Home Білім Шыншыл ертегілер

Шыншыл ертегілер

0
1410

Мұхтар Әуезов

Шыншыл ертегілер – қазақ ертегісінің ең мол түрі. Топталып аталатын атынан-ақ бұл ертегілердің тегі мәні мәлім болғандай. Қиял ертегілерімен, хайуанат жайындағы ертегілерден бұл топ мүлде бөлекше, ерекше келеді.

Шыншыл ертегіге халық өзінің дүние тануындағы, қоғам тіршілігіндегі, үй тұрмысындағы, бас тіршіліктегі барлық мұң-мүддесін, тартыс, талабын жиып түйген. Бұл тектес ертегілердің ескісі де көп, бертінде туған жаңасы да мол.

Елдің ұзақ тірлігінде ілесе жүрген, қара сөзбен айтылатын мол, кең, мағыналы, көркем мұралары осы топта. Бұл ертегілердің бір түрлері көнелік себебінен ескі ұғым нанымдарды көрсетсе, бұрынғы қиял ертегілеріне шектес, ұқсас келсе, тағы бір түрлері бертінде шыққандықтан, және қоғамдық тарихтық, шынайы болмыс уақиға себептерден туғандықтан күндегі өмір-тартысқа өте жақын, аса шебер, шыншыл әңгімелер болады. Осы алуандас ертегілер құр ғана ертегі емес, ауызша айтылған шебер көркем шығарма боп, халық романы, халық әңгімесі, новелласы болып та кетеді. Және осы соңғы түрлі ертегілерде қоғамдық тартыс, тап қайшылығы, қанау, зорлық, соған қарсы қалың еңбек елінің сыны, наразылығы, алыс тартысы, алыс арманы бәрі де айқын көрінеді. Тегі барлық ертегіде де қоғам тірілігі, халық мүддесі, қанау, зорлық, озбырлық үлкен сыр боп білініп отыратыны мәлім болса, мына түрдегі ертегілерде сол жайлар аса айқын шығып, андыздап тұрады. Ончуков жиған орыс ертегілерін оқып шығып Ленин «Бұл ертегілерден халықтың көп ғасырлық мұң-арманы аңғарылады, талай тартысы танылады» десе, сол ұлы пікірдің шындығын осы топтағы қазақ ертегілері де анық, айқын дәлелдейді.

Фольклор қай елде, қай заманда болса да шаруашылық құрылыстың болмысынан тап тартысының шындығынан туған. Сол тартыстың құралы болудан айырылмайды. Тек қана кейбір фольклор түрінде сол шындық, сол болмыс тартыс түйіні теңеу үлгісімен, бейнелеумен көрсетіліп, үстірт қараған көзге айқын көрінбей тұратыны болады. Грек эпосы туралы жазған Маркс, орыс ертегісі туралы айтқан пікірінде Ленин – осы көмескі көрінетін болмыс шындығын, таптық сырын тереңдеп ашу, бойлап ұғыну қажет екендігін айтысады. Ғылымның міндеті зерттеушінің борышы, еңбек елі шығарған халықтық шығармалардан сол халықтың таптық мүддесін, танысын дейді. Қоғам тарихының ертелі-соңды күндеріндегі шындығын айқындап, жүйелеп, таратып бере алатын болсын дейді.

Қазақта, барлық ертегіде, әр заманын әр алуан қоғамдық шындығы, таптық тартыс мүдделері анық аңғарылады. Тек соны ғылым құралымен, маркстік-лениндік қоғам тану ғылымының жүйесімен дәлелдеп тани, талдай білу шарт.Осы ретте барлық басқа ертектер үлгілерінен қоғамдық, тарихтық және көбінше, реалистік таптық шындығы мен сыры айқын тұратын ертегілер, біз тексергелі отырған шыншыл ертегілер дейміз.

Бұл ертегілер қазақта ұшан-теңіз болса да әлі тегіс жиылған жоқ, жіктеліп, ерекше зерттелген де емес. Бірақ бүгін туып отырған көркем прозаның (роман, әңгіменің) мол іргесі, кең қоры осы түрде екенін даусыз дәлелдейтін ауызша айтылған салт романы (халық романы), тарихи ұзақ әңгіме (повесть) тарихтық хроника, ең алғашқы қысқа әңгіме (новелла) сюжеті аса қызық құбылысты өткір әңгіме, өсиет әңгіме, күлкі әңгіме, көркем ертегілер, геройлық аңыз, шебер өмірбаяндық әңгімелер, жорық жортуыл әңгімелері сияқты – құбылысы көп қиын түйінді шытырман оқиғалы (приключенческий) әңгімелер – бәрі де осы топтан табылады.

Мұндай алуаны, түрі, көркі көп халық қорына қарағанда жазба әдебиеттен бұрын-ақ, көркем қара сөз туғызушы атсыз әңгімешілер еңбегімен, қалың халық даналығымен қазақта аса шебер жанрлар (түрлер, үлгі өрнектер) туып, өсіп қалғанын көреміз. Сол халық тілімен әңгімеленген уақиғалы ауызша шығармалардың өрнек кестесін, үлгілі іздерін бүгінгі жазба әңгіме, романдардан да байқауға болады.

Көркем поэзияға ауызша поэзия қаншалық бөгетсіз, сатысыз көп қор құйған болса, бүгінгі көркем прозаға да халықтың ауызша әңгімесі сондайлық жатық жолмен көп араласып, айласып, қабысып жатыр. Бұл жай қазақтың шыншыл ертегілерін тексерумен көркем прозасын талдап ұғынуда ғалымдық үлкен түйінді, проблемалы мәселе есебінде зерттеліп, тексерілу қажет. Әсіресе осы жайларды тақырып таңдаудан, әңгіме желісін таратудан, адамды бейнелеуден, және өте-мөте әңгімелеу тілінің, сөз кестесінің ұқсастық, тектестік жағынан қарап зерттеу, талдау шарт.

Шыншыл ертегілер қазақ фольклорында сан жағынан аса көп болумен қатар бірнеше жігі айқын түрлерге де бөлінеді. Ол түрлері: а) салт ертегілері, б) күлдіргі ертегілер, в) аңыз ертегі, г) күй аңызы.