Сүйінбай шығармашылығы | Скачать Материал

0


Сүйінбай Аронұлы
(1815-1898)
 
Сүйінбай – айтыс өнерінің алтын діңгегі.
(М. Әуезов.)
 
 
Сүйінбай Аронұлы Алатаудың аса сұлу бетбауыр бөктеріндегі Алматыға тиіп
тұрған Қарақыстақ ауылының Бұлақ деген жерінде 1815 жылы туып, 1898 жылы 83
жасында дүние салған. Болашақ даңқты жырау жасында жоқшылық тауқыметін көп
тартқан. Жастай жетім қалып, байдың малын бағып, тамағын асыраған. Ол
туралы өлеңдерінде ақынның өзі де айтады. Ал ақын Кожахмет Тұрлыбайұлы бір
өлеңінде:
 
Сүйінбай он жасында қалды жетім,
Жылаумен секпіл басқан екі бетін.
Жетімді жетілдіріп, жүйрік еткен
Алланың көрмеймісің
құдіретін, –
 
деп, Сүйінбайдың бала кезі туралы нақты дерек келтіре отырып, жетім баланың
ақындық өнердің шыңына шырқағандығына таңданады. Белгілі бір адамның
бойындағы басқаларда жоқ ерекше қасиеттері, соның ішінде ақындық өнері
туралы да, халық: «тұқымында бар», «өлең (ақындық) қонған» дейді. Мұның
мәнісі: тегінде – аталары немесе нағашыларында бар ақындық түптің-түбінде
ұл-қыздарының біріне көшеді дегенді білдіреді. Сүйінбайдың 13-14 жасында
шығарған «Түс» деген өлеңінде осындай ойға бастайтын құбылыс жайында сөз
болады. Шүйбек деген байдың қойын бағып жүргенде, бір күні түс көріп,
ұйқысынан өлеңдетіп оянғанын ол қожайынына былайша баяндайды:
 
Атыңнан айналайын Қызыр бабам,
Түсімде таңға жуық келді маған.
Білмеймін «өлең» – деді,»көген» –деді,
Сайрауық құстар келіп төнді маған.
Менің тұр қолды-аяққа тұрғым келмей,
Қойды ғой қойыңа да қырғын келмей!
Аузымнан түйдек-түйдек шыққан сөзді
Не дейін сөз кестесі – өлең демей?!
Сен маған ұлықсат бер, Шүйбек байым,
Әйтеуір, тегін емес Сүйінбайың.
Жын соқты ма, білмеймін, таңертеңнен
Көңілім ұйқы-тұйқы құйындайын…
 
Түс көріп, ақын немесе сазгер, т.б. болып ояну секілді жағдайлар
болашақ өнер иелерінің өмірінде кездесе береді. Сүйінбайдың рухына
табынумен өткен ұлы шәкірті – Жамбыл да:
 
Өлең кірген түсіне
Жөргегінде мен болам.
Қинама, әке, қинама,
Болмас енді зорлаған, –
 
демей ме?! Тұла бойын өлең кернеп тұрған соң осылай деген де.
Ал шыққан тегі жағынан келгенде, жыраудың арғы атасы Күсеп әрі ақын,
әрі қобызшы болса, нағашысы Қабан Жетісудағы ақындық, жыраулық өнердің ірі
өкілі болған. Сүйінбай бозбала кезінде жеті тәулік бойы сол нағашы атасының
кешінен қалмай, ілесіп жүріп, батасын алыпты.
Сөйтіп, Сүйінбай 13-15 жасынан ақындық жолын қуады. Баяғының неше алуан
жыр-дастандарын, аңыз-қиссаларын жиын-тойларда жатқа айтып, өз жанынан да
шығарады.
Қаршадайынан қолына домбыра алып, өлеңді өмір серік еткен жыраудың 60
жылдан астам уақыт бойы тоқтаусыз шығарған жыр мұрасы ұшан-теңіз болған.
«Соққан желдей, аққан селдей» өрен жүйріктің ақындармен айтыстары, ел
қорғаған ерлерге арнаған ұзақ жырлары, арнау, сықақ-сын, мінездеме, қағытпа
өлеңдері, өмір туралы толғаныстары өте көп болған. Өкініштісі, соның бәрі
біздің дәуірімізге түгел жетпеген. Ал бізге жеткен туындылары Сүйінбайдың
табан астында тауып айтатын ғажайып тапқыр, сөздің реті келгенде «ешкімнің
атағына бас ұрмайтын, басынан құс асырмайтын» әділ де турашыл, даңғыл да
дана ақын болғанын көрсетеді. Сүйекеңді қазақ өлеңінің ғана емес, қырғыз
елінің де атақты ақындары дара талант ретінде бағалаған. XIX ғасырдың
екінші жартысында Жетісу жерінің өлең туын аспандатқан Жамбыл бастаған
саңлақ таланттары Сүйекеңнің шәкіртіміз деп, ұлы ақынды пір тұтқан.
Жамбылдың:
 
Бата берген Сүйінбай, –
Жырдың тіккен туындай…
Ақындардың ақыны,
Айдын көлдей ақылы, –
 
деп ардақтауы сондықтан.
 
