Сыртқы саясат халықаралық қатынастар — Қазақстан және қазақтар туралы — Рефераты на казахском языке — Библиотека
1-тапсырма. Қазақстан Президенті Н. Назарбаевтың мына сөздерін түсініп оқыңыз.
«Халықаралық байланыстарымызды дамыту үшін бірнеше мәселені қатар шешуге тура келді, атап айтқанда, Қазақстанды халықаралық дәрежеде мойындатып, оның қауіпсіздігі мен аумақтық тұтастығын қамтамасыз ету, әлемдік шаруашылық жүргізу мен экономикалық байланыстарға белсене араласу қажет болды»
2-тапсырма. Ой шақыру.
– Қазақстан қандай елдермен байланыстар орнатқан?
– Қазақстанның экономикалық, саяси, ғылым, білім саласындағы байланыстары жөнінде не айта аласыздар?
3-тапсырма. Сөзіңіз құнарлы болсын!
1.Тату елге – тыныштық пен тоқшылық нәсіп ( Күлтегін).
2. Біз – қазақ деген
Дәм-тұзды ақтай білген елміз,
Достықты сақтай білген елміз.
Ешкімге соқтықпай жай жатқан елміз! (Қаз дауысты Қазыбек Келдібекұлы).
– Мағынасын түсіндіріңіз.
– Өлеңде қазақ халқының қандай сипаттары баяндалады?
3-тапсырма. Тірек сөздермен жұмыс.
Күрделі міндеттер, жолдар торабы, көп қырлы бағдар, жолдау, ұтымды қарым-қатынастар, кепілдік, қолдау көрсету, өркениетті байланыстар, беделді халықаралық ұйымдар.
4-тапсырма. Мәтінді оқыңыз.
Тәуелсіз Қазақстанның халықаралық қатынасы және сыртқы саясаты
Қазақстан Ресеймен, Қытаймен және АҚШ-пен, Орталық Азия мемлекеттерімен және Оңтүстік Шығыс Азия елдерімен, Таяу және Орта Шығыс елдерімен өзара саяси, қауіпсіздік, экономика салаларындағы қатынасты дамытуға мән бере отырып, көпвекторлық саясаты жүргізуде. Қазақстан тарихы қысқа мерзімде басты мемлекеттік мәселені шешті әрі елдің нақты тәуелсіздігіне қол жеткізді. Қазақстан соңғы 10 жылда әлемдік қауымдастықпен барлық салаларда өркениетті байланыстар дамыта білген ашық қоғамға айналды. Көптеген елдермен өзара тиімді және ұтымды қарым-қатынастар қалыптастырып, инвестициялармен келуі өсе түсті.
Сыртқы саясатты орнықтырып, еліміздің халықаралық мәртебесін нығайтуға еліміз дипломатиясының зор еңбегі бар. Бүгінгі күн Қазақстан әлемнің көптеген елдерімен сыртқы қарым-қатынас орнатып, барлық беделді халықаралық ұйымдардың мүшесі атанды.
Қазақ елі сыртқы саясатының басты бағыты жетекші державалардың қауіпсіздік жөніндегі кепілдігін ала отырып, ядролық қарудан бас тартып қана қоймай, ядролық қарусыз мемлекет мәртебесіне ие болу еді. Бұл ұстаным тез арада-ақ іс жүзіне асырылды. Ал осы жәйт халықаралық аренада еліміздің мәртебесін көтерді. Еуразия одағын құру, Азиядағы өзара ықпалдастық пен сенім шаралары жөніндегі кеңес шақыру сияқты Қазақстанның бірқатар игі бастамалары әлемдік қоғамдастық тарапынан кеңінен қолдау тапты.
Қазақстан Республикасы мен АҚШ арасындағы екі жақты саяси, экономикалық және қорғаныс жолындағы қарым-қатынастардың маңызы зор. Саяси салада «Демократиялық әріптестік туралы хартияда» көрсетілген мақсаттар адал орындалуда.
АҚШ Қазақстанға Каспий теңізінің мәртебесіне қатысты мәселелерді шешуде қолдау көрсететіндігін білдірді.
