Сұраныс бойынша бөлінетін дофамин — Мотивация — Bilim
Басы: Дофамин, нейробиология және нейромаркетинг: неге қалау сезімін бақытпен шатастырамыз
«Менің қалауым» нейробиологиясы
Қуаттау жүйесі бізді әрекетке қалай итермелейді? Ми марапатталу мүмкіндігін байқаған кезде нейромедиатор дофаминін бөледі. Дофамин мидың қалған бөлігіне осы марапатқа шоғырлануды және ашкөздікпен оны қалай болғанда да қолға түсіруімізді бұйырады. Дофаминнің өзі өз-өзінен бақытқа кенелтпейді — ол тек қоздыра түседі. Біз сергектік, ширақтық пен қызығушылықты сеземіз. Рахаттану мүмкіндігін сезіп, соған қол жеткізу үшін аянбай тер төгуге дайын боламыз.
Соңғы бірнеше жылда нейробиологтар дофаминнің әсеріне көптеген атауларды берді, мәселен: іздеу, зауық, ұмтылу және тілеу. Бірақ бір нәрсе анық: бұл рахат, рахаттану немесе марапат сияқты жағымды нәрсенің өзі емес. Зерттеулер егеуқұйрықтың миындағы бүкіл дофаминдік жүйені жойғанның өзінде де жануардың қант бергеніңізде қуанатынын көрсетеді. Тек оны енді тәтті үшін жұмыс істете алмайсыз. Ол қантты жақсы көреді, бірақ оны алмайынша қаламайды.
2001 жылы стэнфордтық нейробиолог Брайан Кнутсон дофаминнің марапатқа ие болуға емес, содан алдын ала дәмеленуге (үміттенуге) жауап беретінін дәлелдеген маңызды зерттеуін жариялады. Ғалым бихевиористік психологиядағы әйгілі Иван Петрович Павловтың — иттердегі шартты рефлекстердің қалыптасуы жөніндегі тәжірибесінің үлгісін қолданды. 1927 жылы Павлов мынаны байқаған: иттер қоректендірудің алдында қоңырау дыбысы естілуіне үйренгенгенде, сол дыбыс естілгенде тамақ көрінбесе де, олардың сілекейі бөліне бастайды. Олар қоңыраудың дыбысын қоректенудің белгісіне балауды үйренген. Кнутсон мидың да сыйдан дәметудегі өзіндік сілекейін бөліп шығарады деп болжады, — және мидың сыйға ие болғанда басқаша жұмыс істейтіні әсіресе маңызды.
Кнутсон зерттеуінде қатысушыларды томографқа орналастырып, олардың шартты реакциясын жасады: экранда белгілі бір таңба пайда болғанда, олар ақшалай жүлдені ұтып алады. Оны алу үшін, түймені басу керек болды. Көп ұзамай, адамдар таңбаны көргенде, миларында қуаттау жүйесі ынталандырылып, дофамин бөлінді — және қатысушылар бар күштерімен түймені баса берді. Бірақ ұтыс кезінде мидың бұл аймағы тынышталып қалатын. Жеңістің қуанышы басқа жүйке орталықтарынан көрінген. Кнутсон дофаминнің бақытқа емес, әрекетке жауап беретінін дәлелдеді. Сыйдан дәмету жеңістен құр қалмау үшін керек болды. Қуаттау жүйесі ынталанғанда, олар рахатты емес, одан дәметуді бастан кешірген.
Өзімізге ұнайтындай болып көрінген нәрсенің бәрі қуаттау жүйесін іске қосады. Дәмді тағам, қайнатылып жатқан кофенің иісі, витринадағы 50 пайыздық жеңілдіктің белгісі, бейтаныс әдемі жанның жымиюы, бізді бай қылуға уәде беретін жарнама. Дофаминнің бөлінуімен қалаудың жаңа нысаны бізге тіршілік үшін аса қажет сияқты болып көрінеді. Дофамин назарымызды жаулап алғанда, ми бізге нысанға қол жеткізуді немесе өзімізге ұнаған нәрсені қайталауды бұйырады. Табиғат біздің аш қалмауымызды ойластырған, өйткені жидек теру — маңызды шаруа, ал адамзат ұрпағы серіктестің көңілін аулау тым қиын шаруа болғандықтан ғана жоғалып кетуге тиіс емес. Дене бақытқа пысқырып та қарамайды, бірақ тірі қалу үшін күресуіміз үшін, бізді содан үміттендіреді. Сондықтан ми біздің аң аулап, жидек теріп, жұмыс істеп, құдаласуымыз үшін, бақытты бастан кешіруді емес — оны дәмелену сезімін пайдаланады.
Әрине, біз қазір мүлде басқа әлемде өмір сүреміз. Мысалы, майлы немесе тәтті тағамды көргенде, иіскегенде немесе дәмін татқанда дофаминнің бөлінуін алайық. Дофаминнің бөлінуі біздің тоя тамақтанғымыз келетініне кепілдік береді. Тамақ аз жерде өмір сүріп жатсаңыз, тамаша инстинкт. Алайда біздің ортамызда тағам қол жетімді ғана емес, ол сонымен бірге, дофаминнің жауабын барынша арттыратындай етіп әзірленеді, сондықтан әрбір осындай ұмтылыс — ұзақ өмір сүруге емес, семіздікке апаратын жол.
