Студенттерді ақпараттық технология құралдарына оқытуды жандандыру негіздері

- Жарнаманы баса кетіңіз -

Студенттерді ақпараттық технология құралдарына оқытуды жандандыру негіздері

Қазақстан Республикасы Білім беру саясатының бағдарлы қағидаларын қалыптастырудың басымды бағыттары ретінде көптеген мəселелерді атқару көзделген. Ол, ең алдымен үздіксіз білім беру жүйесінің барлық салаларында білім беру стандарттарын жасау жəне іске қосу, білім беру мекемелерінің қаржылық механизмдерін құру, білім берудің жергіліктілік, аймақтық жəне республикалық ерекшеліктерін ескеру, білім берудің барлық үдерістерін ізгілендіру, ақпараттық технология құралдарын енгізу, білім берудің мемлекеттік емес секторларын, əсіресе жалпы орта жəне арнаулы орта білім беру салаларының деңгейін көтеру, білім беру мекемелеріндегі жауапкершілікті арттыру, дүниежүзілік кеңістікке енуді қамтамасыз ету, ұлттық білім беру деңгейін халықаралық стандартқа сəйкестендіру, республикадағы білім берудің тиімді құқықтық базасын құрумен байланысты.

«Қазақстан Республикасының 2015 жылға дейінгі білім беруді дамыту» тұжырымдамасында «жоғары білім берудің мақсаты – қоғамның, мемлекеттің жəне тұлғаның сапалы жоғары білім алуға деген мүдделерін қанағаттандыру, əрбір адамға оқытудың мазмұнын, нысанын жəне мерзімдерін таңдауға кеңінен мүмкіндік беру»-деп атап көрсетілген.

Қоғам өміріндегі қазіргі өзгерістер, экономиканың, саясаттың, əлеуметтік-саяси саланың дамуы қоғамдағы негізгі фактор болып табылатын жеке тұлғаның жалпы даму деңгейіне байланысты болмақ. Ал ол қоғамдағы білім беру талаптарын түбегейлі өзгертуге алып келді. Қоғамдық өмірдегі өзгерістер оқытудың жаңа технологияларын қолдануды, жеке тұлғаның жан- жақты шығармашылық тұрғыдан дамуына жол ашуды көздеп отыр. Бұл міндеттерді жүзеге асырушылар білім беру жүйесінің күрделі мəселелерін шешуші кəсіби – педагогикалық шеберлігі жоғары ұстаздар болмақ.

Міне, осы орайда ҚР Білім жəне Ғылым Министрлігі əзірлеген «ҚР жоғары педагогикалық білім тұжырымдамасы» мен «ҚР жаңа тұрпатты педагогының үздіксіз педагогикалық білімі тұжырымдамаларында» жаңа қоғамдағы мұғалім моделінің үлгілері көрсетіліп берілді. Жоғары педагогикалық білімді мұғалімдерге қойылатын талаптар қазіргі қоғам қажеттілігінен туындайды. Жаңа қоғам мұғалімі тек кəсіби шеберлігі жоғары адам ғана емес, рухани дамыған, шығармашыл, мəдениетті, білім құндылығын түсінетін, педагогикалық технологияларды меңгерген, ғылым мен техника жетістіктері негізінде кəсіби даярланған болуы тиіс.

Осындай талап деңгейіндегі маманды даярлау жоғары оқу орындарының үлесіне тиеді. Педагогикалық мамандық – білім беру нəтижесінде алынған жəне берілетін біліктілікке сəйкес кəсіптік-педагогикалық міндеттерді алға қоюды жəне шешуді қамтамасыз ететін білім, іскерлік жəне дағдылардың жиынтығынан тұратын күрделі үрдістің жемісі, яғни осы кəсіптік топ шеңберіндегі қызмет түрі. Білім деңгейі мен кəсіптік деңгейді ұдайы арттырып отыру қажет, себебі ғылым мен техниканың даму нəтижесінде білім тез ескіреді; ғылыми ақпарат көлемі тез өсіп, жаңа білім салалары дамыды, жаңа мамандықтар енгізу мен басқаруды ғылыми негізде жетілдіру қажеттігі туды. Міне, осыдан келіп əрбір адамның бүкіл өмір бойына білім алуына, оны толықтырып, жетілдіріп отыруына жағдай жасалуда.

