Сіздің дофаминергиялық нейрондарыңыз неден бөлінеді? — Мотивация — Bilim

0

Басы: Дофамин, нейробиология және нейромаркетинг: неге қалау сезімін бақытпен шатастырамыз

Екінші бөлімі: Сұраныс бойынша бөлінетін дофамин

Өзіңізде дофаминнің бөлінуін не тудыратынын білесіз бе? Тамақ? Алкоголь? Дүкен аралау? Facebook? Тағы бірдеңе ме? Осы аптада назарыңызды не аударатынын бақылап көріңіз. Сізді сыйдан дәмелендіріп, қызық іздеуге шақыратын не? Павловтың итіне ұқсатып сілекейіңізді шұбыртатын немесе сізді Олдс пен Милнердің егеуқұйрығы сияқты ессіздікке апарып соғатын не нәрсе?    

Тәуелділік рецебі

Мүмкін, тәуелділікті тудырған дофамин рөлінің айтарлықтай үлгісі деп кең тараған нейродегенеративті бұзылуы байқалған Паркинсон сырқатына шалдыққан науқастарды айтуға болатын шығар. Оларда мидың дофамин бөлетін жасушалары қурап қалады. Кері жағынан бастап қарастырғандағы негізгі белгілер дофаминнің әрекетке итермелейтінін дәлелдейді: науқастар баяу немесе дәл емес қозғалады, күйзелістерге бейім болып, ара-арасында кататониялық ступорға түсіп кетеді. Паркинсон сырқатының стандартты емі — екі дәріні үйлестіру: «Леводопа» мидың дофамин бөлуіне көмектеседі, ал дофамин агонисті мидың дофаминді рецепторларын нейромедиаторды қабылдап жатқандай кейіп танытуға мәжбүрлейді. Науқастар дәрімен емделуді бастағанда, олардың миы дофаминді көптен бері алмаған мөлшерде қабылдайды. Бұл аурудың көптеген белгілерін басқанымен, бірқатар күтпеген қиындықтарды да тудырады.

Медициналық журналдарда бұл дәрілердің күтілмеген жанама әсерлері туралы баяндамалар көп. 54 жастағы әйелде печенье, крекер және макаронға деген тойымсыз ұмтылыс пайда болған, ол мұны түнде тойғанша жейді. 52 жастағы ер адам құмар ойынға байланып қалған: ол ойынханадан 36 сағаттап отырып, жиған-терген ақшасын сонда жұмсаған*. 49 жастағы ер адам аяқ астынан алкогольге құмартып, әйелінің сөзіне қарағанда, «шамадан тыс жыныстық қатынасқа» әуестенген: тіпті әйелін жайына қалдыруы үшін, полиция шақыруға тура келіпті. Мұның бәрі науқастарға дофаминді арттыратын дәрі беруді тоқтатқанда басылған. Бірақ көптеген жағдайларда абдыраған туыстары мен дәрігерлер науқастарды психотерапияға, «Анонимді ішкіштер» немесе «Анонимді ойынқұмарларға» жіберген. Олар жаңа тәуелділіктердің мида пайда болғанын және мұның психологиялық және рухани тәлімгерлікті талап ететін жан ауруы мәселелері емес екенін түсіне алмаған.

*Сонымен бірге ол түскен жапырақтарды жинауға арналған пневматикалық машинадан ажырай алмай, алты сағат бойы ауланы бірде-бір жапырақ қалдырмай тазалауға тырысқан – бірақ отбасы мен дәрігерлер мұны әлгіндей қаууіпті емес деп шешті.

Бұл — шектен тыс жағдайлар, дегенмен, сыйдан дәметуге әуестеніп алғаныңызда, сіздің де миыңызда дәл осындай нәрсе болады. Паркинсонмен ауыратын науқастар ішкен дәрілер жай ғана тамақ, жыныстық қатынас, құмар ойындары мен нығайту жүйесін жұмыс істетуге деген табиғи әсерді күшейткен. Біз ләззатқа ұмтыламыз, кейде осы жолда — өз игілігімізді ұмытамыз. Дофамин миымызды марапат іздеуге бағыттағанда, біз тәуекелшіл, қызуқанды, ессіз адамдарға айналамыз.

Бірақ, бұдан да маңыздысы — дәметкен сыйымызды алмасақ та, бізді тәуелді қылып ұстап отыру үшін, сыйдан дәмету мен оны жоғалтып алу деген қорқыныш та жеткілікті. Егер зертхана егеуқұйрығы болсаңыз, әлсіреп талып жығылғанша немесе аштан қатқанша тетікті баса бересіз. Егер адам болсаңыз, кем дегенде, әмияныңыз босап, асқазаныңыз толып қалады. Ал ең ауыр жағдайда өзіңізді тәуелділік пен жабысқақ (пайдасыз) әрекеттердің құрдымына тастап жібергеніңізді байқауыңыз мүмкін.

Материалды жақсылап қорытып алыңыздар, жалғасы бар…


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:



Дереккөз: Bilim All