Су — тіршілік көзі — Қазақстан және қазақтар туралы — Рефераты на казахском языке — Библиотека

0

1-тапсырма. Сөзіңіз құнарлы болсын! Мақалдарды түсініп оқыңыз.

Су – дүниенің басы.
Су – өмір нәрі.
Судың да сұрауы бар.

 2-тапсырма. Ой шақыру.

–    Су – тіршілік тірегі деп не үшін айтады?
–    Біздің өміріміздегі судың ролі?

3-тапсырма. Тірек сөздермен жұмыс. Сөздікті пайдаланыңыздар.

Тіршілік, тұрмыстық қажеттілік, тұщы су, ауыз су, сан алуан қақтығыс, үнемді пайдалану, су тапшылығы, қырғиқабақтану, 

4-тапсырма. Мәтінді оқыңыз. 

Әлемдегі ендігі соғыс су үшін болуы мүмкін

      Біздің планетамыздың ең қымбат,  ең бағалы байлықтарының бірі – су және су көздері. Өйткені, жер бетіндегі барлық тіршілік суға тәуелді. Қазіргі адамзат өркениеті дамыған заманда судың маңызы еселене түсті. Судың пайдаланылмайтын саласы жоқ. Су – күнделікті тұрмыста ауыз су ретінде және де басқа тұрмыстық қажеттіліктерге керек. Қоршаған ортаны өмір сүруге қолайлы жағдайда ұстап тұру үшін су қажет. 
     Қазіргі ғылыми деректерге қарағанда жер шарындағы су қоры 16 млрд. текше шақырым. Ол планета массасының 0,25 %-на тең. 
      Қазірдің өзінде әлемде 1,2 млрд. жұмыр басты пенде тұщы суға айрықша мұқтаж. Солардың ішінен Таяу Шығыстағы араб мемлекеттерін және Тайланд, Жапония мен Оңтүстік Корея сияқты елдерді бөлек айту керек.             Әсіресе қара құрлық – Африкадағы жағдай тым күрделі. 
Нәтижесінде 300 млн. ауыл және 80 млн. қала тұрғындары сумен қамтамасыз етілмеген. Ал тұщы суға сұраныстың күрт өсуі неліктен? Мұның себебі өткен ғасырда жер бетіндегі адам саны күрт өсіп, суды пайдалану екі есеге артып кетті. Демогрофтардың болжамы бойынша алдағы отыз жылда дүние жүзіндегі халық саны жылына 80 млн-ға өсіп, 2050 жылы 9 млрд-қа жетуі тиіс. Ауыз суға ділгірлік осы кезде талай мемлекетті сан алуан қақтығысқа, қала берді соғысқа киліктірмек. Өйткені соңғы 50 жылда әлем елдерінің арасында суға қатысты 200  келісім-шарт жасалғанымен, кездейсоқ дау тууының салдарынан 32 рет күш қолданылған. Бір ғана Африкадағы Нілдің суын тоғыз ел (Мысыр, Судан, Эфиопия т.б.) пайдаланып, олар ара-тұра қырғиқабақтанып қалады (Х. Суханбердин. Атамекен газеті № 26, 2009 ж). 

5-тапсырма. Түсінігіңізді тексеріңіз. 
 
1. Судың өміріміздегі маңызы?
 2.  Тұрғындар қаншалықты сумен қамтылмаған?
 3. Жер шарындағы су қоры қанша текше шақырымды құрайды?

6-тапсырма. Мәтіннің жалғасы.
 
      Қазақстанның су қоры география институтының мәліметтері бойынша жағдай осыдан 35-40 жыл бұрынғыдан көп өзгерген.
Біз болашақты ойлай отырып суға қатысты бүгінгі мәселелерді де белсенді түрде шешуіміз керек. Өйткені қазір қолда бар суымызды ұқыпты, үнемді пайдалана алмай келе жатқынымыз жасырын емес. Әлемде жыл санап сапалы ауыз су азайып барады. Сөз жоқ, су – тіршілік көзі, сусыз өмір жоқ. Бұл бәрімізге белгілі. БҰҰ-ның мәліметіне қарағанда бүгінде дүние жүзінде 1,2 млрд. адам ауыз суға зәру. 2,4 млрд. адам санитарлық жағдайға сәйкес келмейтін су ішіп отыр. Дүние жүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша әр түрлі аурулардың 85%-ы сапасыз ауыз су салдарынан болып отыр. Осыған байланысты БҰҰ Бас Ассамблеясы ауыз суға үлкен мән беріп, 2005-2015 жылдарды «Су – өмір үшін» деген халықаралық он жылдық деп жариялады. 
     Давоста өткен бүкіләлемдік экономикалық форумда БҰҰ-ның Бас хатшысы Пан Ги Мун «Судың жетіспеуі дүние жүзінде жаңа қарулы қақтығыстар тудыруы мүмкін. Халық санының артуы да климат өзгерісі сияқты мәселені  ушықтырып жіберуі ықтимал. Әлемдік экономиканың өсу деңгейіне қарай шөл де күшейеді, соның салдарынан жаңа теке тірестер шығады» деген болатын. Әрине, мұның соңы  әлемде жаңа соғысқа соқтыруы мүмкін. Сондықтан біздің Орта Азия елдерімен арадағы су мәселесін қазірден бастап шешкеніміз жөн. ЮНЕСКО болжамы бойынша 2030 жылы жер шары халқының 47%-ы су тапшылығына кезігеді. Әсіресе, шөлейт жерлерде судың жетіспеуі халықтың үдере көшуіне соқтырады. Оның үстіне су құбырларының жоқтығы және санитарлық-гигиеналық жағдайдың нашарлығы миллиондаған адамның денсаулығына қауіп төндіреді. Бір сөзбен айтқанда суды пайдалануды реттемесек, енді біраз жылдан кейін суға қажеттілік 70-90%-ға өседі. 
Үкіметіміз мемлекетаралық су қатынасын реттеп, сан алуан әлемдегі су жөніндегі қақтығыстардың алдын алса дейміз. Өйткені әлемнің қай жерінде болмасын ендігі соғыс осы су үшін болуы әбден мүмкін (Х. Суханбердин. Атамекен газеті № 26, 2009 ж). 