Елдігіміздің аса маңызды нышаны – тұңғыш теңгемізде Сүйекең бейнесінің
болғаны халықтың қадірменді ақынына деген зор сүйіспеншілігін танытса
керек.
 
Сүйінбай шығармашылығы
Сүйінбай – XIX ғасырдың 30-жылдарынан 80-жылдардың соңына дейін алпыс
жылдан астам іркіліссіз жырлаған, айтыста жеңіліп көрмеген аса көрнекті
ақын-жырау. Оның өлеңдері мен айтыстарында XIX ғасырдағы қазақ елінің өмір-
тіршілігі, арман-мұраты көрініс тапқан. Жасынан қолында билігі мен байлығы
барлардың кедей- кепшікке көрсеткен зорлық-зомбылығын, әлеуметтік
әділетсіздікті көріп-біліп өскен ол қара халықтың жоқшысы болды. Би мен
бектің, атқа мінерлердің халыққа жасаған қиянаттарын алмастай өткір
жырлармен естен кетпестей қып бетіне басты. Ел бірлігін, оның
тәуелсіздігін, сол жолдағы ерлердің жанқиярлығын талмай жырлады. Ол өзінің
бұл биік адамгершілік-этикалық ұстанымын жолын қуған талантты шәкірттерінің
көкірегіне құйып отырған. Қаратай, Өтеген, Сұраншы, Сауырық, Сыпатай сияқты
жоңғар қалмақтарына соққы берген, Жетісуды Қоқан басқыншыларынан азат еткен
даңқты батырлар жайында Жамбыл бастаған кейінгі ақындар Сүйінбайдан қалған
үлгімен жырлаған. Қырғыз эпосы «Манас», көне түркілік «Көрұғлы», түбі
шығыстық «Шахнама», «Тотының тоқсан тарауы» тәрізді ұлы туындыларды жырлап,
келесі ұрпаққа жеткізген.
 
Өлеңдері
Сүйінбай – ірі ақын. Сондықтан оның қозғаған тақырып, көтерген
мәселелері де ірі болып келеді, соған орай ойы да өрелі, тілі де өрнекті
шығады.
Сүйінбай үнемі халыққа арқа сүйеп, ру емес, тайпа емес, тұтас елдің
мүддесін жырлайды, ел үшін оттан да, судан да тайынбай, өмірін қиған
ерлерді мадақтайды. Елдік, ерлік идеясы – Сүйінбайдың өлеңдері мен жыр-
дастандарының, айтыстарының өн бойына тартылған өзекті идеясы.
Ақын шығармаларының бір парасы осы елдік пен ерлік тақырыбына арналған.
Солардың ішінде елдік пен ерліктің гимні іспетті «Бөрілі менің байрағым»
өлеңінің орны бөлек. Онда бір тайпа елдің ғана емес, бүкіл қазақтың, түпкі
тегі – көк бөріге сиынған, оның басын ту етіп, тұлпар мініп, елін қорғаған
сонау хүн-түркі заманынан қанына сіңген халық рухы есіп тұр.
 
Бөрілі байрақ астында
Бөгеліп көрген жан емен.
Бөрідей жортып кеткенде,
Бөлініп қалған жан емен, –
 
деп басталатын өлең шумағынан дүркірей жөнелген қалың қолдың дүбірі, әр
сөзінің саф алтындай салмақты мағынасы, елдің намысы, бүтіндігі жолында бір
ту астына жиналғандардың бөлінбес бірлігі, бөгеліп, іркіліп көрмеген өршіл
өжеттігі атойлап тұр.
Төрт жолдың басындағы сөздердің: «Бөрілі, Бөгеліп, Бөрідей, Бөлініп»
делінетін дыбыстық үндестігі де үлкен ақындық шабыт пен шеберлікті паш
етеді.
 
