Танымның практикалық табиғаты — Философия — Рефераты на казахском языке — Библиотека
Практика (practikos — грек сөзі, белсенділік, іс-әрекет) ұғымы айнала қоршаған ортаны өзгертудегі адамның саналы, мақсатқа лайықты іс-әрекетін бейнелейді. Әрине, адам да қайсыбір тіршілік секілді, айнала қоршаған ортасыз өмір сүре алмайды. Қайсыбір жануар өзінің дене құрылысы, табиғатына байланысты айнала қоршаған ортаның шеңберінде өзінің орнын тауып өмір сүреді. Ол тек қана өз тіршілігіне тікелей, я болмаса жанама қатысы бар заттар мен құбылыстарды ғана сезініп, қабылдай алады. Яғни оның мүмкіндіктері әрқашанда шектелген. Ал адамға келер болсақ, ол қоршаған ортамен универсалды, жан-жақты қатынасқа түседі. Айнала қоршаған орта нақтылы-тарихи өмір сүріп жатқан адамның игеру мүмкіндігінен әрқашанда басым болғаннан кейін, адамның шексіз дүниетану мүмкшдігін тудырып, оның жаңа күш-қабілеттерін оятады.
Білімнің шынайы мән-мағынасы оның өмірге еніп, қоғамның материалдық және рухани жақтарын жетілдіруде емес пе? Танымның негізгі мақсат-мұраты тек қана білімді жетілдіру ғана емес, сонымен қатар қоғам мен адамның өне бойы өзгерістегі материалдық және рухани қажеттіліктерін өтеуде болса керек.
Осы тұрғыдан алып қарағанда, ғылымның қайнар көзінің өзі осы адамзат практикасының қажеттіліктерінен шыққанын байқауға болады. Мысалы, көне заманда көшпенділер аспандағы жұлдыздар мен планеталарға қарап, көш жолдарын анықтай бастады. Көне Мысыр мен Қытайда суармалы егін егу қажеттілігі үлкен каналдарды қазып тартуға мәжбүр етті, ал ол үшін жер бетіндегі кеңістікті зерттеу қажет болды. Соның нәтижесінде геометрия мен математиканың негіздері жасала басталды.
Қазіргі адамзат практикасына келер болсақ, оның қажеттіліктері де ғылымның дамуының негізінде жатқаны сөзсіз. Мысалы, АҚШ Невада штатында жақында орасан зор синхрофазатронды іске қосты. Ол осы мемлекетке 6 млрд. долларға түсті. Осыншама қаражат бірнеше аса дарынды физиктердің «білімқұмарлығы үшін» жұмсалды деп ойлау тым тұрпайы болар еді. Ресей, басқа да ірі мемлекеттер де ядролық физика саласын зерттеуге біршама қомақты қаражат жұмсауда. Ал оның негізгі себебі адамзат практикасынан шығатын энергияның жаңа көздерін ашу қажеттігіпдс жатқаны сөзсіз. Өйткені органикалық шектелген энергия ресурстары (мұнай, газ, таскөмір) жылдан-жылға азайып, қазірдің өзінде алаңдатушылық тудырып отырғаны ешкімге де құпия емес. Сонымен жаңа энергия көздерін ашу, оны игерудің арзан да қауіпсіз технологияларын жасау — бүгінгі таңдағы ғылымның негізгі мақсат-мұраттарының біреуіне айналып отыр. XX ғ. соңғы ширегінде дүниеге келген эволюциялық химияның да алдындағы зор мақсат -күн сәулесін электр тогына айналдырудың арзан технологиясым жасау, судың фотолизін жасап, су тегін практикалық түрде шексіз де таза энергия көзіне айналдыру т.с.с.
Бүгінгі таңдағы ең алдыңғы қатарлы ғылым саласы -биологияға келер болсақ, мұндағы ғалымдардың алдына қойған мақсат-мұраттары да бүгінгі адамзат практикасымен тығыз байланысты екенін байқаймыз. Генетикамен байланысты микро биологиялық зерттеулер тіршілікті клондық, яғни бейжыныстық жолмен тудыру, өмірдің ең терең сырларын ашу — қазіргі адамзатқа ауадай қажет нәрселер. Өйткені тек осы зерттеулердің негізінде болашақта тұқым қуу механизміндегі жиі кездесетін ауытқуларды емдеуге, сонымен қатар мол өнім беретін жаңа өсімдіктер мен жануарлар түрлерін тудыруға, олай болса, жер бетіндегі аштыққа ұшыраған халықтарға тиімді көмек беруге жол ашылады.
Енді ғарышты зерттеу мәселелеріне келер болсақ, олардың да адамзат практикасымен байланысты екенін байқауға болады. Мысалы, ғарыштағы орналасқан байланыс жүйелері арқылы теңізде апат болған кемені тез арада тауып алып, көмек көрсетуге болады. Бүгінгі жер бетін толығынан шырмаған ақпарат жүйелері: интернет өмірге енгізу, әртүрлі құрлықтармен телефондық байланыс жүйесін орнату т.с.с. ғарыштағы жасанды серіктерсіз мүмкін болмас еді.
Жоғарыда келтірілген деректерді тағы да жалғастыра беруге болар еді. Бұлардың бәрі де таным үрдісінің әрқашанда адамзат практикасымен байланысты екенін көрсетеді. Дүниетаным адамзаттың ерекше рухани іс-әрекеті болғанымен, оның терең табиғаты практикада, оның әлеуметтік-тарихи мән-мағынасында жатқаны сөзсіз.
Рахмет ретінде жарнаманы басыңыз!