7-тапсырма. Мәтінмен жұмыс. 

1.     Сөйлемдерге сұрақтар дайындап, жауап беріңіздер.
2.    Түсініктеріңізді айтып беріңіздер.

8-тапсырма. Су туралы келесі мәтінді оқыңыз. Таныс емес сөздерді сөздіктен қараңыз. 

Су тапшылығы –  келешек қақтығыстарға себеп

       Әлемдік су қорының ширек бөлігіне ие Ресей әлемдік саясатқа мұнайы мен газы арқылы ғана емес,  су сату арқылы да ықпал етуге мүдделі. Халықаралық сарапшылардың көпшілігі келешекте су тапшылығы қарулы қақтығыстарға әкеп соғуы мүмкін деп қауіптенеді. Ал 2025 жылға қарай Жер шары тұрғындарының үштен екісі су тапшылығының зардабын тартпақ. 
     Ресми деректерге сүйенсек, дүние жүзіндегі 1млрд. адам ішуге жарамды суға зәру. Жыл сайын 3млрд.-тан астам адам сапасыз судың кесірінен пайда болатын дерттерден зардап шегеді. Бүгінде су тапшылығы – тек Орта Азиялық елдердің ғана емес, бүкіл әлемнің бас ауруына айналған мәселе. Давостағы Дүниежүзілік экономикалық форумда қазіргі таңда судың мұнайға деген тұтынушылық сұраныстан жоғары екендігі айтылды.  «Энергия өндіру үшін қажет су қорына деген сұраныс АҚШ-та – 165%-ға, Еуропалық Одақта 130%-ға өседі. Ауылшаруашылығына керекті су көлемі күрт азайып, ауылшарушылығы өнімдеріне деген сұраныс керісінше, тым өседі». Әлемдік экономика мен өндіріс неғұрлым дамыған сайын экономика мен өндіріс те соғұрлым жылдам дамуда. Демек, су тапшылығын тартатын елдердің саны өсіп келеді. БҰҰ сарапшылары алдағы  он жыл көлемінде әлемнің барлық елдерінің экономикасы өсетінін, осының нәтижесінде тамақ, жарық, жылу, киім мен суға деген сұраныстың жоғарылайтынын көлденең тартуда. Зерттеушілер егер су қорына көңіл бөлінбесе, 2100  жылға қарай мұз таулар еріп кетеді дейді. Қазіргі таңда ауыл шарушылығы мен өндіріс орындарына қажетті суды бөліп отырған аса үлкен жетпіс өзенге тартылу қаупі төнген. Мамандар XXI ғасырдағы ең басты қиындықтардың біріне айналатын су мәселесі қарулы қақтығыстарға себеп болуы мүмкін деген болжам айтады. 2025 жылға қарай Жер шары тұрғындарының үштен екі бөлігі су тапшылығының зардабын тартады. Мұнай мен газын әлемдік саяси сахнаға ықпал ету құралы ретінде пайдалануға тырысатын Ресей енді су сату арқылы да күшейе түсуді көздейді. 
     Ресейлік мамандардың айтуына қарағанда, қазір Жер шарының  әр тұрғынына 750 текше метрден келетін су 2050 жылға қарай 450 текше метрге дейін азаймақ. Бұл дүниежүзі халықтарының 80% ауызсу тапшылығына ұшырайды деген сөз. БҰҰ-ның су қоры көрсеткіштеріне қатысты бекіткен талаптарына тек Канада, Ресей, Бразилия мен Еуропаның кейбір мемлекеттері, Оңтүстік Америка, Оңтүстік Азия мен Африканың тропикалық аймақтары сай болмақ. Келешекке төнген қауіптің алдын алуды көздеген әлем дабыл қағып, түрлі жиындар ұйымдастырудан шаршамай келеді. Алайда, шыққан нәтиже шамалы. Өйткені, түгесілуге таяған су қорын тиімді пайдалану, ысырап етпеу сияқты маңызды мәселеге бас қатырған Жер шары тұрғындары кем де кем. 
БҰҰ деректеріне сүйенсек, Қазақстан су қорына қатысты ТМД елдер арасында ең соңғы орында.  Республикамыздың үштен бір бөлігі ауызсуға зар.  Оның үстіне, суды саяси қысым жасау құралы ретінде пайдалануға көшуі де Қазақстанға тиімсіз (Н. Жоямергенқызы. Түркістан газеті, желтоқсан 2009 ж.) .

