Шығыс мәдениетіндегі философия феномені туралы қазақша реферат
Жоспары:
1. Ежелгі Үнді философиясы.
2. Буддизм философиясы.
3. Ертедегі Қытай философиясы.
«Шығыс философиясы» деп бүкіл дүние жүзіне әйгілі үш өркениеттің: үнді, қытай және мұсылман әлемін айтамыз. Философия тарихында Батыс елінің еуропоцентризмі Шығыс философиясын өзінің көлеңкесінде ұстағандай. Өйткені, шығысқа тән пессимизм мен иррационализм, сакральдық шығыстың даналығын батыс деңгейіне көтермегендей болды. Біздің бұл пікіріміз Батысты Шығысқа қарсы қою емес, оны терең түсіне білу керек. Философияда «Еуропа Шығысты арабтар арқылы таныды» деген қағида бар, немесе ұлы Абайдың «Батысым Шығыс, Шығысым Батыс» болды деген сөзінен халықаралық байланыстың полимәдениеттілік сипатын көруге болады.
Шығыс философиясының қалыптасуына негіз болған көптеген ерекшеліктер бар, олар: өндіргіш күштердегі секіріс; ақшалай-заттай қатынастардың пайда болуы; рулық-тайпалық құрылымның әлсіреуі; алғашқы мемлекеттердің пайда бола бастауы; дәстүрлі діннің оппозициясының өсуі; тиісті адамгершілік ережелер мен түсініктердің сынға алынуы; ғылыми және ғылыми емес білімдердің алғышарттарының пайда болуы т. б.
Ежелгі үнді астрономдары Жердің шар тәрізді екендігі, оның өз осьінен айналуы туралы ойларды айтты, математиктері санаудың он мәнді жүйесін, цифрларды белгілеуді ойлап тауып, тригонометрия негіздерін қалыптастырды.
Логосқа қарай батыл қадам жасаған ерте дүние ескерткіштерінің бірі Упанишад (б.д.д. 800-300 жылдар) болып табылады. Бұнда қоршаған әлемнің мәнін тереңірек ұғынуға деген ұмтылыс, діни, догматтық түсініктерге табан тірей отырып өрілген ақыл-ой басым болды. Болмыстың субстанциялық негізін рационалды іздеу, адамның рухани-құқықтық әлеміндегі күрделі ұғымдар мен категориялар, қайғы-қасіреттің мәнін түсінуге талпыныс – мұның бәрі Упанишадтың рационалды-рухани ізденістерінің өзегіне айналды.
Упанишад бойынша әлемнің бастапқы түпнегізі Брахма болып табылады. Брахма – бұл атманмен (адамның рухани мәнділігі) біртектес тұлғасыз мәнділік. Адам өмірі – сансарамен (өмірдің мәңгі айналымы) және кармамен (жазмыш заңдылығы) анықталатын әр түрлі қайта болулардың шексіз тізбегі. Карма – бұл жанның мәңгілікке көшуі мен қайта оралуының өнегелік заңын айқындайды. Адамның міндеті сансардың шеңберінен шығып, Брахманмен бірігу. Бұл үшін атман мен брахман бірегейлігін танып, санаға сіңіру қажет. Бұл жол деваяна (құдай жолы) деп аталады. Деваяна жолы – бұл адамның өзін-өзі ой елегінен өткізіп, өз артықшылықтары мен кемшіліктерін саналы түрде пайымдау жолы. Деваяна жолы – бұл бүкіл қоршаған әлемнің шарттылығын зердемен игеру арқылы өзіңді меңгеруге ұмтылу. Бұл жолда адам барлық нәрсенің өткіншілігіне, бұл дүние қызықшылығының тұрлаусыздығына, ал ішкі субъективтіліктің тұрақтылығына көзін жеткізуі тиіс.
Үнді философиясының негізгі бағыттары: буддизм, жайнизм, даршандар, санкхья, иог жүйесі. Олар өздерінің философиялық мәселелерін адамгершілік-этикалық тұрғыдан алғанда адамның «Менінің» мәнділігін әлемнің танымдық тереңдігін анықтау барысында қарастырды.
