Сүндет той сценарийі — Қазақша сценарийлер
Сүндет той
Сүндеттой – ежелгі
дәстүрлердің біреуі. Әр заманнан оған өзгешеліктерін енгізгенімен,
мұсылмандықтың бұл қадамының діңгегі шайқалған жоқ. Ендеше, бұл тойды
өткізгенде жаңа заман ерекшеліңтерін барынша ескере отырып, бұрынғы халық
дәстүрінен айрылмауға тырысайық.
Той өтетін жердің
(дәмхананың, мейрамхананың, т.б.) есігінен бастап, мүмкіндік болса, қазақтың
ұлттық киімін киген қыздар мен ұл балалар қарсы алады.
Жиналушылардың
жанын серпілтер күй күмбірлеп, ән шалқиды. Келген қонақтар сүндет тойға құр қол
келмейді. Баланың мұсылман болған құрметіне алды боталы түйе, құлыгды бие, соңы
қозылы қой (немесе, бүгінгі өмір талабымен: аудио-видео аппаратуралармен,
компьютерлік ойыншықтар, жақсы тігілген фирмалық киімдер, велосипед, т.б.)
тарту етіп, «көрімдігі» деп ақшалай да сыйлық беріп жатады. Мұсылмандардың ең
қастерлі тойларының бірі болғандықтан, келуші де, күтуші де барын аяп қалмайды.
Жұрт жиналып
болғаннан кейін асаба той бастайды:
Бисмилла ир-рахман-ир-рахим!
А-а-ау!
Ат арытып алыстан
Келе құшақ жайысқан,
Қызын алып, қыз беріп,
Қызықтарын бір көріп,
Құдайымдай сыйлайтын,
Құдайына қимайтын
Құдаларым, қош келдің!
А-а-ау!
Алыс ауыл арасын
Жақын қылған нағашым,
Ақ көңілді баласын
Ақын қылған нағашым,
Нағашымның жаңасын
Іздесең қайдан табасын?
Нағашылар, қош келдің!
Өсіп-өнер жұртыма,
Өріс болған жиенім.
Айқасқанда жауымен,
Жеңісті алған жиенім.
Елдігін де білемін,
Кеңдігін де білемін,
Кездесе алмай жүр едім,
Жиендерім, қош келдің!
Бір-бірінің жан сырын,
Айтқызбай-ақ ұғысқан.
Аралары тату боп,
Арылмаған ырыстан.
Ауыр жүкке жұмылып,
Бір жағына шығысқан,
Аман болғын әрдайым,
Айналайын туысқан,
Туған-туысқандар, қош келдің!
Ынтымағы жарасқан,
Ықыласпен қарасқан,
Туысқандай, туғандай
Көршісімен санасқан,
Көршілерім, қош келдің!
Мұсылмандық белгісі –
Ер баланы сүндеттеу.
Имандылық белгісі –
Сол сүндетті құрметтеу,
Діннің жолын құрметтеу.
Ақындарға болмас-ау,
Сүндет тойды жыр етпеу.
Әр адамға жарасар,
Тойымызды бастадым,
Айтып елдің жақсы әнін.
Сүндет тойы жаңғырсын,
Жарып ауыл аспанын,
Осындай ұлы дәстүрді
Жалғастырсын жастарың,
Құтты болын тойларың!
— Ал енді, бүгінгі
тойдың егесі, батырымыз өз нөкерлерімен келе жатыр екен. Барлығымыз бірге
жабыла күтіп алайық.
Ұлттық сарындағы
музыка ойнап тұрады, батырдың киімін киген бала алшаңдап басып келе жатады,
соңында қазақ киімін киген ұл балалар. Әжелер шашуларын шашып, батырларды төрге
шығарады.
Барлығы арнайы жабдықталған орынға барып отырады.
Сүндеттелген баланы
сүндет жейдесімен (иығына жабылған аппақ мата) жиналған топтың ортасына, биік
орындыққа шығарып қояды. Екі жағында екі жеңгесі баланы қолтығынан демеп
тұрады. Жеке тұрған орындыққа ашамай қойылып, ашамайға сүндет қоржын артылады.
Асаба тойды бастап
болғаннан кейін кезекті әнші-ақынға береді. Ол ортаға сүндеттелген ұланмен
бірге жеңгелерін шығарып, домбырасын шертіп-шертіп алып:
Әу!
Ал, балақан, балақан!
Саған елді қаратам.
Ерке болып еліне,
Балпаңдаған балапан.