Қауіп-қатерді бірлесе қысқарту бағдарламасы екі ел арасындағы қарым-қатынастардың маңызды саласы болып отыр.
«Бейбітшілік жолындағы әріптестік» бағдарламасы бойынша екі ел арасындағы әскери қызметкерлердің қатысуымен бейбіт мақсаттағы бірлескен жаттығулар өткізу жүйелі негізіне көшіп келеді.
Сонымен АҚШ пен достық қарым-қатынастар орнату және ынтымақтастықты дамыту Қазақстан үшін әрдайым маңызды болып қала береді.
5-тапсырма. Мәтінмен жұмыс. Түсінігіңізді тексеріңіз.
1. Қазақстан сыртқы саясатта қандай бағытты ұстанады?
2. Қазақстан мен АҚШ арасындағы қатынас қандай?
3. Қазақ елі сыртқы саясатының басты бағыты қандай?
6-тапсырма. Мәтіннің жалғасын оқыңыз.
Қазақстан-Қытай ынтымақтастығы 1992 ж. 3-ші қаңтарынан, яғни дипломатиялық қарым-қатынас орнаған сәттен бастап оң бағытта және ырғақты дамып келеді.
Қазақстан сыртқы саясатының күн тәртібінде Таяу Шығыс аймағындағы Түркия мен Иран сияқты мемлекеттерге маңызды мән беріледі. Бұл елдермен ынтымақтастық оң бағытта дамып келеді. Түркиямен әрі саяси, әрі экономикалық байланыстарымыз нығая түсті. Энерго ресурстарымызды тасымалдау саласында бұл елмен белсенді жұмыс жүргізіліп жатыр.
Қазақстанның Парсы шығанағындағы елдермен ынтымақтастығын дамытуда елеулі ілгері басшылыққа қол жетті. Ол мемлекеттердің Қазақстандағы инвестициялық қызметі неғұрлым белсенді бола түсті.
Қазақстанның тәуелсіз дипломатиясы өзі үшін тиімді саналатын Баку-Жейхан мұнай құбырының жобасына қолдауын да білдірді.
Қазақстан Оңтүстік Азияның ірі-ірі мемлекеттері – Үндістанмен және Пәкістанмен достық қарым-қатынастарды дамытуға әбден мүдделі. Қазақстанның Еуропадағы саясатында Германия бағыты басыңқы болып табылады. Принциптік тұрғыдан алғанда біз өз еліміздегі неміс капиталының мүдделерін толық қамтамасыз етуге ұмтыламыз. ГФР-дің Үкіметімен және қаржы институттарымен жасалған маңызды уағдаластықтарға 1997 ж. қол қойылды. Мұның өзі істің шын мәнісінде біздің елдеріміз арасында ұзақ мерзімді ынтымақтастықтың негізін қалады.
Ресей Федерациясымен ынтымақтастық жөнінде елеулі іргелілеуге қол жеткізілді. Мәңгі достық және одақтастық туралы Декларацияны атап өткен жөн. Бұл құжаттың ережелері екі жақты қарым-қатынастың іргетасын нығайтатыны соншалық оның болашағы айдан анық көрініп тұр. Каспий теңізінің шешілмей жатқан мәртебесі проблемасын алға жылжытқанда Қазақстан мен Ресей екендігі назар аударатын жәйт.
Орталық Азиядағы көршілес мемлекеттермен ынтымақтастыққа да маңызды мән бергенбіз және одан ешқашан айнымақ емеспіз. Сонымен бірге Украинамен, Белоруспен, Кавказ мемлекеттерімен арадағы өзара қарым-қатынастардың әлеуетін әлі жақсарту алда тұр.
Біздің достықты нығайтуға бағытталған іс қимылдар Еуразияның ірі мемлекет ретінде Қазақстанның стратегиялық мүдделеріне сай келетін нық сенімдеміз.
