Шығарма: Бабалар ерлігі – ұрпаққа өнеге

0

Шығарма: Бабалар ерлігі – ұрпаққа өнеге казакша Шығарма: Бабалар ерлігі – ұрпаққа өнеге на казахском языке

Аманқос Дарын
7 сынып, Бейнеу лицейі
Бейнеу ауданы
Жетекшісі: Айсұлтанова Бағила

Сан ғасырлық тарихымызда мақтан тұтар, бүгінгіміз бен келешегіміз үшін ғибрат алар оқиғалар мен ел тағдырын өз тағдырынан биік қойған, ұлтының тұтастығын, жерінің бүтіндігін мұрат еткен қазақ батырлары, Отан алдындағы адал қызметінен үлгі алар ұлы тұлғалар аз болмаған. Сонау ғасырлар қойнауының қатпар-қатпар белесінен байқасақ, ежелден-ақ ру-тайпаларымыздың өз жерін еш жауға бастырмай, шыбын жанын шүберекке түйіп, қасық қаны қалғанша күрескен жауынгерлік істері бізге аманат болып жеткен.
Қазақ халқының тарихына көз жіберсек, сонау Күлтегін, Білге қаған, Тоныкөктен бастап жерін, елін, тілін, ділін қорғаудағы өшпес ерліктерге толы. Бесік жырынан басталатын ерлікке баулу дәстүрлері түркі халқына тән негізгі ырымдар. Халқымыздың бойындағы отансүйгіштік құндылықтарды ұрпақтан-ұрпаққа беріліп отырған заңдылық тұрғысынан да қарауға болады. Бұған дәлел көне түркі заманынан бастау алған патриоттық құндылық Күлтегін жазбаларында былай деп суреттеледі: “Елтеріс қағанның алғырлығы, еліне деген сүйіспеншілігі Күлтегіннің қанына ана сүтімен сіңді” – деген көне жазу қазақ халқының бойындағы ұлттық патриотизм сезімдері бүгін ғана пайда болған жоқ, ол ежелден-ақ туындап, дамып келе жатқан қасиет деуге болатын-дығын көрсетеді. Күлтегін жазбасында тағы да мынадай жыр жолдарын кездестіруге болады:
Кедей халықты бай қылдым,
Аз халықты көп қылдым…
Түркі иелігінен айырылған халықты
Ата-баба мекеніне орнатты…
Бұл жазбадан патриотизмнің –ата-баба мекеніне ие болып отыру жолында жан аямау, діл бірлігін қорғау, жиғанын халықтан аямау екендігін аңғаруға болады. Жоңғар сияқты алып империямен алысуға, Ресей патшалығының зеңбірегіне жалаң қылышпен қарсы шабуға жетелеген де осы Отанына деген сүйіспеншіліктің, патриотизмнің қуатты күші.
Туған жерге деген ыстық сезім, атамекенге деген құрмет пен қадір қа-сиет тұтуды Ұлы дала ойшылдары Қорқыт Ата, әл-Фараби, Жүсіп Баласағұни, Махмұд Қашқари және т.б. айтқан болатын . Ақын-жыраулар халыққа өнегелі сөздерімен ықпал етіп, оларды іргелі ел, берекелі жұрт болуға шақырды. Жыраулар жаугершілік заманда хандар мен бектердің ақылгөй кеңесшісі болып , жорықтарға бірге аттанды, ру тайпаларға басшылық етті, сұрапыл қанды майдан көріністерін жырға қосты, ерлікті мадақтады, шейіт болған батырларды жоқтап, ел қайғысын бөлісті.
Жоңғар шапқыншылығы кезіндегі халықтың береке бірлігін, Отанға адалдығын сақтау, намысты қолдан бермеу, өз Отанын жаудан аянбай қорғау
– ат жалын тартып мінуге жарайтын қазақ баласының қасиетті борышы екен-дігін Шалкиіз, Ақтамберді, Бұқар жырау, Шал ақынның өлең-жырларынан көре аламыз.