Пышақ тиіп теріңе,
Талтаңдаған балапан.
Жиналған жұртқа таңданып,
Жаутаңдаған балапан.
Сүндеттеліп сәтімен,
Сен де болдың мұсылман.
Қызыр бабаң қыдырып,
Кетпей жүрсін тұсыңнан.
Мұхамедтің өзі еді
Имандылық ұсынған.
Жаңа ғұрып бастайық,
Сөз тыңдасаң кішкене.
Ел қуансын, кәнеки,
Көзін тігіп пішпеңе.
Мұсылмандық жолмен жүр,
Күпір қылық істеме.
Берсін елің пішпеңе,
Көрімдігін үстеме.
Ал, халайық, халайық,
Балапанға қарайық.
Дінімізді құрметтеп,
Мұсылманға санайық.
Діннің жолы – түзу жол,
Түзу жолды қалайық.
Көрімдігін сүндеттің,
Қоржынына салайық.
Ал, келіңдер, келіңдер,
Сүндетті ұлды көріңдер.
Ата ғұрып жолымен
Баталарың беріңдер.
Ал, балдырған, балдырған,
Жұрт мейірін қандырған.
Балам жігіт болды деп,
Еліне жар салдырған,
Алыстағы жақынын,
Ат жібертіп алдырған.
Мұсылмандық дәстүрін,
Отауында жандырған,
Ата-анаңа мол құрмет!
Мұсылмандық – бір міндет,
Құтты болсын бұл сүндет,
Ақ сақалды атаңа,
Ақ ниетті әжеңе,
Балапаным, бір көрсет!
Әжесі ортаға шығып, бешпетінің омырауынан бір сөлкебайын
үзіп алып «менің жолым мен жасымды берсін» деп сүндетқоржынға
қыстырады да, немересінің бетінен сүйеді. Әрі қарай
әнші-ақын тағы да шырқай жөнеледі.
О-о-оу!
Ал, бөбегім, бөбегім,
Құрметтеуде сені елің.
Имандылық ұшқынын
Келбетіңнен көремін.
Асқар тауың, қорғаның,
Саясы мол орманың
Қалап еді ұлының
Шын мұсылман болғаның.
Әкенің тілің ала жүр,
Жаман бала болмағын.
Балапаны қыранның,
Қанатыңды қомдағын.
Қырандардай биікте,
Қиялдарда самғағын.
Өмір жолы – ұзақ жол,
Ұзақ жолда талмағын.
Еңбек, өнер, ғылым да
Қатарыңнан қалмағын.
Биік болсын талғамың,
Халқын сыйлар адам бол,
Орындалсын арманың.
Мұсылмандық – ұлы міндет,
Құтты болсын бұл сүндет.
Әкесі де алдыңғылардың ісін қайталайды.
О-о-о-у!
Ал, құлыншақ, құлыншақ,
Төбесінде тұлымшақ.
Аналардың қадірін,
Ақ тілеумен ұғынсақ:
Құшағына енгізіп,
Ақ торсығын емізіп,
Алпыс екі тамырын,
Алғыспенен идірген,
Жанарынан нұр құйып,
Мейірімін білдірген.
Ақ бесікке мәпелеп,
Қоңырауын ілдірген,
«Құлыным» деп әлпештеп,
Алаңсыз — шат күлдірген.
Тұсауыңды кестіріп,
Тәй — тәйлатып жүргізген.
Мұсылмандық – ұлы міндет,
Құтты болсын бұл сүндет.
О-о-о-у!
Көгершін дегенде
Тілім неге бөгелсін.
Келешегің, бөпешім,
Нағашыңмен көгерсін.
Туған жерің сен еккен,
Ағашыңмен көгерсін.
Қиналғанда қысылмай,
Нағашыңа сенерсің.
Нағашыңның бар ісін,
Көгершін, немен төлерсің?
Есейгенде ер болып,
Жақсылыққа бөлерсің.
Мұсылмандық – ұлы міндет,
Құтты болсын бұл сүндет.
О-о-о-у!
Ал, қарғашым, қарғашым,
Саған айтар бар ма сын?
Өлеңімді бітейін,
Ұзақ күтіп талмасын.
Ел бастайтын көсем бар,
Сөз бастайтын шешен бар,
Қол бастайтын батыр бар,
Жыр бастайтын ақын бар,
Нағашың бар, жиен бар,
Періштең бар, киең бар,
Үлкен де бар, кіші бар,
Ел қадірлер кісі бар,
Сен қастерлер адам бар,
Неше түрлі маман бар.
