Сорғыш құрттардың тудыратын аурулары | туралы қазақша
Сорғыш құрттардың қыпалынан туындаған аурулар тобын трематодоздар деп атайды. Трематодоздардың барлығы дерлік ақтық және аралық иелерінің қатысуымен дамиды. Кейбір қоздырушылардың (дикроцелийлер) екі аралық иеде дамуын атап кеткен жөн. Басқа гельминттерден сорғыш құрттардың ерекшелігі- ауыз және құрсақ сорғышының болуында. Алғашқысы әдетте бекіну, қоректену және зәр бөлу міндетін атқарса, құрсақсорғышы құрттың тек мүшеге бекінуін қамтамасыздандырады. Трематодтар- қосжыныстылар. Сорғыш құрттардың дамуы: ересегі-жұмыртқа-мирацидий-спороциста-редия-церкарий-адолескарий (метацеркарий) сатыларынан өтеді. Осы топ өкілдерінен Қазақстанның оңтүстік облыстарында фасциолез, дикроцелиоз, парамфистоматоз, эуритрематоз, описторхоз, ал солтүстігінде- парамфистоматоз және описторхоз кездеседі. Кез келген трематодтардың ақтық иелері үй және жабайы жануарлары мен құстары, ал аралық иелерінің қызметін тұщы судың және құрлықтың ұлулары, балықтар, құмырсқалар, инеліктер , т.б. атқарады.
Үй жануарларының фасциолезі- бауырдың өт жолдарында фасциола сорғыш құртының тоғышарлығынан туындап, гепатит, холецистит белгілерімен сипатталатын ауру. Ауруға көптеген үй және жабайы жануарлар бейім. Ауру малдан суаттанған кезде сыртқы ортағ бөлінген жұмыртқада дамыған мирацидийлер тұщы су ұлуының денесінде әрі қарай өсіп-жетіледі де, оның ағзасынан шыққан адолескарий су жиегінде өскен өсімдіктерге бекінеді. Кейіннен ауру қоздырушысы шөппен бірге ағзаға енеді.
Аурудың сыртқы белгілері жіті гепатит белгілеріне тән. Алғашқыда кілегей қабықтарының бозаруы олардың сарғылт түске енуімен алмасада, іші бітеліп, кейіннен малға қан тышқақ тиеді немесе іші кебеді. Жүрек қызметінің нашарлауы біртіндеп қалпына келеді де, ауру созылмалы түрге көшеді. Аауру малдың қабағы, жақ асты мен төс тұстары ісінеді. Ауру соңында мал арып азады да, өледі.
Ауруды балау кешенді түрде жүргізіледі. Бұл мақсатта індеттанулық деректері, аурудың сыртқы белгілері, өлекседегі өзерістері мен зертханалық зерттеу ескеріліп нәтижеленеді.
Дауалау және емі. Фасциолезді болдырмау үшін малды таза су көздерінен суаттандыру, жылына екі рет ересек малды препараттармен дәрілеу, ойпаң, жаңбыр сулары көп жиналатын жайылымдарда малды бақпау, қиды қи қоймаларда залалсыздау және ұлуларды жою шаралары қарастырылады. Ем ретінде гексахлорпараксилол, филиксан, гексихол, төртхлорлы сутек, ацемидофен, битионол, т.б. препараттар ережеге сәйкес қолданылады.
Күйістілердің дикроцелиозы- бауырдың өт жолдары мен өт қабында сорғыш құрттың тоғышарлығынан туындаған ауру. Бұл ауруға 70-ке жуық жануарлар (ақтық иелер) бейім. Аралық және қосымша иелері-құрлықтың ұлуы мен құмырсқа.
Аурудың сыртқы белгілері. Мал жайылымда метакарийлермен ластанған құмырсқаларды жеп шалдығады. Ауру мал күйзеліп, іші бірде өтеді , бірде тыйылады, жүні реңсізденеді, төс тұсында ісік пайда болады. Сауын сиырлардың сүті күр азаяды.
Ауруды балау міндетті түрде зертханалық жағдайда ал нәжісін зерттеумен нәтижеленеді.
Дауалау және емі. Жайылымдардағы құрлық ұлуы мен құмырсқаларды метацеркарийлерге тексеру,залалданған жерлердің күздік шөбін өртеу немесе жерді жырту, бейім малды көпжылдықты жайылымдарда бағу- дикроцелиоздың алдын алудағы таптырмас шаралар. Ауру малды емдеуге гексихол қолданылады.
Етқоректілердің описторхозы-жиі бауырдың өт жолдарында,кейде ұйқы безінде описторх сорғышының мекендеуінен пайда болатын трематодоз. Бұл үш иелі бауыр сорғышы. Ересегі –адам, ит, мысық,т.б. етқоректілерде (ақтық иелері), ұлудың (аралық иесі) ағзасында-церкарий, ал тұқы балықтардың (қосымша иесі) жон арқа, құйрық бұлшық етінде – метацеркарий сатылары дамиды. Етқоректілер мен адамдар шикі, дұрыс тұздалмаған, қақталмаған балық етін жегенде жұқтырады.
Аурудың сыртқы белгілері етқоректілерде сары ауру іспеттес өтеді. Азыққа тәбеті болмау, қатты күйзелу, арықтау, ас қорыту жүйесінің қызметінің бұзылуы (іш өту,бітелумен алмасуы), бауыр тұсын басқанда ауырсыну белгілері байқалады.
Ауруды балау ақтық иелерінің нәжісін зерттеу, ал балықтардың метацеркарийлердің орналасқан бұлшық еттерін тексеру арқылы жүргізіледі.
Дауалау және емі. Етқоректілер және адамдарға описторхозбен залалданып дұрыс тұздалмаған, қақталмаған балық етін бермеу, сатуға түскен балықтарды әрайым тексеру, санитарлық ережелер (әжетхана маңайын таза сақтау) қатаң ескеріледі. Ит, мысықтарға гексахлорпараксилол, ивомек плюс, ал түлкі мен бұлғынға гексихол, гексахлорэтан дәрілері қолданылады.
#Сорғыш #құрттардың #тудыратын #аурулары