Бөрілі найза ұстаса, Бәрі байрақ көтерсе,
Түйремей кеткен жан емен. Жоқты жонып табамыз…
Бөрілі байрақ құласа, Бөрі басы – ұраным,
Күйремей кеткен жан емен. Бөрілі менің байрағым.
Жау тисе жапан далада, Бөрілі байрақ көтерсе,
Бөрілі найза атамыз. Қозып кетер қайдағым.
Қарасайлап шабамыз,  
Қызыл қанға батамыз.
 

Мұндай жігерлі сөздерді ерлікті, бірлікті қастерлеуші ғана емес, өзі де
іркілмес ер, қайтпас батыр ақын ғана айта алса керек. Жазатайым бөрілі
байрақ құласа, намыстан талқан боп күйреп қалатын, бөрілі байрақ астында
қабақ шытпай қанға бататын, бөрілі байрақ көтерілсе, жоқты бар қылатын,
барды зор қылатын, бөрілі байрақты көргенде қаны қайнап, қайраты тасып,
бойын намыс кернейтін ерліктің, елдіктің жыры осылай-ақ жырланатын болар.
Ақын елдіктің, еркіндіктің символы – бөрілі байрақ арқылы халықтың намысы
мен жігерін қайрап, қанын қыздырып, бірлікке, ерлікке, елдікке шақырады.
Ақынның «Ту алып жауға шапсаң сен» – деген өлеңінің рухынан да атынан
да көрініп тұрғандай, осы өлеңмен үндес. Онда атақты батырлар Сұраншы мен
Сауырыққа ақын өзі ат сабылтып келіп, «Сарыкемердегі елді Қоқандықтар шауып
кеткенде, бұл жатыстарың не жатыс»:
 
Қоқанның қолы мықты деп,
Жатырмысың жабығып, –
 
деп, қос батырдың намысына тие сөйлейді, әрі қарай ақын:
 
Батыр елден шығады,
Ұрандап жауға шабатын.
Ақын елден шығады,
Айтыста шалып жығатын… –
 
деп, батырлық пен ақындықтың елге қызмет ететіні, сонда ғана аттарына сай
болатыны жайында мәнді ой айтады. Қоқанның ханы Құдиярдың қағынып, елге
жасаған зұлымдығын айта келіп, бұрынғы өткен Қарасай батырды:
 
Тобын бұзып дұшпанның,
Жауына жеке тиетін, –
деп үлгі етеді де:
Ел шетіне жау келсе,
Беліне садақ ілетін
Еңіреген ерлер қайда екен?!
деп, сұрақ тастайды.
Қазақ қазақ болғалы,
Қазақ атқа қонғалы,
Не көрмеді бұл елім?! –
 
деп, кемеңгер жырау бүкіл қазақ елінің басынан өткен ауыр күндерді еске
түсіріп, қинала күрсінеді. Мұның бәрін ол алдындағы екі батырға ой салу,
шамырқандыру мақсатымен айтып отыр. Соңында өмір-бұйрықтай сөздермен:
 
Ақтұяқ атқа мінесің,
Бүгін маған ересің, –
 
дей келіп, – «Сұраншы, Сауырықтай ерлеріне елі де ереді», – деп, еліне де,
батырларына да сенім білдіреді. Бұдан ақынның арғы-бергіден жете
хабардарлығы да, көңілі жүйрік, көрегендігі де көрінеді.
Елдік пен ерліктің бірлігі ақынның «Сұраншы батыр», «Жабай батыр»
толғаулары мен айтыстарында, соның ішінде қырғыздың атақты ақындары
Қатаған, Арыстанбектермен айтыстарында, басқа да өлең, термелерінде кеңінен
жырланады.
Сүйінбай шығармашылығында көлемі жағынан арнау өлеңдер қомақты орын
алады. Соның ішінде, әсіресе Сүйінбайдың ақындық болмысы мен темпераментін
танытатын, идеялық мазмұны мәнді, көркемдік шеберлігі жоғары бір шоғыр
туындылары – халқын ойламайтын билеушілерге, «атқа мінерлер» деп
аталатындарға арнау түрінде шығарылған өлеңдері. Және солардың бәрі дерлік
аттары аталатын төре, болыс, манаптардың сыртынан емес, бетпе-бет отырып,
шаршы топтың алдында айтылған жырлар.
Есте болатын бір жайт, мұндай «атқа мінерлердің» отаршылардың шен-
шекпеніне сатылып, өз халқын қосыла тонағанын, ұлықтар алдында «қыздан да
қылықты» (Дулат жырау) жағымпаздығын, елге келіп «бергенім жоқ белімді»
(Абай) деп күпінетін екіжүзділігі мен намыссыздығын, т.б. сынау, шенеу,
жалпы алғанда, бүкіл XIX ғасыр әдебиетіне тән басты сипат. Ал Сүйінбай сол
ғасыр әдебиетінің реалистік, демократиялық, халықтық бағытын тудырған
сыншыл да шыншыл ақындар тобының алдыңғы санында болды. Оның ащы сын-
сықағын шығыста Барақ, Кеңесбай, Сүлеймен сияқты төрелердің міндерін бетіне
басқан Дулат жырау Бабатайұлы, батыста өзін жарты патша санаған Баймағамбет
сұлтанды жерге қаратқан Шернияз сықылды от ауызды, орақ тілді ақын-жыраулар
туындыларындағы сатирамен салыстыруға болады. Сүйінбайдың олардан бір
өзгешелігі – оның қатты сынайтын адамның бірі – Тезек төре Жетісудың
билеушісі ғана емес, дарынды ақыны да еді, ал Үмбетәлі – қырғыз елінің
қаһарлы ханы болатын.
«Төрелерге» деген өлеңінде Сүйінбай бір өңірдің атқа мінерлерінің
нашарға жасаған қиянатын, зорлығын, әділетсіздігін бас-басына тізіп айтып
шығады.
 