Талай адам бата алған,
Әжең де бар, атаң бар.
Жездей де бар, апаң бар,
Әкең де бар, шешең бар,
Сүндет тойға жиналған,
Қаумалаған халқың бар.
Сүндеттейтін ұлдарың,
Мұсылмандық салтым бар!
Сол салтымды қарғашым,
Халқым әрі жалғасын.
Мұсылмандық – ұлы міндет,
Құтты болсын бұл сүндет!
Осыдан кейін шашу шашылады. Қонақтар жолына, жасына қарай
рет-ретімен дастархан басына отырғызылады. Жұрттың бәрі жайғасты-ау дегенде
асаба сөз бастайды.
Асаба (ұсыныс-үлгі
ретінде). Уа, қадірлі көпшілік! Бабаларымыздан бері келе жатқан салтымыз
бойынша мұсылмандық міндеттің бірі – ұланды сүндетке отырғызу рәсімін
жасағаннан кейін сол ұлағатты іске ауыл-аймақ куә болсын деген ниетпен тойға
жинап отырған шаңырақтың ақсақалы өздеріңізге деген, немересіне деген батасын
берсем дейді:
Ақылың ассын,
Ықыласың тассын,
Жақының көп болсын,
Дұшпаның жоқ болсын.
Жақсы келсін қасыңа,
Нұр жаусын басыңа.
Көшің көлікті болсын,
Қонысың түлікті болсын.
Қатулықтан аулақ бол,
Татулыққа жақын бол.
Дәуренің сәнді болсын,
Ғұмырың мәнді болсын,
Таңың азанды болсын,
Үйің қазанды болсын.
Шаңырағыңа шат құйылсын,
Дастарханыңа жұрт жиылсын!
Осы айтқандарым пайғамбардың
құлағына шалынсын.
Әумин!
Той әрмен қарай
асабаның басқаруымен жүргізіле береді.
Біраз дәм татып,
тілек білдіріп, ән тыңдаған соң, азырақ
бой жазбаққа үзіліске шығуға болады. Үзіліс кезінде ән, би, күй, ойын жарысы
болады. Үлкен, кіші бүгінгі той күні өз өнерлерін ортаға салады. Үздік өнер
көрсеткендер сый-сыяпат алады. Тойдың қызықты өтуіне үлкен демей, кіші демей
барлық қонақ ат салысады. Үзіліс аяқталғаннан кейін қонақтар қайыра
дастарханына шақырылады. Екінші отырыс та алдыңғы секілді тілек, бата, ән
араласып қызықты тартымды өткізіледі. Осы дастарқан үстіне мүше-мүшенің
жөн-жолымен ет тартылады.
Басты бата берген
кісінің алдына қояды да, бала бастың үстіндегі бір жапырақ етті алып жейді.
Тойдың соңында
тойбастар айтылған жерде тарту-таралғы таратылады. Бұл, тойшы қауымның ауылдың
алты ауызын айта отырып, той иелерін мадақтауы, тойға ризашылығы және «келесі
тойға дейін аман болайық» деген тілекте әнмен қоштасуы.
Тойбастар
Өмірге кімдер келіп, кім кетпеген,
Жақсыны жақсы ғана білмек деген.
Сәрсенбі – сәтті күні той қылыпсыз,
Тойыңыз құтты болсын сүндеттелген.
Ендеше мұсылмандық, мұсылмандық,
Тойыңда ән салудан қысылмалық.
Балаңның сүндетіне, құрметіне,
Азырақ алты ауыз ән ұсыналық.
Ән айттым пайғамбардың үмбетіне,
Сөз жаздым ақ қағаздың бір бетіне.
Тойыңыз құтты болсын сәрсенбінің
Сәтінде той жасаған сүндетіне.
Ендеше қарағайлы, қарағайлы,
Топ жылқы қарағайды аралайды.
Ән шырқап, әзілдесіп отыралық,
Үндемей қойғанымыз жарамайды.
Ендеше теріскейлі, теріскейлі,
Топ жылқы теріскейді тегіс жейді.
Бұл әнді сіз айтыңыз, біз қошталық,
Үндемей отырғаның келіспейді.
Баласын молда келіп пішкен бе екен,
Жолына мұсылмандық түскен бе екен.
Өзім де ақын едім арындаған,
Көпшілік «ТОЙ БАСТА» деп күштер ме екен
*********