, манапты мұрттай ұшырады. Томаша-батыр бойы аласа болғанымен, жаны жайсаң намысқой жігіт екен, манапқа қона түсіп, қарнын жарып жіберіпті. Кәдімгі қуіліл, кеудесіне қонған қаршығадай көрініпті сонда ол. Сөйтіп батыр манаптын, аппақ сазандай денесі айдалада қалыпты.

Ал манап дегеніміз, қара қырғыздардың рубасы, атақты адамдар. Теміржан да шын  мәнінде сұлу, аппақ сазандай, ірі, еңгезердей  кісі  болса керекті. Қырғыздар сүйікті манабының ажалын көріп бұрынғыдан да құтырына түседі. Сіргелі Жаулыбай тұтқынға алынады. Содан соң Үсен-батыр мен Алтай, Байғозы батырлар түтқынға алынады.  Зеребе тастағанда Байғозы-батыр қаза тапқан манаптың құныкері ретінде құрбандыққа шалынуға тиіс болады. Одан:

—     Қырғыз батырын өлтірген кім? — деп сүрағанда:

—     Өлтірген осы деп ешкімді ұстап бере алмаймын, — деп батыл жауап береді.

Бетін шығысқа қаратып Байғозыны отырғызады да,  40 адым өлшеп, ұзын мылтықты бір қырғыз оны нысанаға алып көздей бастайды.

Артынан аман құтылғасын, Байғозыдан: «Сол отырғанда не ойладың», деп сұрағанда  ол: «Басымды тас қып  таңып тастадым да,  түк  те ойламай міз бақпастан мылтық даусын күтіп отырдым да қойдым. Тіпті манаптың інісі келіп, ағам шейіт болды. Жазықсыз қан жүктегім келмейді.  Қазақ азат етілсін дегенін де аңдамаппын. Бірақ орнымнан қозғала алмадым, тамыр-тамыр тоқтап, бүкіл қаным қатып қалғандай, тек  маңдайдан  тер  бұршақтап аузымды жуып кеткен» деп жауап беріпті. Бақса, ол Абылайдың түтқынында отырған Теміржанның бір бауырына айырбастап алыныпты. Ал Жаулыбай құн беріп өзін-өзі арашалап алмақ болады. Оның орнына тұтқынға бірге түскен жолдасы Үсен өз басымен кепіл болып қалады. Қырғыздардың қойын бағып жүріп араға айлар салып ол оңтайлы бір кезеңде қашып шығады.

Сонда Теміржанның қарындасы зар жылап, былай деп жоқтау айтқан екен:

Жал-құйрығы төгілген,

Бұруға мойын ерінген.

Үйірдегі ақбозым,

Келідегі жанпозым,

Қалай өттің өмірден,

Өшерсің бе көңілден,

Жоқтамайтын ер ме едім,

Хан ұлынан кем бе едің,

Жыламайтын мен бе едім,

Қол жете алмай өзіңе,

Әлім келді көзіме,

Түстік тәңір тезіне,

Бақшадағы бояғым,

Жылқыдағы саяғым,

Тозбайтұғын манатым,

Талмайтұғын қанатым,

Хан ұлынан артығым,

Сүйеніші халқының

Елден ерек сен едің,

Қайғыңа қалай төземін,

Өртенді ғой өзегім.

13. Үдере қашқан торғауыттарды түп ізіне түсіп соңғы қуу ел аузында «ішкі жорық» деп аталады. Бұл жорыққа қатысқан халықта сан жоқ, ығы-жығы. Ал хан жиналған жұрттың ортасында бір жерден жылжымай қалшиып тұрады да қояды. Басқа батырларының күбір-сыбырын қаперіне де алмай, ол жаужүрек Баян батырды күтіп тұрады. Ақыры, соңына ерткен 540 жігіті бар ол да жетіп, ханның алдына келіп; «Қайда бар деп әмір етсеңіз де мен әзір» дейді бас иіп. Сонда хан халыққа қарап: «Баян батырды менің күткенім осы мінезі ғой», — дейді. Дәл сол сәтте 500 жігіт жасақпен алғыншы болып барлауға кеткен. Қанжығалы Жантай батыр опат болған еді. Бұл былай болған-ды.

Жантайдың інісі Үйсінбай қалмақ ауылдарын шолып жүріп, олжаға үш түйе түсіреді. Ол қайтып оралғанда екінші бір ағасы сауға сұрайды. Үйсінбай батыр: «Қалмақтарда не көп — түйе көп, қолың бар емес пе, сенің де барып алуыңа болады, әкетіп бара жатқан ауруың жоқ» дейді. Інісінің бұл сөзі шамына тиіп, қатты намыстанған Арқандар оған өзінің батырлығын көрсету үшін қасына Қоянкөз ұлы атақты Қонайды ертіп қалмақтардың малына шауып, тоғыз түйе олжа алады. Арқандар олжасын жеті жолдасымен ілгері жіберіп, артынан өкшелеп келе жатқан қуғыншыларды алдарқатып, тоқтатқалы қалып қояды.