Немесе шәхуат оятатын кейіптердің қуаттау жүйемізге әсерін ойлап көріңіз. Бүкіл адамзат тарихында жалаңаш адамдар тек шынайы серіктестерінің алдында ғана тартымды кейіптерге енген. Әрине, генофондта өз ДНҚ-ңызды қалдыру үшін мұндай жағдайда әрекет істеу ниетінің әлсіздігі қисынсыз болар еді. Бірақ бірнеше жүз мың жыл өткен соң, біз жарнамада және ойын-сауық индустриясында қаптап кездесетін шәхуат оятатын кейіптер туралы айтпағанның өзінде, интернетте шәхуат оятатын бейне роликтер әркез қолжетімді әлемге тап болды. Осындай шәхуат оятатын «мүмкіндіктердің» әрбірінің ізіне түсу арқылы адамдар сондай (шәхуат оятатын) сайттарға тәуелді болады және әтірден дизайнерлік джинсыға дейін бәрін сату үшін құмарлық сезімін пайдаланатын жарнамалық науқандардың құрбанына айналады.
Сұраныс бойынша бөлінетін дофамин
Егер осындай жабайы мотивация жүйесімен марапатты күттірмейтін заманауи технологияларды қосатын болсақ, онда мүлде дерлік ажырағымыз келмейтін ынталандырушы құрылғыларға қол жеткіземіз. Жаңа хабарламаларды тексеріп, автожауап беру батырмасын басқанда қалай дегбіріміз қашқаны біразымыздың есімізде. Сосын ғаламторға қосылғанда, компьютердің: «Сізге хат келді!» деп қуантуын күттік. Енді бізде психиатр Роберт Хилдің (алдыңғы бөлімде жазылған) өз-өзін ынталандыру құралдарының заманауи нұсқасы — Facebook, Twitter, электронды пошта, мәтіндік хабарламалар бар.
Бізге біреу хат жазып, немесе YouTube арнасындағы келесі бейнебаян бізді күлдіруі мүмкін болғандықтан, біз парақшаны қайта-қайта жаңартып, сілтемелерді басып, құрылғыларымызды тексере береміз. Тап миымызға смартфон мен ноутбуктардың сымы жалғанып және олар бізге дофамин разрядтарын үздіксіз беріп тұрған секілді. Қиялды қоздыратын нәрселер, шегетін шөптер немесе инъекцияға арналған заттардың ешбірі де дәл жоғары технологиялар сияқты күшті тәуелділікті тудыра алмайды. Бұл жабдықтар санамызды жаулап барады, біз оларға жиі жүгінетін болдық. Біздің ғаламтордағы істейтін негізгі әрекетіміз — сыйдан дәметтірудің керемет метафорасы сияқты: біз іздейміз. Тағы іздейміз. Сосын тағы іздейміз, тінтуірді түртіп әлгі… келесі разрядтан дәмеленген тордағы егеуқұйрыққа ұқсап, бізге ақыр соңында қанағаттану сезімін сыйлайтын қол жеткізбес сыйдан үміттене береміз.
Мүмкін, ұялы телефондар, ғаламторды шарлау мен әлеуметтік желілер біздің қуаттау жүйемізді қасақана жауламайтын шығар, ал компьютерлік және бейнеойындарды құрушылар ойыншыларды бағынышты қылу үшін мұны әдейі қолданады. Келесі деңгейге өту немесе ұлы жеңіске жетудің кез келген сәтте болуы мүмкін — ойынды соншама қызықты етіп тұрған осы нәрсе. Сондықтан одан бас көтеру өте қиын. Зерттеулердің бірінде бейнеойыннан амфетаминді пайдаланумен сәйкес келетін дофаминнің бөлінетіні байқалды: дофаминдік безгек ойын тәуелділігіне де, есірткі тәуелділігіне сеп болады. Ұпайларды қашан алып, келесі деңгейге қашан өтетініңізді алдын ала біле алмайсыз, сондықтан дофаминергиялық нейрондарыңыз атқылай береді, сөйтіп, орындыққа жабыса түсесіз. Біреу мұны керемет қызыққа, ал біреу — ойыншыларды аморальды түрде қанаушылыққа балайды. Қолына джойстик ұстаған әрбір адам байланып қалмайды, бірақ соған бейімі барларда кез келген есірткіге сияқты ойынға деген тәуелділік пайда болуы мүмкін. 2005 жылы 28 жастағы корейлік бойлер жөндеуші шебер Ли Сенг Сеп қатарынан 50 сағат бойы StarCraft ойынын ойнап, жүрек-қантамыр жетіспеушілігінен көз жұмды. Ол ұйқы мен тамақтан бас тартқан. Бұл жағдайдың Олдс пен Милнердің иінтіректі талып түскенше басқан егеуқұйрықтарын еске салмауы мүмкін емес.
Материалды жақсылап қорытып алыңыздар, жалғасы бар…
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Дереккөз: Bilim All