ЖОО-ғы болашақ мұғалімнің кəсіби даярлығы оқу жылдары кезінде кəсіби шеберлікке мақсатты даярлаумен қоса, педагогикалық шығармашылық қызметке дайындаумен тікелей астарласуы тиіс. Ол болашақ мұғалімнің жалпы мəдени (өмірге көзқарас), методологиялық (психологиялық-педагогикалық), пəндік блоктарды меңгеруін қамтамасыз етеді.

Қазіргі заманғы қоғам үшін информатиканың, кибернетиканың, синергетиканың, экологияның, микроэлектрониканың жəне т.б. жаңа ғылымдардың рөлі мен мəні туралы түсініктерді дамыту – қазіргі кезең – ғылыми-техникалық төңкерістер кезеңіне тəн ерекшеліктердің бірі.

ХХ ғасырдың 50-60 жылдары басталған бұл даму осы ғылымдардың қалыптасуына жəне адамзат əрекетінің көптеген салаларына, яғни өндірістік кəсіпорынға, ғылыми зерттеулерге, білім беруге, əлеуметтік мəселелерге жəне т.б. əсер етті. Бұл жүйелерде өзін-өзі ұйымдастыру, өзі-өзі дамыту, жүйелілік жəне басқару сияқты факторларды ескеру қажеттігіне алып келді.

Қоғамды дамытудың қазіргі кезеңі үшін келесі факторлар мен міндеттер тəн [1, 2]:

  • адамзат іс-əрекетінің əртүрлі салаларынан шешім қабылдауды жеңілдету, олардың мəн- мағынасын оңтайландыру үдерістерін компьютерлендіру;
  • табиғат пен қоғамның даму үдерісіндегі ақпарт рөлінің арта түсуі, оны алу (таңдау), жинақтау, өңдеу жəне мақсатты түрде қолдану құралдарын жетілдіру қажеттілігі;
  • болып жатқан үдерістердің мəн-мағынасының сипаттамасы ретіндегі ақпарат пен энтропияның өспелі рөлі;
  • неғұрлым жетілген ақпараттық технологияларды жасау, таза ақпараттықтан компьютерлі интеграцияланған өндіріске өту, ары қарай ақпараттық қорды жетілдіру;
  • ақпараттық үдерістерді интенсификациялауға ұмтылу: хабарларды тасымалдау жылдамдығын арттыру, ұсынылатын ақпараттың көлемін арттыру, ақпаратты өңдеуді жəне оны ендіруді жеделдету, кері байланыстарды, ақпаратты көрнекі бейнелеуді неғұрлым толық түрде қолдану, басқарушылық еңбекті техникалық жабдықтауды арттыру;
  • адамзат потенциалын неғұрлым тиімді қолдануға ұмтылу, сəйкесінше материалдық жағдайларды, ұнамды психологиялық климат жасау;
  • ЭЕМ-нің бірқатар есептеу, бақылау жəне басқарушының қызметтерін тасымалдау жолымен адамның ақыл-ой іс-əрекетінің мүмкіндіктерін көбейте түсу;
  • ақпараттық технологияларды жетілдіру, компьютерлік интеграцияланған өндіріс жасау;
  • ақпараттық тілдердің қалыптасу тарихын ескере отырып, оларды жетілдіру: сөйлеу тілі, жазба » ғылыми тіл (құрылымдау мен формальдауға ұмтылу) «метатіл (табиғат пен қоғамның неғұрлым жалпы заңдылықтарын қолдану);
  • басқару факторын жетілдіру жолымен, оның мəнін күшейту;
  • даму үдерісінде өзін-өзі жетілдіру, өзін-өзі ұйымдастыру жəне жүйелік ыңғайдың рөлін арттыру; жүйе параметрлерінің нормадан ауытқу мəнін есептеу;
  • басқару үдерістеріне, шешім қабылдау үдерістерінің тиімділігіне көңіл бөлуді күшейту.