Санкхья б.з.д. 7 ғасырда (негізін қалаушы Капила) пайда болып, ал б.з.д. 3 ғасырда дербес ілім ретінде толық қалыптасып бітті. Санкхья ілімі бойынша бүкіл әлем дүниедегі екі субстанцияның – пракрити және пурушидің өзара әрекеті нәтижесінде пайда болады. Егер пракрити – бұл мәңгі әрекеттегі және құбылмалы энергия, әр түрлі материалдық объектінің бастау көзі болса, ал пуруши – таза сананың немесе «Меннің» рухтың жеке болмысы. Пуруши мен пракритидің қосындысы әлемді құрайды және ғарыш эволюциясының себебі болып табылады.
Жалпы ішкі рухани жетістік және ішкі еркіндікке ие болу, сыртқы әлем мен рух арасындағы үйлесімділікке жету идеалдары өзге де даршандарға тән. Бұл бағыттағы батыл қадамды йога философиясы жасайды. Йога – бұл рухты тәннен және материалдық әлеммен сыртқы байланыс нәтижесінде туындайтын шектеулерден азат етуге мүмкіндік беретін теориялық қана емес, практикалық тұрғыда да негізделген философиялық мектеп. Йога адам миының жасырын әлеуетті мүмкіндіктері туралы ойды қалыптастырып, экстрасенсорлық қабілетті дамытудың әдіс-тәсілдері жүйесін ойлап тапты.
Ньяя және вайшешика философиялық жүйелері ведалық дүниетанымға жақындықтарына қарамастан, рационалдық таным принциптерін қалыптастырды. Мысалы, ньяя дәйекті таным көздері, сезімнен тыс қабылдау, сөйлемнің логикалық құрылымы туралы ілімді қалыптастырды. Вайшешика Әлемнің атомдық құрылымы туралы ойды дамыта отырып, сонымен қатар ньяя сияқты логика мәселелеріне көңіл қояды.
Миманса барлық даршандардың ішіндегі ортодоксальды мектеп болып табылады. Миманса атомдарды материалдық денелердің субстанциясы ретінде мойындайды. Веданта барлық мәнділіктің қайнар көзі ретінде Брахман-Атманның нақтылығын негіздейді. Осы аталған алты даршан Упанишад идеялары трансформациясы мен эволюциясының әр түрлі формаларын білдіріп, оның дамуының алты параллельді аспектісін байқатады.
Бұл алты даршан индуизмнің философиялық негізін құрап, ол б.з.д. 1 ғасырдан бастап үстем идеологияға айнала бастайды. Ертедегі үнді жеріндегі этникалық топтардың ұзаққа созылған рухани эволюциясы нәтижесінде, индуизмнің негізінде әр түрлі архаикалық культтар мен ведалық мәдениеттің синтезі жүзеге асады.
«Өзіңді өзің жеңу» буддизм философиясындағы адамның ең негізгі мақсатының бірі болып табылады. Ертедегі Үндіде буддизмнің пайда болуы ежелгі Грекияда Сократқа дейінгі философия қалыптасқан уақытпен бір мезгілде іске асты. Буддизмнің негізін қалаушы Сиддхарта Гаутама (б.з.д. 563-483). Гаутама діни ой-сананы теріске шығарады. Оның ілімі адамды азат етуге бағытталған. Бұл үшін барлық күйбең тіршілікке қатысты бағыныштылықтардан азат болып, нирванаға жету шарт. Сондықтан да Будда үшін философия – бұл нирванаға жету құралы. Бірақ, нирванаға жетпей тұрып, адам «төрт игілікті ақиқаттың» мәнін терең ұғынуы қажет: 1) дүние қасіретке толы; 2) барлық қасіреттің себебін адамның құлқынынан; 3) қасіреттің себептерін жою; 4) нирванаға жету. Ол үшін мына жолды ұстану қажет – дұрыс түсінік, дұрыс сөз, дұрыс ойлау, дұрыс жүріп-тұру, дұрыс өмір сүру тәртібі, дұрыс күш-жігер, дұрыс ой бағыты, дұрыс жинақтала білу.
