Славяншылдық — Философия — Рефераты на казахском языке — Библиотека

0

 

Орыс ғалымдарының айтуынша, философиялық ой кешу үрдістері Ресейде нәсірани діні жайыла бастаған кезеңде, яғни XI ғасырда қалыптасады. Осы кезеңде Киев митрополиті Илларион «Заң және сенім туралы сөз» деген атышулы еңбегін жазып, орыс жерінің ұлылығын, адамдарының құдай нұрымен шапағатқа бөленгендігін дәріптеген. Одан кейінгі аралықта православиелік шіркеудің ықпалдағы Ресейдің әлемдік өркениетке қосар үлесі тарапынан діни — философиялық ойлар айтылып келген болатын. Осы сынды ой — толғаулар ХУІ-ХҮІІ ғасырларда жалғасты. Олардың мазмұны орыс елінің қайталанбас рухани болмысын, орыс елінің қайыспас батырлығын дәріптеуге саяды. Аталмыш ойлау дәстүрінің екінші қанатына батысшылдар жатады. Олар Ресейді Еуропалық мәдениетке телуді жақтайды. Бұл туралы осы тараудың үшінші тармағында арнайы сөз болады.

Теориялық және қоғамдық-саяси тұрғыдан қалыптасқан елеулі бағыттардың бірі — славяншылдық XIX ғасырдың 40-60 жылдарында жедел өрістей бастады. Оның өзекті мәселесі орыс халқының ұйысу бірлігі (соборность) сынды қағидаларға негізделген болатын. Бүкіл бағыт «славяншылдық» деген атқа ие болды. Мұндай ой саналық ,философиялық ағымның негізін қалаушылар АС.Хомяков (1804-1860) пен Ю.Ф.Самарин (1819-1876) дегендер еді.

Славяншылдық, жоғарыда аталып өтілгендей, «орыс рухына» қасиетті шетсіз, шексіз орыс жеріне деген сүйіспеншілікке негізделді. Орыс халқының мұндай қайталанбас, жеке-дара ерекшелігіне арқау болған нәрсе — православие діні. «Әлемдік діндердің арасында православие діні жетекшілік рөл атқаруы тиіс, ал орыс халқы әлемге билік жүргізеді, — дейді А-С.Хомяков.

Нәсірани діні үш бөлікке бөлініп кеткен соң «азаттық рухы» оның барлық бөліктеріне бірдей жұғысты болған жоқ. Мысалы, католик дінінде азаттық бастаулары жоқтың қасы. Ал протестантизм болса, жеке адамның жүрек қалауына бостандық жариялап, шіркеудің беделін түсірді-міс.

А.С. Хомяковтың пікірінше, бостандық пен қажеттіліктің ара салмағын тек православие ғана тепе-тендікте ұстай алады. Ол шіркеудің қауымдастықты ұйымдастыру қабілетіне байланысты. Славяншылдардың негізгі қағидасы — «бірліктегі көпшілік». Ол рухани бірліктің де негізі. Рухани бірлік — адамдардың еркі мен жаратқанның хұзыры тұтасқанда ғана баянды. Бұл ақиқатқа адамдар тынымсыз рухани ізденістердің арқасында жеткен, дейді славяншылдар.

«Ұйысу бірлігі» (соборность) православие дініне ғана тиесілі болғандықтан, оның мәні шіркеу ықпалдағыларға ғана ұғынықты болуы мүмкін. Оны басқа діндегілер мүлдем ұға алмайды. Бұл сияқты қайталанбас ерекше мәнді орнықтыру барысында уағыздардан гөрі дәстүрлі салт-жораларды іс жүзінде атқару әлдеқайда тиімділігін көрсетеді, дейді славяншылдық өкілдері. Жаратқанымен қауышуға себін тигізер шоқындыру, неке қию сияқты жеті салт-жоралар құпиясына тұшынған діндар «өзін құтқаруға» жол ашады, жаратушыға жақындай түседі.

Славяншылдық ой кешудің негізгі тақырыптарының бірі — «орыс шындығы» мен діни пайымдаулардың, өрі зайырлы философияның үйлесімділігі туралы мәселе. Атап айтқаінда, славяншылдық «дін мен философияның арасында бітпес қайшылық бар» деген пікірді жоққа шығаруға тырысты. Олар дүние пайымдаудың, философиялық ізденістердің қажет екенін жақсы білді және де таза болмысты орыс философиясын қалыптастыру ісіне шақырды. Ол «орыс шындығын» орыс халқының рухани тәжірибесімен ұштастыра зерделеп, ғылымдардың негізіне айналуы тиіс болатын. Таза болмысты орыс философиясы ағартушылық үрдісіне де теріс қарамауы керек, бірақ та діни пайымдауларға үстемдік жасаудан тыйылуы қажет. Мұндай философия, керісінше, діни бастауларды нығайту үшін қызмет жасауы тиіс.

