Созылмалы аппендицит (СА) | туралы қазақша
Созылмалы аппендицит (appendicitis chronica) — деп құрт тәрізді өсіндіде инфекцияның тұрақты болуына байланысты ұзақ мерзімге созылатын және, соған қарамай, ауру адамды қатты мазаландырмайтын сырқатты айтады. СА-те инфекция, көбінесе, бұдан бұрынғы кезеңде орын алған, бірақ кері даму процесі толық аяқталмаған ЖА ауруынан қалады немесе, сирегірек, ауру өз алдына біріншілік ретпен дамиды.
СА-ті жіктеу (топтау) жобасы. Көптеген ғалымдар Созылмалы аппендициттің мына төменде келтірілген түрлерін ажыратады (Напалков П.Н., 1976, Кузин М.И., 1982).
- Резидуальді (қалдықты) СА. Бұдан бұрын болған ЖА сырқатының жартылай кері даму себебінен, ауру өзінің созылмалы түріне айналады.
- Созылмалы қайталанатын (рецидивті) аппендицит. ЖА-те байқалатьш ұстамалы ауру сезімдері толық жоғалмай, ауру адамды мезгіл-мезгіл мазасыздандыруы және өсіндінің кейбір қабыну белгілерінің анықталуы.
- Біріншілік ретте дамитын өсіндінің созылмалы қабынуы. Созылмалы аппендициттің бұл түрінде ауру адамның анамнезінде бұдан бұрын ЖА ауруына шалдыққаны туралы мәліметтер анықталмайды, демек ауру басынан созылмалы түрде дамиды.
Созылмалы аппендициттің клиникалық көрінісі: пациент оң жақ мықын аймағында орналасатын және жанға онша батпайтын, яғни қатты мазаландырмайтын ауру сезіміне шағымданады. Бұндай сезім әлсін-әлсін, әсіресе ауыр жүк көтергенде, тез жүргенде, секіргенде күшейеді. Ішек қызметінің бұзылуы (іш қату немесе өту, іш кебу т.б.) байқалуы мүмкін, бірақ бұл белгілер сирек кездеседі.
Ауру адамның жалпы жағдайы көп өзгермейді, ал лабораториялық зерттеу нәтижелерінде қабынуға тән құбылыстар (лейкоцитоз), көбінесе, болмайды.
Объективтік зерттеуде ЖА-тің кейбір белгілері (әсіресе Образцов белгісі) анықталуы мүмкін. Кейбір жағдайларда диагностикалық шара рстінде рентгенологиялық әдіс қолданылады. Ол үшін тоқ ішек контрасты затпен (барий ертіндісі) толтырылып, пленкаға түсіріледі (ирригоскопия). Созылмалы аппендицитте контрасты зат өсіндіге өтпейді немесе өсіндінің сыртқы пішіні әртүрлі болып өзгергені (деформация) көрінеді.
Созылмалы аппендициттің диагнозын анықтау барысында оны іш ағзаларының көптеген сырқаттарымен (созылмалы холецистит, асқазанның және он екі елі ішектің ойық жаралары, пиэлит, созылмалы колит, глистік инвазия, әйелдердің ішкі жыныстық ағзаларының сырқаттары т.б.) мұқиятты түрде ажырату қажеттілігі туады және, әдетте, пациентті әржақты зерттегеннен соң жоғарыда аталған немесе басқа аурулардың түрі анықталмаған жағдайда ғана өсіндінің созылмалы қабыну диагнозына тоқталады.
Созылмалы аппендицитті емдеу тек хирургиялық жолмен іске асырылады. Диагноз толық анықталған соң, жоспарлы түрде операция жасалып, құрт тәрізді өсінді алынып тасталынады (аппендэктомия).
#Созылмалы #аппендицит #СА