Алғаш жолдастары Арқандардың қарсыластарын әп-әдемі алдап, басқа жаққа бетін аударып жібергелі түрғанын байқайды, бірақ ізінше батырдың қоршауда қалғанын көз шалады. Ол төбеге көтерілгенде жан-жағынан қуғын қаптап келе жатқанын көреді. Қап, әттегеней? Арқандар қазаға ұшырайды. Сүйікті інісі Арқандардың опат болғанын білгенде Жантай алла-құдайды жат қып, тағдырға лағнет айтып: «Не өлемін, әйтпесе дұшпанның қанын ішемін» деп серт береді. 500 жігіт жасақ алып атқа қонған ол қалмақтың қосынын қақ жарып ортасына кіреді. Қалмақ қосыны 10 мың адам екен. Ұрыс сұмдық болады, қазақтар тура келген ажалға қасарысып қарсы тұрады. Қарны жарылған Үйсінбай ішек-қарнын етегіне салып ап жүріп соғысады. Соғыса жүріп: «Жантай-батыр, осы жарылған қарынмен өмір сүруге бола ма екен, өзі?» деп сұрайтын көрінеді. Барлығы опат болып 8 адаммен және ұлы Тоқышпен Жантай ғана аман қалады. Мұны көрген Жантай аттан түсе қалып, тізгінін ұлына ұстатады да: «Сен үйге қайт, қайткенмен қоршауды жарып шық, әйтпесе менің кегімді қайтаратын адам қалмайды» дейді. Сөйтіп, ол жалғыз соғысып қаза табады. Жантайдың қазасын естіген Абылай: «қайралмай-ақ қырқып түсетін қара болатым-ай!» деп егілген екен сонда.

Күллі әскер шабуылға көтеріліп, Ілеге бет қояды. Бірақ олар келгенше қалмақтар барлық өткелді басып қалады.

Қалмақтар кідіріп жеті адам елші жібереді. Олардың басшысы басында қазандай түлкі тұмағы бар аңсағай бойлы еңгезердей қара қалмақ екен. Ол аттан түсіп бірнеше қадам жер жүреді де ханға жақындап кеп:

—     Алла жар болсын! Ұса мен Серен-хан қалмақ пен қазақ бір туған, қазір де сол баяғысынша бауыр болып қалайық деп, сыйлыққа ақбоз үй жіберді. Соны алып, бітімге келейік, — дейді.

—     Кет көзіме көрінбей, — дейді күйіп отырған хан. Содан соң батырларын жинап, кеңес құрады да:

—Қалмақтарды дәмелендіріп, ақбоз үйді алайық. Артынан қайта шабуыл жасап, шауып аламыз ғой, — дейді. Баян батыр түрып:

—Жоқ! Ақбоз үйді алмаңдар, қалмақты алдаймын деп ойламаңдар. Ұса мен Серен жоғарғы және төменгі Қытайды да алдап соққан. Сені де алдап кетеді, — дейді.

Хан өз сөзін екі рет қайталайды, батыр да өз жауабын екі рет қайталайды. Бірақ хан айтқанынан қайтпай, өз дегенін істетеді.

Қалмақтар қозыкөш жерде отыр еді. Екі күн күтеді, келетін қалмақ жоқ, қарасын да көрсетпейді. Айтқан ақбоз үйі және жоқ. Бақса олардың орнынан тік көтеріліп көшіп кеткеніне екі күн болыпты. Баян жанына 1000 жігіт алып, артынан қуады. Бірақ бұл жеткенде қалмақтар небары қырық саржан бұрын Қытайға кіріп кеткен еді. Қайтып келе жатқанда қалмақтардың өлігінен сасыған судан ұшынып жігіттер қара тышқақ болып қырылып қалады. Атақты Баян батыр да опат болады.

14. Қалдан тұтқында болған Абылайдан: «патшалардың ішінде бәрінен артығы қайсысы?» деп сұрайды. Сонда Абылай: «Әуелі Қондыкер, сосын орыстың ақ патшасы, Ежен-хан, Қалдан, содан соң мына мен» деп жауап береді. «Мөн, мөн» депті разы болған Қалдан. «Сен кішкентай жұртты басқарғаныңмен үлкен халықты билеуге лайықсың», — дейді одан әрі Абылай.

Аударған – Сарбас Ақтаев.

.


Тағы рефераттар

Рахмет ретінде жарнамалардың біреуін басуды сұраймын!