Табиғат кешені, географиялық қабық | туралы қазақша

0

Табиғат кешені. Құрлық пен мұхиттағы табиғат кешендері. Жер шарының табиғат жағдайларын сипаттау географиядағы негізгі ұғымдардың бірі – табиғат кешенімен тығыз байланысты.

Жер шарының табиғат кешендері алуан түрлілігімен ерекшеленеді. Аптапты ыстық шөлдер мен мұз құрсаған суық аудандар, мәңгі жасыл ормандар мен ми батпақтар, таңғажайып таулар мен ұшы-қиырсыз кең жазықтар, көкжиекпен ұласқан ашық мұхит айдындары ғаламшар табиғатының қайталанбас бейнесін жасайды.

Жер бетіндегі бір-бірімен өзара күрделі тығыз байланыста әрекет ететін табиғат компоненттерінің (құраушыларының) біртұтас жүйесінің жиынтығы табиғат кешені деп аталады.

Табиғат компоненттері (лат. компонент – «құраушы») – географиялық қабықтың құрамдас бөліктері: тау жыныстары, ауа, су, топырақ, өсімдік, жануарлар дүниесі. Адам да табиғат компоненттерінің бірі.

Табиғат кешенін құрайтын жеке компоненттер (құраушылар) бір-бірімен тығыз байланысты. Олардың біреуінің өзгерісі міндетті түрде басқаларының өзгерісін туғызады. Мысалы, орман алқабының ағаштарын кессе, онда тіршілік еткен құстар мен аңдар басқа жаққа қоныс аударады. Атмосфера құрамына қосылатын оттегі мөлшері азаяды. Ағашсыз алқаптарда желдің соғуы күшейіп, топырақтың беткі құнарлы қабатын ұшырып, зиян келтіреді. Судың топыраққа сіңіп үлгермеуінен жерасты суының деңгейі төмендеуі мүмкін. Топырақ құрғайды. Бұл табиғат кешені түгелімен өзгеріп, басқа табиғат кешені қалыптасады.

Жер шарындағы ең ірі табиғат кешендеріне географиялық қабық, материктер мен мұхиттар және табиғат зоналары жатады.

Материктердің экватор маңындағы жылу мен ылғалды көп алатын бөліктерінде географиялық қабықтағы табиғат үдерістері анағұрлым тез жүреді. Мұнда тіршілік дүниесінің түр құрамы мен саны өте көп. Ал полярлық аудандарда керісінше, табиғат үдерістері баяулап, тіршілік дүниесі біршама азаяды. Бір ендік аумағында да табиғат жағдайлары өзгеріске ұшырайды, ол жер бедері мен мұхиттың алыс-жақындығына тәуелді болады. Сондықтан географиялық қабық табиғатының ішкі айырмашылықтарына байланысты, алып жатқан ауданы әртүрлі аумақтық табиғат кешендеріне жіктеледі.

Құрлықтағы табиғат кешендері бірнеше табиғат компоненттерінің өзара әрекеттесуі нәтижесінде ұзақ уақыт аралығында қалыптасады. Табиғат кешендеріндегі барлық компоненттер географиялық қабықтағы тәрізді, бір-бірімен өзара тығыз байланыста болғандықтан зат пен энергия алмасуы жүретін біртұтас жүйені құрайды. Әрбір табиғат кешенінің өзіндік нақты шекарасы бар. Сонымен қатар олардың сыртқы көрінісі де айқын ажыратылады.

Құрлықтың табиғат кешені ірі табиғат аймақтары мен шағын бөліктерден тұрады. Ірі табиғат аймақтарына Шығыс Еуропа жазығы, Тянь-Шань тау жүйесі, Амазонка ойпаты, Сарыарқа аласа таулы өлкесі, т.б., ал шағын табиғат кешеніне орман, батпақ, көл жағасы, өзен жайылмасы жатады.

Мұхиттың табиғат кешендері құрлықтық кешендерге қарағанда нашар зерттелген. Алайда мұхиттар әлемінде де құрлықтағыдай аймақтық заңдылықтың сақталатыны белгілі. Дүниежүзілік мұхит аймақтарында ендік және тереңдік сақталған.

Мұхиттағы табиғат кешендерінің құрлықтағыдан айырмашылығы бар. Олар әртүрлі еріген газ және тұз қоспаларынан тұратын су массаларынан, тіршілік дүниесінен, мұхит табаны жер бедері мен түпкі шөгінділерден және т.б. компоненттерден тұрады.

Дүниежүзілік мұхит жекелеген мұхит айдындары және олардың бөліктері болып саналатын теңіз, шығанақ, бұғаз сияқты табиғат кешендеріне жіктеледі. Сонымен қатар мұхитта тереңдікке қарай ажыратылатын табиғат кешендері де бар.

Мұхит суы тереңдеген сайын жылу мен жарық мөлшері кеми береді, бірақ мұнда да тірі заттар (ашық түсті губкалар, теңіз лалагүлділері) және қанаттарынан жарық шығаратын таңғажайып жыртқыш балықтар ұшырасады. Олар мұхиттың жоғарғы қабатынан келетін суды тазартады. Терең су жануарлары төмен температураға, жоғары қысымға және қараңғылыққа бейімделген.

Географиялық қабық – Жердің ерекше кешенді қабығы. Атмосфера, литосфера және гидросфераның тоғысып, бір-біріне әсер етуінің нәтижесінде Жердің ерекше қабығы – географиялық қабық түзілді. Географиялық қабық Жерде тіршіліктің пайда болуына және дамуына қажетті жағдай тудырды.

Сонымен, географиялық қабыққа литосфераның басқа қабаттарының әсерінен өзгерген жоғарғы бөлігі, атмосфераның төменгі қабаты, бүкіл гидросфера және биосфера жатады.

Географиялық қабыққа тән бірнеше ерекшелік бар. Жер қабықтарының әрқайсысы бір ғана заттан (атмосфера – ауадан, гидросфера – судан, литосфера – тау жыныстарынан, биосфера – тірі ағзалардан) тұрады. Ал географиялық қабықтың заттық құрамы күрделі. Оған аталған заттардың бәрі де кіреді. Сондықтан ол кешенді сипатқа ие болады.

Ағзалар тек қана географиялық қабықта тіршілік етеді. Атмосфераның жоғарғы қабаты мен литосфераның терең қойнауына тіршілік таралмайды. Жерге күн сәулесімен келетін жылу түгелдей дерлік географиялық қабыққа шоғырланады. Оған жылу мөлшерінің белдеулер түрінде таралуы тән. Атмосфераның жоғарғы қабатында немесе литосфераның терең бөлігінде жылу бұлайша белдеулік заңдылықпен таралмайды.

#Табиғат #кешені #географиялық #қабық