ХХІ ғасырда Қазақстан іс жүзінде сыртқы көмір сутегі шығаратын басты елге, ірі мұнай державасына айналды. Біз үшін мұнай және газ шетел инвестицияларын одан әрі тарта беру басым бағыттағы міндет болып табылады.
1995 ж. Қазақстан Конституциясы адамды, оның өмірін құқықтары мен бостандықтарын мемлекеттің ең жоғары құндылықтары деп жарияланады.
Қазақстан адам құқықтары саласындағы бірқатар маңызды халықаралық шарттарға қосылды.
Қазақстан дүниежүзілік қоғамдастықтың ажырамас бір бөлігіне айналды.
Еліміз Біріккен Ұлттар Ұйымының күн тәртібінде тұрған ірі проблемаларды шешуге өз үлесін қоса отырып, қазіргі әлемнің саяси құрылымына да интеграциялана түсуде.
Қорыта айтқанда, Халықаралық қатынастардағы Қазақстанның қазіргі кездегі алып отырған орны мен рөлін дүниежүзіндегі көптеген мемлекеттер мойындап, күрделі саяси мәселелерді шешуде еліміздің қатысуын қажет ету процесі күшеюде.
Қазақстан Республикасымен дипломатиялық қарым-қатынас орнатқан елдердің саны 120-ға жетті. Елімізде 68 шетел елшіліктері мен дипломатиялық миссиялары жұмыс істейді. Қазақстан Республикасының шет елдерде 47 елшілігі мен миссиялары және консулдық өкілдіктері тіркелген. Еліміз мүше болып кіретін халықаралық ұйымдардың саны – 68.
Қазақстан шекарасының бүкіл бойында сенімді Қауіпсіздік белдеуін жасай алады.
7-тапсырма. Мәтінмен жұмыс. Түсігнігіңізді тексеріңіз.
1. Мәтіннен тірек сөйлемдерді табыңыз.
2. Әр абзацқа сұрақ қойып, мазмұнын айтыңыз.
3. Өз ойыңызды қосыңыз.
8-тапсырма. Мәтінге сүйене отырып, сөйлемдерді толықтырыңыз.
1. Қазақ елі ………………. жетекші державалардың қауіпсіздік жөніндегі кепілдігін ала отырып, ядролық қарудан бас тартып қана қоймай, ядролық қарусыз мемлекет мәртебесіне ие болу еді.
2. Бұл ұстаным ……. іс жүзіне асырылды.
3. Қазақстан Оңтүстік Азияның ірі-ірі мемлекеттері – Үндістанмен және Пәкістанмен ……………. дамытуға әбден мүдделі.
4. Еліміз Біріккен Ұлттар Ұйымының ……….. шешуге өз үлесін қоса отырып, қазіргі әлемнің саяси құрылымына да интеграциялана түсуде.
5. Қазақстан Республикасымен ………. орнатқан елдердің саны 120-ға жетті.
6. Қазақстан ……………… бірқатар маңызды халықаралық шарттарға қосылды
7. Қазақстан …………….. ажырамас бір бөлігіне айналды.
9-тапсырма. Грамматикалық анықтағыш. Мұны білгеніңіз жөн!
Шылаулар. Жалғаулық шылаулар.
Шылаулар – лексикалық мағынасын жоғалтқан, тек қана грамматикалық мағынаға көшкен, түрлі грамматикалық қызмет атқаратын тілдік бірліктер.
Мысалы: Заңдық негізде хатталған және халықаралық тұрғыда мойындалған.
Жалғаулық шылаулар – сөз бен сөзді, сөйлем мен сөйлемді байланыстыратын шылаулар.
Пен, мен, пенен, және, не, немесе, менен, яғни, бірақ, алайда, та, те, яки, өйткені, сондықтан, себебі, не болмас, алайдае, егер, егер де т.с.с.
Мысалы: Ертең біздің университет пен КБТУ арасында білім сайысы басталады. Айжан және Жанар 2-ші курс студенттері.
10-тапсырма. Жоғарыдағы бірінші мәтіннен жалғаулық шылауларды табыңыздар. Түрлеріне ажыратыңыздар.