Славяншылдық «ұйысу бірлігі» қағидасының негізінде халық пен дара тұлғаларға да баға берген-ді. Олар халықтың негізінде мәңгі өзгермейтін рухани бастаулар, атап айтқанда, православие мен «қауымдастық» жатады деп есептеді. Ал атақты, тарихи адамдардың міндеті — халық рухының өкілдері болу. Олардың ұлылығы халықтың арман — тілегін қаншалықты қолдай алғандығынан көрінеді. Осы тұрпаттан патшалық құрылымға да баға беріледі. Басқарудың олар үшін ең қарапайым түрі — монархия. Ресей сияқты алып, өрі шашыраңқы мемлекетке қатыгез билеуші керек. Ал Романовтар династиясы патшалық билікті құдайдың емес, халықтың мүдделеріне сәйкес саясат жүргізулері қажет.

Славяншылдар Ресейдің батыс ерке шетіне мүддем жат екендігін баса көрсетеді. Бұл жерде де православие көлденең тартылады. Батыс елдері сенімнің іргетасын шайқалтып, дүние қызығын қуған пенделерге еркіңді беріп, қоғамның, шіркеудің тұтастығына нұқсан келтірді. Ал Ресей болса православиелік рухани негізден ауытқымай, өзіне ғана лайықты жолмен жүріп келеді және бұл жол оны әлемдік үстемдікке жеткізуі тиіс, — деп тұжырымдады славяншылдар. Ресейдің мұндай болашағын Ресейдің әр азаматы іспеттей түйсінуі қажет, өйткені ол ездігінен өсіп-жетіліп келе жатқан мемлекет, ал батыстық мемлекеттер — жасанды сипаттағы құрылымдар.

Ресей мемлекетінің табиғи өсіп-жетілу жолымен келе жатқандығының себебін православие дүниеге келтірген әлеуметтік ұйымнан (селолық қауымдастық, «мир») көру керек. Орыс өмірінің қауымдастыққа негізделген құрылымы орыс халқының ең негізгі белгілеріне жатады. Бұл — дамудың тек орыс шындығына қатысты ерекше жолы.

Славяншылдар селолық қауымдастықтың екі бастауы бар дейді: біріншісі — шаруашылық, екіншісі — құлықтылық. Шаруашылық салада барлық мәселелер қауымдастықта талқыланып, көпшілік дауыспен шешіледі. Ұжымдық өмір құлықтылық қалыптастыруға да септігін тигізеді. Жалпы мақсат-мүддеге негізделген қатынастар өзара жанашырлық, өзара көмекке ынталылық сынды құлықтылық нышандарын дүниеге келтіреді, — дейді славяншілдар. Алайда, олардың тарапынан селолық қауымдастықты асыра дәріптеушілік те орын алған-ды. Бірақ сөйтуге негіз де жоқ емес еді. Оның үстіне марксизм классиктерінің жайылымдық жерлері, су көздері, шабындықтары ортақ, қауымдық меншікке негізделген «селолық қауымдастықтың» коммунизмге өтудің баспалдағы боларлық жолдардың бірі деп мойындағанын ескерте кетейік.

Славяншылдар «селолық қауымдастықты» орыстық болмыстан пайда болған ерекше әлеуметтік құбылыс ретінде қаншалықты дәріптегенімен оған кіреуке түсіретін басыбайлы; хұқықтың (крепостное право, авт.) сылқытып байқамай қалған жоқ. Олар басыбайлық хұқығын тамырымен жұлып тастауға шақырды. Ал славяншылдықтың батысшыл қанаты болса да басыбайлық хұқықты орыс ұлтының ар-намысына тиетін, дамудың екпінін тұқыртып, тежеп келе жатқан бұғау ретінде көрсетті.

Славяншылдық селолық қауымдастықты әлеуметтік ұйымдастырудың ең жоғарғы тәсілі ретінде дәріптей келе, оны жалпыға бірдей ұйымдастыру қағидасына айналдыруды көздеді. Оны қала өміріне де, өндіріске де қолдануды ұсынды. Қауымдастық құрылымның өзін-өзі басқару ісі Ресейдегі жексұрын әкімшілік жүйеден құтқарады деп сенді.

Қауымдастық қағидаларын жалпы орыс қоғамына сіңісті ету «ұйысу бірлігінің» іргетасын нығайтады, сөйтіп әр адам басқалардың мүддесімен ұдайы санасып отырады және де осының арқасында адамдардың діни және әлеуметтік ұмтылыстары бір арнаға тоғысып, Ресейдің болашақ дамуына халықтық бастаулардың тигізетін ықпалын күшейтеді, деген сенім білдірді славяншылдар. Осылардың ізбасарлары қазір де жоқ емес. Ресейдегі көптеген саяси партиялардың ішінде славяншылдықты ту қылып көтеріп, даурығып жүргендері де баршылық.

 

Рахмет ретінде жарнаманы басыңыз!