Тақпақ: Ғаламтор

0

Ғаламтор деген ғажап бар,
Бес құрлыққа тараған,
Күн-түн демей қажетке
Жаратады бар адам.

Адамдардың сан алуан
Көп болса да сұрағы
Миллиондаған жауабы
Лезде дайын тұрады

Отырып-ақ үйіңде,
Шарлайсың сан әлемді.
Ғаламторға сенеді
Адамзаттың бәрі енді.

Бірақ, балам мынаны ұқ,
Болмайды ол саған дос.
Күні бойы бас алмай,
Уақытыңды құртпа бос.

Ғаламтордың зияны,
Пайдасымен қатар бар.
Сондықтан да ақылмен,
Тек пайдасын таңдап ал.

Тыйса егер ата-анаң,
Ғаламторды кей кезде.
Ашуланып құр босқа
Ақылынан сен безбе.

Ғаламтордан өзгерек,
Кітап досты ұмытпа.
Сан ойынға шырмалып,
Түсіп қалма құрыққа.

Ғаламтордан өзгерек,
Досың барын ұмытпа.
Жансыз әлем сезім жоқ,
Қалайша достан сыр ұқпақ?

Ғаламтордан өзгерек,
Табиғатты ұмытпа.
Таза ауда көп жүргін,
Таза әлемнен сыр ұқ та.

Ғаламтордан өзгерек,
Өзің барсың ұмытпа!
Тек пайдасын жаратқын,
Пайдасызын құлыпта.

Рахмет ретінде жарнамалардың біреуін басуды сұраймын!