Қазақтың айбынды ақындарының бірі Махамбет Өтемісұлы қазақ шаруаларын бостандық үшін күреске шақырып, қара халықты бақытқа жеткізуді армандап өткен. Ол өзінің үзеңгілес серігі Исатай мен халықтың ерлігін, олардың адамгершілік қасиеттерін жыр етті. Өз халқына, ұлтына деген патриоттық сезімді қазақ ағартушылары Ш.Уәлиханов, Ы.Алтынсарин, А.Құнанбаев шығармаларынан да көруге болады. Қазақта ең алғаш қазақ бала-лары үшін халық мұрасына, салт-дәстүріне, ерлік, адамгершілік тәрбиесіне негіздей отырып, оқулық жазған Ы.Алтынсарин болды. Ол көшпенді елдің баласына ғылым-білім, өнер үйретуді армандады.
Абай Құнанбаевтың еңбектерін зерделеп қарайтын болсақ, жастарды ерлік рухта, патриотизмге баулып, намысын, ар-ожданын, адамгершілік қасиеттерін тудыратын жыр жолдарын кездестіреміз. Оның “Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп” деген сөзі, барша жұртшылықты жауласу, күш көрсету дегенді білместен, тек тату-тәтті өмір сүруге шақырады.
Қарап отырсақ, қай кезде болмасын халық игілігі үшін еңбек еткен ағартушылардың, ақын-жыраулардың барлығының мақсат-мүддесі қазақ халқын тек бірлікке, ынтымаққа шақыру, ешкіммен жауласпау, оқу білімге уағыздау, адамгершілікті, адал шыншыл болуға, өз Отанын сүюге, отан-шылдық, отансүйгіштік қасиеттерді әр адамның бойына дарытуға ұмтылған. Бұл бүгінде Қазақстанның, Елбасымыз Н.Назарбаевтың “әр этностың ұлттық сезімін сыйлап, бірде-бір ұлтпен қарама-қайшылық туғызбау” деген бағытымен үндесіп жатыр.
Отанға деген сүйіспеншілік, ұлтына деген ыстық сезімді Алашорда қайраткерлері А.Байтұрсынов, М.Дулатов, М.Жұмабаев, С.Торайғыров, Т.Рысқұлов, Ә.Бөкейханов, М.Шоқай т.б. еңбектерінен де кездестіреміз. Ұлт зиялысы М.Дулатов: “Көзіңді аш, оян, қазақ, көтер басты” – дейді. Ал.С.Торайғыров:
Қараңғы қазақ көгіне
Өрмелеп шығып күн болам!
Қараңғылықтың кегіне,
Күн болмағанда кім болам?– деп, жастарды өнер-білім алып, жарыққа талпыну Отанға пайдалы азамат болу екендігін сан қайталап еске салады.
Қазақ халқының батыр ұлы Бауыржан Момышұлының өнегелі өмірі бір төбе. Ол ерлік, рух, ұлттық намыс арасындағы тығыз байланысты: “меніңше, ұлттық намыс болмаса, ұлт батырлары да болмайды. Сонымен қатар ол, ең алдымен, елінің патриоты атанбаса, батыры да емес. Егер тура мағынасында айтсам, патриотизм – адамды өзінің арғы тегімен жалғастырып жататын арқауы мықты қасиетті жіп”, – деп тұжырым жасаған еді. Шындығында, отанды сүю сірә қанмен берілетін қасиетті рух секілді.
Отансүйгіштік рух – қазақ елінің әлемдік өркениетті елдер қатарына қосылып, дүниежүзілік қауымдастықтан лайықты орын алуға мүмкіндік беретін бірден-бір күш. Отансүйгіштік сезім өрге бастайтынын өз ұлтымыздың тарлан тарихы талай дәлелдеді. Ендігі жерде сол алдыңғы толқыннан үйренетін, тәлімін алатын, қанатты ісін жалғастыратын дәстүр біздің еншімізге тиіп отыр. Сол жақсы үрдісті жалғастыру біздер үшін перзенттік қарыз да парыз болып саналады. Осы арқылы кейінгіге біз де із қалдыруға тиістіміз.
Менің ойымша, қазақстандық отансүйгіштік рух Қазақстан азаматының өзін осы елдің төл баласы, нағыз азаматы ретінде сезінгенде ғана қалыптасады. Қазақстанның патриоты болу үшін: Қазақстанда тұратын барлық ұлт өкілдері Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздеріне ерекше құрметпен қарап, шын ниетімен қадірлеу; Қазақстанда тұратын барлық халықтардың ұлтына қарамай, Отанды қорғауға дайын болу; ұлттық патриоттық мақтаныш сезімінің болу: қазақ халқының тарихы мен салтын, тілін сүю қажет сияқты.
