Сиқырлы моншақ үйірмесі, технология, қыздарға арналған үйірме жұмысы

0

Қай істе де өнер қолдан,
Өнерлі адам жеңер болған. (Ж. Баласағұни)

Мазмұны
І. Түсінік хат………………………………………………. 4 — 5
ІІ. Қауіпсіздік ережесі…………………………………… 5 — 6
ІІ. Бағдарлама……………………………………………… 6 — 12
а. Бағдарламаның базалық мазмұны…… 12 — 13
ІІІ. Сабақ жоспарларының үлгісі……………….. 14 — 29
а. Сумоншақтан жасалатын бұйымдарды тоқу жолдары….. 30 — 35
IV. Қорытынды……………………………………………. 36
V. Қосымша……………………………………………….. 37 — 38
VІ. Пайдаланылған әдебиеттер…………………….. 39

Түсінік хат
Халық өмірімен, тұрмысы тіршілігімен біте қайнасқан өнер шеберлерінің қолынан шыққан қолөнер туындыларын халықтың өмірінен, тұрмысынан бөліп қарау мүмкін емес. Қолөнер бұйымдарына салынған түрлі — түсті адамзат дүниесінің табиғатпен біте қайнасқан қарым — қатынасын, бөлінбес бірлігін көруге болады. Соған орай әр елдің, әр халықтың тарихи дамуына, тұрмысына, табиғат ерекшелігі мен эстетикалық талғамына байланысты қолөнері, өзіндік ерекшелігі мен әр халықтың өмірінде өшпес із қалдырып отырған. Қазіргі халық талғамына сай ұлттық нақышта жасалған қолөнер бұйымдарын жұрт көңілінен шығатын қолөнер туындыларымен толықтырып, қамтамасыз етіп отыру — уақыт талабы. Қазақ ұлттық өнерін дамыту қазіргі кездегі күн тәртібіндегі бірінші мәселе. Сондықтан, мектеп оқушыларында бастауыш сыныптан бастап ұлттық бұйымдарды жасауға деген талпынысты қалыптастыру керек.
Біздің мақсатымыз оқушыларға еңбек ету арқылы өз қабілетін дамытып, ата — бабасының ұлттық дәстүрі мен өнерін одан әрі дамытуға бағыт беру. Соған байланысты оқушыларды үйірмеге қатыстыру арқылы халқымыздың мәдени бай мұрасын қадірлеп, дәстүрді сыйлауға, өз бетімен жұмыстана отырып, эстетикалық талғамдарын қалыптастыруға жол аша отырып тәрбиелеу.
Осындай ұлттық педагогиканы насихаттау бағытында «Сиқырлы моншақ» үйірмесінің бағдарламасы құрастырылды. Бұл 5 — 6 — 7 сынып оқушыларына арналып құрастырылған 3жылдық бағдарлама.
Бағдарламаны оқытудағы мақсаты:
— оқушыларға бисер туралы толық мағлұмат беру, оқушылардың моншақ тоқудағы білімін жүйелендіру, шеберлік деңгейін арттыру арқылы әсемдік пен сұлулықтың бағалай білуге үйрету;
— оқушылардың жұмысты орындағандағы еріктілігін дамыту, алған білімдерін өз бетінше қолдана білуін қадағалау, эстетикалық талғамын қалыптастыру, өз бетінше жұмыс істеу дағдысын қалыптастырып, шығармашылық қабілетін дамыту
— оқушыларды осы өнер түрімен қызықтыру, ұқыптылыққа, еңбексүйгіштікке, сұлулықты қабылдау сезімін ояту, эстетикалық талғамдылыққа тәрбиелеу.
— оқушыларды төзімділікке, әдемілікке тәрбиелеп, эстетикалық талғамын арттыру.
— Балаларға халқымыздың қолөнер мәдениеті мен тіл мәдениеті байлығын, этнографиялық қазыналарымыздың дәстүрлі қорларын жинап, атадан балаға жалғап, тарихта қалдыру;
Бағдарламаның міндеті:
— Ұлттық қолөнер негізіне сүйене отырып, оқушылардың теориялық білімдерін шығармашылықпен ұштастыру, іскерлік дағдыларын қалыптастыру.
— Заман талабына сай білім ала отырып, қолөнер бұйымдарын жасатып, олардың қазіргі алатын орнын көрсету.
— Балаларды байқай білуге, ойлана білуге, қиялдауға, заттың пішімін, құрылысын алдын ала жобалай білуге дағдыландыру.