11-тапсырма. Көп нүктенің орнына тиісті жалғаулық шылауларды қойыңыз.
1. Дипломатиялық қарым-қатынас орнаған сәттен бастап оң бағытта ……… ырғақты дамып келеді.
2. Мәңгі достық …….. одақтастық туралы Декларацияны атап өткен жөн.
3. Каспий теңізінің шешілмей жатқан мәртебесі проблемасын алға жылжытқанда Қазақстан …….. Ресей екендігі назар аударатын жәйт.
4. Елімізде 68 шетел елшіліктері ….. дипломатиялық миссиялары жұмыс істейді.
5. Қазақстан Республикасының шет елдерде 47 елшілігі …. миссиялары және консулдық өкілдіктері тіркелген.
12-тапсырма. Өз беттеріңізше жалғаулық шылауларды қатыстырып сөйлем құраңыздар.
Глоссарий
Халықаралық келісімдер – орындалуы міндетті, халықаралық қауымдастық мүшелерінің арасында, мейлі ол егеменді мемлекеттер болсын немесе халықаралық ұйымдар болсын кез-келген келісімшартқа отыру (Саяси түсіндірме сөздіктен).
Халықаралық қатынас – Халықаралық қатынас эволюциясы екі өзара байланысты процестердің елеулі әсеріне ұшырады – капиталистік сипаттағы әлеуметтік қатынастарға негізделген әлемдік нарықтың бірлігін қалпына келтіру және жаһандану процесінің қарқынды дамуы. Нәтижесінде елдер мен халықтардың өзара тәуелділігі артуда, шешімін табу үшін халықаралық әріптестікті дамытуды талап ететін жалпы әлемдік, ғаламдық сипаттағы мәселелердің көбеюі орын алып отыр (Саяси түсіндірме сөздіктен).
Тест тапсырмалары
1. Жалғаулық шылаулы сөйлем қай қатарда?
А. Қазақстан дүниежүзілік қоғамдастықтың ажырамас бір бөлігіне айналды
Б. Қазақстан шекарасының бүкіл бойында Қауіпсіздік белдеуін жасай алады
С. Құқықтары мен бостандықтары ең жоғары құндылықтары деп жарияланады
Д. Қазақстан мен Ресей екендігі назар аударатын жәйт
2. Қазақстанмен дипломатиялық қарым-қатынас орнатқан елдердің саны?
А. 47 елмен
Б. 120 елмен
С. 68 елмен
Д. 55 елмен
3. Және жалғаулық шылауын керек етіп тұрған сөйлем.
А. Елімізде 68 шетел елшіліктері … дипломатиялық миссиялары жұмыс істейді
Б. Үндістанмен … Пәкістанмен достық қарым-қатынастарды дамытуға мүдделі
С. Барлық беделді халықаралық ұйымдардың … мүшесі атанды
Д. Түркиямен әрі саяси, … экономикалық байланыстарымыз нығая түсті
Студенттердің білімін тексеруге арналған бақылау сұрақтары:
1. Қазақстан сыртқы саясатта қандай бағытты ұстанады?
2. Қазақстан-Қытай ынтымақтастығы қай жылдан бастап дамып келеді?
3. Қазақстан Конституциясы адамды, оның өмірін құқықтары мен бостандықтарын мемлекеттің ең жоғары құндылықтары деп қашан жариялады?
4. Германия мен Қазақстан арасындағы маңызды уағдаластықтарға қай жылы қол қойылды?
5. Шылау дегеніміз не? Оның функциясы қандай?
6. Жалғаулық шылау дегеніміз не? Мысалдар келтіріңіз.
СОӨЖ тапсырмасы: Топпен Қазақстанның басқа елдермен сыртқы саяси байланыстары туралы әңгімелесу.
СӨЖ тапсырмасы: Қазақстан-Түркия мемлекеттері арасындағы байланыстар. «Түркі бірлігін бекіткен сапар» Президент Н.Ә. Назарбаевтың Түркия еліне сапарлары туралы жазыңыз.
Рахмет ретінде жарнаманы басыңыз!