Барлық қарастырылған үдерістерді, ұғымдарды, факторларды олардың тұрақты өзгеру жағдайында, философиялық көзқарас тұрғысында ой елегінен өткізу; оларды бір жүйеге біріктіру

  • өте күрделі мəселе болып табылады. Академик Р.Ф.Абдеевтің «Ақпараттық өркениеттің философиясы» деген танымал монографиясы осы бағытқа арналған. Ол ұсынған қоршаған орта – сызықты емес заңдылықпен өмір сүретін, өзін-өзі ұйымдастыратын ауқымды жүйе [1,13б]. Адамзат қоғамында өзін-өзі ұйымдастырудың көрінісі, табиғатты қорғауда, қарусыздануда, мемлекеттерді интеграциялауда жалпы адамзаттық құндылықтардың арта түсуі арқылы айқындалады.

Қазіргі заманғы информатиканың ережелерін ескере отырып философиялық ғылымның жетістіктерін жалпылау келесі қорытындыларды жасау мүмкіндігін береді:

    • даму үдерісінің мəні ақпаратты мақсатқа сай жинақтаумен, оны келешекте ретке келтіру, құрылымдаумен айқындалады;
    • адамзат қоғамындағы даму үдерісі басқару жəне өзін-өзі басқару контурларының ұлы жиынтығынан құрастырылады. Əрбір мұндай контур, тікелей жəне кері ақпараттық байланыстармен тұйықталған, басқарылатын объекті мен басқарылатын субъектіден тұратын, мақсатқа бағытталған ақпараттық-басқарушы үдерісті құрайды;
    • жүйенің белсенділігінің басы кез-келген басқарушылық үдерістің бастапқы міндеттерімен – мақсатқа сай қызметі мен ауытқуымен байланысқан. Ауытқусыз ақпарат пен басқару үдерісі болмайды, даму да болмайды;
    • жүйе ортадан бөлек түрде белсенділік таныта алмайды, тек ортамен өзара əрекеттесу ғана, яғни бұл кезде пайда болатын ауытқулар, қарама-қайшылықтар жүйенің белсенділігіне, оның өзін сақтап қалу бағытындағы ілгерілеуіне қажетті жағдай жасайды;
    • кез келген түрдегі реттілік, қоршаған ортаның жүйеге қандай да бір əсерінің нəтижесінде пайда болады, ол өзгермелі жағдайға бейімдейді, өзі үшін пайдалы ақпаратты жинақтайды;
    • басқару механизмі эволюция үдерісінде заңды түрде пайда болатын спецификалық тұрғыда ұйымдастырылған материя қозғалысының формасы. Ол екі өзара байланысқан, кері байланыстармен тұйықталған контурлардағы ақпаратты мақсатқа бағытталған көпциклді түрлендірумен шектелетін жəне жүйенің басқарылатын объектісінің тұрақтылығын сақтауды жəне ақпаратты таңдау жəне жинақтау жолымен оны ұйымдастыру деңгейін одан ары қарай көтеруді функциональды түрде іске асырады.

Осылайша бейнелеу белсенділігі мен циклдікке негізделетін басқару үдерістері мен танымның ұқсастығын атап көрсетеді:

    • таным үдерісіндегі кері байланыстың (КБ) бірінші контуры – сынақтан өткізулер, бақылаулар, ақпарат жинаудың көпретті циклі, яғни тəжірибеден алынған эмпирикалық білімнің, мазмұнның аймағы;
    • екінші контур – ақпаратты таңдау, жалпылау, кезектегі салыстырмалы шындықты анықтауға талпыныс жасау.

Басқаша айтқанда, 1 контурда КБ құбылыс жақын қабылданады, ал 2 контурда оның мəн- мағынасы танылады, мəн-мағынаға жету объектіге неғұрлым мақсатқа сай əсер ету, неғұрлым нəзік эксперименттер іске асырылуы барысында тереңдей түседі.

