Тайпалар одақтары қалыптасуының этно-саяси тарихы туралы қазақша

0

Әуелгі ортағасырлық қоғамдық өндіріс жүйесінде көшпелі мал шаруашылығы басым орын алды. Ол мал басының одан әрі өсуіне мүмкіндік жасады, май, тері, жүн секілді басы артық азық-түлік пен шикізат өндірудің көздерін кеңейтті. Басы артық өнімдерді адамдар азық-түліктің басқа түрлеріне, атап айтқанда, шектес аймақтағы егіншілік өніміне айырбастап отырды. Осының негізінде тайпалар арасында өзара қарым-қатынас жасау процестері жүріп жатты.

Руларға қарағанда тайпалар одақтары адамдардың үлкен топтарын біріктірді, олар адамдар қауымдастығының жаңа түрі еді. Олар қоғамның өндіргіш күштерінің одан әрі дамуына көмектесті. Тайпалардың одаққа бірігуі барлық тайпаларға ортақ мәдениеттің қалыптасуына, олардың ерекшеліктерінің әлсіреуіне жеткізді. Бірігу процесінде тайпалар тілдері қосылып, ортақ тіл пайда бола бастайды. Бұл процестер, яғни алғашқы қауымдық құрылыстың ыдырауы және таптық қоғамның пайда болуы, Қазақстан аумағында ұзақ мерзімге — мың жылға жуық созылды (қола дәуірінде басталып, б.з. VІ-VІІ ғасырларға дейін). Б.з.б. I мыңыншы жылдықтың орта шенінде Қазақстан мен Орта Азия жерін мекендеген сақтардың тайпалар одағы қалыптасты (ІХ-ІІ ғғ.).

Жаңа дәуірдің басында Еуразиялық далада этникалық орта біртіндеп өзгере бастайды. Мұнда түркі тілдес тайпаларға ауысу басымырақ болады. VI ғасырдың екінші жартысындағы басылымдарда түңғыш рет «түрік» атауы да кездесіп, бара-бара кең тарап кетеді. Ең әуелі бұл терминді соғдылар қолданады, қытаймен дипломатиялық және жазбаша қатынас қағаздарды сол арқылы жүргізеді. Осыдан кейін ілешала византиялықтар, арабтар, сириялықтар түрік атауын өздерінде енгізеді. Санскритте, түрлі ирандық, тибет тілдерінде де аталады. Аңыздарда Түрік генеалогиясы тар шеңберде баяндалғанымен, олардан тағы да үш тайпаның, атап айтсақ, қырғыздар, қыпшақтар және теле (оғыз) этногенездерінің бастапқы кезендерін аңғаруға болады.

Көне түркі тайпаларының негізгі төрт тобы VI ғасырдың ортасында ашин түріктері құрған жаңа саяси бірлестік құрамына енеді. Орталық Азия мен Сібірдің оңтүстік-батыс бөлігінде, Жетісу мен Тянь-Шаньда біздің заманымыздың I мың жылдығының өне бойына түрік этносы ортасы үшін ортақ шеңберде түрік, оғыз, қырғыз және қыпшақ этногенездеріне тән мәдени дәстүрлердің қалыптасу процесі жүріп жатты.

VI ғасырдан бергі жерде түркі тілдес әр түрлі төрт топ бірігеді де жаңа этностардың пайда болуының ошағына айналады. Орта Азиядан кеткен қимақ-қыпшақ тобы және бірқатар оғыз тайпалары Ертіс өңіріне ауысады, одан кейін батыс бағытқа жылдам жылжып, осында мекендеген басқа да көптеген түрік тайпаларын оңтүстікке қарай ығыстырады. Қырғыздар өздерінің Енисейлік мемлекетінің шекарасын кеңейтеді, көшпелілікке ыңғайсыз болса да шаруашылыққа жарайтын Байкалдан Шығыс Қазақстанға дейінгі аралықтағы тау бөктерлері мен орманды далаларды игереді.

Тоғыз-оғыз тайпалар тобы һундердің Тибеттің солтүстігін жаулап алуына қарсы қиян-кескі шайқас жүргізе отырып, барған сайын Ганьсудың батыс бөлігі мен Шығыс Түркістан жағына қарай ығысады. Сөйтіп VIII ғасырдың ортасында өздерінің Орталық Азиядағы ата жұртынан айырылады да Қашғария мен Жетісуға келіп шоғырланады.

Атам замандағы империялар қойнауында белгіленген этникалық дамудың өрбуі әуелгі орта ғасырлық мемлекетгердің пайда болуынан айқын көрінеді. Олардың қалыптасуы тайпалар одақтарының саяси, әлеуметтік және этникалық тарихының одан кейінгі кезеңінің басталуына жол ашты.

Пайдаланылған әдебиеттер: Рысбай К., Қазақстан Республикасының тарихы. – Алматы, 2005. -368 б.

#Тайпалар #одақтары #қалыптасуының #этносаяси #тарихы