ТӘЛІМ, ТАҒЛЫМ, ТӘРБИЕ ТУРАЛЫ мақал мәтелдер

0
511

ТӘЛІМ ТУРАЛЫ МАҚАЛ МӘТЕЛДЕР, ТАҒЛЫМ ТУРАЛЫ МАҚАЛ МӘТЕЛДЕР, ТӘРБИЕ ТУРАЛЫ МАҚАЛ МӘТЕЛДЕР

Ұяда не көрсең ұшқанда соны ілерсің.

***

«Әй», дейтін әже жоқ,

«Қой», дейтін қожа жоқ.

***

Тең-теңімен, тезек қабымен.

***

Қызым, саған айтам,

Келінім, сен тыңда.

***

Тауда туған баланың,

Екі көзі таста болар.

Ашаршылықта туған баланың,

Екі көзі аста болар.

***

Атаңа не қылсаң,

Алдыңа сол келер.

***

Атасын сыйлаған абыройға бөленер.

***

Алдыңғы арба қайдан жүрсе,

Соңғы арба содан жүрер.

***

Атасы мылтық атқанның баласы оқ жонар.

***

Сүт — сүйек өсіреді.

***

Ағайынға қарап бала өсер,

Қарағайға қарап тал өсер.

***

Тасты бассаң кетілер,

Шымды бассаң жетілер.

***

Тісі шыққан балаға,

Шайнап берген ас болмас.

* * *

Орман аралаған үйші болар,

Ел аралаған сыншы болар.

***

Жорғаның тері кеппес,

Еркенің көз жасы кеппес.

***

Сұрай-сұрай Мекке барады.

***

Жығылсаң нардан жығыл.

***

Асқанға аспан да аласа.

***

Төрде орын барда есікте отырма.

***

Бүгінгінің ертеңі бар.

***

Алуан-алуан жүйрік бар,

Әліне қарап шабады.

***

Батар күннің атары бар.

***

Білім таппай мақтанба,

Өнер таппай баптанба.

***

Барға қанағат ет.

***

Күш – білімде.

***

Көкке бір кісі ұшады,

Етегіне мың кісі сыяды.

***

Әркімнің шыққан тауы биік.

***

Құс жеткен жеріне қонады.

***

Мың асауға бір тосу.

***

Алғыға қарап пікір ет,

Артқыға қарап шүкір ет.

***

Жүрген аяққа жүргем ілінеді.

***

Көрмегенге көсеу таң.

***

Саңырауға сәлем берсең,

«Атаңның басы» дейді.

***

Көзі соқырдан қорықпа,

Көңілі соқырдан қорық.

***

Көп біл, аз сөйле.

***

Ақпа құлаққа айтсаң, ағып кетер,

Құйма құлаққа айтсаң, құйып алар.

***

Тентек — жұртқа теріс, өзіне дұрыс.

Ақыл — ауыздан, мерей — сөзден.

***

Көргенді көнеден сұра,

Көне білмесе, көп жүргеннен сұра.

***

Ұлы сөзде ұят жоқ.

***

Жақсы лебіз, жарым ырыс.

***

Ағаш кессең ұзын кес,

Қысқартуы оңай.

Темір кессең қысқа кес,

Ұзартуы оңай.

***

Сөзің тәтті болсын,

Ашуың қатты болсын.

***

Киім пішсең кең піш,

Тарылтуың оңай.

***

Білім — бұлақ.

***

Ескіге жаңа — өлшеуіш.