Қай кезде де азаматтың өз Отаны алдында парызы болады. Азаматтың қасиетті борышының бірі – Отан алдындағы парызын өтеу. Кез келген адам бейбіт заманда да Отанын қорғай алады. Ол дегеніңіз қолға қару алу емес, өз Отаныңның білімді, өркениетті, салауатты перзенті бола алу. «Отан үшін отқа түс, күймейсің» деген екен батыр Бауыржан Момышұлы. Бұлай деп текке айтпаған. Өйткені Отан үшін еткен еңбегің ешқашан ұмытылмайды. Біздің ата-бабамыз түрлі қанқұйлы соғысты басынан өткерді. Олардың ең соңғысы – Ұлы Отан соғысы болды. Олардың соғысқа қатысқандағы мақсаты – ұрпақтарының, яғни, біздердің жақсы өмір сүруімізді, бейбітшілікте өмір сүруімізді қалады. Осылайша, аттың жалында, түйенің қомында жүріп, біздерге бейбіт өмірді орнатып берді.
Халқымызда «Ерім дейтін ел болмаса, елім дейтін ер қайдан болады» деген мақал бар. Жастар өз Отанының нағыз патриоты бола алу үшін үлкендер де өз соңынан ерген ұрпақты дұрыс тәрбиелеуі керек. «Отаным маған не бересің деп емес, Отаным, мен саған не бере аламын?» деп өсу керек. Сонда елімізде әрқашан да бейбітшілік болады. Себебі, ертеңгі елдің тізгінін ұстар азаматттар білімді болса, олар барлық қиыншылықтарды ақылмен шеше алатын болады.
Қазақ халқы өзінің ата-баба тарихына сүйіспеншілікпен қарауға құқықты. Өйткені, біздің ата-бабаларымыз бір сәт құлдыққа бас сұғып, өзінің отар ел болған болмысына ризашылық білдіріп , отырып қалған емес. Олар арының тазалығын ту қылып, азаттық жолын қалады . Ата-баба салты – тарихымыздың үлесі халқымыздың баға жетпес мұрасы.
Қазақ халқы ежелден басқа халықтардай Отанын, ұлтын сүйген қасиет тұтқан ел. Батырларымыз бастаған қазақ халқы Отанын, жерін, ұлтын жаудан қорғаған еді. Оны Қазыбек би: «Біз қазақ деген мал баққан елміз, бірақ ешкімге соқтықпай, жай жатқан елміз.Елімізден құт береке қашпасын деп, жеріміздің шетін жау баспасын деп, найзаға үкі таққан елміз;ешбір дұшпан басынбаған елміз, басымыздан сөзді асырмаған елміз. Досымызды сақтай білген елміз, дәмі-тұзын ақтай білген елміз; асқақтаған хан болса, хан ордасын таптай білген елміз.Атадан ұл туса, құл боламын деп тумайды, анадан қыз туса, күң боламын деп тумайды» дей отырып, қазақ халқының өз елін, жерін қорғаудағы қажырлығын, жанын аямайтын патриоттығын, такаппарлығын сипаттаған еді.
Демек, біз — аманатты арқалаған баһадүр бабалардың ұрпағымыз! Бабалар салып берген сара жолдың иесіміз. Толарсақтан саз кешіп, ат ауыздықпен су ішкен заманда , қолына найза алып, ерлеулі атқа қонған батыр да қайсар қазақтың жалынды ұрпақтарымыз.Олай болса, бабалар рухына бас ие отырып, егемендікті сақтау, тәуелсіздігіміздің тұғырын тереңнен бекіту қасиетті борышымыз саналады емеспе?!


Материалдың толық нұсқасын секундтан кейін жүктеп алыңыз!!!!

Рахмет ретінде жарнамалардың біреуін басуды сұраймын!