Дәулетбақтан – Ноғайбай, сен бір арсыз,
Байсүгір – Қараталдан тұғыянсыз.
Ыстанбек, төремін деп мақтанбағын,
Бұл арсыздың ішінде сіз де барсыз.
Дүниеден Сарыбай да кетті көшіп,
Бұл жерде Нарбота отыр желдей есіп.
Алдыңа бір жауапкер екей келсе,
Түйе басы тоғызды салма кесіп.
Ала бұқа көзденген Атамқұл бай,
Жұртыңа жақсы болсаң, боласың жай.
Құланаян, маржаны айдап жедің,
Тәңір алдына барғанда қайтесің-ай!
 
Ақын әрі қарай әр билеушінің қиянатының түрін, әдіс-айласын атап
көрсетеді.
 
Біреудің көз саласың құзырына,
Мен тұрмын аң-таң болып қызығыңа.
Аударып ақты арамға пәре жейсің,
Не дейін әділетсіз бұзығыңа.
Келдіңдер осы топқа барайын деп,
Бір шайқам май түсе ме, қарайын деп.
Момын малын зұлымға алып беріп,
Нашардың қайтарсыңдар талайын жеп.
Айтамын білгеннен соң, көзім ашық,
Төрелер, кеп отырмын дидарласып.
Тау басына жиналған тазқаралар,
Жемей ме қарны ашса көкей жасық.
 
«Ақты арамға аударып» пара жейтіндерді, «момын малын зұлымға алып
беретіндерді» жемтік көрсе жалбаңдап, «тау басына жинала қалатын
тазқараларға» балайды. Бір өлкенің билігі қолдарында тұрған шонжарларды
бұлайша масқаралау үшін қандай ірілік пен жүрек жұтқан батырлық керек
десеңізші.
«Датқалар» деген өлеңінде ақын батыры Қарасайдай, ханы – Абылайдай
болған заманды көркем тілмен кестелей келіп, датқалардың «ұрты кеуіп
мақтанып», «екі ауылды егер қылатын ерлігін» мысқылдайды.
 
Елге жақпас қылығы,
Бұл заманның ұлығы.
Параменен мал жинап,
Бойынан асқан былығы.
Оязға қайтсем жағам деп,
 Үзілер болды жұлыны.
Өз елін өзі қарақтап,
Ебі келсе тамақтап,
Кер ақтарған қорқаудай,
Датқалар жүр жалақтап.
 
Сүйінбай суреттеген Жетісу датқалары мен Дулат жырларындағы Семей
төрелерінің бейнелерінің бір-бірінің көшірмесіндей дәлдігі қайран
қаларлықтай.
Бұл топқа жататын өлеңдерінің ішінде қазақтан асып, көршілес қырғыз
халқының зұлым шонжарларын жер-жебіріне жете сынаған өлеңдері де бар. Соның
бірі – «Үмбетәліге» деген арнауы.
Сүйінбай бетпе-бет отырып сынайтын Үмбетәлі – қырғыз елінің ханы. Оның
әкесі Орман да хандық құрған. Тарих деректері … жалғасы

Рахмет ретінде жарнамалардың біреуін басуды сұраймын!