Шығарма: Туған жерім

0

Адамға талай жерді көрген артық,
Танысып әркімдерді білген артық.
Мысырға патша болып тұрсаңдағы,
Болмайды туып-өскен жерден артық.
Шал Күлекеұлы

Сан ғасырлар бойы тағдырдың теперішіне шыдап, еңсесін түсірмей, қиындыққа қарсы күресіп келген менің елімнің бүгінде тәуелсіздігі — тұғырлы, ана тілі — айбарлы, елтаңбасы — ажарлы, әнұраны — әуенді! Тариxымызға көз жүгіртер болсақ, аумағы ұшқан құстың қанатымен, жүйіткіген тұлпар тұяғының дүбірімен өлшенген кең де, келісті өлкені мекендеген «қазақ» деген — елміз.

Қазақ – егеулі найза қолға алып, найзасымен көк тіліп, қылышымен жер жарған, ат үстінде күн кешіп, ұйқысыз түн, күлкіcіз күн өткізіп, жерге жантайып, мұз жастанған, найзасымен жау түйреген, көк бөріні пір тұтып, бөрілі байрақ қолға алған түркілерден тараған, дана сөзбен даудың басын қайырған, сөздің бұрымын өріп, көркемдеп шашбауын сыңғырлата таққан, жетімді есіркеп, жесірді жылатпаған, қырық үйден тыйып ибалы қыз, отыз үйден тыйып өнегелі ұл өсірген, екі сөйлегенді ер деп білмейтін,бассыз іске жол бермейтін – ұлы халық .

Аңсаған азаттық күні осындай берекелі елде өмір сүріп жатқан бізде арман жоқ шығар сірә?! Дегенмен, болашағы жарқын мемлекетімізден безіп, мұxит асып кеткендердің саны жетерлік… Неге?! Не үшін?! Бұл сауалдар санамды улап, жанымды жегідей жеп тастады. Жастарымыздың кеткісі келетіндіктерінің себебі неде?! Әлде xалықты тонап байыған, бойында не кісілігі, не кішілігі жоқ, білімсіз,біліксіздердің алшаңдап жүргенінен, ал қарапайым xалықтың зар жылап, қара су мен қара нанмен өмір сүріп жатқанынан шаршағандықтан ба ?! Әлде небәрі жиырма алты жасқа толып, тәй-тәйлап қадамын енді басып келе жатқан елден кетіп, дайын жерге топ етіп түсе қалғысы келеді ме?! Отансыз адам қай жерде жүрсе де бейшара адам. Өзіңнің жеріңе, Отаныңа, ата-бабаңның төккен қаны мен теріне адал болуымыз керек. Не де болса,туған жердің қадірін түзде ғана түсінеміз-ау шамасы… Өмірге назданып, қасиетті жерімізден қашудың орнына ертеңімізге нық сеніммен қарайтын,арыстандай айбатты,жолбарыстай қайратты жастар,яғни біздер, қараңғы қазақ түнегіне күн болуымыз керек емес пе?!

Енді аз ғана уақыттан соң жаңа өмірге қадам басамын. Алда әлі ұзақ жол, үлкен асулар бар. Сол асулар мен қиындықты жеңу үшін білектің күші мен найзаның ұшы керек емес. Оған тек жүрек пен білім, талант пен талап керек. Қазақ елінің абыройын асырып, мерейін үстем етер, әлем таңғалар талай-талай жаңалық ашар білімді жас ұрпақ, ел абыройын асқақтатар жастар көбейеді деп ойлаймын. Сондықтан да бізге артылар үміттің де жеңіл болмасы анық. Еліміздің көзі ашық, көкірегі ояу азаматшасы ретінде бабаларымыздың білек күшімен, ақ найза ұшымен қорғалып, көзінің қарашығындай сақталып, аманат етілген туған жерімізді ардақтап, бағалау — менің басты парызым. Себебі қазақ елінің тағдыры – менің тағдырым, елімнің тағылымы мол тарихы – менің тарихым. Мен, өз кезегімде егемен елімнің тағдырына жауапты екенімді айтқым келеді.

«Ел елдің бәрі жақсы,өз елің бәрінен жақсы»-демекші, қазақ елімнің ертеңі жарқын болсын! Лайым, көгілдір туым мен қасиетті көк байрағым бейбіт көгімде желбірей берсін деген жүрекжарды тілегім бар!

Рахмет ретінде жарнамалардың біреуін басуды сұраймын!