Буддизмнен өзге, брахманизмге қарсы оппозициялық көңіл-күйдегі келесі бір мектеп – джайнизм (б.з.д. 6-5 ғ.) Веданың қасиеттілігін, әр түрлі діни әдет-ғұрыптар мен салттарды, адамзат тағдырына құдайлардың ықпал етуін теріске шығарады. Үндінің философиялық ойы сияқты қытай даналығы да өте ерте кездегі мәдени қабаттардан бастау алады. Мифологиядағы «Ян» және «Инь» туралы көзқарастарды ежелгі қытай ойшылдары дүниетанымдық ұғымға айналдырды және оны «ци» ұғымымен толықтыра отырып (б.з.д. 8-5 ғ.), «У-син» концепциясын (б.з.д. 5-3 ғ. – бес түпкі элемент туралы ілім) дамытты. Бұл көзқарастар Лао-Цзыдың (б.д.д. 6-5 ғ.) «Дао дэ Цзин» деп аталатын еңбегінде жарқын көрсетілген. Лао-Цзы пікірінше, дао – бұл ғаламдық заңдылық. «Цимен» бірге дао әлемдегі заттардың дамуы мен өзгеруіне ықпалын тигізеді. Әлем алуан түрлі және үнемі өзгерісте. Адам, даостардың пікірінше, Даомен кірігіп, жер пендесіне тән тәуелділіктен құтылуы қажет.
Ертедегі Қытай философиясының негізгі бағыттары: конфуцийшылдық /Конфуций/, даоистік /Лао-цзы/, легистік /Гуан Чжун, Шан Ян/, жаратылыстану /Сунь-Цзы/ ілімдері. Олардың философиялық ілімдеріндегі қағидалар «адам-әлем» жүйесіндегі бүкіл даналықты қамтиды десек артық емес. Олар бүгінгі тәлім-тәрбиенің, адамгершіліктің өмір мектебіне айналып, өзінің мәнін эвристикалық педагогикалық іс-әрекетте көрсетіп, көзқарастық, танымдық және методологиялық концепцияларға айналып отыр.
Кун Фу – Цзы, аңыздардың айтуынша, Лао-Цзыды құрмет тұтып, оның әңгімелерінен көп өнеге алған. Бірақ Лао-Цзы даоны үлгі тұтып, жоғары қойса, ал Кун Фу – Цзы «бекзаттық ер мінезді» ең басты қасиет санап, «жэнь» мәселесіне көңіл қойды. Конфуций пікірінше, жэнь – бұл гумандылықтың идеалды қатынасы. Жэнь бекзат адамға тән барлық жақсы қасиеттерді жинақтайды. Жэнь – бұл ақыл-ой, жүрек, адамгершілік парасат. Жэньнің арқасында адам ешқандай зұлымдық жасамайды, жердегі адамдар мен барлық тіршілік иелерін жақсы көріп, халық пен қоғамға ешқандай зиян келтірмейді.
Егер жэнь – бұл гумандылық болса, «ли» — бұл адамдар арасындағы қатынастар мен байланыстардағы үйлесімділік. Ли – бұл өзге адамдарға деген құрмет, бұл ізгі ілтипат және сыпайылық.
Кун Фу – Цзыдың айтуынша «жэнь» және «ли» адамгершілік пен құрметтің өзара байланысының алғышарты. Парасаттылыққа жеткен адам – бұл адамгершілікті және тәрбиелі адам. Парасаттылыққа жету музыка мен поэзияны меңгеру арқылы жүзеге асады. Онсыз әлеуметтік қағидаларды игеру мүмкін емес.
Конфуций идеялары қытайдың рухани мәдениеті дамуына өзінің зор ықпалын тигізді.
Сонымен, ертедегі үнді және ежелгі қытай философиялары адамды тікелей болмыспен байланыстырады, адамның әлеммен үйлесімділігі мен тұтастығын үндейді.
.
Тағы рефераттар