Біздің зерттеу жұмысымыз бойынша Р.Ф.Абдеев ұсынған «ақпараттық құрылымдарды ұйымдастыру үдерісінің ойша моделі» жəне оны ЭЕМ буындарының дамуы мысалында интерпретациялау үлкен қызығушылық тудырды.

Модельді жасау екі алғышартқа сүйенеді: жүйелілік, жинақылық жəне өзіндік ұсыну, оларды қазір таным шындығының барлық деңгейлерінде дамытылады, бұл даму құбылысын толығымен екі қарама-қарсы бағыттың – ұйымдастыру мен дезорганизацияның күресі ретінде қарастыру мүмкіндігін береді. Ең жоғары энтропиядан басталатын даму үдерісі, жалпы түрде құрылымдық ақпаратты жинақтау үдерісі ретінде сипатталуы мүмкін. Ұсынылған модель координаталар жүйесінде «қысыңқы спираль» түрінде болады, яғни, ойша үш өлшемді кеңістікте энтропия ақпараттың жинақталуы барысында перифериядан орталыққа қарай ығысады (модельдің осіне қарай) бұл мезгілде берілген объектіні ұйымдастыру деңгейі оны дамыту үдерісінде сəйкесінше өсетіндігін білдіреді.

Жоғарыда айтылғандарға байланысты бағдарламалық қамтамасыз етуді, құралдарды жобалауға, жасауға, қолдануға, байланысты ақпараттық технологиялардың құралдарын өзіндік ұйымдастыру үдерісін, олардың техникалық құралдарға тікелей қатынасын ескере отырып баламалы модельмен сипатталатындығын болжауға болады [3, 4, 5]. Мұндай модельді құру үшін АТ құралдарын дамыту үдерісіне əсер ететін басқа да құраушыларды: олар негізделген формальды аппараттардың даму деңгейін; бағдарламалық қамтамасыз ету деңгейін; АТ құралдарын адамзат іс-əрекетінің түрлі салаларында қолдану арқылы жəне т.б. ескеру керек.

Сондықтан ғылыми дүниетанымда жаңа технологиялардың орны ерекше, себебі ол заманауи ақпараттық технологияларды қоғамның барлық саласында жəне ғылыми-техникалық зерттеулерде кеңінен қолданылуынан келіп туындайды. Ғылыми-техникалық революциямен бірге өмірге келген ақпараттанудың ғылыми салалары, ақпараттық технологиялардың дамуындағы ішкі заңдылықтары мен логикасын, оны өндіргіш күшке айналу үдерісін арттыра түсті.

Қорыта айтқанда оқыту үдерісінде ақпараттық технологияларды қолданып оқыту арқылы дүниенің тұтастығын түсінеміз, жалпы интеллектің артуына ықпал жасаймыз. Ал біздіңше жоғары оқу орындарында болашақ мұғалімдерді кəсіби дайындау үдерісінде заманауи ақпараттық технологияларды оқу үдерісінде қолдану жаңа оқу пəндерінің пайда болуына алып келеді жəне осыған байланысты оқытудың жаңа формалары мен тəсілдерін қарастырудың өзектілігі артады.

ƏДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ

  1. Абдеев Р.Ф. Философия информационной цивилизации. –М., 1994. -336с.
  2. Ракитов А.И. Философия компьютерной революции. –М., 1991. -280 с.
  3. М.В. Буланова-Топоркова. Педагогика и психология высшей школы: Учебное пособие. – Ростов н/Д:Феникс, 2002. -544с.
  4. Педагогика профессионального образования. Под редакцией В.А.Сластенина. М.:ACADEMA, 2004. – 368с.
  5. Полат Е.С. Новые педагогические и информационные технологии в системе образования. Учеб.пособие для студ.пед.вузов и системы повыш. пед. кадров.- М.: Издательский центр “Академия”, 2001-272б.

 

Автордың аты-жөні, тегі: М.М. Медетбеков

Загрузка...