9-тапсырма. Мәтінмен жұмыс. Түсінігіңізді тексеріңіз.

1. Мәтіндегі тірек сөйлемдерді табыңыз.
 2. Әр абзац бойынша түсінгеніңізді айтыңыз.

10-тапсырма. 

–    Екі мәтіннің ұқсас тұстарына назар аударыңыз.
–    Еліміздегі ауыз суға зәру жерлер туралы өз ойыңызды қосыңыз.

Есіңізге сақтаңыз!
Суды ысырап етпе!  Су – ырыстың көзі.

Оқыңыз қызық!

1.    Адам ағзасына күніне кемінде 5 литр су керек.
2.    Бір гектар жүгеріні өсіру үшін 3 м куб су керек.
3.    Орамжапырақ үшін 8 мың куб су керек.
4.    Күрішке 12000 немесе 20000 мың куб су қажет.
5.    Қазақстанның барлық өзен суларының 1 жылғы ағатын көлемі – 115 км куб.
6.    Қазақстанда 20 мың куб су егістік суғаруға, тұрмыстық қажеттілікке жұмсалады.
 
11-тапсырма. Грамматикалық анықтағыш. Мұны білгеніңіз жөн! Етістіктің келер шағы.

     Келер шақ – сөйлеушінің хабарлауынан кейін болатын қимыл-әрекетті білдіреді. Мысалы: Қайсар бүгін күндізгі сағат үште келеді. Ертең кешке спектакльге барамыз. Келеді,  барамыз етістіктері сөйлеуші хабарлаған кезде жасалмаған, келешекте жасалатын қимылды білдіреді.

12-тапсырма.  Жоғарыдағы мәтіндерден келер шақта тұрған сөйлемдерді табыңыздар. 

13-тапсырма. Мына сөйлемдерді келер шаққа айналдырыңыздар.

1.    Давостағы Дүниежүзілік экономикалық форумда қазіргі таңда судың мұнайға деген тұтынушылық сұраныстан жоғары екендігі айтылды.
2.    Қазақстанның су қоры география институтының мәліметтері бойынша жағдай осыдан 35-40 жыл бұрынғыдан көп өзгерген. 
3.    Қазіргі таңда ауыл шарушылығы мен өндіріс орындарына қажетті суды бөліп отырған аса үлкен жетпіс өзенге тартылу қаупі төнген.
4.    Әлемдік экономика мен өндіріс неғұрлым дамыған сайын экономика мен өндіріс те соғұрлым жылдам дамуда.
5.    Республикамыздың үштен бір бөлігі ауызсуға зар.

14-тапсырма. Мәтінге сүйене отырып, сөйлемдерді аяқтаңыздар.

1.    Біздің планетамыздың ең қымбат,  ең бағалы байлықтарының бірі –………………. .
2.    Ал 2025 жылға қарай Жер шары тұрғындарының үштен екісі ………. .
3.    Бүгінде су тапшылығы – тек Орта Азиялық елдердің ғана емес, бүкіл әлемнің …………  .
4.    БҰҰ деректеріне сүйенсек, Қазақстан су қорына қатысты ………….  .
5.    Оның үстіне, суды саяси қысым жасау құралы ретінде пайдалануға көшуі де …….. .

Студенттердің білімін тексеруге арналған бақылау сұрақтары:

1.    Біздің планетамыздың ең қымбат байлығы не?
2.    Қазақстан экологтары не деп дабыл қағуда?
3.    БҰҰ Бас Ассамблеясы қай жылдарды су жылдары деп жариялады?
4.    Соңғы 50 жылда әлем елдерінің арасында суға қатысты қанша   келісім-шарт жасалды?
5.    Етістіктің келер шағы дегеніміз не?

СОӨЖ тапсырмасы: Еліміздегі ауыз суға зәру өлкелер туралы топпен бірлесе әңгіме жүргізу.

СӨЖ тапсырмасы:  «Су – тіршіліктің  жасыл тірегі» реферат дайындау.
 

Рахмет ретінде жарнаманы басыңыз!