Сүт бездерінің хирургиялық анатомиясы және физиологиясы туралы қазақша
Сүт, немесе кеуде безі (glandula mamma) әйел адамдардың денесінде беткей орналасқан көлемі жағынан ең үлкен безді ағза болып табылады. Оның сыртқы пішіні, көлемі әйел адамдардың жасына, функционалдық жағдайына, жүктілік және бала табу санына т.б. жағдайларға қарай әрқилы болып келеді. Орта есеппен сүт безінің көлденең мөлшері 10-15 см, ұзындық бойымен — 10-12 см, қалындығы 4-6 см құрайды. Сүт безінің бірнеше құрамалары бар (35-ші сурет). А). Безді дене, ол майлы клетчаткадан тұратын капсуламен қоршалған, ал кеуде фасциясынан (f. pectoralis) жұмсақ клетчаткамен бөлінген. Б). Емізше (papilla mamme) және оның айналасындағы пигментті алаң (areola mamme).
Емізше конус, циллиндр, немесе алмұрт пішінді болады. В). Сүт өзектері, яғни сүтті сыртқа шығару жолдары. Олар безді дененің ұсақ өзекшелерінің қосылуынан құралады да емізшеде ашылады.
Қанмен қамтамасыз етілуі. Сүт безі негізінен төрт қан тамырлары арқылы қөректенеді. Олар: ішкі кеуде артериясынан (a. thoracica interna) шығатын 6-7 артерия тармақтары; қолтық артериясының тармақтары ( a. thoracica supremo); қолтық артерисынан шығатын а. thoracica lateralis тармақтары; 4-5 қабырға аралық артериялардың тармақтары.
Сүт безі веналары екі тор құрайды. Безді денеден веноздық қан терең веналар арқылы қолтық, бүғана асты, жоғарғы қуыс веналармен өтеді.
Беткейлі вена торынан қан екі бағытта жылжиды: біріншісі йық аймағындағы және кеуде торының бүйір көктамырлары арқылы ақса, ал екіншісі мойын аймағындағы көктамырлар арқылы өтеді.
Сүт безінің лимфатикалық жүйесінің жағдайында әйелдің өмір кезеңдеріне, жасына, аналық бездің етеккірмен байланысты қызметіне т.б. жағдайларға қарай ерекшеліктер байқалады. Негізінде сүт безінің екі лимфатикалық жүйесін ажыратады: ағзаның ішіндегі және одан тыс жатқан лимфатикалық жүйелер.
Сүт безінің негізгі қызметі (функциясы) — сүт қорту (лактация). Оның даму барысы үш кезеңнен құралады: маммогенез — сүт безінің даму кезеңі; лактогенез — сүтті секрециялау кезеңі; лактопоэз — сүт қорту және оны тұрақты қолдау процесі. Сүт безінің қызметі бірнеше ағзалар, атап айтсақ гипофиз, аналық без, бүйрек үсті безі т.б. гормондарының (фолликулабелсендіруші, лютеиндіруші, гонадотропин, пролактин т.б.) әсерлеріне байланысты болады және солардың арқасында жүреді.
Сут безін зерттеу тәсілдері. Сүт безінің ауруларын, солардың арасында, бүгінгі таңда жиі байқалатын қатерлі ісіктерді ерте анықтау мақсатында зерттеу тәсілдерін ұқыпты жүргізу қажет. Сүт бездерін зерттеу барысы мына жобамен іске асырылады.
1.Көзбен шолып зерттеу. Сүт безін төрт квадрантқа (жоғарғы латеральді, медиальді және төменгі латеральді, медиальді) бөліп, оларды ауру адамның түрегеп тұрған қалпында және кушеткаға жатқызып мұқият қарайды. Зерттеу барысында сүт бездерінің сыртқы пішіндеріне, орналасуының симметриялығына, тері қабатындағы, емізшелердегі және ареолалардағы қалыптан тыс өзгерістерге көңіл аударылады. Қолдарды жоғары көтергенде сүт бездерінің жылжымалдығы анықталады.
- Пальпция тәсілімен зерттеу (екі қолмен бір уақытта жүргізіледі) Бұл зерттеу әдісімен бездердің консистенциялары, оларда ошақты тығыздылықтың болу-болмауы, қозғалмалылықтары, бездің бөлшекті құрылысының сақталуы, қолтық, бұғана асты, бұғана үсті лимфа түйіншіктерінің жағдайы анықталады. Пальпация емізшелерді екі саусақпен қысумен аяқталады. Онда емізшеден шығатын бөліністің (қан, ірің, басқадай сұйықтық) бар жоғы анықталады. Егер бөлініс байқалса одан цитологиялық зерттеуге материал алынады.
3.Рентгенологиялық зерттеу (маммография, контрасты зерттеу- дук-тография
4.Биопсия.
Сут безі ауруларын жіктеу (классификация):
- Туа біткен даму ақаулықтары: амастия — сүт бездерінің мүлде дамымауы; полимастия — сүт бездерінің саны екіден артық болуы; ателия, полителия — емізшенің болмауы немесе бірнеше емізше т.б.
- Жүре пайда болатын даму ақаулықтары: гипертрофия-өте үлкен көлемді сүт бездері; мастоптоз — сүт бездерінің қалыпты орындарынан төмен түсуі.
- Сүт бездерінің жарақаттары (травма).
- Қабыну аурулары: жедел жене созылмалы маститтер, туберкулез, мерез (сифилис), актиномикоз.
- Дисгормональдық гиперплазия: аденоз, фиброз, фиброаденоматоз, геникомастия.
- Ісіктер: а) қатерсіз (фиброма, фиброаденома, миома, т.б.); б) қатерлі обыр (рак), саркома т.б.).
#Сүт #бездерінің #хирургиялық #анатомиясы #және #физиологиясы