— Оқушының еңбекке деген шығармашылық көзқарасын қалыптастыру.
— Халық дүниесін топтастырып, заман талабына сай түрлендіре отырып тұтыну.
5 — сыныпта оқушылар сумоншақтың шығу тарихы қажетті құрал — жабдықтармен, тоқу түрлерімен, әдістерімен, сумоншақтың қолданылуымен танысады. Сонымен қатар сумоншақтан шағын кәдесый бұйымдарын тоқуды үйренеді.
6 — сыныпта оқушылар алқа, браслеттің жеңіл түрлерін, кәдесыйлар тоқуды меңгереді.
7 — сыныпта оқушылар күрделі алқа, браслет түрлерін, сумоншақпен кестелеуді, жапсырмалауды, ірі моншақтардан бұйымдар жасауды меңгеріп шығады.
Үйірме жұмысының сағат саны оқу жоспарына сәйкес 34 сағат, аптасына 1 сағат
Жаңашылдығы:
Өзге халықтар сияқты, қазақтың да қолөнер шеберлігін үйретуде ерте заманнан бері жиған — терген мол тәжірибелері бар. Өз ұрпағының «сегіз қырлы, бір сырлы» өнегелі, өнерлі болып өсуін мақсат еткен ата — анамыз өз бойындағы бар асыл қасиеттерін әлденеше ғасырлар бойы ұрпақтан ұрпаққа жалғастырып, насихаттап үйретіп келген. «Сиқырлы моншақ» үйірмесі арқылы сол өнерді жас ұрпақтың бойына дарытудың маңызы зор.
Өзектілігі:
Бүгінгі жасөспірімдерге білім берумен қатар, ұлттық дәстүрде тәрбиелеу – басты міндет. Оның қайнар бұлағы – халықтық педагогикасы. Үйірме сабақтарында халықтың бай тарихи тәжірибесіне сүйене отырып, жеке тұлғаны еңбекке, елінің ар — намысын қорғауға баулып ізгі адамгершілік қасиеттерді бойына қалыптастыру, ойлану қабілетін дамыту, эстетикалық тәрбие беру іске асырылады. Халық педагогикасы тәсілдерін мектептегі оқу — тәрбие процесінде жүйелі қолдану – келешек ұрпақты Отанды сүюге, адамгершілікке, инабаттылыққа, имандылыққа, ұлтжандылыққа тәрбиелеудің, ғылым мен мәдениетке, өнерге баулудың қайнар көзі.
Күтілетін нәтиже:
• Қасиетті халық тәрбиесінің үлкен ықпалы мен пайдасы және ұлттық тәлімнің сыры мен ерекшелігі туралы мағлұмат беру.
• Халық қолөнерін игеру арқылы оқушыны еңбексүйгіштікке, халқының тарихын біліп, мәдени мұрасын қадірлеп, дәстүрін жалғастыра білуге тәрбиелеу.
• Оқушыларды ұлттық қолөнер мен салт — дәстүрге және жаңашылдыққа баулу;
• Қазақ халқының мәдениетін қастерлеуге, мән — мағынасын терең түсініп, дұрыс бағалай білуге үйрету;
• Оқушының қолөнер сабағындағы шеберлігін шыңдау, болашақ өмірге үйрету.
Практикалық жұмыс кезінде сақталатын қауіпсіздік ережелері
1. Қайшыны жолдасыңа үшкір ұшымен берме
2. Қайшыны арнаулы қобдишаға сақтау керек.
3. Инені жұмыс істегенде оймақ киген дұрыс
4. Инені киімге қыстыруға болмайды.
5. Инені тістеп ауызға салуға болмайды.
6. Тот басқан инемен жұмыс жасауға болмайды.
7. Моншақтар шашылып кетпес үшін оларды бөлек жайпақ ыдыстарда немесе қорапшаларда ұстаған жөн.
8. Бисермен бұйым тоқу кезінде бисерлер домалап шашылып кетпес үшін, бисерді түкті матаның үстіне төккен дұрыс

«Сиқырлы моншақ» үйірмесінің 2014 — 2015 оқу жылына арналған тақырыптық жоспары

«Сиқырлы моншақ» үйірмесі
(5 — 6 — 7 сынып қыз балаларына арналған)
А. Тайманов атындағы №34 мектеп — гимназиясының
технология пәні мұғалімі Гусманова Мөлдір Максимқызы

Сиқырлы моншақ үйірмесі (5 — 6 — 7 сынып қыз балаларына арналған). жүктеу

Рахмет ретінде жарнамалардың біреуін басуды сұраймын!